Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

40-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Шын өкіну деген не?

Шын өкіну деген не?

“Мен... күнәкарларды өкінуге шақыру үшін келдім” (ЛҰҚА 5:32).

36-ӘН Жүрегімізді сақтайық

АҢДАТПА *

1, 2. Екі патшаның қандай айырмашылығы болды және осы мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

ҚАЗІР ежелде өмір сүрген екі патша жайлы сөз қозғайық. Олардың бірі он рулы Исраил елін билесе, екіншісі екі рулы Яһуда елін билеген. Бұл патшалар әртүрлі уақытта өмір сүрсе де, бір-біріне көп жағынан ұқсас еді. Мысалы, екеуі де Құдайға қарсы шыққан және халықты күнәға батырған, екеуі де пұттарға табынған, адамдарды өлтірген. Бірақ екеуінің бір айырмашылығы бар еді: біреуі өмірінің соңына дейін зұлым жолынан қайтпады, ал екіншісі сорақы істеріне өкініп, Құдайдың кешіріміне ие болды. Олар кімдер еді?

2 Олар Исраилдің патшасы Ахаб және Яһуданың патшасы Манаса. Бұл екі патшаның оқиғасынан өкінуге қатысты маңызды сабақ аламыз (Ел. іс. 17:30; Рим. 3:23). Өкіну деген не? Адамның шын өкінгені неден көрінеді? Бұл сұрақтардың жауабын білгеніміз маңызды, өйткені күнә жасап қойғанда, Ехобаның кешіріміне ие болғымыз келеді. Қазір шын өкінудің не екенін түсіну үшін, жоғарыда айтылған екі патшаның өмірін қарастырайық. Кейін Исаның адасқан ұл жайлы мысалын қарастырамыз.

АХАБ ПАТШАДАН АЛАР САБАҚ

3. Ахаб қандай патша еді?

3 Ахаб он рулы Исраил елінің жетінші патшасы еді. Ол бай Сидон патшасының қызы Езабелге үйленген болатын. Осы некенің арқасында исраилдіктерге баюға жол ашылған шығар. Бірақ халық пен Ехобаның қарым-қатынасы бұзылды. Өйткені Езабел Бағалға табынатын. Ол Ахаб арқылы халықты да осы жеркенішті құдайға табынуға итермеледі. Бағалға табынатындар жезөкшелікпен айналысатын, тіпті балаларын құрбандыққа шалатын. Оның үстіне, Езабел Ехобаның пайғамбарларына күн көрсетпеді, көбісін тіпті өлімге кесті (Пат. 1-ж. 18:13). Ахабтың да “Ехобаның алдында жасаған зұлымдығы өзіне дейінгілердің бәрінен асып түскен” еді (Пат. 1-ж. 16:30). Ехоба Ахабтың да, Езабелдің де жасаған сорақы істерін көрді. Бірақ ол мейірімділік танытып, Ілияс пайғамбарын жіберді де, тым кеш болмай тұрғанда теріс жолдарыңнан қайтыңдар деп халықты ескертті. Ахаб пен Езабел бұл ескертуге құлақ аспады.

4. Ехоба Ахабқа қандай үкім шығарды және Ахаб не істеді?

4 Ақырында Ехобаның шыдамы шегіне жетіп, Ілияс пайғамбар арқылы Ахаб пен Езабелге үкім айтты. Олар үй ішімен бірге өлім құшпақ еді. Бұл сөздер Ахабқа қатты әсер етіп, күтпеген жерден бұл көкірек патша “кішірейді” (Пат. 1-ж. 21:19—29).

Құдайдың пайғамбарын түрмеге жапқанда, Ахаб патшаның шын өкінбегені көрінді (5, 6-абзацтарды қараңыз) *

5, 6. Ахабтың шын өкінбегені неден көрінді?

5 Ахаб сол жағдайда кішірейгенмен, оның кейінгі әрекеттері шын өкінбегенін көрсетті. Ол Исраилді Бағалға табынушылықтан тазартып, таза ғибадатты қалпына келтіруге тырыспады. Оның шын өкінбегені басқа да істерінен көрінді.

6 Кейінірек Ахаб патша Яһуда патшасы Жосафатты күш біріктіріп, Сириямен соғысуға шақырды. Жосафат оған алдымен Ехобаның пайғамбарымен кеңесіп алуды айтты. Сонда Ахаб: “Ехобадан сұрап білуге болатын тағы бір пайғамбар бар... Бірақ мен оны жек көремін. Ол ешқашан мен туралы жақсы пайғамбарлық айтпайды, айтатыны — тек жамандық”,— деп бұл ұсынысқа қарсы болды. Бірақ кейін олар бәрібір Михая пайғамбармен ақылдасты. Ахаб айтқандай-ақ Құдайдың адамы Михая ол жайлы жақсы хабар айтпады. Сонда Ахаб өкініп, Құдайдан кешірім сұраудың орнына, Михаяны түрмеге жауып тастады (Пат. 1-ж. 22:7—9, 23, 27). Бірақ оның пайғамбарлығы бәрібір орындалып, Ахаб соғыста өлді (Пат. 1-ж. 22:34—38).

