Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

7-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Тыңда дананың сөзін”

“Тыңда дананың сөзін”

“Құлақ түріп, тыңда дананың сөзін” (НАҚ. С. 22:17).

123-ӘН Құдай орнатқан тәртіпке бағынайық

АҢДАТПА *

1. Біз қандай кеңестер алып жатамыз және олар бізге не үшін қажет?

БӘРІМІЗДІҢ ақыл-кеңеске мұқтаж кезіміз болады. Кейде біз құрмет тұтатын адамнан өзіміз барып кеңес сұраймыз. Ал кейде “шалыс қадамға” бара жатқанымызды байқаған ер бауырлас бізді бұрыс әрекеттен сақтау үшін кеңес айтуы мүмкін (Ғал. 6:1). Ал үлкен қателік жасағанымызда, бізді түзету мақсатында кеңес берілуі мүмкін. Кеңес қандай себеппен берілмесін, оған құлақ асқанымыз жөн. Өйткені бұл өзімізге жақсы, тіпті өмірімізді сақтайды (Нақ. с. 6:23).

2. Нақыл сөздер 12:15-ке сай, неліктен кеңеске құлақ асуымыз керек?

2 Осы мақаланың негізгі тармағы “дананың сөзін тыңдауға” шақырады (Нақ. с. 22:17). Ешбір адам “мен бәрін білемін” деп айта алмайды. Бізден де көп білетін, көпті көрген адам қашанда табылады (Нақыл сөздер 12:15 оқыңыз). Сол себепті кеңесті қабылдағанымыз — кішіпейілділіктің белгісі. Өйткені бұл шамамыздың шектеулі екенін және мақсатымызға жету үшін көмекке мұқтаж екенімізді мойындайтынымызды білдіреді. Дана патша Сүлеймен киелі рухтың жетелеуімен: “Кеңесші көп болса, ол жүзеге асады”,— деп жазған (Нақ. с. 15:22).

Сізге осы кеңестердің қайсысын қабылдау қиын? (3, 4-абзацтарды қараңыз)

3. Кеңестердің қандай түрлері бар?

3 Бізге кеңестер тікелей не жанама түрде берілуі мүмкін. Біз жанама кеңесті Киелі кітапты не әдебиеттерімізді оқығанда аламыз. Бұл бізге дұрыс емес әрекеттеріміз бен ойларымызды байқап, түзелуге көмектеседі (Евр. 4:12). Ал тікелей кеңес деген не? Бұл — ақсақалдың не жауапты ер бауырластың бізге келіп, қай жағынан түзелуіміз керектігін көрсетуі. Бауырлас бізге Киелі кітапқа негізделген кеңес берсе — бізді шын жақсы көргені. Сондықтан оның кеңесін ризашылықпен қабылдап, өмірімізде қолдануға асық болайық.

4. Уағыздаушы 7:9-ға сай, біреу кеңес бергенде неден аулақ болуымыз керек?

4 Шыны керек, тікелей берілген кеңес көбімізге ауыр тиеді, тіпті ренжіп қалуымыз мүмкін. Неге? Әрине, кемелсіз екенімізді бәріміз мойындаймыз, бірақ біреу “сенің мына жерің дұрыс емес” деп қателігімізді нұқып көрсетсе, бұны қабылдау оңай емес (Уағыздаушы 7:9 оқыңыз). Мұндайда өзімізді ақтай бастайтын шығармыз. Немесе кеңес берушінің ниетіне шек келтіруіміз я кеңесті қалай айтқанына ренжуіміз мүмкін. Тіпті сол адамның өзінің бойынан мін тауып, “маған кеңес беруге қандай қақысы бар, өзіне қарап алмай ма” деп ойлауымыз мүмкін. Осылайша кеңесті жақтырмағанда, оны елемей қоюымыз немесе құлағымызға жағымды кеңес іздеп, басқа біреуге баруымыз мүмкін.

5. Осы мақалада біз не жайлы қарастырамыз?

5 Осы мақалада біз кеңесті қабылдаған және қабылдамаған Киелі кітап кейіпкерлері жайлы білеміз. Сонымен қатар бізге кеңесті қабылдап, оның пайдасын көруге не көмектесетінін қарастырамыз.

КЕҢЕСКЕ ҚҰЛАҚ АСПАҒАНДАР

6. Робоғам патша кеңесті қалай қабылдады және біз одан қандай сабақ аламыз?

