Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Өзгелерге Иса сияқты қызмет етейік!

Өзгелерге Иса сияқты қызмет етейік!

“Алғаннан гөрі берген бақытты” (ЕЛ. ІС. 20:35).

17-ӘН “Қалаймын”

АҢДАТПА *

1. Бүгінде Ехобаның халқы қандай істерде аянбай тер төгіп жүр?

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ бір пайғамбарлығында Құдайдың халқы Исаның жетелеуіне еріп, Ехобаға қызмет етуге “дайын тұратыны” айтылған (Зәб. 110:3). Бұл пайғамбарлықтың біздің кезімізде орындалып жатқанында сөз жоқ. Мысалы, Ехобаның халқы уағыз ісіне құлшына атсалысып, жыл сайын миллиондаған сағат жұмсайды. Олар бұл істі ерікті түрде әрі тегін атқарады. Сондай-ақ олар бауырластарына материалдық жағынан көмектеседі, бір-бірін жігерлендіреді, сенімдерін нығайтады. Ал араларындағы жауапты ер бауырластар болса кездесулерді өткізуге дайындалу үшін және бауырластарға бақташылық сапар жасау үшін қыруар уақыт жұмсайды. Ехобаның халқы неге осылай аянбай тер төгеді? Өйткені Ехобаны және басқа адамдарды сүйеді (Мат. 22:37—39).

2. Римдіктерге 15:1—3 тармақтарға сай, Иса қандай үлгі қалдырды?

2 Иса әрқашан өзіне емес, өзгеге жақсы болсын деген. Біз де оның ізімен жүргіміз келеді (Римдіктерге 15:1—3 оқыңыз). Осылай етсек, жемісін көреміз. Өйткені Иса: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— деген (Ел. іс. 20:35).

3. Осы мақалада не қарастырамыз?

3 Осы мақалада Иса өзгелерге қызмет ету үшін нені құрбан еткенін, біз оған қалай еліктей алатынымызды және өзгелерге қызмет етуге деген ықыласымызды қалай арттыра алатынымызды қарастырамыз.

ИСАНЫ ҮЛГІ ЕТІҢІЗ

Иса шаршап тұрса да, алдынан шыққан қалың жұртты көргенде не істеді? (4-абзацты қараңыз)

4. Қалай Иса өзгенің қамын өзінікінен жоғары қойды?

4Иса шаршап тұрса да, өзгенің қамын ойлаған. Бірде Қапарнаум жақта болса керек, қалың жұрт Исаны көруге келеді. Иса болса сол түні ұйықтамай, дұға етіп шыққан еді. Ол шаршап тұрса да, келген кедей-кепшіктер мен ауру адамдарды көргенде, жаны ашып, оларға көмектеседі. Иса оларды сауықтырып қана қоймай, тарихтағы ең әсерлі баяндамасы — Таудағы уағызын айтады (Лұқа 6:12—20).

Исаның жанқиярлығын қалай үлгі етсек болады? (5-абзацты қараңыз)

5. Отағалары шаршап тұрғанда Исаның жанқиярлығын қалай үлгі ете алады?

5Отағалары Исадан қандай үлгі алады? Мынадай бір жағдайды елестетейік: отағасы күні бойы ауыр жұмыс істеп, кешкісін үйге сілікпесі шығып келеді. Сөйтіп: “Бүгін болатын отбасылық ғибадатты өткізбей-ақ қойсам қайтеді?”— деп ойлайды. Бірақ ол Ехобаға дұға айтып, күш беруін жалбарынып сұрайды. Ехоба оның дұғасына жауап беріп, отбасылық ғибадат әдеттегідей өтеді. Сол кеште балалары өте бір маңызды жайтты — ата-аналары үшін рухани істер әрқашан бірінші орында тұратынын — түсінеді.

6. Иса өзінің уақытын өзгелер үшін қалай құрбан етті? Мысал келтіріңіз.