7. Ахаб өлгеннен кейін Ехоба ол жайлы не деді?

7 Жосафат соғыстан оралған соң, Ехоба оған Иқу пайғамбарды жіберіп, Ахабпен одақтасқаны үшін айыптады. Ехобаның пайғамбары оған: “Зұлымдарға көмектесіп, Ехобаны жек көретіндерді жақсы көргенің дұрыс па?”— деді (Шеж. 2-ж. 19:1, 2). Ехобаның бұл сөздерінен Ахаб патшаға қатысты бір нәрсені түсінеміз: егер ол шын өкінген болса, пайғамбар оны Ехобаны жек көретін зұлым адам деп айтпас еді. Ахаб қандай да бір шамада өкінгенмен, оның әрекеттерінен толықтай өкінгені көрінбеді.

8. Ахабтың жағдайынан өкінуге қатысты не білеміз?

8 Ахаб патшадан қандай сабақ аламыз? Ілияс пайғамбар оған үй ішімен жазаланатынын айтқанда, Ахаб кішірейді. Бұл жақсы бастама еді. Бірақ оның кейінгі әрекеттері шын жүректен өкінбегенін көрсетті. Демек, істеген ісіміз үшін өкініш білдіріп қана қою жеткіліксіз. Олай болса, шын өкінуге тағы не жатады? Қазір бұған қатысты бір мысалды қарастырайық.

МАНАСА ПАТШАДАН АЛАР САБАҚ

9. Манаса қандай патша болды?

9 Шамамен екі ғасырдан кейін Яһуда елінде таққа Манаса патша отырды. Оның зұлымдығы Ахаб патшанікінен де асып түсті. Манаса “Ехобаға ұнамайтын істерді көптеп істеп, оны қорлады” (Шеж. 2-ж. 33:1—9). Ол жалған тәңірлерге арнап құрбандық орындарын тұрғызды. Тіпті Ехобаның киелі ғибадатханасына өзі жасатқан қасиетті бағана мүсінін (жыныстық қатынаспен байланысты болса керек) қойып қойды. Манаса сиқырлықпен, сәуегейлікпен және бақсы-балгерлікпен айналысты. Бұған қоса “Иерусалимді о шетінен бұ шетіне дейін кінәсіз адамдардың қанына толтырды”. Бұдан да сорақысы, ол өз ұлдарын жалған тәңірлерге “құрбандыққа шалып, отқа өртеді” (Пат. 2-ж. 21:6, 7, 10, 11, 16).

10. Ехоба Манасаны қалай жөнге салды және ол мұны қалай қабылдады?

10 Ехоба Манаса патшаға қайта-қайта пайғамбарларын жіберіп ескертсе де, ол Ахаб сияқты қасарысып тыңдамай қойды. Сонда Ехоба Яһуда еліне “Ассирия патшасының қолбасыларын жіберді. Олар Манасаны мұрындықтап, қол-аяқтарына мыс кісен салып, Бабылға алып кетті”. Манаса жат елде түрмеде жатып, өмірі жайында терең ойланса керек. Сөйтіп, ол “ата-бабасының Құдайының алдында зор кішіпейілділік танытты”. Бұнымен ғана шектелмей, патша Құдайы Ехобадан “ықыласын түсіруді сұрап, жалбарынды”. Ол “Құдайға дұға ете берді. Осылай бір кездері зұлым болған адам өзгеріп, Ехобаны “Құдайым” деп, оған жақындай бастады (Шеж. 2-ж. 33:10—13).

Жалған ғибадатқа қарсы күрескенде, Манасаның шын өкінгені көрінді (11-абзацты қараңыз) *

11. Шежірелер 2-жазба 33:15, 16-ға сай, Манасаның шын өкінгенін неден білеміз?

11 Ехоба Манасаның жүрегін көргендіктен, оның дұғаларына жауап берді. Оның жалбарынған үніне құлақ асып, қайтадан патша тағына отырғызды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Манаса шын өкінетінін барынша көрсетті. Ахабтан айырмашылығы, ол жүріс-тұрысын өзгертті. Жалған ғибадатқа қарсы күресіп, таза ғибадатты орнатуға бар күшін салды (Шежірелер 2-жазба 33:15, 16 оқыңыз). Жылдар бойы өзінің отбасына, бекзадаларына, халқына жаман үлгі болып келген адамға осындай өзгерістер жасау оңай емес еді. Бірақ ол өмірінің соңғы жылдарында батылдық пен сенім танытып, жасаған жамандықтарын түзеуге тырысты. Ол немересі Жосияға да жақсы үлгі болғанында сөз жоқ. Өйткені Жосия кейін Ехобаға адал патша болды (Пат. 2-ж. 22:1, 2).