6Робоғам Исраилдің патшасы болған кезде, қол астындағы азаматтары оған бір өтінішпен келеді. Олар Сүлеймен патша халыққа артып кеткен ауыр жүкті жеңілдетуді сұрайды. Бір жақсысы, Робоғам сол кезде Исраилдің көпті көрген ақсақалдарымен кеңеседі. Қариялар оған: “Халықтың айтқандарына көнсең, олар саған мәңгі бақи қызмет етеді”,— деп жауап береді (Пат. 1-ж. 12:3—7). Бірақ Робоғам бұл кеңесті жақтырмағаннан болса керек, өзімен бірге өскен құрдастарынан да барып ақыл сұрайды. Олар жастары қырық шамасындағы ер кісілер болғандықтан, азды-көпті тәжірибелері болған шығар (Шеж. 2-ж. 12:13). Бірақ сол жағдайда олар патшаға нашар кеңес беріп, халықтың жүгіне жүк қосуды айтады (Пат. 1-ж. 12:8—11). Екі түрлі кеңес естігендіктен, Робоғам Ехобаға дұға айтып, дұрыс шешім қабылдауға көмек сұраса болар еді. Бірақ Робоғам құрдастарының айтқанын істеп, көңіліне жаққан кеңеске құлақ асты. Нәтижесінде оның өзі де, күллі Исраил халқы да құрдымға кетті. Бұдан алар сабақ: біз де кейде көңілімізге жаға бермейтін кеңес алуымыз мүмкін. Бірақ ол Құдайдың Сөзіне негізделген болса, оны қабылдағанымыз жөн.

7. Ұзияхтың жағдайы бізге қандай сабақ болды?

7 Кеңеске құлақ аспаған тағы бір адам — Ұзиях патша. Бірде ол ғибадатхананың тек діни қызметкерлер кіретін бөлмесіне кіріп, хош иісті зат түтетпек болады. Сонда діни қызметкерлер келіп: “Ұзиях, сенің Ехобаға хош иісті зат түтеткенің дұрыс болмайды. Мұны тек діни қызметкерлер істеу керек”,— деп ескертеді. Сол кезде Ұзиях кішіпейілділікпен құлақ асып, дереу ғибадатханадан шығып кеткенде, Ехобаның кешіріміне ие бола алар еді. Бірақ патша діни қызметкерлерді тыңдамай, ашу шақырды. Ол неге бұлай етті? Ол “мен патша емеспін бе, не істесем де өз еркім” деп ойласа керек. Бірақ Ехоба бұлай ойламады. Өзіне тым сенімді болып, құқығы жоқ нәрсеге қол сұққаны үшін Ехоба оны алапес ауруына шалдықтырды. “Осылай ол өмірінің соңына дейін алапес ауруынан айықпады” (Шеж. 2-ж. 26:16—21). Ұзияхпен болған жағдайдан қандай сабақ аламыз? Біз кім болмайық, Киелі жазбаларға негізделген кеңесті қабылдамайтын болсақ, Ехобаның мерейінен айырыламыз.

КЕҢЕСКЕ ҚҰЛАҚ АСҚАНДАР

8. Әйүп түзетуді қалай қабылдады?

8 Киелі кітапта кеңесті қабылдап, Құдайдың батасын алған үлгілі адамдар да бар. Олардың бірі — Әйүп. Ол Құдайдан қорқатын адам болса да, қателескен кездері болған. Бірде қиыншылықтар жан-жақтан төніп, басына қара бұлт үйірілгенде, ол қате тұжырымға келіп, ағат сөйлейді. Сонда Елиху да, Ехоба да оны қатаң түзетеді. Әйүп мұны қалай қабылдады? Ол: “Мен еш түсінбей сөйлеппін, . . Сондықтан сөзімді қайтып алдым, Топырақ пен күлге отырып қатты өкінемін”,— деп кішірейеді. Түзетуді қабылдағаны үшін Ехоба оны молынан жарылқады (Әйүп 42:3—6, 12—17).

9. Мұса түзетуді қабылдау жағынан қандай үлгі қалдырды?

9Мұса да бізге жақсы үлгі қалдырды. Үлкен қателік жасап қойғанда, ол түзетуді қабыл алған. Бір жағдайда ол ашуға беріліп, Ехобаны мадақтамай қойғанда, Ехоба оған Уәде етілген жерге кіруге тыйым салады (Мұс. 4-ж. 20:1—13). Мұса Ехобадан бұл шешімін өзгертуді өтінгенде, ол: “Бұл жайлы маған енді қайтып айтушы болма”,— деп жауап береді (Мұс. 5-ж. 3:23—27). Сонда Мұса бұған ызаланып, ашынып кетті ме? Жоқ, ол Ехобаның шешіміне көніп, оның нұсқауымен Исраил халқына әрі қарай да жетекшілік ете берді (Мұс. 5-ж. 4:1). Расында да, Әйүп пен Мұса кеңесті қабылдау жағынан бізге жақсы үлгі қалдырған. Әйүп ақталуға себеп іздемей, қайта көзқарасын түзетті. Ал Мұса өзінің қатты қалаған нәрсесінен айырылып қалса да, Ехобаның түзеткеніне көніп, ақырына дейін адал болды.

