Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Уайым сізді күйзелтпесін!

Уайым сізді күйзелтпесін!

ӨМІРІҢІЗДЕ бір нәрсені қатты уайымдап, жаныңыз қысылған кездер болған ба? (Нақ. с. 12:25). Қиналғаныңыз соншалық, бұдан артық төзе алмастай күй кешкенсіз бе? Мұндайда уайымның жүгі жүрегімізге зіл батпан салмақ салады. Солай болса, сіздің күйіңізді жақсы түсінетін адамдар өте көп. Әрқайсысы әртүрлі себеппен қазір қажып, жүйкесі жұқарып, жаны күйзеліп жүр. Мысалы, біреулері науқас туыстарына қараса, өзгелері жақындарынан айырылып қалған. Тағы басқалары болса табиғи апаттан зардап шеккен. Ендеше, күйзелістің құрдымына кетпей, уайымнан аман шығудың жолы бар ма? a

Иә, бар. Осы орайда бізге Дәуіт патшаның үлгісі көмек бола алады. Ол кезінде көптеген жағдайларды бастан өткерген. Тіпті өліммен бетпе-бет келген (Сам. 1-ж. 17:34, 35; 18:10, 11). Сондай сәттерде Дәуіт патшаға уайымға батып кетпеуге не көмектесті? Біз одан не үйренеміз?

ДӘУІТ УАЙЫММЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСТІ?

Бір кездері Дәуіттің басына бір дегенде бірнеше қиындық үйіліп қалды. Оның Саул патшадан қашып, бассауғалап жүрген кезін мысалға алайықшы. Ол жанындағы адамдарымен әскери жорықтан келсе, жаулары дүние-мүліктерін тонап, үйлерін өртеп, отбасыларын тұтқынға алып кетіпті. Сол кезде олар “бар дауыстарымен жылай бастады, олар бойларында қауқар қалмағанша жылады”. Ол аздай, адамдары Дәуіттің өзіне қарсы шығып, оны “таспен атқылап өлтіретінін айтты” (Сам. 1-ж. 30:1—6). Үш бірдей ауыртпалық Дәуіттің иығынан басты: отбасына қауіп төнді, өз адамдары жанын алмақшы болды, Саул патша қыр соңынан қалмай, қуып жүрді. Осы кезде Дәуіт жаны қысылып, қатты уайымдаған шығар.

Дәуіт не істеді? “Құдайы Ехобаның арқасында ол бірден күш-қайратқа ие болды”. Қалайша? Дәуіт әдеті бойынша дұғада Ехобадан көмек сұрап, оның бұрында өзіне қалай көмектескені жайлы ойланған шығар (Сам. 1-ж. 17:37; Зәб. 18:2, 6). Ол Ехобаның басшылығына жүгіну керек екенін түсініп, одан қалай әрекет ету керектігін сұрады. Ехоба не істеу керектігін айтқан соң, Дәуіт бірден әрекетке көшті. Сөйтіп, Ехоба оларға жар болып, Дәуіт пен адамдары отбасылары мен дүние-мүліктерін қайтарып алды (Сам. 1-ж. 30:7—9, 18, 19). Осы жағдайда Дәуіттің қандай үш нәрсе істегенін байқадыңыз ба? Ол Ехобадан көмек сұрап дұға етті, оның бұрында қалай көмектескені жайлы ойланды және Ехобаның берген басшылығына сай әрекет етті. Ал біз Дәуіттің осы үш әрекетіне қалай еліктей аламыз?

УАЙЫМ МЕҢДЕГЕНДЕ, ДӘУІТТІ ҮЛГІ ЕТІҢІЗ

1. Дұға айтыңыз. Іштей бір уайым мазалай бастады ма, дереу Ехобадан көмек сұрап, даналық сұрап, дұға етуді әдетке айналдырыңыз. Ехобаға жүрегіңізді ақтарып, беріле дұға етсеңіз, уайымның жүгін жеңілдете аласыз. Ал егер мүмкіндік болмай жатса, дұғаны қысқаша іштей айтсаңыз да болады. Ехобадан көмек сұраған сайын, оған Дәуіт сияқты сенім артатынымызды көрсетеміз. Ол былай деген: “Ехоба — асқар тауым әрі қорғаным, менің Құтқарушым. Құдайым — пана табар жартасым” (Зәб. 18:2). Дұғаның шынымен де көмегі бар ма? Бар екеніне Калия деген ізашар бауырласымыздың сөзі дәлел: “Дұға еткен соң, жаным жай тауып қалады. Дұға маған Ехоба сияқты ойлауға, оған көбірек сенім артуға көмектеседі”,— дейді ол. Иә, дұға — Ехоба берген керемет сый. Оның уайымды жеңілдететін күші өте зор.

2. Ойланып, еске түсіріңіз. Өміріңізде қандай да бір қиындыққа тек Ехобаның арқасында ғана төтеп берген кездеріңіз болған ба? Кезінде Ехобаның өзіңізге және басқа да қызметшілеріне қалай демеу болғаны жайлы ойлансаңыз, көңіліңіз орнығып, Ехобаға деген сенімділігіңіз беки түседі (Зәб. 18:17—19). Жошуа есімді ақсақал былай дейді: “Мен Ехоба дұғама жауап беріп жүрген кездерді жазып жүремін. Осылай Ехобадан нақты бір нәрсені сұрағанда, ол маған керегімді бергенін есімде сақтаймын”. Расында да, кезінде Ехобаның қалай көмектескені жайлы ойланғанымыз уайымнан бас көтеруге қосымша күш береді.

3. Әрекет етіңіз. Қандай да бір жағдайда қалай әрекет ететініңізді шешпес бұрын, ең тиімді ақыл-кеңесті Құдай Сөзінен іздеңіз (Зәб. 19:7, 11). Көп бауырластар белгілі бір тармақты зерттеп, жан-жақты ізденгенде, ондағы кеңесті қалай қолдану керектігін жақсырақ түсінген. Джерред деген ақсақал былай дейді: “Терең зерттеу жүргізгеннің арқасында тармақ маған әртүрлі қырынан ашылады. Соның арқасында Ехоба маған не айтқысы келіп жатқанын түсінемін. Осылай тармақтағы сөздер жүрегіме қонып, ондағы басшылыққа сай әрекет ете аламын”. Құдай Сөзінен басшылық іздеп, ондағы кеңеске сай әрекет етсек, бойымызды тіктеп, уайыммен күресе аламыз.

ЕХОБА УАЙЫМДЫ ЕҢСЕРУГЕ КҮШ БЕРЕДІ

Дәуіт сарыуайымнан тек қана Ехобаның көмегімен еңсесін көтере алатынын жақсы түсінген. Ол Ехобаның қолдауына риза болғаны сонша: “Құдайымның күшімен дуалға да шығамын. Шынайы Құдай маған күш дарытады”,— деп айтқан (Зәб. 18:29, 32). Кейде басымызға түскен қиындықтар асып өте алмайтын биік дуал сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ Ехобаның көмегімен біз ондай дуалға да шыға аламыз. Ендеше, Ехобадан көмек сұрап оған дұға етейік, біз үшін жасаған жақсылықтары жайлы ойланайық, берген нұсқауына сай әрекет етейік. Сонда Ехоба берген күш пен даналық бізді екі жақтап уайымнан аман алып шығады!

a Шектен тыс уайымға батқан адамның дәрігердің көмегіне жүгінгені жақсы.