Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

37-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Мен барлық халықтарды сілкимін”

“Мен барлық халықтарды сілкимін”

“Мен барлық халықтарды сілкимін, сонда барлық халықтардың бағалы қазыналары осы үйге келеді” (ХАГ. 2:7).

24-ӘН Ехобаның тауына келіңдер!

АҢДАТПА *

1, 2. Біздің күнімізде қандай бейнелі сілкініс болып жатыр?

НЕПАЛДА 2015 жылы жойқын зілзала орын алды. Сол жер сілкінісінен аман қалғандардың айтқан сөздері мынадай: “Қас қағым сәтте дүкендер мен ескі ғимараттар опырылып түсті”; “Жан-жақтың бәрі айқай-шу, дүрбелең болып жатты... Адамдар жер сілкінісі екі минуттай болды дейді, бірақ бұл мен үшін мәңгілікке жалғасқандай болды”. Сіз де қорқынышты жайтты бастан кешкен болсаңыз, бұл күнді әлі күнге дейін ұмытпаған шығарсыз.

2 Дәл қазір бүкіл жер бетінде бұдан да үлкен “сілкініс” жүріп жатыр. Бұл сілкініс ондаған жылдан бері жалғасып келеді. Бұл жайында Хагей пайғамбар былай деп айтып кеткен: “Әскербасы Ехоба мынаны айтады: —Аз уақыттан соң мен тағы да бір рет аспан мен жерді, теңіз бен құрлықты шайқалтамын” (Хаг. 2:6).

3. Хагей кітабында айтылған сілкініс кәдімгі жер сілкінісінен несімен ерекшеленеді?

3 Хагей пайғамбар айтқан сілкініс кәдімгі жер сілкінісіне мүлдем ұқсамайды. Өйткені жер сілкінісі бәрін күйретсе, бұл сілкініс адамдарға жақсылық алып келеді. “Мен барлық халықтарды сілкимін, сонда барлық халықтардың бағалы қазыналары осы үйге келеді, осылай мен оны даңққа бөлеймін,”— дейді Ехоба (Хаг. 2:7). Бұл пайғамбарлық Хагейдің заманында қалай орындалды? Ал біздің күнімізде қалай орындалып жатыр? Халықтарды сілку ісіне біз қалай атсалыса аламыз? Бұл мақалада осы сұрақтарға жауап аламыз.

ХАГЕЙДІҢ КЕЗІНДЕГІ ЖІГЕРЛІ ХАБАР

4. Ехоба халқына Хагей пайғамбарды не үшін жіберді?

4 Хагей халықтардың сілкінісі туралы пайғамбарлықты айтқанға дейін елде қандай жағдай болғанын көрейік. Есімізде болса, б.з.б. 537 жылы яһудилер Бабылдан оралған еді. Хагей пайғамбар да Иерусалимге солармен бірге келсе керек. Олар қалаға келгеннен кейін Ехобаның үйінің іргетасын салды (Езра 3:8, 10). Бірақ кейін халық жауларынан қорқып, құрылысты тоқтатып қойды (Езра 4:4; Хаг. 1:1, 2). Ехоба олардың жігерін қамшылап, құрылысқа қайта жұмылдыру үшін, б.з.б. 520 жылы Хагей пайғамбарды жіберді * (Езра 6:14, 15).

5. Хагейдің хабары халықтың сенімін қалай қатайтты?

5 Хагей жігері жасып, сағы сынған халыққа Ехобаның мына сөздерін жеткізді: “Осы елдегі күллі халық, сендер берік болып, жұмысты қолға алыңдар,— дейді Ехоба. Өйткені мен сендерге жар боламын,— дейді Әскербасы Ехоба” (Хаг. 2:4). “Әскербасы Ехоба” деген халықтың сенімін қатайтатын сөздер еді. Өйткені бұл Ехобаның миллиондаған мықты періштеден тұратын қалың әскері бар екеніне нұсқайтын. Осылай Ехоба халықты оған арқа сүйеуге шақырды.

6. Хагей айтқан сілкіністің нәтижесі қандай болмақ еді?

6 Халықтарды бейнелі мағынада сілку жайлы пайғамбарлық яһудилердің рухын көтеріп тастаса керек. Өйткені олар Ехобаның көп халықтарды билеп отырған ұлы Персия империясын сілкитінін түсінді. Мұның нәтижесінде яһудилер ғибадатхананың құрылысын бітірмек еді. Сондай-ақ сол жерде яһудилермен бірге тіпті басқа ұлт адамдары да ғибадат етпек еді. Бұл хабар яһудилердің бойына жігер құйып, қанаттандырып тастаса керек (Зәк. 8:9).