6Иса өзіне арналған уақытын да аямаған. Досы Жақияның басы алынғанда, Исаның қандай күй кешкенін елестетіп көріңізші. Ол қатты қайғырса керек. Киелі кітапта: “Бұны [яғни Жақияның өлтірілгенін] естігенде, Иса оңаша болу үшін бір елсіз жерге қайықпен жүзіп кетті”, — делінген (Мат. 14:10—13). Исаның неге бұлай еткені түсінікті-ақ. Өйткені көбіміз қайғырғанда оңаша қалғымыз келеді. Бірақ Исада ондай мүмкіндік те болмады. Өйткені жұрт сол жерге бірінші жетіп, оны күтіп тұрды. Сонда Иса бұған қалай қарады? Ол сол адамдардың мұқтаждығын ойлады. Халықтың рухани жүдеу күйде жүргенін көріп, “оларды аяп кетті”. Сөйтіп, оларды бірен-саран емес, “көп нәрсеге үйрете бастады” (Мар. 6:31—34; Лұқа 9:10, 11).

7, 8. Қауымдағыларға көмек қажет болғанда, ақсақалдар Исадан қандай үлгі алады? Мысал келтіріңіз.

7Жанашыр ақсақалдар Исадан қандай үлгі алады? Біз қауым үшін аянбай тер төгетін ақсақалдарымызды қатты бағалаймыз! Олардың атқарып жүрген көп ісі көзге көріне бермейді. Мысалы, Ауруханалармен байланыс комитетінде қызмет ететін ақсақалдарды алайық. Әлдебір бауырласқа шұғыл түрде медициналық көмек қажет болса, олар бәрін тастап, көмектесуге жүгіреді. Бұндай жағдайлар жиі түн ортасында орын алады. Бірақ бұл ақсақалдар да, олардың отбасылары да бауырластарға жандары ашығандықтан, олардың мүддесін өздерінікінен жоғары қояды.

8 Бұған қоса, ақсақалдар Патшалық сарайлары мен өзге де ғимараттардың құрылысына қатысады және апаттан зардап шеккен бауырластарға жәрдем береді. Сондай-ақ олар қауымда бізге тәлім беріп, жігерлендіру үшін уақыттарын аямайды. Қымбатты ақсақалдар, сіздерге және отбасыларыңызға алғысымыз шексіз! Ехоба сіздердің жанқиярлық рухтарыңызға батасын төге берсін! Әрине, бәріміз сияқты, ақсақалдарға да баланс сақтау керек. Теократиялық істерге бар уақытты сарп етіп, отбасы қамы шетте қалып кетпеу керек.

ЖАНҚИЯР БОЛУ ҮШІН

9. Філіпіліктерге 2:4, 5-ке сай, барлық мәсіхшілер нені ойлаулары керек?

9 Філіпіліктерге 2:4, 5 оқыңыз. Исаның жанқиярлығын ақсақалдар ғана емес, барлығымыз да үлгі ете аламыз. Киелі кітапта Исаның “құлдың кейпін қабылдағаны” айтылған (Філіп. 2:7). Бұл сөздерден қандай сабақ аламыз? Жақсы құл әрқашан қожайынының көңілінен шығуды ойлап тұрады. Біз де Ехобаның құлдары болғандықтан және бауырластарымызға қызмет етуді қалағандықтан, оларға барынша пайдамызды тигізгіміз келеді. Қазір осы жағынан жақсаруға көмектесетін кеңестерді қарастырайық.

10. Өзімізді қалай тексеріп көрсек болады?

10Өзіңізді тексеріп көріңіз. Бұл үшін былай деп ой жүгіртсеңіз болады: “Біреуге көмектесу үшін құрбандықтарға баруға дайынмын ба? Егер менен егде тартқан ер бауырластың жағдайын біліп қайтуды немесе қарт әйел бауырласты қауымға әкеліп-әкетуді өтінсе, қуана келісемін бе? Конгресс өтетін жерді тазалауға немесе Патшалық сарайын жөндеуге еріктілер қажет болғанда, көмегімді ұсынамын ба?” Біз Ехобаға өзімізді бағыштағанда, оған барымызды береміз деп уәде еттік. Ал Ехоба күш-жігерімізді, уақытымызды, қолда барымызды бауырластардың игілігіне жұмсағанымызды қалайды. Жанқиярлықпен осылай еткенімізде, Ехоба өте риза болады. Осы жағынан жақсаруыңыз керектігін байқасаңыз, не істесеңіз болады?

