Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

43-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Еш талмайық!

Еш талмайық!

“Жақсылық жасаудан еш талмайық” (ҒАЛ. 6:9).

68-ӘН Патшалық тұқымын себейік!

АҢДАТПА *

1. Біз қандай қуаныш пен мәртебеге иеміз?

ЕХОБА КУӘГЕРІ болу — біз үшін үлкен мәртебе әрі қуаныш! Біз адамдарға Ехоба жайлы уағыздап, тәлім бергенде, атымызға затымыз сай халық екенімізді көрсетеміз. “Мәңгі өмірге ыңғай танытқандарға” шомылдыру рәсімінен өтіп, бауырлас болуға көмектесе алсақ, қуанышымызда шек болмайды! (Ел. іс. 13:48). Иса да осындай сезімде болған. Шәкірттері жемісті қызмет етіп келгенде, ол “киелі рух пен қуанышқа кенелген” (Лұқа 10:1, 17, 21).

2. Қызметке жауапкершілікпен қарау нені білдіреді?

2 Біз қызметімізге үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Өйткені адамдардың өмірі осыған байланысты. Елші Пауыл: “Сонда өзіңді де, тыңдаушыларыңды да құтқарасың”,— деген. Адамдарды құтқару ісін жауапкершілікпен атқару үшін, Пауыл айтқандай, “өзімізге және беріп жатқан тәлімімізге әрдайым ден қоюымыз” керек (Тім. 1-х. 4:16). “Өзімізге ден қоятын” себебіміз — біз Құдай Патшалығының азаматтарымыз. Сондықтан біз әрдайым Ехобаға данқ әкелетіндей және уағыздайтын ізгі хабарымызға лайық болатындай өмір сүргіміз келеді (Філіп. 1:27). Ал “тәлімімізге ден қою” үшін, қызметке шығар алдында жақсылап дайындаламыз және Ехобаның батасын сұрап дұға айтамыз.

3. Адамдар әрқашан ізгі хабарға құлақ аса ма? Мысал келтіріңіз.

3 Біз уағыздайтын аймақта кейде адамдар Патшалық хабарына мүлдем құлақ аспауы мүмкін. Мысалға Георг Линдал бауырласымызды алайық. Ол Исландияда 1929—1947 жылдар аралығында жалғыз өзі уағыздаған. Ол ондаған мың әдебиет таратса да, бірде-бір адам шындықты қабыл алмады. “Кейбір адамдар шындыққа қарсы болды, ал басым көпшілігі мүлдем қызықпады”,— дейді Георг бауырлас. Тіпті Ғалақат мектебінен өткен миссионерлер келіп уағыздаса да, тоғыз жыл дегенде жергілікті тұрғындардың кейбірі Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтті.

4. Адамдар ізгі хабарға құлақ аспағанда не сезінуіміз мүмкін?

4 Адамдар шындыққа құлақ аспаса, қатты көңіліміз түседі. Яһудилер Исаның уәде етілген Мәсіх екенін мойындамай, одан бүкіл халық болып бас тартқанда, елші Пауыл да: “Қасіретім зор, жүрегім сыздап қоймайды”,— деп қайғырған (Рим. 9:1—3). Мысалы, сіздің қанша күш салып, дұға еткеніңізге қарамастан, сізбен зерттейтін адам үйренгендерін өмірде қолданбайтындықтан, онымен зерттеу сабағын доғару керек шығар. Немесе сізбен зерттегендердің бірде-біреуі шомылдыру рәсімінен өтпеген болар. Мұндайда “Ехоба қызметіме батасын бермей жатыр” деп ойлап, өзімізді кінәлі сезінетін шығармыз. Бірақ бұлай ойлау дұрыс па? Бұны білу үшін қазір мына екі сұраққа тоқталайық: 1) Қызметіміз несімен бағалы? 2) Қызметімізді талмай атқара беру үшін қандай жайттарды ұмытпау керек?

ҚЫЗМЕТІМІЗ НЕСІМЕН БАҒАЛЫ?

5. Неге қызметіміз кейде біз күткендей нәтиже бермеуі мүмкін?

5 Киелі кітапта Құдайдың еркін орындайтын адамның “әрбір ісі сәтті болатыны” айтылған (Зәб. 1:3). Бірақ бұл Ехоба үшін істегендеріміздің бәрі өзіміз күткендей нәтижелі болады дегенді білдіреді ме? Олай дей алмаймыз, өйткені өзіміз де, басқалар да кемелсіз болғандықтан, “өміріміз азапқа толы” (Әйүп 14:1). Ал кейде қарсыластар кедергі жасағандықтан еркін уағыздай алмайтын шығармыз (Қор. 1-х. 16:9; Сал. 1-х. 2:18). Сонда қызметіміз бекершілік болды деген сөз бе? Қызметіміз Ехобаға несімен бағалы? Қазір осы сұрақтарға жауап беретін принциптерді қарастырайық.