ХАЛЫҚТАРДЫ СІЛКІП ЖАТҚАН ІС

Барлық халықтарды сілку ісіне барынша атсалысып жүрсіз бе? (7, 8-абзацтарды қараңыз) *

7. Біз бүгінде қандай сілку ісіне қатысып жүрміз? Түсіндіріңіз.

7 Хагейдің айтқан пайғамбарлығы бүгінгі күнде де орындалып жатыр. Ехоба өзінің қызметшілерін қолданып, барлық халықтарды сілкуде. Қалай дейсіз ғой? Дүниежүзі бойынша жүріп жатқан Патшалық жайлы ізгі хабар арқылы. Ехоба 1914 жылы көкте өз Патшалығын орнатып, Иса Мәсіхті оның Патшасы етіп тағайындады (Зәб. 2:6). Бұл жердегі билеушілер үшін жақсы жаңалық емес еді. Өйткені “басқа ұлттарға белгіленген уақыт”, яғни Ехобаның билігін бейнелейтін ешқандай патша болмаған кезең біткен еді (Лұқа 21:24). Осыны түсінгендіктен, әсіресе 1919 жылдан бастап Ехобаның халқы адамзаттың жалғыз үміті — Құдай Патшалығы екенін жариялап келеді (Мат. 24:14).

8. Зәбүр 2:1—3 тармақтарда айтылғандай, халықтардың көбісі ізгі хабарды қалай қабылдауда?

8 Халықтар бұл хабарды қалай қабылдады? Көпшілігі бас тартуда (Зәбүр 2:1—3 оқыңыз). Олар Ехоба тағайындаған Билеушіні мойындамайды. Олар үшін Патшалық жайлы хабар — “ізгі хабар” емес. Кейбір үкіметтер тіпті уағыз ісіне тыйым салып тастады. Билеушілердің көбісі “бір Құдайға сенеміз” дегенмен, өз патшалықтарынан айырылғылары келмейді. Содан олар Исаның кезіндегідей, Ехобаның Майланғанына қарсы шығып, оның ізбасарларына тап беруде (Ел. іс. 4:25—28).

9. Ізгі хабарды қабылдамай жатқан халықтарға Ехоба не дейді?

9 Ізгі хабарды қабылдамай жатқан халықтарға Ехоба не айтады? Зәбүр 2:10—12 тармақтардан былай деп оқимыз: “Ендеше, патшалар, ақылға келіңдер, жержүзіндегі билер, түзетуді қабылдаңдар. Ехобадан қорқып, оған қызмет етіңдер, оны қастерлеңдер, қуаныңдар. Ұлына құрмет көрсетіңдер, әйтпесе Құдай қаһарына мінеді де, сендер құрып жоқ боласыңдар. Себебі оның ашуы лезде лап ете қалады, ал Құдайды паналайтын әркім бақытты болады”. Иә, Ехоба халықтарға райларынан қайтып, оның Патшалығын мойындауға мүмкіндік беріп отыр. Бірақ уақыт өте аз. Себебі біз осы дүниенің “соңғы күндерінде” өмір сүріп жатырмыз (Тім. 2-х. 3:1; Ишая 61:2). Мүмкіндік барда адамдардың тезірек айғақтарға көз жеткізіп, дұрыс таңдау жасағандары жөн.

ХАЛЫҚТАРДЫҢ СІЛКІНІСІН ЖАҚСЫ ҚАБЫЛДАЙТЫНДАР

10. Барлық халықтарды сілкудің оң нәтижесі жайында Хагейде не айтылған?

10 Хагей пайғамбар айтып кеткен сілкіністі жақсы қабылдайтындар да болмақ еді. Бұл бейнелі сілкіністің нәтижесінде “барлық халықтардың бағалы қазыналары”, яғни ақжүректі адамдар, Ехобаға ғибадат етпек еді * (Хагей 2:7—9 оқыңыз). “Соңғы күндерде” осындай жағдай орын алатынын Ишая мен Миха пайғамбар да айтып кеткен (Ишая 2:2—4; Миха 4:1, 2).

11. Бір ер бауырлас Патшалық жайлы хабарды қалай қабылдады?

11 Халықтарды сілку ісі Кен бауырласқа қалай әсер еткенін көрейік. Ол Патшалық жайлы ізгі хабарды осыдан 40 жылдай уақыт бұрын естіген. Сол кез жайында Кен бауырлас былай дейді: “Мен Құдайдың Сөзінен соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды білгенде, қатты қуандым. Мен Құдайдың батасын алып, мәңгі өмір сүргім келді. Бұл үшін мына жалған дүниеден қашып, Ехобаның жағында нық тұруым керектігін түсіндім. Содан Ехобаға дұға айтып, бірден дұрыс таңдау жасадым. Мен мына тұрақсыз дүниені артта қалдырып, еш мызғымайтын Құдай Патшалығын паналадым”. Қазір Кен бауырлас Ехоба куәгерлерінің бас басқармасында қызмет етеді.