11. Жанқияр болуға дұға қалай көмектеседі?

11Дұғада Ехобаға шыныңызды айтыңыз. Сіз өзіңізге жанқиярлық жетіспейтінін байқадыңыз делік, бірақ өзгеруге аса ықыласыңыз жоқ. Мұндайда шын ниетіңізбен Ехобаға дұға айтыңыз. Шыншыл болыңыз. Іштей не сезініп тұрғаныңыздың бәрін ашық айтыңыз. Одан “бойыңызда ықылас оятып, күш беруін” сұраңыз (Філіп. 2:13).

12. Шомылдыру рәсімінен өткен жас ер бауырластар қауымға қалай көмектессе болады?

12 Егер сен шомылдыру рәсімінен өткен жас ер бауырлас болсаң, Ехобадан қауымға көбірек қызмет етуіме ықылас берші деп сұрасаң болады. Кей елдердегі қауымдарда ақсақалдардың санымен салыстырғанда, қызмет көмекшілері өте аз және олар орта жаста немесе жастары одан да үлкен. Ұйымымыз жыл санап өсіп жатқандықтан, Ехобаның халқының қамын ойлайтын жас ер бауырластар ауадай қажет. Егер сен қауымға кез келген көмегіңді ұсынуға дайын болсаң, мол бақытқа кенелесің. Өйткені осылай сен Ехобаны риза қыласың, бауырластардың арасында жақсатты боласың және көмектескеніңнен қанағат аласың.

Яһудеядағы мәсіхшілер Иордан өзенінен өтіп, Пелла қаласына қашты. Бірінші келгендері кейін келгендеріне тамақ үлестіріп жатыр (13-абзацты қараңыз)

13, 14. Өзгелерге көмектесу үшін не істеу керек? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

13Кімнің қандай көмекке мұқтаж екенін байқап жүріңіз. Елші Пауыл еврейлерге былай деп кеңес берген: “Жақсылық істеуді және өзгелермен қолда барларыңмен бөлісуді ұмытпаңдар. Өйткені мұндай құрбандықтар Құдайға ұнамды” (Евр. 13:16). Бұл өте пайдалы кеңес еді! Өйткені кейінірек бауырластарға шұғыл көмек қажет болған бір жағдай болды. Яһудеядағы мәсіхшілер үйлерін, шаруаларын, сенбейтін туыстарын тастап, “тауларға қашуға” мәжбүр болды (Мат. 24:16). Егер олар осыған дейін Пауылдың кеңесіне құлақ асып, барларымен бөлісіп үйренген болса, оларға жаңа жердегі қарапайым өмірге үйреніп кету әлдеқайда жеңіл болған.

14 Әдетте, бауырластар қандай көмекке мұқтаж екендерін айта бермейді. Мысалы, жан жарынан айырылып қалған ер бауырласты алайық. Оған қандай көмек қажет болуы мүмкін? Мысалы, тамақ әзірлеп, бір жерге апарып-әкеліп, үйіндегі тірліктерді істеп беру керек шығар. Бірақ ол өзгеге масыл болмайын деп, ешкімнен көмек сұрамауы мүмкін. Алайда біз айтқызбай біліп, қол ұшын берсек, ол қатты риза болып қалады. Біз көмектесетін басқалар бар ғой, бір нәрсе қажет болса, өзі айтады да деп ойламауымыз керек. Қайта, мен сондай жағдайға түсіп қалсам, қандай көмекке мұқтаж болар едім деп ой жүгіртейік.

