Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

48-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Киелі болыңдар”

“Киелі болыңдар”

“Барлық іс-әрекеттеріңде киелі болыңдар” (ПЕТ. 1-Х. 1:15).

34-ӘН Мінсіздік жолымен жүру

АҢДАТПА *

1. Елші Петір майланған мәсіхшілерге қандай кеңес берді және оған құлақ асу біздің қолымыздан келе ме?

 ПЕТІР I ғасырдағы майланған мәсіхшілерге былай деп жазған: “Өздеріңді шақырған Киелі Құдай сияқты, сендер де барлық іс-әрекеттеріңде киелі болыңдар. Өйткені Жазбада: — Киелі болыңдар, себебі мен киелімін,— делінген ғой” (Пет. 1-х. 1:15, 16). Осы тармақтан көретініміздей, көкте не жерде өмір сүруге үміттенбейік — барлығымыз да киелі болудың ең асқақ үлгісі Ехобаға еліктей аламыз. Біз іс-әрекетімізде киелі бола аламыз және болуымыз керек те. Кемелсіз болсақ та, бұл қолымыздан келетінін елші Петірден білеміз. Ол көп қателік жасаса да, киелі бола алатынымызды өз үлгісімен көрсеткен.

2. Бұл мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

2 Бұл мақалада біз мына сұрақтарды қарастырамыз: киелі болу деген не? Киелі кітапта Ехобаның киелілігі жайында не айтылған? Біз қалай іс-әрекетімізде киелі бола аламыз? Киелі болу мен Ехобамен қарым-қатынасымыздың қандай байланысы бар?

КИЕЛІ БОЛУ ДЕГЕН НЕ?

3. Көп адам киелі болу дегенді қалай түсінеді, бірақ ол шын мәнінде нені білдіретінін қайдан білеміз?

3 Киелі адам дегенде көбісі діни киіммен жүретін, өзін салмақты ұстап, ешқашан күлмейтін адамды елестететін шығар. Бірақ киелі болу деген бұны білдірмейді, өйткені Жазбаларда киелі Құдайымыз Ехобаның “бақытты Құдай” екені айтылған (Тім. 1-х. 1:11). Оған қызмет ететін “халық та бақытты” (Зәб. 144:15). Иса жерде болғанда ұзын шапан киіп, әділ істерін жұрт көзіне түсу үшін істейтіндерді айыптаған (Мат. 6:1; Мар. 12:38). Шынайы мәсіхшілер киелі болудың шын мәнінде нені білдіретінін Киелі кітаптан біледі. Киелі әрі сүюші Құдайымыз қолымыздан келмейтінді ешқашан талап етпейді. Ол бізге “киелі болыңдар” десе, демек, бұл біздің қолымыздан келеді. Бірақ іс-әрекетімізде киелі болу үшін, алдымен оның нені білдіретінін түсініп алуымыз қажет.

4. “Киелі болу”, “киелілік” деген нені білдіреді?

4 Киелі болу деген нені білдіреді? Киелі кітаптағы “киелі болу”, “киелілік” деген сөздер моральдық жағынан және ғибадатымызда таза, қасиетті болуды білдіреді. Сондай-ақ бұл қандай да бір адамды не затты Құдайға арналған қызмет үшін бөлектеп алу деген мағынаны да береді. Демек, моральдық жағынан таза болып, Ехобаға ұнамды түрде ғибадат етіп, онымен жақын қарым-қатынаста болсақ, киелі болып саналамыз. Кемелсіз болсақ та, киелі Құдайымыз Ехоба бізбен дос болғысы келетіні үшін оған қаншалықты ризамыз десеңіздерші!

“ЕХОБА КИЕЛІ, КИЕЛІ, КИЕЛІ!”

5. Адал періштелерден Ехоба жайлы не білеміз?

5 Ехобаның тұла бойы киелі, кіршіксіз таза. Бұны біз Ехобаның тағына жақын тұрған сераф деген періштелердің айтқан сөздерінен білеміз. Олар: “Әскербасы Ехоба киелі, киелі, киелі!”— деп жар салған (Ишая 6:3). Әрине, киелі Құдаймен жақын қарым-қатынаста болу үшін періштелер де киелі болулары керек, әрі олар шынымен де киелі. Сондықтан да Ехобаның періштесі келіп, хабар айтқан жерлер киелі болып саналған. Осындай жағдайлардың бірі періште Мұсаға тікенді бұтаның арасынан жалындаған от болып көрінгенде орын алған (Мұс. 2-ж. 3:2—5; Ешуа 5:15).

