Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

42-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Шындықты берік ұстаныңыз!

Шындықты берік ұстаныңыз!

“Бәрін тексеріңдер де, жақсысын ғана берік ұстаныңдар” (САЛ. 1-Х. 5:21).

142-ӘН Үмітіміз жалындай берсін

АҢДАТПА *

1. Көп адам не үшін шатасады?

БҮГІНДЕ өздерін шынайы мәсіхші санайтын діни ағымдар өте көп. Сондықтан көп адам: “Сонда шынайы дін қайсысы, әлде Құдайға барлық дін ұнай бере ме?”— деп шатасады. Ал біз ше? Үйретіп жүргеніміз шындық екеніне және Ехоба куәгерлерінің ғибадат ету жолы Ехобаға ұнамды екеніне нық сенімдіміз бе? Бұған қалай көз жеткізуге болады? Қазір кейбір айғақтарды қарастырайық.

2. Салоникалықтарға 1-хат 1:5-ке сай, Пауыл шындықты тапқанына не үшін сенімді болды?

2 Пауыл шындықты тапқанына толық сенімді болған (Салоникалықтарға 1-хат 1:5 оқыңыз). Ол бұл жолға сезімге беріліп келе салмаған. Пауыл Құдай Сөзін мұқият зерттеп, “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылғанына” сенімді болған (Тім. 2-х. 3:16). Сонда ол не нәрсеге көз жеткізді? Исаның уәде етілген Мәсіх екеніне. Ал сол кездегі діни жетекшілер болса айдан анық осы айғаққа көз жұмды. Олар адамдарға Құдай Сөзін үйретеміз дегенмен, өздері Құдай жек көретін істерді істеді (Тит. 1:16). Пауыл болса олар сияқты Құдай Сөзінің ұнайтын тұстарын қабылдап, ұнамайтынынан бас тартқан жоқ. Ол “Құдай еркін түгел” ұстанды әрі түгел үйретті (Ел. іс. 20:27).

3. Шынайы дін барлық сұрақтарымызға жауап беру керек пе? (“ Ехобаның істері мен ойларының “көптігінен бәрін атап шыға алмаспыз!” деген қоршауды да қараңыз.)

3 Кейбіреулер дін шынайы болса, менің барлық сұрақтарыма жауап беру керек деп ойлайды. Бірақ бұлай ойлаған дұрыс па? Киелі кітапта барлық сұрақтарымызға жауап болмаса ше? Пауылдың өзі “бәрін тексеріңдер” дегенмен, түсінбейтін нәрселері де көп екенін мойындаған (Сал. 1-х. 5:21). Ол: “Біліміміз... толық емес. Қазір көріп жүргеніміз — темір айнадағы көмескі нобай ғана”,— деген (Қор. 1-х. 13:9, 12). Пауыл барлығын түгел түсінбесе де, Ехобаның ниеті жайлы негізгі шындықтарды жақсы білген. Осы білгенімен-ақ ол шындықты тапқанына сенімді болған!

4. Шындықта жүргенімізге сенімділігімізді арттыруға не көмектеседі және шынайы мәсіхшілер қандай болады?

4 Шындықты тапқанымызға одан сайын сенімді болу үшін, Иса қалай ғибадат еткенін және бүгінде Ехоба куәгерлері қалай ғибадат етіп жүргенін салыстыру керек. Осы мақаладан шынайы мәсіхшілер 1) пұттарға табынбайтынын, 2) Ехобаның есімін құрметтейтінін, 3) шындықты жақсы көретінін және 4) бір-бірін барынша сүйетінін білеміз.

ПҰТТАРҒА ТАБЫНБАЙМЫЗ

5. Иса Ехобаға қалай ғибадат етті және біз одан не үйренеміз?