10. а) Нақыл сөздер 4:10—13 тармақтарда кеңеске құлақ асудың қандай пайдасы жайлы айтылады? ә) Кейбір бауырластар кеңесті қабылдауға қатысты қандай жақсы ойлар айтты?

10 Әйүп пен Мұса сияқты адал жандарға еліктегеніміздің біз үшін көп пайдасы бар (Нақыл сөздер 4:10—13 оқыңыз). Бұған көз жеткізген бауырластардың бірі — Конгода тұратын Эмануел. Ол былай дейді: “Қауымдағы толысқан ер бауырластар мені ескертіп, рухани апаттан сақтап қалды. Олардың кеңесін қолданғанымның арқасында басым көп проблемадан аман қалды” *. Меган деген канадалық ізашар бауырлас былай дейді: “Айтылған кеңестер көңіліме жақты дей алмаймын. Бірақ олар маған нағыз қажет кеңестер еді”. Хорватияда тұратын Марко бауырлас болса былай деп бөлісті: “Мен мәртебелі қызметімнен айырылып қалдым. Бірақ қазір ойланып қарасам, кеңеске құлақ асқанымның арқасында рухани күйімді қалпына келтіріппін”.

11. Карл Клейн бауырлас кеңеске құлақ асу жайында не деген?

11 Кеңеске құлақ асып, соның игілігін көрген тағы бір бауырлас — Басқарушы кеңестің мүшесі болған Карл Клейн. Ол өзінің өмірбаянында жақын досы Джозеф Рутерфорд бауырластан қатаң кеңес алғаны жайлы айтып береді. Оның айтқандары алғашында Карл бауырластың көңіліне тиіп қалған екен. Ол былай деді: “Сол жағдайдан кейін Рутерфорд бауырласты көргенімде, ол: —Сәлем, Карл!— деп күлімдеп амандасты. Өкпем әлі басылмағандықтан, мен мұрнымның астынан “сәлем” деп міңгірлей салдым. Сонда ол: —Абайла, Карл, Ібілістің тұзағына түсіп қалма!— деді. Мен ұялып кеттім де: —Жоқ, Рутерфорд бауырлас, бәрі жақсы,— деп жауап бердім. Бірақ ол бәрін сезіп тұрғандықтан: —Жарайды, бірақ бәрібір абайла, Ібіліс сені аңдып жүр,— деп тағы да ескертті. Оның айтқаны өте орынды еді. Өйткені біз әсіресе кеңес беруге құқылы бауырластарға реніш сақтайтын болсақ, Шайтанға дайын олжа болып қаламыз” * (Ефес. 4:25—27). Карл Клейн бауырлас Рутерфорд бауырластың кеңесіне құлақ асып, араларындағы достықты берік сақтап қалды.

КЕҢЕСТІ ҚАБЫЛДАУҒА НЕ КӨМЕКТЕСЕДІ?

12. Неге кішіпейіл болсақ, кеңесті жақсы қабылдаймыз? (Зәбүр 141:5)

12 Кеңесті қабылдауға не көмектеседі? Кішіпейілділік. Кішіпейіл адам кемелсіз екенін, кейде ақымақтық жасап қоятынын мойындайды. Әйүп те алғашында қате пікірде болды. Бірақ кішіпейіл болғандықтан, көзқарасын түзетті және Ехоба оған батасын берді. Ол өзінен әлдеқайда кіші Елихудің кеңесін қабылдағанда да кішіпейіл екенін көрсетті (Әйүп 32:6, 7). Біз де кішіпейіл болсақ, “бұл кеңестің маған қатысы жоқ” деп ойласақ та немесе кеңес беріп жатқан адам бізден жас болса да, оған құлақ асамыз. Канадада тұратын бір ақсақал: “Біз өзімізге сырттай баға бере алмаймыз ғой. Ендеше біреу келіп кем-кетігімізді көрсетпесе, онда біз қалай түзелеміз, қалай жақсарамыз?!”— деген екен. Расында да, киелі рухтың жемісін дамытуға және қызметімізді атқаруға келгенде, жақсартуымыз керек жақтар бәрімізде де бар (Зәбүр 141:5 оқыңыз).