Бас діни қызметкер “Киелілік Ехобаға тиесілі” деген жазуы бар алтын таспаны маңдайына тағып жүрген (6, 7-абзацтарды қараңыз).

6, 7. а) Мұсаның 2-жазбасы 15:1, 11-ден көрінетіндей, Мұса Ехобаның киелілігіне қалай назар аударды? ә) Ехобаның киелі екенін не нәрсе халықтың есіне салып тұрған? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

6 Исраилдіктерді Қызыл теңізден алып өткеннен кейін, Мұса халыққа Ехобаның киелі Құдай екенін айтқан (Мұсаның 2-жазбасы 15:1, 11 оқыңыз). Жалған тәңірлерге табынатын мысырлықтар мен қанахандықтар мүлдем киелі болмаған. Олар балаларын құрбандыққа шалған, жыныстық азғындықпен айналысқан (Мұс. 3-ж. 18:3, 4, 21—24; Мұс. 5-ж. 18:9, 10). Ал Ехоба адамды бұзатын бұндай жаман істерді өз қызметшілерінен ешқашан талап етпеген, өйткені ол асқан киелі. Исраилдіктер осыны әрдайым есте ұстаулары үшін, бас діни қызметкер “Киелілік Ехобаға тиесілі” деген жазуы бар алтын таспаны маңдайына тағып жүретін (Мұс. 2-ж. 28:36—38).

7 Адамдар сол таспадағы жазуды көріп, Ехобаның шынымен де киелі екенін есте ұстаған. Ал егер әлдекімнің бас діни қызметкерге келіп, сол жазуды көретін мүмкіндігі болмаса ше? Ол осы маңызды хабарды білмей қала ма? Жоқ, өйткені ерлердің, әйелдердің және балалардың алдында Мұса Заңы оқылғанда, әрбір исраилдік бұл хабарды еститін (Мұс. 5-ж. 31:9—12). Сіз сол заманда өмір сүрген болсаңыз, мына сөздерді үнемі естір едіңіз: “Мен Құдайларың Ехобамын... Киелі болыңдар, себебі мен киелімін... Менің алдымда киелі болыңдар, өйткені мен, Ехоба, киелімін” (Мұс. 3-ж. 11:44, 45; 20:7, 26).

8. Мұсаның 3-жазбасы 19:2 мен Петірдің 1-хаты 1:14—16 дейінгі тармақтардан не білеміз?

8 Қазір Мұсаның 3-жазбасы 19:2-дегі сөздерге назар аударайық. Ол жерде Ехоба Мұсаға: “Бүкіл Исраил қауымына мынаны айт: — Киелі болыңдар, себебі мен, Құдайларың Ехоба, киелімін”,— деген. Петір мәсіхшілерге “киелі болыңдар” дегенде, осы тармақтағы сөздерді келтірсе керек (Петірдің 1-хаты 1:14—16 оқыңыз). Әрине, қазір біз Мұса Заңын ұстанбаймыз. Бірақ Мұсаның 3-жазбасы 19:2-дегі сөздерді Петірдің растағанынан Ехобаның киелі екенін және оны жақсы көретіндер де киелі болу керектігін білеміз. Көкте не жерде өмір сүруге үміттенбейік — киелі болуға барлығымыз да ұмтылуымыз керек (Пет. 1-х. 1:4; Пет. 2-х. 3:13).

“БАРЛЫҚ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІҢДЕ КИЕЛІ БОЛЫҢДАР”

9. Мұсаның 3-жазбасы 19-тарауды қарастырғанымыздың қандай пайдасы бар?

9 Біз киелі Құдайымызға ұнамды болуды қалағандықтан, киелі болуды үйренгіміз келеді. Ехоба бізге бұның жолдарын көрсеткен. Мысалы, Мұсаның 3-жазбасы 19-тарау арқылы. Осы тарауға қатысты еврей ғалымы Маркус Калиш былай деген: “Бұл тарауды Мұсаның 3-жазбасындағы ең маңызды тарау десек болады. Тіпті Киелі кітаптың алғашқы бес кітабының ішіндегі ең маңыздысы десек те қателеспейміз”. Есімізде болса, Мұсаның 3-жазбасы 19-тарау “киелі болыңдар” деген сөздермен басталады. Ендеше, сол тараудағы киелі болуға көмектесетін кейбір кеңестерді қарастырайық.