Адамға қалай уағыздасақ та — бетпе-бет, хат не телефон арқылы болсын — Ехоба еңбегімізді бағалайды (6-абзацты қараңыз)

6. Ехоба қызметімізді неге қарап бағалайды?

6 Ехоба күш салып жатқанымызға және табандылығымызға мән береді. Қызметімізді Ехобаның алдында бағалы ететін нәрсе — адамдардың бізге құлақ асқаны емес, Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз және қызметтегі құлшынысымыз. Елші Пауыл былай деген: “Құдай әділетсіз емес. Ол қасиеттілер үшін атқарған, әлі де атқарып жатқан қызметтерің арқылы өзінің есіміне деген сүйіспеншіліктерің мен еңбектеріңді ұмытпайды” (Евр. 6:10). Бізбен Киелі кітапты зерттеген адам шомылдыру рәсімінен өтсін-өтпесін, Ехоба біздің оны сүйгендіктен атқарған еңбегімізді есінен шығармайды. Үміттенгеніңіз ақталмай қалса, Пауылдың “Иеміздің жолындағы еңбектерің бекер емес” деген сөздері жаныңызға жалау болсын (Қор. 1-х. 15:58).

7. Елші Пауылдың өз қызметі жайлы айтқан сөздерінен не түйеміз?

7 Елші Пауыл көп қалаларда қауымдар құрған өте тамаша миссионер болған. Десе де кейбіреулер оның тәлім беру шеберлігіне шек келтіргенде, ол өзін ақтау үшін шындыққа қанша адам әкелгенін айтпаған. Бірақ оларға қайтарған жауабында Пауыл: “Мен... көбірек еңбек еттім,— деген (Қор. 2-х. 11:23). Біз де Пауыл сияқты, Ехоба әсіресе күш салғанымызды және табандылығымызды бағалайтынын естен шығармайық.

8. Қызметте бізді қуантатын басты нәрсе не?

8 Ехоба қызметімізге риза. Исаның 70 шәкірті Құдай Патшалығы туралы уағыздап келген соң, қатты қуанған. Олар Исаға: “Сіздің атыңыздан бұйырғанда, тіпті жындар да бағынды”,— деп мәз болды. Бірақ Иса: “Жындардың өздеріңе бағынғанына емес, есімдеріңнің көкте жазылғанына қуаныңдар”,— деп шәкірттерін түзетті (Лұқа 10:17—20). Өйткені Иса қызметте осындай ерекше оқиғалар үнемі бола бермейтінін жақсы білді. Оның үстіне, шәкірттерді жақсы тыңдағандардың түбінде нешеуі шындыққа келгенін білмейміз. Демек, шәкірттер қызметтегі жетістіктеріне ғана емес, ең бастысы, Ехоба олардың еңбектеріне риза екендігіне қуану керек еді.

9. Ғалаттықтарға 6:7—9 тармақтарда айтылғандай, қызметімізді еш талмай атқарсақ, қандай жемісін көреміз?

9 Қызметімізді еш талмай атқарсақ, мәңгілік өмірге жетеміз. Шындық дәнін сеуіп, оны өсіруге барынша күш салғанымыз — “рухты ойлап сепкеніміз”. Өйткені қызмет еткенде біз киелі рухтың жетегіне ереміз. Осы істі атқарудан “еш талмасақ” және “шаршап қалмасақ”, Ехоба өз уақытында мәңгілік өмірді оратынымызға кепілдік береді. Бұл сыйды алу-алмауымыз қанша адамға шомылдыру рәсімінен өтуге көмектескенімізге байланысты емес (Ғалаттықтарға 6:7—9 оқыңыз).

ҚАНДАЙ ЖАЙТТАРДЫ ҰМЫТПАҒАН ЖӨН?

10. Адамдардың ізгі хабарды қабылдауы неге байланысты?