13. Берілген кеңеске қалай қарауымыз керек?

13Кеңесті Құдайдың сүйіспеншілігі деп біліңіз. Ехоба бізге тек жақсылық тілейді (Нақ. с. 4:20—22). Сондықтан ол бізге өзінің Сөзі, Сөзіне негізделген әдебиеттері және толысқан мәсіхшілер арқылы кеңес бергенде, бізді сүйетінін көрсетеді. Еврейлерге 12:9, 10-да айтылғандай, “Құдай біздің игілігімізді ойлап... жөнге салады”.

14. Кеңес берілгенде не нәрсеге ден қойғанымыз дұрыс?

14Кеңес берушіге емес, кеңестің өзіне ден қойыңыз. Әрине, кез келген адам кеңес бергенде оны мүмкіндігінше жұмсақ жеткізгені дұрыс. Бірақ кейде кеңестің қалай айтылғаны бізге ұнамайтын кездер болады * (Ғал. 6:1). Сондай кезде де біз кеңестің мазмұнына назар аударуымыз керек. Бұл үшін былай деп ой жүгіртсек болады: “Бауырластың кеңесті қалай бергені ұнамағанмен, оның айтқандарының кейбірі рас па? Мен оның кемшілігіне мән бермей, таза кеңесінің өзінен сабақ ала аламын ба?” Негізі, кез келген кеңесті қабылдап, оның пайдалы жағын көре білгеніміз дұрыс. Өйткені бұл даналыққа жатады (Нақ. с. 15:31).

АҚЫЛ-КЕҢЕС СҰРАП, ИГІЛІГІН КӨРІҢІЗ

15. Кеңес сұрауға неге асық болуымыз керек?

15 Киелі кітап бізді өзгеден ақыл-кеңес сұрауға шақырады. Нақыл сөздер 13:10-да: “Ақылдасатындар даналыққа ие болар”,— делінген. Расында да, біреудің келіп түзеткенін күтпей, өзі барып кеңес сұрайтын адам ешкімнен ақыл сұрамайтын адамға қарағанда жақсырақ рухани өседі. Сондықтан өзіміз барып кеңес сұрауға асық болайық.

Қыз бауырлас неге толысқан әйел бауырластан кеңес сұрады? (16-абзацты қараңыз)

16. Қандай жағдайларда бауырластардан кеңес сұрай аламыз?

16 Бауырластардан қандай жағдайда кеңес сұрасақ болады? Үш жағдайды қарастырайық. 1) Әйел бауырлас өзге тәжірибелі жариялаушыны зерттеу сабағына шақырып, кейін одан тәлім беру шеберлігін қай жағынан жақсартса болатынын сұрайды. 2) Қыз бауырлас шалбар аларда толысқан әйел бауырластан таңдаған киіміне қатысты шын ойын сұрайды. 3) Ер бауырлас алғашқы баяндамасын айтуға дайындалып жүр. Ол бір тәжірибелі баяндамашыдан баяндамасын тыңдап көруді және оны қай жағынан жетілдіруге болатынын сұрайды. Тіпті жылдар бойы баяндама айтып жүрген ер бауырластың өзі де өзге жақсы баяндамашылардан кеңес сұрап, қабілетін шыңдай бергені дұрыс.

17. Кеңестің игілігін көру үшін не істеуіміз керек?

17 Алдағы апталар мен айларда тікелей не жанама түрде кеңес алып қалуыңыз әбден мүмкін. Сол кезде осы мақалада айтылған ойларды еске алыңыз. Кішіпейілділігіңізден айнымаңыз. Кеңестің қалай айтылғанына емес, мазмұнына ден қойыңыз. Кейін соған сай әрекет етіңіз. Бұл өмірде ешкім де дана болып туылмайды, бірақ “кеңесті тыңдап, түзетуді қабылдасақ”, Құдай Сөзінде айтылғандай, “дана боламыз” (Нақ. с. 19:20).

124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық

^ 5-абзац Ехобаның халқы Киелі кітапқа негізделген кеңестерді жоғары бағалайды. Десе де көбісі кеңес естігенді ұната бермейді. Неге бұлай болады? Кеңесті қабылдап, игілігін көру үшін не істеуіміз қажет?

^ 10-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 14-абзац Келесі мақалада кеңесті қалай ізетпен жеткізуге болатынын білеміз.