Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сіз “ескі болмыстан” арыла аласыз

Сіз “ескі болмыстан” арыла аласыз

“Ескі болмыстарыңнан іс-әрекеттерімен қоса арылыңдар” (ҚОЛ. 3:9).

29-ӘН Атымызға затымыз сай болсын

АҢДАТПА *

1. Киелі кітапты зерттемей тұрғанда, қандай едіңіз?

 ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІМЕН Киелі кітапты зерттемей тұрғанда, сіз қандай адам едіңіз? Көбіміз бұрынғы өмірімізді еске алсақ: “Масқара, не деген адам болғанмын?!”— деп қорқып кетеміз. Өйткені біздің дұрыс пен бұрысқа көзқарасымыз және мінез-құлқымыз осы дүниенің тәрбиесімен қалыптасты. Демек, Киелі кітапта айтылғандай, біз осы дүниеде “еш үмітсіз, Құдайды білмей өмір кештік” (Ефес. 2:12). Бірақ енді Киелі кітаптың білімімен өміріміз жаңа парақтан басталды!

2. Киелі кітапты зерттей бастағанда, сіз нені түсіндіңіз?

2 Киелі кітапты зерттей бастағанда, көкте сізді қатты жақсы көретін Әкеңіз бар екенін білдіңіз. Ехоба Құдайға ұнамды болу үшін және қызметшілерінен тұратын отбасына қосылу үшін, сіз өмір-салтыңызды, ой қалпыңыз бен көзқарасыңызды өзгерту керектігін түсіндіңіз. Сізге Құдайдың жоғарғы моральдық нормаларымен өмір сүруді үйрену қажет болды (Ефес. 5:3—5).

3. Қолостықтарға 3:9, 10-ға сай, Ехоба нені қалайды және бұл мақалада не қарастырамыз?

3 Ехоба біздің Әкеміз әрі Жаратушымыз болғандықтан, өзінің отбасындағы адамдардың жүріс-тұрысына қатысты талаптар қоюға құқылы. Ол бізден шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, “ескі болмысымыздан іс-әрекеттерімен қоса арылуымызды” талап етеді * (Қолостықтарға 3:9, 10 оқыңыз). Шомылдыру рәсімінен өткісі келетіндер осы мақалада мына үш сұраққа жауап алады: 1) “Ескі болмыс” деген не? 2) Ехоба одан неге арылғанымызды қалайды? 3) Бұл үшін не істеу қажет? Ал шомылдыру рәсімінен өтіп қойғандарға бұл мақала ескі болмыстарына оралмауға көмектеседі.

“ЕСКІ БОЛМЫС” ДЕГЕН НЕ?

4. “Ескі болмыстың” жетегіндегі адам қандай болады?

4 “Ескі болмыспен” жүретін адам тәндік ойларға беріліп, тәндік істер істейді. Ол өзімшіл, қызба мінезді, алғысты білмейтін және мақтаншақ болуы мүмкін. Сондай-ақ ол порнография көруді, ұятсыз, қатыгез фильмдерді ұнататын шығар. Оның бойында жақсы қасиеттер де жоқ емес, әрі ол айтқан жаман сөздері мен жаман істеріне өзін кінәлі сезінетін де шығар. Бірақ ол ойы мен істерін түзеуге күш салмайды (Ғал. 5:19—21; Тім. 2-х. 3:2—5).

“Ескі болмыстан” арылғанда, бұдан былай бізге күнәкар ойлар мен істердің әмірі жүрмейді (5-абзацты қараңыз) *

5. Біз ескі болмыстан толықтай арыла аламыз ба? Түсіндіріңіз. (Елшілердің істері 3:19)

5 Кемелсіз пенде болғандықтан, ешқайсысымыз да жаман қалаулар мен ойлардан толық құтыла алмаймыз. Кейде айтқан сөзімізге не жасаған ісімізге сан соғып қалатын жағдайлар болады (Ерм. 17:9; Жақ. 3:2). Бірақ ескі болмыстан арылғанда, біз бұдан былай күнәкар ойлар мен істердің әміріне бағынбаймыз, яғни жаңа адам болып өзгереміз (Ишая 55:7; Елшілердің істері 3:19 оқыңыз).

