Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Мен өмірдің мағынасын іздедім

Мен өмірдің мағынасын іздедім

МЕН ескі қайығыммен Жерорта теңізі арқылы жүзіп бара жатқанда, кенет қайығым тесіліп, іші суға тола бастады. Ал сосын дауыл тұрды. Сол кезде жүрегім тас төбеме шығып, қаншама жылдан кейін бірінші рет дұға еттім. Бұндай жағдайға қалай тап болғанымды басынан бастап айтып берейін.

Жасым жетіде. Отбасыммен Бразилияда тұрған кезіміз

Мен 1948 жылы Нидерландта дүниеге келдім. Ал келесі жылы біз Бразилияның Сан-Пауло қаласына көшіп кеттік. Кейін 1959 жылы біз Құрама Штаттарға көшіп барып, Массачусетс штатына қоныстандық. Ата-анам жүйелі түрде шіркеуге барып тұратын. Біз күнде кешкі астан кейін отбасымызбен Киелі кітап оқитынбыз.

Әкем 6 баласын асырау үшін ауыр еңбек ететін. Ол әртүрлі жерлерде жұмыс істеді. Мысалы, сатушы, жол құрылысшысы болды және халықаралық әуекомпанияда істеді. Ол сол жерге жұмысқа тұрғанда, барлығымыз қатты қуандық, өйткені көп саяхаттай алатын едік.

Жоғарғы сыныптарда оқып жүргенімде өскенде немен айналысамын деп ойлана бастадым. Кейбір достарым университетке түсуді таңдаса, өзгелері әскерге баруды шешіп жатты. Бірақ мен әскерге барғым келмеді, өйткені соғысуды жақсы көрмейтінмін. Сондықтан университетте оқуды шештім. Мен адамдарға көмектескім келетін, өйткені бұл өміріме мән-мағына береді деп ойладым.

УНИВЕРСИТЕТ ҚАБЫРҒАСЫНДА ЖҮРГЕН КЕЗІМ

Жылдар бойы өмірдің мәнін іздедім

Өмірдің қалай пайда болғанын білгім келгендіктен, мен университетте антропология саласын оқи бастадым. Мұғалімдер бізге эволюцияны үйрететін және сол ілімдерге сенулерің керек деп айтатын. Кейбір түсіндірмелер ақылға қонымсыз болса да, біз оларға көз жұмып, сене салуымыз керек еді. Ал бұл — ғылымға қайшы нәрсе.

Сабақта бізді моральдық тазалыққа үйретпейтін. Қайта, мұғалімдер, қалай болмасын, университетте жақсы нәтижеге жетуге талпындыратын. Мен вечерлерде көңіл көтеріп, есірткі қабылдайтынмын. Бұлар маған уақытша ғана қуаныш сыйлайтын. Сол кезде мен “өмірдің мәні осы ма, сонда?” деп ойландым.

Кейін Бостон қаласына көшіп, оқуымды сол жаққа ауыстырдым. Оқу ақысын төлеу үшін, каникул кезінде жұмыс істедім. Сол жерде алғаш рет бір Ехоба куәгерімен таныстым. Ол маған Даниялдың 4-тарауындағы “жеті уақыт” жайлы айтып, соңғы уақытта өмір сүріп жатқанымызды түсіндіріп берді (Дан. 4:13—17). Бірақ онымен әрі қарай да араласа берсем, өмірімді өзгертуге тура келетінін түсіндім. Сондықтан одан барынша аулақ жүруге тырыстым.

Университетте жүргенімде Оңтүстік Америкада волонтер болуды үйрететін курстарға қатыстым. Адамдарға гуманитарлық көмек көрсетсем, өміріме мән-мағына кіреді деп ойладым. Бірақ кейін бұл іс те маған қанағат әкелмейтінін түсіндім. Содан көңілім қалып, семестрдің соңында университеттен кетіп қалдым.