10 Адамдардың ізгі хабарды қабылдауы ең алдымен жүрек күйлеріне байланысты. Иса диқан жайлы мысалында осыны жақсылап түсіндіріп кеткен. Диқанның тұқымы әртүрлі топыраққа түскенмен, тек біреуі ғана өнім береді (Лұқа 8:5—8). Мысалдағы әртүрлі топырақ “Құдай сөзін” әртүрлі қабылдайтын адамдарды бейнелейді (Лұқа 8:11—15). Демек, адамның жүрегіне түскен шындық дәнін біз күштеп өсіре алмаймыз, өйткені бұл оның жүрек күйіне байланысты. Біздің міндетіміз — Патшалық жайлы хабардың дәнін әрі қарай да себе беру. Өйткені елші Пауыл айтқандай, әрқайсысы “еңбегіне қарай өз сыйын алады”, еңбегінің нәтижесіне қарай емес (Қор. 1-х. 3:8).

Нұх көп жылдар бойы адалдықпен уағыздаса да, кемеге өз үй ішінен басқа ешкім кірмеді. Бірақ ол мойынсұнғыш болып, Ехоба тапсырған істі атқарып шықты (11-абзацты қараңыз)

11. “Әділдікті уағыздаушы Нұхқа” Ехоба не үшін разы болды? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

11 Ежелгі уақытта да Құдайдың пайғамбарларының хабарына құлақ аспаған адамдар болған. Мысалы, “әділдікті уағыздаушы Нұх” 40-50 жыл бойы Құдайдың хабарын жариялаған (Пет. 2-х. 2:5). Ол хабарды тыңдап, құтқарылатын адамдар болады деп күткен шығар. Бірақ Ехоба бұлай болатынын айтпады. Ол: “Өзің, ұлдарың, әйелің мен келіндерің кемеге кіресіңдер”,— деп қана айтты (Мұс. 1-ж. 6:18). Бұған қоса, Нұх кеменің көлемі қандай болу керектігін білгенде, көп адам құтқарыла алмайтынын түсінсе керек (Мұс. 1-ж. 6:15). Білетініміздей, Нұхтың хабарына өз үй ішінен басқа бірде-бір жан құлақ аспады (Мұс. 1-ж. 7:7). Бұл Нұхтың өз тапсырмасын дұрыс атқармағанын білдіре ме? Жоқ, мүлдем олай емес! Ехобаның алдында ол “әділдікті уағыздаушы” деген керемет атқа ие болды, өйткені өз тапсырмасын соңына дейін адал атқарды (Мұс. 1-ж. 6:22).

12. Еремия пайғамбарға қызметте қуанышын жоғалтпауға не көмектесті?

12 40 жылдай уақыт бойы уағыздаған Еремия пайғамбардың хабарына да адамдар немқұрайлы қараған, тіпті қарсы шыққан. Ол көп “қорлық көріп, ұрыс естіп”, түңілгені сонша — қызметін тастап кеткісі келген (Ерм. 20:8, 9). Алайда Еремия бұндай жағымсыз ойды жеңіп, қызметінен қайта қуаныш таба алды. Оған мына екі маңызды шындық көмектесті: біріншіден, адамдарға “жарқын болашақ пен үміт сыйлайтын” хабарды айтқаны оған қуаныш сыйлады (Ерм. 29:11). Екіншіден, ол Ехобаның атын алып жүрді (Ерм. 15:16). Бүгінде біз де рухани түнек басқан заманда үміт сыйлайтын хабарды айтамыз және Ехоба куәгерлері ретінде Құдайдың атын алып жүрміз. Осы екі маңызды шындықты үнемі ойда тұтсақ, адамдар хабарымызды қалай қабылдамасын, қуанышымызды жоғалтпаймыз.

13. Исаның Марқа 4:26—29 тармақтарда жазылған мысалынан не білеміз?

13 Адамның рухани өсуі бірте-бірте болады. Бұны Исаның тұқым сеуіп, түнде ұйықтауға кеткені кісі жайлы айтқан мысалынан білеміз (Марқа 4:26—29 оқыңыз). Ол кісі қанша қаласа да, тұқымның өсуін тездете алмаған. Тұқым өз уақытымен, біртіндеп өскен. Сол сияқты, зерттеуші де бірден рухани өсіп кетпейді. Бұл процесс ақырындап жүреді. Біз Исаның мысалындағы тұқым себуші сияқты, зерттеушінің рухани өсімін жылдамдата алмаймыз. Сондықтан зерттеуші сіз күткендей тез рухани өспей жатса, көңіліңіз түспесін. Егін өсіру сияқты, шәкірт дайындау да шыдамдылықты талап етеді (Жақ. 5:7, 8).

14. Адамдар ізгі хабарға уақыт өте құлақ аса бастауы мүмкін бе? Мысал келтіріңіз.