12. Соңғы күндері Ехобаның рухани ғибадатханасы қалай салтанатқа бөленіп жатқанын айтып беріңіз.

12 Ехоба өзінің халқына әсіресе осы соңғы күндері молынан батасын төгіп жатыр. 1914 жылы Ехоба куәгерлерінің саны бірнеше мың ғана болса, қазір олар 8 000 000-нан асады. Сондай-ақ жыл сайын Еске алу кешіне адамдар миллиондап қатысады. Осылай “барлық халықтардың бағалы қазыналары” Ехобаның рухани ғибадатханасының жердегі аулаларына, яғни таза ғибадат етуге жиналып жатыр. Олардың жақсы жаққа өзгеріп, жаңа болмысқа ие болып жатқандары да Ехобаның есімін даңққа бөлейді (Ефес. 4:22—24).

Құдай халқы жер шары бойынша адамдарға Құдай Патшалығы туралы қуана айтып жүр (13-абзацты қараңыз)

13. Ехобаға ғибадат етушілердің көбеюімен байланысты тағы қандай пайғамбарлықтар орындалып жатыр? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

13 Ехобаға ғибадат ететіндердің саны артып жатқаны Киелі кітаптағы басқа да пайғамбарлықтардың орындалып жатқанын көрсетеді. Мысалы, Ишая 60:22-де былай делінген: “Азғантай адамнан мың адам, кішкентай халықтан мықты халық шығады. Мен, Ехоба, өз уақытында мұны тездетемін”. Осы пайғамбарлықтың орындалып жатқанының арқасында бір ғажайып нәрсе болып жатыр. “Бағалы қазыналар” көбейген сайын, қабілет-дарындары әртүрлі әрі Патшалық туралы ізгі хабарды жариялауға дайын қызметшілер де көбеюде. Олардың қабілеттерінің арқасында Ехобаның халқы “ұлттардың сүтіне” қол жеткізіп жатыр (Ишая 60:5, 16). Сонымен қатар уағыз ісі 240 елде жүріп, ал әдебиеттеріміз 1000-нан астам тілде басылып шығуда.

ТАҢДАУ ЖАСАЙТЫН УАҚЫТ

14. Адамдар қазір қандай таңдау жасау керек?

14 Халықтарды сілку ісінің нәтижесінде бүгінде әрбір адам таңдау жасауға мәжбүр. Адам Құдай Патшалығын қолдай ма, әлде осы дүниенің үкіметтеріне арқа сүйей ме — соны шешуі керек. Ехобаның халқы өз елдерінің заңдарына мойынсұнғанмен, саясатқа келгенде бейтараптық сақтайды (Рим. 13:1—7). Өйткені олар адамдардың қиыншылықтарының бәрін Құдай Патшалығы ғана шеше алатынын біледі. Ал Құдай Патшалығы осы дүниелік емес (Жох. 18:36, 37).

15. Аян кітабында қандай сынақ жайында айтылған?

15 Аян кітабында соңғы күндері Құдайдың халқының адалдығы сыналатыны айтылған. Бұл сынақ барған сайын күшейе түспек. Осы дүниенің саяси жүйесі бізді өзіне ғибадат еткізуге тырысатын болады, ал бас тартқандарды қудалайды (Аян 13:12, 15). Олар “барлық адамдардан — ұлықтар мен кішіктерден, байлар мен кедейлерден, еріктілер мен құлдардан — оң қолына не маңдайларына таңба салдыруды” талап ететін болады (Аян 13:16). Ежелде құлдарға иелері кім екенін білу үшін таңба салынатын. Сол сияқты біздің кезімізде барлық адамға маңдайы мен қолына таңба салдыруға қысым жасалатын болады. Олардың ойларынан және істерінен саяси жүйені қолдайтындары және соған тиесілі екендері көрініп тұрады.

16. Неліктен қазірден бастап Ехобаға деген адалдығымызды бекемдеуіміз керек?

16 Сіз бейнелі таңба салдырып, үкіметке адал боласыз ба, әлде Құдайға ма? Таңба салдырудан бас тартқандар қиындыққа кезігіп, өмірлеріне қауіп төнуі мүмкін. Өйткені Аян кітабында: “Таңба... салынғандардан басқа ешкім ештеңе сатып ала да, сата ада алмайды”,— делінген (Аян 13:17). Бірақ Аян 14:9, 10-да таңба салынғандармен түбінде не болатыны айтылған. Осыны жақсы білгендіктен, Құдай халқы сол таңбадан бас тартып, бейнелі қолдарына “Ехобаға тиесілімін” деген таңба салдырады (Ишая 44:5). Ендеше, Ехоба бізді “менің меншігім” деп тану үшін, қазірден бастап оған деген адалдығымызды бекемдей берейік!