6. Неге Ехоба ескі болмысқа тән жаман ойлар мен әдеттерден арылғанымызды қалайды?

6 Ехоба бізді қатты жақсы көргендіктен және бақытты болғанымызды қалағандықтан, жаман ойлар мен жаман әдеттерден арылуды айтады (Ишая 48:17, 18). Өйткені адам жаман құмарлығының жетегінде кетсе, өзін де, басқаларды да жаралайтынын ол жақсы біледі. Ехоба біздің де, қасымыздағы адамдардың да қиналып, азап шеккенін мүлдем қаламайды.

7. Римдіктерге 12:1, 2-ге сай, бізде қандай таңдау бар?

7 Болмысымызды өзгертіп жатқанымызды көріп, кейбір достарымыз бен туыстарымыз бізді мазақ етіп, үстімізден күлетін шығар (Пет. 1-х. 4:3, 4). Олар бізге: “Не істесең де, өз еркің емес пе? Неге біреудің айтқанымен жүруің керек?!”— дейтін шығар. Бірақ Ехобаның нормаларымен жүрмейтін адам өзін еркінмін деп айта алмайды. Өйткені, шындығына келгенде, ол Шайтанның дүниесінің дегенімен жүр (Римдіктерге 12:1, 2 оқыңыз). Ендеше бәрімізге де таңдау жасау керек: біз күнә мен Шайтанның дүниесі қалыптастырған ескі болмыспен жүре береміз бе, әлде Ехобаның қолында барынша жақсы адам болып қалыптасамыз ба? (Ишая 64:8).

ЕСКІ БОЛМЫСТАН ҚАЛАЙ АРЫЛАМЫЗ?

8. Жаман ойлар мен әдеттерден қашық болуға не көмектеседі?

8 Ехоба жаман ойлардан арылып, жаман әдеттерімізді тастау үшін, біраз уақыт пен күш жұмсауымыз керектігін біледі (Зәб. 103:13, 14). Десе де ол бізге өзінің Сөзі, киелі рухы және ұйымы арқылы көмектесіп, қажетті даналық пен күш береді әрі қолдау көрсетеді. Оның көмегін көріп те келе жатқан шығарсыз. Ал енді сіздің тарапыңыздан жасалатын нақты-нақты қадамдарға тоқталып өтейік. Бұл әрекеттер сізге ескі болмысыңыздан арыла түсіп, шомылдыру рәсімінен өтуге лайықты болуға көмектеседі.

9. Құдай Сөзі сізге қалай көмектеседі?

9 Киелі кітапты оқығанда, өз-өзіңізді жақсылап тексеріңіз. Киелі кітап айна сияқты: ол біздің қалай ойланып, қалай сөйлеп, қалай әрекет етіп жүргенімізді көрсетіп береді (Жақ. 1:22—25). Сізбен Киелі кітапты зерттеп жүрген бауырлас пен басқа да толысқан мәсіхшілер Киелі кітаппен өзіңізді қалай тексеруге болатынын үйрете алады. Мысалы, олар Жазбаларды қолданып, сізге мықты және әлсіз жақтарыңызды анықтауға көмектесе алады. Сосын сізге жаман әдеттеріңізден арылуға көмектесетін Киелі кітапқа негізделген мәліметті табуды да үйретеді. Ехоба да сізге жәрдем беруге әрқашан әзір. Ол сіздің жүрегіңізді көріп тұрғандықтан, сізге ең жақсы көмекті ұсынады (Нақ. с. 14:10; 15:11). Сондықтан күнде оған дұға етіп, күнде Сөзін зерттеуді әдетке айналдырыңыз.