5 Құдайды қатты сүйген Иса көкте болған кезде де, жерде жүрген кезде де Ехобадан басқа ешкімге ғибадат етпеген (Лұқа 4:8). Ол шәкірттеріне де соны үйреткен. Олар ғибадаттарында ешқандай мүсінді қолданбаған. Өйткені Құдай рух болғандықтан, адам баласы жасап шығарған ешқандай зат оның ұлылығын паш ете алмайды! (Ишая 46:5). Ал кейбіреулер пір тұтатын әулиелерінің мүсінін жасап, соларға сиынып жатады. Бұл жайлы не деуге болады? Мұсаға берген Он заңында Ехоба былай деген: “Аспандағы, жердегі... еш нәрсенің қашалған мүсінін не бейнесін жасама. Оларға бас иіп табынба” (Мұс. 2-ж. 20:4, 5). Осы заңнан көрінетіндей, пұттарға табынғанымыз Ехобаға мүлдем ұнамайды.

6. Ехоба куәгерлері Құдайға қалай ғибадат етеді?

6 Ертедегі мәсіхшілер тек қана Ехобаға ғибадат еткенін тарихшылар да растайды. “Мәсіхшілер шіркеуінің тарихы” деген кітапта айтылғандай, “олар ғибадат үйлеріне бейнелер салу не мүсіндер кіргізу деген ойдың өзінен шошыған” (“History of the Christian Church”). Бүгінде де Ехоба куәгерлері солардың үлгісіне еліктейді. Олар періштелердің не әулиелердің мүсіндеріне сиынбайды, тіпті Исаның өзіне де дұға етпейді. Ехоба куәгерлері мемлекеттік рәміздерге де тағзым етпейді. Қандай жағдай болмасын, олар Исаның “Ехоба Құдайыңа ғибадат ет” деген сөзінен аттамайды (Мат. 4:10).

7. Ехоба куәгерлерінің басқа діндерден айырмашылығы қандай?

7 Бүгінде көбісі аты шулы шіркеу лидерлерін пір тұтады. Олардың шіркеулеріне ағылып барады, кітаптарын сатып алады, идеяларын қолдайды, айтқан әрбір сөзіне сенеді. Олардың бастаған іс-шараларына ақшаларын аямай төгеді. Сол лидерлерді көргенде, тура бір Исаны көргендей тамсанады! Бірақ Ехоба куәгерлерінде ондай лидерлер жоқ. Араларында басшылықты қолға алғандар болғанмен, Куәгерлер оларға, Иса айтқандай, “бауырлас” деп қарайды (Мат. 23:8—10). Біз діни жетекші болсын, билік басындағы адам болсын, ешқайсысын да пір тұтпаймыз, олардың идеяларын да қолдамаймыз. Қайта, осы дүниеден өзімізді бөлек ұстаймыз, бейтараптық сақтаймыз. Біз осы жағынан өздерін мәсіхші санайтын діндердің арасында айрықшаланып тұрамыз (Жох. 18:36).

ЕХОБАНЫҢ ЕСІМІН ҚҰРМЕТТЕЙМІЗ

Шынайы мәсіхшілер өзгелерге Ехоба жайлы мақтанышпен айтады (8—10 абзацтарды қараңыз) *

8. Ехоба өз есімінің даңқталғанын және кеңінен танылғанын қалайтынын қайдан білеміз?

8 Иса дұғасында: “Әке, есіміңді даңқтай көр”,— деп сұраған. Сонда Ехоба көктен күркіреген дауыспен тіл қатып, есімін даңқтайтынын айтты (Жох. 12:28). Иса жерде жүрген кезінің басынан аяғына дейін Әкесінің есімін даңқтап өтті (Жох. 17:26). Демек, шынайы мәсіхшілер де Исаға еліктеп, Құдайдың есімін биік ұстауы және жұрттың алдында оны даңқтауы тиіс.

9. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер Құдай есімін құрметтейтіндерін қалай көрсетті?

9 Бірінші ғасырда мәсіхшілер қауымы құрылған соң, “Құдай өз атымен аталатын халықты таңдап алу үшін, басқа ұлт адамдарына назар аударды” (Ел. іс. 15:14). Бұл мәсіхшілер Құдай есімін расында да мақтан тұтты және оны басқаларға да жариялады. Олар уағыздағанда да, Киелі жазбалардың кітаптарын жазғанда да Құдай есімін кеңінен қолданған. Сол кезеңде Құдай есімін даңқтаған жалғыз халық солар еді (Ел. іс. 2:14, 21).