12. Манаса патшаның мысалынан өкінуге қатысты не түсінеміз?

12 Манасаның мысалынан не түйеміз? Ол Құдайдың алдында кішірейді. Мұнымен шектелмей, оның рақымын сұрап, жалбарынды. Жүріс-тұрысын жақсы жаққа өзгертті, жасаған жамандықтарын түзеуге тырысты. Өзі де Ехобаға ғибадат етті және өзгелерге де солай етуге көмектесті. Манасаның мысалы тіпті ең сорақы деген күнә жасаған адамның өзі шын өкінсе, Ехобаның кешіріміне ие болатынын дәлелдейді. Өйткені Ехоба — “ізгі әрі кешіруге дайын” Құдай (Зәб. 86:5).

13. Шын өкінудің маңыздылығын мысалмен түсіндіріңіз.

13 Манасаның оқиғасынан жасаған күнәміз үшін жаман сезініп қана қоюдың жеткіліксіз екенін көреміз. Мынадай мысалды қарастырайық: сіз дүкенге барып, сатушыға торт алғыңыз келетінін айтасыз, бірақ сатушы сізге жұмыртқа берсе, соны алып кете бересіз бе? Жоқ, бұған келіспейсіз. Ал егер ол сізге: “Жұмыртқа торттың негізгі ингредиенті ғой!”— десе ше? Сіз бұған бәрібір келіспейсіз. Сол сияқты, адамның жасаған күнәсі үшін жаман сезінгені жақсы әрине, бірақ шын өкіну деген бұл ғана емес. Оған тағы не жататынын Исаның әсерлі бір мысалынан білейік.

АДАМНЫҢ ШЫН ӨКІНГЕНІН ҚАЛАЙ АНЫҚТАСА БОЛАДЫ?

Жас жігіт ақылға келіп, үйіне оралу үшін ұзақ жол жүрді (14, 15-абзацтарды қараңыз) *

14. Адасқан ұлдың өкінгенінің алғашқы белгілері қандай болды?

14 Иса айтып берген мысалда бір жігіт әкесіне қарсы шығып, үйін тастап, “алыс бір елге аттанады”. Ол сол елде азғын өмір сүріп, әбден бұзылады. Бірақ басына қиын күндер туғанда, ол өмірі жайында ойлана бастайды. Ол әкесінің қасында жүрген кезін ойлап, сол уақытты аңсайды. Содан бұл жас жігіт “ақылға келіп”, үйіне қайтып, әкесінен кешірім сұрауды шешеді (Лұқа 15:11—32). Байқасақ, жас жігіт өзінің күнә-қателігін түсініп, мойындады. Бұл — өте маңызды жайт. Бірақ шын өкінген адам күнәсін түсініп қана қоймай, әрекет те етеді.

15. Адасқан ұл шын өкінгенін қалай көрсетті?

15 Адасқан ұлдың шын өкінгенін қандай әрекеттері көрсетті? Ол өте ұзақ жол жүріп, үйіне оралды. Адасқан ұл әкесіне келіп: “Мен көктегі Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасадым. Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін”,— деді (Лұқа 15:21). Оның жүрегінен шыққан осы сөздері Ехобамен қарым-қатынасын түзеткісі келетінін аян етті. Ол әкесінің жүрегін ауыртқанын да мойындады. Жігіт қайтадан әкесінің ықыласына ие болу үшін, бәрін істеуге дайын болды, тіпті жалшысы болып қызмет етуге де (Лұқа 15:19). Исаның бұл мысалы — жай ғана көңіл толқытарлық оқиға емес. Ондағы принциптер ақсақалдарға ауыр күнә жасаған адамның шын өкінгенін анықтауға көмектеседі.

16. Ақсақалдарға адамның шын өкінгенін анықтау неге қиын?

16 Ақсақалдарға ауыр күнә жасаған адамның шын өкінгенін анықтау оңай емес. Өйткені олар оның жүрегін оқи алмайды. Сондықтан оның іс-әрекеттеріне қарайды. Ақсақалдар ол адамның күнәсіна деген көзқарасы өзгергенін осылай біледі. Кей жағдайда адам өте сорақы күнә жасағандықтан, ақсақалдар оның шын өкінгеніне сенімсіз болуы мүмкін.

17. а) Адамның тек қайғырғанына қарап шын өкінді деуге бола ма? Мысал келтіріңіз. ә) Қорынттықтарға 2-хат 7:11-ге сай, шын өкінген адам не істеу керек?