10. Елидің жағдайынан не түсіндіңіз?

10 Ехобаның нормаларын ұстану ең дұрыс шешім екеніне күмәнданбаңыз. Ехоба бізден не талап етсе де, барлығы біздің игілігіміз үшін. Оның нормаларымен өмір сүре бастағанда, адам өзінің қадір-қасиетін сезінеді, өміріне мән-мағына кіреді әрі шынайы бақытқа кенеледі (Зәб. 19:7—11). Ал Құдайдың нормаларын ұстанбайтындар болса тәннің істерінің зардабын тартып жатады. Ели есімді ер кісімен осылай болған. Ата-анасы оған Ехобаның білімін беріп өсірген. Бірақ жасөспірім кезінде Ели жаман ортамен араласа бастайды. Ол есірткі қабылдап, азғын өмір кешіп, ұрлық жасай бастайды. Сөйтіп, оның мінезі өзгеріп, өте ызақор әрі қатыгез болып кетеді. “Мен мәсіхшілерге болмайтын нәрсенің бәрін жасап шықтым”,— деп мойындады ол. Бірақ бала кезінде естіген шындық оның жүрегінде қалып қойғандықтан, түбінде ол қайтадан Киелі кітапты зерттей бастайды. Жаман әдеттерін тастау үшін Ели көп күш салып, 2000 жылы шомылдыру рәсімінен өтті. Оның айтуынша, Ехобаның нормаларын ұстанып өмір сүргеннің арқасында енді оның жаны тыныш, ар-ұжданы да таза *. Елидің жағдайынан түсінгеніміз — адам Ехобаның нормаларын ұстанбайтын болса, ол өз жанына өзі жара салады. Бірақ соның өзінде Ехоба оған жақсы жаққа өзгеруге көмектесуге дайын.

11. Ехоба қандай істерді жек көреді?

11 Ехоба жек көретінді жек көруді үйреніңіз (Зәб. 97:10). Киелі кітапта Ехоба “менмен көз, өтірік айтатын тіл, жазықсыздың қанын төгетін қолды” жек көретіні айтылған (Нақ. с. 6:16, 17). Сондай-ақ оған “қатыгездер мен өтірікшілер жеккөрінішті” (Зәб. 5:6). Ехоба осындай ой қалып пен іс-әрекетті жек көретіні сонша — Нұхтың кезінде жерді зұлымдыққа толтырған адамдарды түгел жойып жіберген (Мұс. 1-ж. 6:13). Ал Малахи пайғамбардың кезінде өздерінің бейкүнә жарынан ажырасу үшін қулық-сұмдыққа баратындарды жек көретінін айтқан. Ехоба олардың ғибадаттарын қабылдамайды және сол қылықтары үшін жауапқа тартады (Малх. 2:13—16; Евр. 13:4).

Шіріп, сасып кеткен тамақты жеу қаншалықты жеркенішті болса, Ехоба жек көретін нәрсені істеу де соншалықты жеркенішті болу керек (11, 12-абзацтарды қараңыз)

12. “Жамандықтан жирену” деген нені білдіреді?

12 Ехоба бізге: “Жамандықтан жиреніңдер”,— дейді (Рим. 12:9). “Жирену” деген бір нәрсені суқанымыз сүймей, қатты жек көруді білдіреді. Мысалы, алдыңызға біреу шіріп, сасып кеткен тамақ қойса, қандай сезімде боласыз? Бұны елестеткеннің өзінен-ақ жүрегіміз айнып, жаман сезініп кетеміз. Сол сияқты, Ехоба жек көретін нәрсені істеу деген ойдың өзінен шошып, қатты жеркеніп кетуіміз керек.

13. Жаман ойларды тыйып отыру неге маңызды?