10. Ехоба куәгерлері атына заты сай халық екенін қалай дәлелдеп жүр?

10 Бүгінде кімдер Ехобаның есімін даңқтап жүр? Құдайдың есімін тиісінше құрмет пен даңққа бөлеп жүрген — Ехоба куәгерлері ғана. Ал басқа діндердің жетекшілері Құдайдың дара есімін барынша жасыруға тырысып келеді. Олар оны Киелі кітаптың аудармаларынан алып тастаған, кейбіреулері тіпті діни қызметте қолдануға тыйым салған * (Ишая 43:10—12). Ал Ехоба куәгерлері атына заты сай халық екенін қалай дәлелдеп жүр? Біз Құдайдың есімі қалпына келтірілген “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасын” 240 миллионнан астам данамен шығардық, сондай-ақ Ехобаның есімін паш ететін Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді 1000-нан аса тілде басып шығарамыз. Ехоба куәгерлерінің Құдай есімін кеңінен жариялап жүрген жалғыз халық екеніне талас жоқ!

ШЫНДЫҚТЫ СҮЙЕМІЗ

11. Ертедегі мәсіхшілер шындықты сүйетіндерін қалай көрсеткен?

11 Иса шындықты, яғни Құдай мен оның ниеті туралы шындықты жақсы көрген. Иса осы шындыққа сай өмір сүрген және оны басқаларға паш еткен (Жох. 18:37). Оның ізбасарлары да шындықты қатты сүйген (Жох. 4:23, 24). Сондықтан олар Құдайдың Сөзіне қайшы келетін наным-сенімдерден, салт-дәстүрлер мен ой-пікірлерден бас тартқан (Қол. 2:8). Елші Петір мәсіхшілік жолды “шындық жолы” деп атаған (Пет. 2-х. 2:2). Бүгінде де шынайы мәсіхшілер барынша “шындық жолында жүруге” тырысады. Олар ілімдерінің барлығын Құдайдың Сөзіне негіздейді және соған сай өмір сүреді (Жох. 3-х. 3, 4).

12. Ұйымда жетекшілікті қолға алғандар қандай да бір түсінікті өзгерту керектігін байқаса, не істейді және неге?

12 Құдайдың халқы Киелі кітапты 100 пайыз дұрыс түсінеміз деп ойламайды. Олар ілімдерді түсіндіргенде және ұйымда басшылықтар бергенде кейде қателесетіндерін мойындайды. Өйткені Киелі кітаптың өзінде Құдай жайлы тура білім бірте-бірте тереңдей түсетіні жазылған (Қол. 1:9, 10). Ехоба шындықты біртіндеп ашады, сондықтан шындықтың жарығы жарқырай түскенін біз шыдаммен күтеміз (Нақ. с. 4:18). Егер жетекшілікті қолға алған бауырластар қандай да бір түсінікті өзгерту керектігін байқаса, онда бірден солай етеді. Өйткені бұндай өзгерістер бізді Құдайға жақындата түседі және Исаның үлгісіне сай ғибадат етуге көмектеседі. Ал мәсіхшілер әлемінде бұлай емес. Олар ілімдерін сенушілерінің құлақтарына жағатындай етіп, осы дүниенің ағымына қарай өзгерте береді (Жақ. 4:4). Ал біз түсінігімізді заман талабына қарай емес, Жазбаларды терең түсінгенде ғана өзгертеміз. Өйткені біз шындықты сүйеміз! (Сал. 1-х. 2:3, 4).

БІР-БІРІМІЗДІ БАРЫНША СҮЙЕМІЗ

13. Шынайы мәсіхшілерге тән ең басты қасиет қандай және Ехоба куәгерлері оны қалай танытып жүр?

13 Иса: “Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жох. 13:34, 35). Шынымен-ақ, I ғасырдағы мәсіхшілер бірінші кезекте араларындағы сүйіспеншілікпен танылған. Бүгінгі таңда да әлемнің қай бұрышына бармаңыз, Ехоба куәгерлерінің бір-біріне деген ыстық сүйіспеншілігін көресіз. Басқа діндерден айырмашылығы, олар ұлттарына, нәсіліне, шыққан жеріне қарамастан бір отбасындай тату. Бұған біздің қауым кездесулеріміз, конгресс сияқты үлкен жиындарымыз дәлел. Расымен де, арамыздағы сүйіспеншілік — ғибадатымыздың Ехобаға ұнамды екеніне тағы бір айғақ.

