Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобамен қайта достасыңыз

Ехобамен қайта достасыңыз

ЖЫЛ сайын көптеген бауырластар қауымға қайта қабылданады. Сонда көкте неткен қуаныш болады десеңізші! (Лұқа 15:7, 10). Сіз қайтадан шындықтың жағына шыққанда, Ехобаның, Иса мен періштелердің қуанғанында сөз жоқ. Бірақ адам қауымға қайта қабылданғанда, қиындықтарға кезігуі мүмкін. Солардың кейбірі қандай? Оларды жеңуге не көмектеседі?

ТУЫНДАЙТЫН ҚИЫНДЫҚТАР

Қауымға қайта қабылданған көптеген бауырластар өздерін Дәуіт сияқты сезінеді. Ехоба оны кешірсе де, ол: “Жасаған көп күнәларым мені анталады”,— деген (Зәб. 40:12; 65:3). Кейбір бауырластар Ехобаға қайта оралса да, жылдар бойы ар-ұяттары мазалап, өздерін кінәлі сезінуі мүмкін. 20 жылдан кейін қауымға қабылданған Изабел бауырлас: “Ехобаның мені кешіргеніне сене алмадым”,— дейді *. Бірақ бұндай ойға берілсеңіз, қайтадан рухани әлсіреп кетуіңіз мүмкін (Нақ. с. 24:10). Сондықтан бұған жол бермеңіз.

Кейбіреулер рухани істерді бұрынғыдай атқара аламын ба екен деп уайымдайды. “Мен Куәгер кезімде атқарған істерімді мүлдем ұмытып қалыппын”,— дейді Антуан. Осындай күй кешкендіктен, қауымға оралғандардың көбісі рухани істерге толығымен атсалысудан тартынады.

Мынадай мысал келтірейік. Әлдебіреудің үйін сел шайып кетсе, ол сол үйді қайта тұрғызуға қанша уақыт пен күш кететінін ойлап түңілуі мүмкін. Ауыр күнә жасап, Ехобамен қарым-қатынасын бұзып алған адамды да үйі қираған адамға теңеуге болады. Ол да Ехобамен қарым-қатынасын қалпына келтіруге қанша күш кететінін ойлап уайымдауы мүмкін. Бірақ мұндай адам көмексіз қалмайды.

Ехоба сізге: “Кел, мәселені ортаға салып, шешейік”,— дейді (Ишая 1:18). Сіз оған оралу үшін расында да көп күш салдыңыз. Осылай еткеніңіз үшін Ехоба сізді жақсы көреді. Сіз осы әрекетіңізбен Шайтанның жапқан жаласы қып-қызыл өтірік екенін дәлелдедіңіз! (Нақ. с. 27:11).

Осылай сіз Ехобаға жақындадыңыз. Ол да сізге жақындауды уәде етеді (Жақ. 4:8). Сіз қауымға, бауырластарыңыздың арасына қайта оралу үшін үлкен қадам жасадыңыз. Бірақ бұнымен ғана шектелмей, Әкеңіз және Досыңыз Ехобаға деген сүйіспеншілігіңізді нығайта беруіңіз керек. Мұны қалай істеуге болады?

МАҚСАТТАР ҚОЙЫП, ІСКЕ КӨШІҢІЗ

Жете алатын мақсаттар қойыңыз. Сіз Ехоба жайлы, оның уәделері жайлы негізгі шындықтарды ұмытпаған шығарсыз. Бірақ сізге мәсіхшілерге тән өмір салтына қайта оралу керек болады. Мысалы, жүйелі түрде уағызға шығу, қауым кездесулерінен қалмау және бауырластармен жақын араласу сияқты істерге. Келесідей мақсаттарды қойсаңыз болады.

Ехобамен жиі сөйлесіңіз. Өзіңізді кінәлі сезінгеннен дұға айтуға қиналатыныңызды Ехоба Әкеңіз түсінеді (Рим. 8:26). Бірақ сонда да “ұдайы дұға етіп”, Ехобамен қайта достасуды қатты қалайтыныңызды оған айта беріңіз (Рим. 12:12). Андрей бауырлас былай дейді: “Маған ар-ұятым маза бермей, өзімді жаман кінәлі сезінетінмін. Бірақ дұға айтқан сайын бұл сезімдерім басылатын”. Егер Ехобаға дұғада не айтарыңызды білмесеңіз, күнәсіна өкінген Дәуіт патшаның 51 мен 65-інші зәбүр жырларын оқып көрсеңіз болады.

Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеңіз. Сонда сеніміңіз қатайып, Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз артады (Зәб. 19:7—11). “Мен рухани істерді өмірімде басты орынға қоймағанымның кесірінен рухани әлсіреп, Ехобаны ренжітіп алдым. Мен бұл қателікті қайтадан қайталамаймын деп шештім. Сөйтіп, жүйелі түрде жеке зерттейтін болдым”,— дейді Филипе. Сіз де солай етіңіз. Қандай да бір тақырыпты зерттеу жағынан көмек қажет болса, рухани толысқан бауырластан сұрасаңыз болады.

Достарыңызбен қайта араласыңыз. Қауымға қайта оралған бауырластардың көбісі “басқалар мені жақтырмайтын шығар” деп ойлайды. Лариса деген бауырлас былай дейді: “Мен ұяттан бауырластардың бетіне қарай алмайтынмын. Себебі қауымды сатып кеткендей сезінетінмін. Біраз уақыт бойы осы ойлар маған маза бермей қойды”. Бірақ ақсақалдар мен толысқан бауырластар рухани күйіңізді қалпына келтіруге көмектесуге дайын. Осыған сенімді болыңыз (“ Ақсақалдардың көмегі” деген қоршауды қараңыз). Олар сіздің қауымға қайтқаныңызға қатты қуанады және сіздің бақытты болғаныңызды қалайды! (Нақ. с. 17:17).

Қауымға жақындай түсуге сізге не көмектеседі? Бауырластарыңызбен бірге рухани істерге барынша атсалысыңыз. Қауым кездесулерінен қалмаңыз. Жүйелі түрде уағыз ісіне қатысыңыз. Бұның қандай пайдасы бар? Феликс былай дейді: “Бауырластар мені қайта оралады деп күткен екен. Соны білгенде, өзімнің қауымға керек екенімді сезіндім. Бауырластарымның арқасында қайтадан рухани отбасымның бір бөлігі болдым. Ехобаның мені кешіргенін түсініп, алға қарай ұмтыла бердім” (“ Іске көшіңіз” деген қоршауды қараңыз).

ЕШ БЕРІЛМЕҢІЗ!

Шайтан Ехобамен қарым-қатынасыңызды қалпына келтіруге кедергі жасау үшін неше түрлі сел жіберуі мүмкін (Лұқа 4:13). Сондықтан қазірден бастап рухани үйіңізді мықтап соға беріңіз.

Ехоба қойларына қатысты мынадай уәде береді: “Жоғалғанын іздеймін, адасқанын қайтарамын, мертіккендерінің жарасын таңып, әлсіздерін нығайтамын” (Езек. 34:16). Ехоба көптеген қызметшілеріне рухани күйлерін түзеуге көмектескен. Ол сізге де рухани күйіңізді нығайтуға қуана көмектеседі!

^ 4-абзац Бұл мақаладағы есімдер өзгертілген.