13 Ойларыңызды тізгіндеп отырыңыз. Ойдан әрекет туады. Сондықтан Иса ойларымыз ауыр күнәға апармай тұрғанда, оларды тыйып тастау керектігін айтқан (Мат. 5:21, 22, 28, 29). Біз көктегі Әкемізге ұнамды болғымыз келеді, солай емес пе? Сондықтан келген жаман ойдың бәрін бірден қуып тастағанымыз өте маңызды!

14. Тіліміз нені аян етеді және өзімізді қандай сұрақтармен тексергеніміз жөн?

14 Аңдап сөйлеңіз. Иса: “Адамның аузынан шығатындары жүректен шығады”,— деген (Мат. 15:18). Расында да, біздің тіліміз — ішкі дүниеміздің айнасы. Сондықтан да мына сұрақтармен өзіңізді жақсылап тексеріп көріңіз: “Өзімнің қиналып қалатынымды білсем де, шындықты жасырмай айтамын ба? Жұбайымнан өзге адамға қылымсып-қырындаудан аулақпын ба? Ұятсыз, тұрпайы әңгімелерден жиіркеніп қашамын ба? Ашуыма тиіп тұрған адамға сабырмен жауап бере аламын ба?” Осы жайттарға мән бергеніңіздің пайдасы көп. Өйткені ескі болмысты киім деп елестетсек, жалған, тұрпайы, қорлық сөздер сол киімді ұстап тұрған түймелер сияқты. Осындай сөздерден арылатын болсақ, ескі болмысты да шешіп тастау оңай болады.

15. Ескі болмысымызды “бағанаға ілу” деген нені білдіреді?

15 Өзгеруге нық бекініп, батыл әрекет етіңіз. Елші Пауыл ескі болмысымызды “бағанаға ілу” керектігін айтқан. Бұл өткір сөздер ескі өмір салтымызды өзгертудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді (Рим. 6:6). Иса Ехобаның жүрегін қуанту үшін бағанаға шегеленуге де дайын болды. Оған ұқсап біз де Ехоба жек көретін мінез-құлқымыз бен істерімізді шегелеп, көзін құртуға дайын болуымыз қажет. Сонда ғана таза ар-ұжданға және болашақта мәңгі өмір сүру үмітіне ие боламыз (Жох. 17:3; Пет. 1-х. 3:21). Ұмытпаңыз, Ехоба өзінің нормаларын біздің ыңғайымызға қарай өзгертпейді. Оның нормаларына сай келу үшін, керісінше, біз өзгеруге тиіспіз (Ишая 1:16—18; 55:9).

16. Неге әлсіздіктермен күресе беруге бекінуіміз керек?

16 Әлсіздіктеріңізбен күресуді доғармаңыз. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де, сізге тәннің қалауларын тыйып отыру керек болады. Маурисио деген ер бауырласымыздың мысалын алайықшы. Жас кезінде ол гомосексуалист болған. Кейін ол Ехоба куәгерлерімен кездесіп, Киелі кітапты зерттей бастайды. Ол бірте-бірте жүріс-тұрысын түзеп, 2002 жылы шомылдыру рәсімінен өтеді. Ехобаға көп жылдан бері қызмет етіп жүрсе де, Маурисио: “Жаман қалауларым кейде қылаң беріп тұрады, солармен әлі де күресемін”,— деп мойындайды. Бірақ ол бұл үшін еңсесін түсірмейді. “Сол қалауларыма берілмесем, Ехобаға ұнамды болатынымды білемін. Осы маған күш береді”,— дейді Маурисио *.

17. Набиханың оқиғасы бізге қандай сенімділік береді?