ӨМІРДІҢ МӘНІН ШАЛҒАЙ ЕЛДЕРДЕН ІЗДЕУІМ

1970 жылы мамырда Амстердамға көшіп, әкем істеген әуекомпанияда жұмыс істей бастадым. Сол жұмыстың арқасында әртүрлі жерлерге саяхаттай алатын болдым. Мысалы, Африкаға, Оңтүстік пен Солтүстік Америкаға, Еуропаға, Азияға саяхаттадым. Қай елге бармайын, адамдардың барлығы үлкен проблемаларға кезігіп, олардың дұрыс шешімдерін таба алмай жүргендерін көрдім. Сонда адамдарға көмектесуге ықыласым қайтадан оянып, Құрама Штаттарға көштім. Бостондағы университетке оралып, оқуымды жалғастырдым.

Бірақ университетте өмірге қатысты сұрақтарыма бәрібір ешкім жауап бере алмайтынын түсіндім. Сол кезде не істерімді білмей, антропология профессорынан ақыл сұрадым. Оның айтқаны мені таңғалдырды. Ол: “Оқуыңды жалғастырып қайтесің, қазір-ақ шығып кете салмайсың ба?”— деп айтты. Содан мен оқудан біржола кетіп қалдым.

Мен әрі қарай да өмірдің мағынасын іздеп, қоғамнан тыс өмір сүретін, бейбітшілік пен сүйіспеншілікті насихаттайтын топқа қосылдым. Кейбір достарыммен бірге АҚШ-тан Мексиканың Акапулько қаласына дейін саяхаттадым. Біз хиппилермен бірге тұрдық. Олар еш уайымсыз, жайбарақат өмір сүретіндей көрінетін. Бірақ көп ұзамай олардың да өмірі бос әурешілік екенін және бақыттары да уақытша екенін түсіндім. Олардың арасында да сатқындық, әділетсіздік, арамдық жасалатын.

ЖЕЛКЕНДІ ҚАЙЫҚПЕН ЖҰМАҚТЫ ІЗДЕУІМ

Досыммен бірге жұмақтай аралды тапқым келді

Сол кездері бала күнімдегі арманым еске түсіп, соған жеткім келді. Мен капитан болып, теңізде саяхаттағым келетін. Бұл үшін маған желкенді қайық керек болды. Досым Томның да арманы осы болғандықтан, екеуіміз әлемді бірге жүзіп өтуді шештік. Мен жұмаққа ұқсайтын тропикалық аралды тауып, сонда өмір сүріп, қоғамнан алшақ болуды қаладым.

Том екеуіміз Испаниядағы Барселонаның қасындағы Ареньс-де-Мар қаласына бардық. Сол жерден “Лигра” деп аталатын 9,5 метрлік желкенді қайық сатып алдық. Оны жөндеп, теңізде жүзуге жарамды етуге тырыстық. Асықпай саяхаттайтын болғандықтан, біз моторды алып тастап, орнына ауызсу қоятын жер жасадық. Кішкентай порттарда қайығымыз оңай бұрыла алу үшін, оған 5 метрлік екі ескек орнаттық. Содан біз саяхатымызды Үнді мұхитындағы Сейшель аралдарынан бастадық. Жоспарымыз бойынша, Африканың батыс жағалауымен және Оңтүстік Африканың “Ізгі үміт” деп аталатын мүйісі арқылы өтуіміз керек еді. Дұрыс бағытта жүзу үшін біз жұлдыздар, карталар, кітаптар сияқты қарапайым құралдарды қолдандық. Бұлар бағытымызды тура көрсететініне мен таңғалатынмын.

Біздің ескі ағаш қайығымыздың теңізге жаралмағаны көп ұзамай-ақ айқын болды. Басында айтып кеткенімдей, қатты дауыл тұрып, қайығымыз сағат сайын 22 литрдей суға толып отырды. Менің жүрегім тас төбеме шығып, қаншама жылдан бері бірінші рет дұға еттім. Құдайға: “Осыдан аман қалсам, сені іздеп, танып-білемін!”— деп сөз бердім. Дауыл тоқтап, мен өз уәдемде тұрдым.

Мен Киелі кітапты Жерорта теңізінің ортасында жүргенде оқи бастадым. Елестетіп көріңізші, жан-жағымнан балықтар, дельфиндер секіріп өтеді, алыстан ұшы-қиыры жоқ көкжиек көрінеді! Ал түнде Құс жолы галактикасы көз жауын алады! Осы кереметтердің бәрі расында да адамзаттың қамын ойлайтын Құдай бар екеніне көзімді жеткізді.

