Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1921. Жүз жыл бұрын

1921. Жүз жыл бұрын

1921 жылы 1 қаңтарда шыққан “Күзет мұнарасы” журналында “Осы жылы бізді қандай іс күтіп тұр?” деген сұрақ қойылды. Бұл сұрақтың жауабы, Ишая 61:1, 2-де айтылғандай, уағыз ісі болатын. Онда былай делінген: “Ехоба мені момындарға ізгі хабарды жариялауға тағайындады... Ехобаның ықылас түсіретін жылын, Құдайымыздың кек алатын күнін жариялауға жіберді”.

БАТЫЛ УАҒЫЗДАУШЫЛАР

Киелі кітап зерттеушілері “момындарға ізгі хабарды”, ал зұлымдарға “Құдайымыздың кек алатын күнін” жариялайтындықтан, батыл болулары керек еді.

Қарсылықтарға қарамай батыл уағыздаған бауырластардың бірі Канадада тұратын Джон Хенри Хоскин бауырлас еді. 1921 жылдың көктемінде ол бір пасторға уағыздайды. Ол ұсынысын былай деп бастайды: “Екеуіміз де Киелі кітаптан хабардар болғандықтан, әңгімеміз жарасатын сияқты. Кейбір жайттарға қатысты ойымыз бір жерден шықпаса да, жақсы қарым-қатынаста қаламыз деген ойдамын”. Бірақ Хоскин бауырлас ойлағандай болмады. Ол әрі қарай былай дейді: “Біз пастормен бар-жоғы бірер минут-ақ сөйлестік. Оның ашуланып, есікті тарс жапқаны сонша — есіктің терезесі қирап түсе ме деп қалдым”.

Әлгі пастор Хоскин бауырласқа: “Мынауыңды барып, Құдайды білмейтіндерге айтпайсың ба?!”— деп айқайлайды. Бірақ Хоскин бауырлас ішінен “онсыз да сондай адамға айтып тұрған жоқпын ба” деп ойлайды.

Келесі күні әлгі пастор өз шіркеуіне барғанда Хоскин бауырласты жамандап: “Мұндай сұрқия өтірікші біздің қаламызда бұрын-соңды болмаған. Ондай адамдарды ату керек!”— дейді. Бірақ Хоскин бауырлас қорқынышқа бой алдырмай, әрі қарай да батыл уағыздай береді. Ол былай деді: “Мен уағыз ісін одан сайын жақсы көріп кеттім. Қызметте кейбіреулер тіпті: “Сен Құдайдың адамысың ғой, саған қалай көмектесе аламыз?”— деп, қажетімді беріп тұратын.

ЖЕКЕ ЗЕРТТЕУ МЕН ОТБАСЫЛЫҚ ЗЕРТТЕУ

Қызығушыларға рухани өсуге көмектесу үшін, “Алтын ғасыр” * журналында Киелі кітапты зерттеу бағдарламалары басылып шығарылатын. Балаларға арналған зерттеу бағдарламасында сұрақтар берілетін. Ата-аналар балаларына сол сұрақтарды қойып, жауабын Киелі кітаптан табуға көмектесетін. Сондай-ақ ол жерде “Киелі кітапта қанша кітап бар?” деген сияқты сұрақтар болатын. Бұл баланың білімін ұлғайтатын. Ал “Шынайы мәсіхшілер қуғын-сүргінге ұшырауы мүмкін бе?” деген сияқты сұрақтар баланы батыл уағыздаушы болуға дайындайтын.

Ал екінші зерттеу бағдарламасы Киелі кітаппен жақсы таныс ересек зерттеушілерге арналған еді. Онда жазылған сұрақтардың жауабын зерттеушілер “Жазбаларды зерттеу” кітабының 1-томынан таба алатын. Киелі кітапты зерттеуге арналған сол бағдарламалардың пайдасын мыңдаған оқырмандар көрді. Бірақ 1921 жылы 21 желтоқсанда шыққан “Алтын ғасыр” журналында бұл екі бағдарлама бұдан былай шықпайтыны хабарланды. Бұған не себеп болды екен?

ЖАҢА КІТАП!

“Құдайдың арфасы” деген кітап

Тапсырмалар жазылған карточка

Сұрақтар жазылған карточкалар

Жауапты бауырластар Киелі кітапты зерттеу сабақтары белгілі бір жүйемен өту керектігін түсінді. Осы мақсатта 1921 жылдың қараша айында “Құдайдың арфасы” деген кітап жарыққа шықты. Бұл кітапты алған қызығушылар Киелі кітапты өз беттерінше зерттеу курсынан өтетін. Осы курстың арқасында олар “Құдайдың адамзатты мәңгілік өмірге жеткізу мақсаты” жайлы білетін. Бұл курс қалай жүрді?

Адам кітаппен бірге кішкентай карточка алатын. Ол жерде кітаптың қай жерін оқу керектігі жазылатын. Ал келесі аптада оған тағы бір карточка жіберілетін. Ол жерде оқыған мәліметіне қатысты сұрақтар жазылатын және келесі аптада кітаптың қай жерін оқу керектігі көрсетілетін.

Бұл 12 апталық курс еді. Апта сайын жергілікті қауымның бауырластары зерттеушілерге жаңа карточка жіберіп отыратын. Әдетте бұл қызметті қауымдағы жасы үлкен және мүмкіндігі шектеулі бауырластар атқаратын. Пенсильвания штатында тұратын Анна Гарднер деген бауырлас былай дейді: “Құдайдың арфасы” деген кітап жарық көргенде, менің мүгедек әпкем Тэйл қатты қуанды. Өйткені бұл оған көбірек қызмет етуге мүмкіндік ашты. Ол сұрақтар жазылған карточкаларды зерттеушілерге апта сайын жіберіп отыратын”. Курс аяқталған соң, бауырластар зерттеушіге келіп, сабақты жүзбе-жүз жалғастыратын.

Тэйл Гарднер мүгедектер арбасында отыр

АЛДА КӨП ЖҰМЫС КҮТІП ТҰРДЫ

Сол жылдың соңында Рутерфорд бауырлас қауымдарға былай деп хат жазды: “Осы жылы Құдай Патшалығы жайлы хабар кеңінен таралды. Бұрын-соңды егін жинау ісінде ізгі хабар осыншалықты тиімді әрі кең көлемде уағыздалмаған. Бірақ алда бізді әлі де көп жұмыс күтіп тұр. Сондықтан осы маңызды іске қатысуға өзгелерді де шақырайық”. Киелі кітап зерттеушілері осы шақыруға құлақ асып, 1922 жылы Патшалық жайлы ізгі хабарды одан да көп адамға батылдықпен жеткізді.

^ 9-абзац “Алтын ғасыр” журналының атауы 1937 жылы “Жұбаныш” деп, ал 1946 жылы “Ояныңдар!” деп өзгертілді.