14 Кей аймақтарда уағыз ісі жылдар бойы жеміс бермеуі мүмкін. Мысалға апалы-сіңлілі Гладис пен Руби Аллен бауырластарды алайық. Олар 1959 жылы Канаданың Квебек провинциясындағы бір қалаға ізашар болып тағайындалады. Сол кезде қоғамның қысымы бар, католик шіркеуінің ықпалы бар, ізгі хабарды ешкім қабылдамай қояды. Гладис былай дейді: “Біз күнде сегіз сағат үйден үйге жүріп уағыздайтынбыз. Осылай екі жыл жүрдік. Бірақ бірде-бір адам бізді тыңдамады. Адамдар есікке келетін де, бізді көріп, бұрылып кетіп қалатын. Бірақ біз еш берілмедік”. Уақыт өте адамдардың жүректері жібіп, шындықты қабылдай бастады. Қазір сол қалада үш қауым бар (Ишая 60:22).

15. Қорынттықтарға 1-хат 3:6, 7-ден шәкірт дайындау ісіне қатысты не білеміз?

15 Шәкірт дайындау ісі — жұмыла атқарылатын іс. Зерттеушінің шомылдыру рәсімінен өтуіне қауымның әрбір мүшесі үлес қосады (Қорынттықтарға 1-хат 3:6, 7 оқыңыз). Мысалы, бір жариялаушы адамға буклет не журнал қалдырып кетуі мүмкін. Бірақ оның қайта баруға мүмкіндігі болмағандықтан, ол басқа жариялаушыдан өтінеді. Сөйтіп, екінші жариялаушы онымен зерттеу сабағын бастайды. Зерттеуге қауымдағы түрлі бауырластар қатысып, оның рухани өсуіне әрқайсысы өз үлесін қосады. Осылай адам шомылдыру рәсімінен өткенде, Иса айтқандай, егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады (Жох. 4:35—38).

16. Неге сіз денсаулығыңыз нашар болса да не шаршап-шалдығып жүрсеңіз де, қызметтен қуаныш таба аласыз?

16 Денсаулығыңыз нашарлағандықтан я шаршап жүргендіктен, уағыз қызметін ойыңыздағыдай атқара алмай жүрсіз бе? Ендеше, еңсеңізді түсірмеңіз. Бәрібір де сіздің дүниежүзілік іске қосып жатқан үлесіңіз бар. Дәуіт патшаның басынан өткен жағдайды алайықшы. Амалектік тонаушылар келіп, олардың әйелдерін, бала-шағасы мен дүние-мүлкін алып кеткенде, Дәуіт адамдарын ертіп, олардың соңдарына түседі. Бірақ 200 сарбазы қатты шаршағандықтан, шайқасқа аттана алмай, жүктің қасында қалып қояды. Жеңіспен оралған соң, Дәуіт олжаны барлық сарбаздарына бірдей бөліп беруді бұйырады (Сам. 1-ж. 30:21—25). Бұл оқиғаның шәкірт дайындау ісіне қандай қатысы бар? Әрбір жариялаушы бұл іске қолынан келгенше атсалысатындықтан, қандай да бір адам шындық жолына келіп, шомылдыру рәсімінен өткенде, мұның қуанышы бәрімізге ортақ.

17. Ехобаға не үшін ризамыз?

17 Ехобаның бізге сүйіспеншілікпен қарап, қызметімізді бағалайтынына өте ризамыз. Ол біздің адамдарды мәжбүрлеп шындыққа әкеле алмайтынымызды түсінеді. Десе де біздің құлшыныспен әрі шын ниетпен атқарған қызметімізді байқап, сыйын береді. Шәкірт дайындау ісіне қандай үлес қоспайық, ол соған қуана білуді үйретеді (Жох. 14:12). Қызметімізді еш талмай атқара берсек, Ехоба бізге ықыласын жаудыратынына сенімді болайық!

67-ӘН Патшалықтың қызметшілері, алға!

^ 5-абзац Адамдар ізгі хабарға құлақ асып, шындықты қабылдаса, біз үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Алайда сізбен Киелі кітапты зерттеп жүрген адам ешқандай рухани қадам жасамай жатса ше? Зерттеушілеріңіздің ешқайсысы сол күйі шомылдыру рәсімінен өтпеген болса ше? Бұл сіздің шәкірт дайындау ісін дұрыс атқармай жүргеніңізді білдіре ме? Бұл мақалада адамдар хабарымызға құлақ ассын-аспасын, қызметте жетістікке жетіп, қуаныш таба алатынымызды білеміз.