14. Қолостықтарға 3:12—14 тармақтарға сай, бір-бірімізді сүюге әсіресе не жатады?

14 Киелі жазбалар “бір-бірімізді барынша сүюге” талпындырады (Пет. 1-х. 4:8). Бұған бауырластарымызды кешіру және кемшіліктеріне төзімді болу жатады. Сондай-ақ біз қауымдағылардың бәріне — бізді ренжіткендерге де — жомарт болып, қонақжайлылық танытамыз (Қолостықтарға 3:12—14 оқыңыз). Арамыздағы осындай сүйіспеншілік — шынайы мәсіхші екеніміздің бірден-бір белгісі.

“СЕНІМ БІРЕУ”

15. Біз I ғасырдағы мәсіхшілердің ғибадат ету үлгісіне тағы қай жағынан еліктейміз?

15 Біз I ғасырдағы мәсіхшілер қауымына басқа да жағынан еліктейміз. Мысалы, біздің ұйым I ғасырдағы елшілер орнатқан тәртіппен құрылған. Қазір де сол кездегідей аралаушы бақылаушылар, ақсақалдар және қызмет көмекшілері бар (Філіп. 1:1; Тит. 1:5). Сондай-ақ Құдайдың жыныстық қатынасқа, некеге және қанның қасиеттілігіне қатысты заңдарын құрметтейміз және қауымды күнәсіна өкінбейтін адамдардан қорғаймыз (Ел. іс. 15:28, 29; Қор. 1-х. 5:11—13; 6:9, 10; Евр. 13:4).

16. Ефестіктерге 4:4—6 тармақтарда айтылған сөздерден не түсінеміз?

16 Көп адам Исаның соңынан ереміз дегенмен, олар оның шынайы шәкірттері емес екені Киелі кітапта алдын ала айтылып кеткен (Мат. 7:21—23). Сондай-ақ онда соңғы күндері сырт көзге ғана “құдайшыл болып көрінетін” адамдардың көбейетіні айтылған (Тім. 2-х. 3:1, 5). Дегенмен Құдайға ұнайтын “сенімнің біреу” екені Киелі кітапта анық жазылып тұр (Ефестіктерге 4:4—6 оқыңыз).

17. Бүгінде кімдер Исаның соңынан еріп, шынайы сенімді ұстанып жүр?

17 Біз Исаның Құдайға қалай ғибадат еткенін және I ғасырдағы мәсіхшілер оның үлгісін қалай ұстанғанын білдік. Осы мақаладағы айғақтарды қарастыра келе қандай тұжырымға келеміз? Кімдер шынайы сенімді ұстанады? Бұның жауабы біреу-ақ: Ехоба куәгерлері. Біз Ехобаның куәгерлері екенімізді және Ехоба мен оның ниеті туралы шындықты білетінімізді жоғары бағалаймыз! Ендеше, шындықты берік ұстанып, одан бір елі де ажырамайық!

3-ӘН Сен бізге күш бердің, үміт бердің

^ 5-абзац Иса Ехобаға дұрыс ғибадат етудің үлгісін көрсеткен. Оның I ғасырдағы шәкірттері осы үлгіні қалай ұстанды? Бүгінде Ехоба куәгерлері сол үлгіге сай ғибадат етіп жүргеніне қандай дәлелдер бар? Бұл мақалада осы жайлы қарастырамыз.

^ 10-абзац Мысалы, 2008 жылы поп Бенедикт XVI Құдайдың аты діни қызметте де, әндер мен дұғаларда да “аталмауы керектігін” айтты.

^ 62-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ехобаның ұйымы “Жаңа дүние аудармасын” 200-ден астам тілде шығарғандықтан, адамдар Құдайдың есімі жазылған Киелі кітапты өз тілдерінде оқи алады.