Бірнеше аптадан кейін Испанияның Аликанте провинциясының жағажайына жеттік. Бұл жерде қайығымызды сатып, жаңасын алғымыз келді. Су өткізетін, моторы жоқ ескі қайығымызды адамдар бірден ала қоймады. Бірақ сол уақытты мен Киелі кітапты оқуға жұмсадым.

Киелі кітапты оқыған сайын, оның ішіндегі сөздер адамның өмірін жақсарта алатынына көзім жетті. Киелі кітапта таза, өнегелі өмір сүруіміз керектігі анық жазылса да, неге “мәсіхшіміз” дейтін адамдар, оның ішінде мен де бар, сол сөздерді ұстанбайды деп ойладым.

Мен таза өмір сүруді шешіп, есірткіні тастадым. “Бұл өмірде Киелі кітаптың жоғары талаптарын ұстанатын өнегелі адамдар болу керек қой” деп ойладым. Оларды іздеп тапқым келгендіктен, Құдайға екінші рет дұға еттім.

ШЫНАЙЫ ДІНДІ ІЗДЕУІМ

Шынайы дінді табу үшін, діндердің әрқайсысын тексеріп көруді шештім. Аликанте көшелерімен келе жатып, көптеген діни ғимараттарды көрдім. Көпшілігінде икондар мен бейнелер болғандықтан, оларды тізімімнен сызып тастап отырдым.

Бір жексенбіде кемежай жақтағы қырда Киелі кітаптан Жақып 2:1—5 тармақтарды оқып отырдым. Онда кедейлерді алалап, байларға жағымпазданбау керектігі айтылған екен. Қайтар жолда “Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайы” деген ғимаратты көрдім. Ол маған діни жиын өтетін жер сияқты көрінді.

Мен “бұларды да тексеріп көрейін, мені қалай қабылдар екен” деп ойладым. Сөйтіп, Патшалық сарайына жалаңаяқ, сақалым өсіп кеткен, жыртық-жыртық джинсымен кірдім. Қатысушылардың бірі мені үлкен жастағы әйел кісінің қасына отырғызды. Ол маған баяндамашы айтып жатқан тармақтарды табуға көмектесіп отырды. Жиналыс біткен соң, көбісі қасыма келіп, жылы шыраймен амандасқанда, таңғалып қалдым. Бір ер кісі мені үйіне Киелі кітап туралы әңгімелесуге шақырды. Бірақ оны әлі оқып бітпегендіктен, “сізге кейін өзім жолығамын” деп жауап бердім. Сол кезден бастап мен кездесулерден қалмайтын болдым.

Бірнеше аптадан кейін әлгі ер кісінің үйіне бардым. Ол Киелі кітапқа қатысты сұрақтарыма жауап берді. Тағы бір аптадан кейін ол маған бір дорба киім-кешек берді. Ол киім-кешектің иесі Киелі кітаптағы бір-біріңді сүйіп, соғысуды үйренбеңдер деген бұйрыққа құлақ асқандықтан түрмеде отырғанын айтты (Ишая 2:4; Жох. 13:34, 35). Сонда мен Киелі кітаптың өнегелік талаптарын тура ұстанатын халықты тапқаныма сенімді болдым. Енді жұмақ сияқты аралды табуды емес, Киелі кітапты терең түсінуді мақсат еттім. Содан Нидерландқа қайтуды шештім.

ЖҰМЫС ІЗДЕУІМ

Төрт күн дегенде Нидерландтың Гронинген қаласына келіп жеттім. Жұмыс іздеп жүріп, бір шеберханаға тап болдым. Дүкеннің иесі сұрақтар жазылған қағазды толтыруымды сұрады. “Діні” деген жерге “Ехоба куәгері” деп жазып қойдым. Дүкеннің иесі бұны көргенде түрі бұзылып кетіп, “саған өзім хабарласамын” деді. Бірақ сол күйі хабарласпады.