АҚЫРҒЫ СІЛКІНІС

17. Ехоба шексіз шыдамдылық таныта бере ме?

17 Ехоба ешкімнің жойылғанын қаламайды (Пет. 2-х. 3:9). Сондықтан ол адамдарға райларынан қайтып, дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік беріп отыр. Бірақ оның шыдамдылығының шегі бар. Бұл мүмкіндіктен бас тартатындар жуырда перғауынның күйін кешетін болады. Ехоба перғауынға: “Қаласам, баяғыда-ақ қолымды созып, сені де, халқыңды да жаман індетке ұшыратып, жер бетінен жоқ қылар едім. Алайда саған құдіретімді көрсетіп, есімімді бүкіл жер бетіне жария ету үшін сені тірі қалдырдым”,— деген (Мұс. 2-ж. 9:15, 16). Иә, түбінде халықтардың барлығы Ехобаның шынайы Құдай екенін білетін болады (Езек. 38:23). Қазір осы жайлы білеміз.

18. а) Хагей 2:6, 20—22 тармақтардан тағы қандай сілкініс жайлы білеміз? ә) Хагейдің бұл сөздері болашаққа нұсқайтынын қайдан білеміз?

18 Хагей 2:6, 20—22 (оқыңыз) тармақтардан басқа бір сілкініс жайлы оқимыз. Бұл сілкіністің болашақта орын алатынын Пауылдың сөздерінен білеміз. Ол былай деген: “Қазір ол: “Мен тағы да жерді ғана емес, аспанды да шайқалтамын”,— деп уәде берді. “Тағы да” деген сөз шайқалмайтын нәрселер қалу үшін, шайқалатын, яғни Құдай жаратпаған, нәрселердің құритынына нұсқайды” (Евр. 12:26, 27). Байқағанымыздай, мұндағы айтылған сілкініс Хагей 2:7-дегі сілкіністен ерекшеленеді. Бұл сілкіністе перғауын сияқты Ехобаның билігін мойындамайтын адамдар мәңгілікке жойылады.

19. Соңғы сілкіністен кейін не нәрсе қалады және бұны қайдан білеміз?

19 Соңғы сілкіністен кейін не нәрсе қалады? Пауыл: “Шайқалмайтын Патшалыққа ие болатынымызды білетіндіктен, Құдайдың рақымынан бас тартпайық. Өйткені осы рақымның арқасында Құдайға деген қасиетті қызметімізді оған ұнамды болатындай етіп, қорқынышпен әрі зор құрметпен атқара аламыз”, — деген (Евр. 12:28). Демек, соңғы сілкіністен кейін шайқалмайтын Құдай Патшалығы ғана қалады. Ол еш мызғымай, өз орнында берік тұрады (Зәб. 110:5, 6; Дан. 2:44).

20. Адамдар қандай таңдау жасау керек және біз оларға қалай көмектесе аламыз?

20 Қазір уақыт өте аз қалды! Адамдар мына екі жолдың бірін таңдауы керек: олар түбінде күл-талқан болатын осы дүниені қолдай ма, әлде мәңгілік өмірге апаратын жолды таңдап, Құдайдың еркін орындай ма? (Евр. 12:25). Біз оларға дұрыс таңдау жасауға қалай көмектесе аламыз? Құдай Патшалығы туралы уағыздау арқылы. Ендеше, көбірек адамға Құдай Патшалығының жағына шығуға көмектесейік. “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады. Содан кейін осы заманның соңы келеді” деген Иеміз Иса Мәсіхтің сөздерін есте ұстайық (Мат. 24:14).

40-ӘН Сен кімнің меншігісің?

^ 5-абзац Біздің Хагей 2:7-ге қатысты түсінігіміз өзгертілді. Қазір біз барлық халықтарды сілку ісі жайлы және сол іске қалай қатыса алатынымыз жайлы білеміз. Сондай-ақ бұл істі біреулер жақсы қабылдаса, басқалары жаман қабылдап жатқанын білеміз.

^ 4-абзац Хагей пайғамбардың еңбегі текке кетпеді. Себебі ғибадатхана б.з.б. 515 жылы толығымен соғылып біткенін білеміз.

^ 10-абзац Бұл — өзгертілген түсінік. Бұған дейін біз ақжүрек адамдарды Ехобаға жақындататын — барлық халықтардың сілкінісі емес деп ойладық. 2006 жыл, 15 мамырдағы “Күзет мұнарасының” (ор.) “Оқырман сауалдары” айдарын қараңыз.

^ 63-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Хагей Құдай халқының құлшынысын оятып, ғибадатхананы соғып бітіруге талпындырды. Бүгіндегі Құдай халқы Патшалық жайлы хабарды құлшына жариялап келеді. Ерлі-зайыпты болашақта болатын соңғы сілкініс жайында уағыздап, халықтарды сілку ісіне қатысып жатыр.