Мұсаның 3-жазбасы 19:3-тегі “аналарың мен әкелеріңді құрметтеңдер” деген заң мәсіхшілерді не жайлы ойландыру керек? (10—12 абзацтарды қараңыз) *

10, 11. Мұсаның 3-жазбасы 19:3-ке сай, біз не істеуіміз керек және бұл неге маңызды?

10 Исраилдіктерге киелі болуды айтқаннан кейін, Ехоба: “Әрқайсысың аналарың мен әкелеріңді құрметтеңдер... Мен сендердің Құдайларың Ехобамын”,— деген (Мұс. 3-ж. 19:2, 3).

11 Біз Құдайдың “аналарың мен әкелеріңді құрметтеңдер” деген нұсқауына құлақ асқымыз келеді. Бір жігіттің: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін қандай ізгілік жасауым керек?”— деген сұрағына Исаның не деп жауап бергені есіңізде ме? Оның жауабында “әке-шешеңді құрметте” деген сөздер де болды (Мат. 19:16—19). Бұл нұсқауды орындамаудың бар амалын жасайтын парызшылдар мен дін мұғалімдерін болса Иса қатты сөккен. Олар сол әрекеттерімен “Құдай сөзінің қадірін түсіретін” (Мат. 15:3—6). Өйткені “Құдай сөзі” Он заңдағы “әке-шешеңді құрметте” деген бесінші заңды және Мұсаның 3-жазбасы 19:3-тегі сөздерді де қамтитын (Мұс. 2-ж. 20:12). Мұсаның 3-жазбасы 19:3-тегі “аналарың мен әкелеріңді құрметтеңдер” деген нұсқаудың дәл алдында “киелі болыңдар, себебі мен, Құдайларың Ехоба, киелімін” деп жазылғанын ұмытпайық.

12. Мұсаның 3-жазбасы 19:3-тегі сөздерді қалай орындасақ болады?

12 Біз: “Мен ата-анамды құрметтеп жүрмін бе?”— деп ойланғанымыз жөн. Осы тұста дұрыс жасамаған жақтарыңыз болса, әлі де кеш емес. Біз өткенді өзгерте алмаймыз, әрине. Бірақ енді ата-анамызға көбірек көңіл бөлуге бекінсек болады. Мысалы, олармен бірге көбірек уақыт өткізерміз. Немесе оларды қаржылай, рухани және эмоциалық жағынан көбірек қолдай алармыз. Сонда Мұсаның 3-жазбасы 19:3-тегі сөздерді орындайтын боламыз.

13. а) Мұсаның 3-жазбасы 19:3-те тағы қандай кеңес жазылған? ә) Лұқа 4:16—18 дейінгі тармақтарға сай, біз Исаның үлгісіне қалай еліктей аламыз?

13 Мұсаның 3-жазбасы 19:3-тен киелі болуға қатысты тағы бір жайтты білеміз. Ол жерде: “Демалыс күнін ұстаныңдар”,— делінген. Әрине, мәсіхшілер Мұса Заңына бағынышты болмағандықтан, Демалыс күнін ұстанбайды. Бірақ біз исраилдіктердің Демалыс күнін қалай ұстанғанына және оның қандай пайдасын көргеніне қарап, өзімізге маңызды сабақ аламыз. Олар Демалыс күні ешқандай жұмыс істемей, рухани істерге көңіл бөлетін *. Иса да сол күні өз қаласындағы мәжілісханаға барып, Құдай Сөзін оқитын (Мұс. 2-ж. 31:12—15; Лұқа 4:16—18 оқыңыз). Демек, біз де рухани істерге көбірек көңіл бөлу үшін, күнделікті күйбің тірліктен уақыт табуымыз керек. Осы жағынан жақсару керек тұстарыңыз бар ма? Рухани істермен жүйелі түрде айналыссаңыз, Ехобаға жақындай түсесіз. Ал бұл киелі болу үшін аса қажет.

ЕХОБАМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫҢЫЗДЫ БЕКЕМДЕҢІЗ

14. Мұсаның 3-жазбасы 19-тарауда қандай маңызды шындыққа назар аударылады?

14 Мұсаның 3-жазбасы 19-тарауда киелі болып қалуымызға көмектесетін бір маңызды шындық көп рет қайталанады. 4-тармақтың соңында: “Мен сендердің Құдайларың Ехобамын”,— деп жазылған. Осы сияқты сөздер 19-тарауда 16 рет кездеседі. Бұлар Он заңның “Ехоба Құдайыңмын. Менен басқа құдайларың болмасын” деген ең алғашқы заңын еске түсіреді (Мұс. 2-ж. 20:2, 3). Расында да, киелі болғысы келетін әрбір мәсіхші ешкімнің де, ешнәрсенің де Ехобамен қарым-қатынасына сызат түсіруіне жол бермеуі керек. Сондай-ақ Ехоба куәгері деген атты алып жүргендіктен, біз Құдайдың киелі есіміне дақ түсіретін кез келген әрекеттен аулақпыз (Мұс. 3-ж. 19:12; Ишая 57:15).

15. Мұсаның 3-жазбасы 19-тараудағы құрбандықтарға қатысты нұсқаулар бізді не істеуге талпындыру керек?

15 Исраилдіктер Ехобаны Құдайымыз деп мойындайтындарын оның көптеген заңдарын ұстануларымен көрсететін. Мұсаның 3-жазбасы 18:4-те: “Менің шешімдерімді орындаңдар, нұсқауларымды ұстанып, соған сай әрекет етіңдер. Мен сендердің Құдайларың Ехобамын”,— делінген. Ехобаның сол “нұсқауларының” кейбірі Мұсаның 3-жазбасы 19-тарауда жазылған. Мысалы, 19:5—8; 21, 22 тармақтарда мал құрбандығын шалуға қатысты нұсқаулар бар. Исраилдіктер “Ехобаға арналған қасиетті нәрсені”, яғни құрбандықты, арамдалмайтындай етіп шалу керек болған. Бұл тармақтар бізді Ехобаға ұнамды болуға және оған жағымды құрбандықты, яғни мадақтау құрбандығын ұсынуға талпындыру керек (Евр. 13:15).

16. Мұсаның 3-жазбасы 19-тараудағы қандай принцип Құдайға қызмет ететіндер мен етпейтіндердің айырмашылығына назар аударады?

16 Киелі болу үшін біз осы дүниеден ерекшеленуден қорықпауымыз керек. Бірақ бұл оңай емес. Өйткені кейде сыныптастар, әріптестер, сенуші емес туысқандар Ехобаға ұнамсыз нәрсені істеуге қыспақтайды. Осындайда дұрыс әрекет етуге не көмектеседі? Мұсаның 3-жазбасы 19:19-да бір ерекше принцип жазылған. Онда: “Ешкім... екі түрлі жіптен тоқылған киімді кимесін”,— делінген. Осы заңды ұстанғанның арқасында исраилдіктер айналасындағы халықтардан ерекшеленіп тұратын. Бүгінде біз Мұса Заңына бағынышты болмағандықтан, шыт пен жібек, зығыр мен жүн сияқты жіптерден тоқылған киімді кие береміз. Бірақ наным-сенімдері мен іс-әрекеттері Киелі кітапқа қайшы адамдарға — мейлі ол сыныптасымыз, әріптесіміз не туысқандарымыз болсын — ұқсаудан аулақпыз. Әрине, біз туысқандарымыз бен басқа да адамдарды жақсы көреміз. Бірақ маңызды шешімдер қабылдауға келгенде, Ехобаның халқы ретінде олардан ерекшеленуден қорықпаймыз. Есімізде болса, “киелі болу” Құдайға арнап бөлектеп алу деген мағына береді. Демек, киелі болғымыз келсе, осы дүниеден бөлек болғанымыз аса маңызды (Қор. 2-х. 6:14—16; Пет. 1-х. 4:3, 4).