15. Жанқияр болғымыз келсе, не істеуіміз керек?

15Басқалар сізден көмек сұрауға қысылмайтын адам болыңыз. Сіз қашанда көмектесуге дайын тұратын бауырластарды білесіз бе? Олардың көмегіне жүгінетін кезде, мазасын аламын-ау деп уайымдамаймыз. Біз олардың кез келген жағдайда қол ұшын беруге асық екенін білеміз және өзіміз де соларға ұқсағымыз келеді! Жасы қырықтарға келген Алан деген бір ақсақал осындай болғысы келеді екен. Бұл үшін ол Исаның үлгісі жайлы ой жүгіртіпті. Алан былай дейді: “Исаның атқаратын ісі көп болған. Бірақ еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін Исаның жанына қысылмай барып, одан еркін көмек сұрай алған. Өйткені оның шын қамқор екені бәріне сезіліп тұрған. Сондықтан мен де Иса сияқты өзгелерге қамқор, жұмсақ, ашық-жарқын болғым келеді. Басқалар менен қысылмай көмек сұрай бергенін қалаймын”.

16. Зәбүр 119:59, 60-тағы кеңес Исаға жақсырақ еліктеуге қалай көмектеседі?

16 Исаға мінсіз түрде еліктей алмай жатсақ, сағымыз сынбасын (Жақ. 3:2). Мысалы, сурет салуды үйреніп жатқан оқушы ұстазының салғанын дәлме-дәл қайталай алмайды. Бірақ ол өз қателіктерінен үйреніп, ұстазына еліктеуге барынша тырыса берсе, қабілетін жақсарта алады. Сол сияқты, Киелі кітапты жеке зерттегенде білгендерімізді қолданып, түзеле берсек, Исаның үлгісіне жақсырақ еліктейтін боламыз (Зәбүр 119:59, 60 оқыңыз).

ЖАНҚИЯР БОЛУДЫҢ ИГІЛІГІ

Исаның жанқиярлығын үлгі ететін ақсақалдар жастарға керемет үлгі көрсетеді (17-абзацты қараңыз) *

17, 18. Исаның жанқиярлығына еліктесек, қандай жемісін көреміз?

17 Егер біз жанқияр болсақ, басқаларға да сондай болуға қозғау саламыз. Тим есімді ақсақал былай дейді: “Біздің қауымдағы жас ер бауырластар — кейбірі тіпті өте жас болса да — алға басып, қызмет көмекшісі болды. Бұның бір себебі — оларға жанқияр, әрдайым көмектесуге дайын тұратын бауырластардың үлгісі әсер етті. Қазір бұл жас ер бауырластар қауымға қызмет етіп, ақсақалдарға көп қолғабыс етіп жүр”.

18 Қазіргі дүниеде әркім өз қара басын ойлайды. Бірақ Ехобаның халқы ондай емес. Исаның жанқиярлығы біздің жүрегімізді тебірентеді. Сондықтан біз оның істегенін 100 пайыз қайталай алмасақ та, “оның ізімен тура жүруге” барынша тырысамыз (Пет. 1-х. 2:21). Сонда біз де Иса сияқты, Ехобаның ықыласына бөленіп, қуаныш аламыз!

13-ӘН Мәсіхті үлгі тұтайық

^ 5-абзац Иса әрқашан өзінің емес, өзгенің игілігін ойлаған. Осы жағынан Исаға қалай еліктей аламыз? Ол сияқты жанқияр болғанымыздың өзіміз үшін қандай пайдасы бар? Қазір сол туралы білейік.

^ 57-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ Дэн деген жас ер бауырластың ауруханада жатқан әкесіне екі ақсақал келді. Олардың үлгісіне тәнті болғандықтан, Дэннің өзі де кейін қауымдағыларға қамқорлық көрсете бастады. Бұны Бэн деген басқа жас бауырлас байқады. Ол Дэннен үлгі алып, Патшалық сарайын тазалауға атсалысып жүр.