Тағы бір шеберханаға кіріп, жұмыс сұрағанымда, ол жердің иесі дипломдарымды, бұған дейін жұмыс істеген жерлерім туралы қағаздарды сұрады. Мен оған бұрын ағаш қайықты жөндегенімді айттым. Сонда ол: “Жарайды, түстен кейін жұмысқа кірісе берсең болады, бірақ бір шартым бар. Мен Ехоба куәгері болғандықтан Киелі кітаптың принциптерімен өмір сүремін. Сондықтан мына жерде ешқандай проблема тудырушы болма”,— деді. Мен таңғалып, оған: “Мен де Ехоба куәгерімін!”— дедім. Сонда ол ұзын болып өсіп кеткен шашым мен сақалыма қарады да: “Онда мен сенімен Киелі кітапты зерттейін”,— деді. Мен қуана келістім. Алдыңғы жұмыс берушімнің маған неге хабарласпағаны сол кезде түсінікті болды. Ехоба жүрек қалауымды орындағысы келген екен ғой! (Зәб. 37:4). Сол бауырластың шеберханасында бір жылдай жұмыс істеп, онымен бірге зерттеп те жүрдім. Ал 1974 жылы қаңтар айында шомылдыру рәсімінен өттім.

ӨМІРДІҢ МӘНІН ТАПТЫМ-АУ АҚЫРЫ!

Бір айдан кейін ізашарлық қызметті бастадым. Бұрынғы істеріммен салыстырғанда, бұл маған шын қанағат сыйлады. Ал келесі айда Амстердамдағы жаңадан ашылған испан тілді топты қолдау үшін сол жаққа көшіп бардым. Испан және португал тілінде Киелі кітап зерттеу сабақтарын өткізу маған көп қуаныш сыйлайтын. Ал 1975 жылы мамырда арнайы ізашар болып қызмет ету мәртебесіне ие болдым.

Бір күні біздің испан тілді қауымға Инеке деген арнайы ізашар қыз келді. Ол боливиялық зерттеушісін бауырластармен таныстырғысы келген екен. Инеке екеуіміз танысқан соң, бір-бірімізді жақсырақ білу үшін хат алмасып жүрдік. Алға қойған мақсаттарымыз бір болғандықтан, 1976 жылы үйлендік, әрі арнайы ізашар болып қызмет еттік. Ал 1982 жылы Ғалақаттың 73-сыныбына шақырылдық. Біз Шығыс Африкаға тағайындалғанымызды естігенде, қатты таңғалдық әрі қуанышымызда шек болмады! Біз Кенияның Момбаса қаласында 5 жыл қызмет еттік. Ал 1987 жылы біз Танзанияға тағайындалдық. Сол кездері Танзаниядағы уағыз ісіне салынған тыйым алынып тасталған еді. Ол жерде 26 жыл қызмет еткеннен кейін қайтадан Кенияға оралдық.

Әйелім екеуімізге Шығыс Африкадағы адамдарға Киелі кітаптағы шындықтарды үйрету қатты ұнайтын

Момын адамдарға Киелі кітаптағы шындықтарды үйрету өмірімізге шын мән-мағына берді. Мен Момбасада алғашқы зерттеушімді көпшілік жерде уағыздап жүріп таптым. Оған екі журнал бергенімде, ол: “Бұны оқып болғаннан кейін не істеуім керек?”— деп сұрады. Бір аптадан кейін біз суахили тілінде жаңадан шыққан “Сен жер бетінде жұмақта мәңгі өмір сүре аласың” кітабымен зерттеу сабағын бастадық. Бір жылдан кейін ол шомылдыру рәсімінен өтіп, тұрақты ізашар болды. Ол әйелі екеуі осы кезге дейін 100-ге жуық адамға шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесті.

Инеке екеуіміздің Ехоба өз халқына мән-мағынаға толы өмір бере алатынына талай рет көзіміз жетті

Өмірдің мәні неде екенін алғаш түсінгенімде, өзімді асыл меруертті тауып, оны жоғалтқысы келмейтін жиһанкез сияқты сезіндім (Мат. 13:45, 46). Мен басқа адамдарға да өмірдің мәнін табуға көмектескім келді. Әйелім екеуіміздің Ехоба өз халқына мән-мағынаға толы өмір бере алатынына талай рет көзіміз жетті!