17 Мынадай мысалды қарастырайық: бір ер бауырлас жылдар бойы азғындық жасайды және ол көмек іздеудің орнына, бұл ісін әйелінен, достарынан, ақсақалдардан жасырады. Бірақ бір күні күнәсі ашылып қалады. Сол кезде ол күнәсін мойындап, қатты өкініп жатқандай болады. Бірақ ақсақалдар оның қайғырғанына ғана назар аудармайды. Өйткені ер бауырлас бір сәттік әлсіздікке беріліп, күнә жасап қойған жоқ. Ол жылдар бойы осымен айналысып келді. Оның үстіне, ол күнәсін өзі келіп мойындаған жоқ. Ақсақалдар бұл жайлы өзге адамнан білді. Ақсақалдар күнә жасаған адамның көзқарасының, сезімдерінің, жүріс-тұрысының өзгергенін анық көрулері керек (Қорынттықтарға 2-хат 7:11 оқыңыз). Бірақ бұған біраз уақыт кетуі мүмкін. Сондықтан әлгі бауырлас біршама уақытқа қауымнан шығарылуы әбден мүмкін (Қор. 1-х. 5:11—13; 6:9, 10).

18. Қауымнан шығарылған адамның күнәсіна шын өкінетіні неден көрінеді және мұның нәтижесі қандай болады?

18 Қауымнан шығарылған адам шын өкінсе, ол кездесулерден қалмайды. Ақсақалдардың кеңесіне құлақ асып, жиі дұға етеді және үзбей Киелі кітапты зерттейді. Сондай-ақ күнәға апарған жағдайлардан барынша аулақ жүреді. Ол Ехобамен қарым-қатынасын қалпына келтіру үшін бар күшін салса, Ехоба оны кешіретіні және оның қауымға қайта қабылданатыны сөзсіз. Бірақ ақсақалдар адамның шын өкінгенін анықтағанда, әр жағдайды жеке қарастырады және қатал соттаудан аулақ болады.

19. Шын өкінуге не жатады? (Езекиел 33:14—16).

19 Жоғарыдан білгеніміздей, адамның ауыр күнә жасағанына өкінетінін айтқаны жеткіліксіз. Шын өкінетін адам ой қалпы мен жүрегін түзетіп, оны іс-әрекетімен көрсетеді. Ол күнә жолын тастап, қайтадан Ехобаның жолымен жүре бастайды (Езекиел 33:14—16 оқыңыз). Оның бар мақсаты, бар уайымы Ехобамен қарым-қатынасын түзеу болу керек.

КҮНӘ ЖАСАҒАНДАРҒА ӨКІНУГЕ КӨМЕКТЕСЕЙІК

20, 21. Ауыр күнә жасаған адамға қалай көмектессек болады?

20 Исаның жерге келгендегі маңызды мақсаттарының бірі — “күнәкарларды өкінуге шақыру” болған (Лұқа 5:32). Оған біз де еліктей аламыз. Мысалы, жақын досымыз ауыр күнә жасағанын білсек, не істесек болады?

21 Досымыздың Ехобамен қарым-қатынасына қауіп төніп тұр. Сондықтан оның күнәсін жасыруға тырыспаймыз. Өйткені бұл досымызға жақсылық алып келмейді, әрі Ехоба көктен көріп тұрғандықтан, ол бәрібір бір күні ашылады (Нақ. с. 5:21, 22; 28:13). Досымызға көмектесу үшін оны ақсақалдардан көмек сұрауға талпындырайық. Ал егер құлақ аспаса, ақсақалдарға өзіміз барып айтайық.

22. Келесі мақала не жайында?

22 Ақсақалдар ұзақ уақыттан бері күнәға белшесінен батып келген адамды қауымнан шығарса, мұны қалай қабылдауымыз керек? Бұл олардың мейірімсіз соттағанын білдіре ме? Келесі мақалада Ехобаның мейірімділікпен жөнге салатыны жайында көбірек білеміз. Сондай-ақ оған қалай еліктей алатынымызды да қарастырамыз.

103-ӘН Бағушылар — Құдайдың сыйы

^ 5-абзац Адамның шын өкінгенін неден көруге болады? Бұны білу үшін Ахаб патша мен Манаса патшаның және Исаның адасқан ұл жайлы айтқан мысалын қарастырамыз. Сондай-ақ ақсақалдар ауыр күнә жасаған адамның шын өкінгенін қалай біле алатынын талқылаймыз.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ашуға булыққан Ахаб патша Ехобаның пайғамбары Михаяны түрмеге жабуды бұйырды.

^ 62-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Манаса патша ғибадатханадағы өзі орнатқан мүсіндерді жоюға бұйрық берді.

^ 64-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ұзақ жол жүріп әбден шаршаған жас жігіт үйін алыстан көріп, көңілі жай тапты.