Мұсаның 3-жазбасы 19:23—25 тармақтардан исраилдіктер қандай сабақ алған, ал сіз қандай сабақ алдыңыз? (17, 18-абзацтарды қараңыз) *

17, 18. Мұсаның 3-жазбасы 19:23—25 тармақтардан қандай маңызды сабақ аламыз?

17 “Мен сендердің Құдайларың Ехобамын” деген сөздер исраилдіктерге Ехобамен қарым-қатынастары өмірдегі ең маңызды нәрсе болу керектігін естеріне салған. Мысалы, Мұсаның 3-жазбасы 19:23—25 (оқыңыз) дейінгі тармақтарда жазылған нұсқауларды алайықшы. Уәде етілген жерге қоныс тепкен соң, исраилдік адам жеміс ағашын отырғызса, оның жемісін үш жыл бойы жей алмайтын. Ал төртінші жылы жемісті жинап, Құдайдың киелі шатырына апару үшін бөлек алып қоятын. Ол оның жемісін тек бесінші жылы ғана жей алатын. Бұл заң исраилдіктерге бірінші кезекте өз қажеттіліктерін ойламай, Қамқоршылары Ехобаға сенім артуға және оған ғибадат етуді басты орынға қоюға үйреткен. Ал Ехоба оларды жейтін тамақпен қамдайтын. Осылай Құдай оларды ғибадаттың орталығы — киелі шатырға жомарттықпен сый-тарту әкелуге талпындырған.

18 Мұсаның 3-жазбасы 19:23—25 тармақтарда жазылған заң Исаның таудағы уағызында айтқан сөздерін еске салады. Ол: “Не ішіп-жейміз деп... уайымдауды қойыңдар!.. Бұлардың бәрі сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой”,— деген. Иә, егер Ехоба тіпті құстардың қамын жасаса, қызметшілерінің қамын одан бетер ойлайды ғой! (Мат. 6:25, 26, 32). Біз Ехобаға Қамқоршымыз деп сенім артамыз. Сондықтан мұқтаж жандарға сый-тарту бергенде, оны ешкімге жар салмаймыз. Әрі қауымның шығындарын жабуға да қуанышпен садақа береміз. Осылайша біз Мұсаның 3-жазбасы 19:23—25 тармақтардағы принципті қолданып жатқанымызды көрсетеміз. Ехоба жасаған жомарттығымызды байқайды, әрі міндетті түрде қарымтамызды қайтарады (Мат. 6:2—4).

19. Мұсаның 3-жазбасындағы тармақтарды қарастырғанымыз сізге несімен пайдалы болды?

19 Біз Мұсаның 3-жазбасы 19-тараудағы кейбір тармақтарды қарастырып, қай жағынан Ехоба сияқты киелі бола алатынымызды көрдік. Оған еліктесек, “барлық іс-әрекетімізде киелі болуға” тырысып жатқанымызды көрсетеміз (Пет. 1-х. 1:15). Біздің жақсы жүріс-тұрысымыз көп адамға Ехобаны мадақтауға қозғау салған (Пет. 1-х. 2:12). Біз Мұсаның 3-жазбасы 19-тараудан бұдан да көп сабақ ала аламыз. Ендеше, тағы қай жағынан киелі бола алатынымызды келесі мақаладан білейік.

80-ӘН “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер”

^ 5-абзац Біз Ехобаны қатты жақсы көреміз, сондықтан оған ұнамды болғымыз келеді. Ехоба киелі болғандықтан, біздің де киелі болғанымызды қалайды. Алайда кемелсіз адамдар қалайша киелі бола алады? Осы мақалада Петірдің мәсіхшілерге айтқан кеңесі жайлы және Ехобаның Исраил халқына берген нұсқаулары жайында ой жүгіртіп, қалай киелі бола алатынымызды білеміз.

^ 13-абзац Демалыс күні мен одан қандай сабақ алатынымыз жайында көбірек білу үшін, 2019 жылдың желтоқсан айындағы “Күзет мұнарасы” журналының “Еңбек ететін және демалатын уақыт бар” деген мақаласын қараңыз.

^ 57-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас әйелімен және қызымен бірге ата-анасының үйіне келіп, олармен бірге уақыт өткізді, сондай-ақ олармен жүйелі түрде хабарласып тұрды.

^ 59-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Исраилдік кісі өзі отырғызған ағаштың жемісіне қарап тұр.