17 Ехобаға дұға етіңіз, өз күшіңізге емес, оның киелі рухына арқа сүйеңіз (Ғал. 5:22; Філіп. 4:6). Ескі болмысымыздан арылып, оны жанымызға еш жуытпау үшін көп күш салуымыз керек. Бұған Набиха деген әйелдің мысалын келтіруге болады. Алты жасында оны әкесі тастап кеткен. Бұл оның жан дүниесін қатты жарақаттады. Ол кейін ызақор, өте ашушаң болып өседі. Есірткі сатумен айналысып жүріп, түрмеге түседі де, Набиха сонда біраз жыл отырады. Кейін ол түрмеге уағыздап келген Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастайды. Ол көптеген жаман істерін тастап, қатты өзгереді. “Кейбір жаман әдеттерімнен тез арылғанмен, ең қиыны темекі тастау болды”,— дейді ол. Набиха бір жарым жылдан астам уақыт бойы күресіп, бұл тәуелділіктен ақыры арыла алды. “Мен Ехобаға дұға айта бердім, айта бердім. Маған көмектескен ең басты нәрсе осы болды. Басқаларға айтарым — Ехобаға ұнамды болу үшін мен өзгере алсам, онда кез келген адам өзгере алады!”— дейді Набиха *.

СІЗ ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТУГЕ ЛАЙЫҚ БОЛА АЛАСЫЗ!

18. Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11 тармақтарға сай, Құдайдың көптеген қызметшілері не істей алды?

18 Мәсіхпен бірге билік етеді деп таңдалған ерлер мен әйелдердің арасында кезінде жаман істермен айналысқандары да болған. Мысалы, кейбіреулері ұры, неке адалдығын бұзушы, еркекқұмар еркек болған. Бірақ Құдайдың киелі рухының арқасында олар осы ескі болмыстарынан арыла алды (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11 оқыңыз). Дәл солай бүгінде де Киелі кітап миллиондаған адамға өзгеруге көмектесіп жатыр *. Олар тіпті бойларына әбден сіңіп кеткен жаман әдеттерінен де құтыла алды. Бұл нені дәлелдейді? Сіз де жаман әдеттеріңізді жеңіп, болмысыңызды өзгертіп, шомылдыру рәсімінен өтуге лайық бола аласыз.

19. Келесі мақалада не туралы білеміз?

19 Шомылдыру рәсімінен өтемін деушілер ескі болмыстан арылудан бөлек, жаңа болмысқа ие болуға ұмтылулары керек. Келесі мақалада жаңа болмысқа қалай ие бола алатынымызды және осы орайда басқалар бізге қалай көмектессе болатынын білеміз.

41-ӘН Ести көр мені деп өтінем

^ 5-абзац Шомылдыру рәсімінен өтуге лайықты болу үшін бізге болмысымызды өзгерту қажет болады. Осы мақалада ескі болмыстың әрекеттеріне не жататынын, одан не үшін арылуымыз керектігін және қалай арыла алатынымызды білеміз. Ал келесі мақалада шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де, жаңа болмысқа ие бола беру үшін не істеу қажет екенін қарастырамыз.

^ 3-абзац СӨЗ МӘНІ: “Ескі болмыстан арылу” деген Ехобаға ұнамсыз ой қалып пен қалаулардан арылуды білдіреді. Адам ескі болмысынан шомылдыру рәсіміне дейін арыла бастағаны жөн (Ефес. 4:22).

^ 10-абзац Көбірек білу үшін, 2012 жылдың 1 сәуірінде шыққан “Күзет мұнарасының” “Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді” айдарындағы “Мен Ехобаға қайта оралуды шештім” деген тақырыпты қараңыз.

^ 16-абзац Көбірек білу үшін, 2012 жылдың 1 шілдесінде шыққан “Күзет мұнарасының” “Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді” айдарындағы “Олар маған мейіріммен қарады” деген тақырыпты қараңыз.

^ 17-абзац Көбірек білу үшін, 2012 жылдың 1 қазанында шыққан “Күзет мұнарасының” (ор.) “Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді” айдарындағы “Мен қатыгез әрі ашушаң болатынмын” деген тақырыпты қараңыз.

^ 18-абзац Киелі кітап адам өмірін өзгертеді” деген қоршауды қараңыз.

^ 64-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жаман ойлар мен іс-әрекеттерден арылу ескі киімді шешіп тастау сияқты.