Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Аналар, Әуникені үлгі етіңіздер

Аналар, Әуникені үлгі етіңіздер

“Анаңның тәлімінен де бас тартпа. Олар — басыңа киетін әдемі гүлдесте, Мойныңа тағатын әсем алқа” (НАҚ. С. 1:8, 9).

137-ӘН Ехобаға адал әйелдер

АҢДАТПА a

Әжесі Лойда мен анасы Әунике Тімөтенің шомылдыру рәсімінен өткеніне қуанып, кеуделерін мақтаныш кернеп тұр (1-абзацты қараңыз)

1, 2. а) Әунике деген кім болған және ана ретінде ол қандай қиындыққа кезікті? ә) Мұқабадағы сурет туралы не айтар едіңіз?

 КИЕЛІ КІТАПТА Тімөтенің қалай шомылдыру рәсімінен өткені жайлы ештеңе айтылмаған. Десе де сол күні анасы Әуникенің қуанышында шек болмағаны анық (Нақ. с. 23:25). Сол жағдайды көз алдымызға келтіріп көрейік. Баласының суда тұрғанын көргенде, Әуникенің кеудесін мақтаныш кернеп кетті! Қасына анасы Лойда келіп, онымен бірге қуанып тұр. Баласы суға батырылғанда, Әунике демін ішіне тартып, қарап тұрды. Ұлының жүзі жайнап судан шыққанын көргенде, көз жасын ұстай алмай, жылап жіберді. Ол еңбегінің жемісін көрді. Қаншама қиындықтан өтсе де, ол баласының бойына Ехобаға және Иса Мәсіхке деген сүйіспеншілік ұялата алды. Сонда Әунике басынан қандай қиындықтарды өткізді?

2 Тімөтенің отбасындағы адамдар бір дінді ұстанбаған. Оның әкесі грек, ал анасы мен әжесі яһуди болған (Ел. іс. 16:1). Әунике мен Лойда басқа дінді қабылдап, мәсіхші болған кезде, Тімөте жасөспірім шақта болса керек. Бірақ әкесі бұл дінді қабылдамады. Тімөте енді қай дінді таңдар екен? Ол кезде Тімөте өзі таңдау жасай алатын жаста болған көрінеді. Ол әкесінің дінін таңдай ма, әлде титтейінен бойына сіңіріп өскен яһуди дәстүрлерін ұстанып өмір сүре ме? Я болмаса Мәсіхтің ізбасары болуды шеше ме?

3. Нақыл сөздер 1:8, 9-ға сай, Ехоба балаларын онымен достасуға үйретіп жүрген аналарға қалай қарайды?

3 Бүгінде мәсіхші аналар да өз отбасыларын сүйеді. Олардың бар арман-тілегі — балаларының Ехобамен жақын дос болғаны. Бұл үшін олар барын салады. Ехоба да олардың еңбектерін ерекше бағалайды (Нақыл сөздер 1:8, 9 оқыңыз). Ол осыған дейін сансыз көп анаға балаларын шындық жолында тәрбиелеуге көмектескен.

4. Бүгінде аналардың қандай қиындықтары бар?

4 Әлбетте, әрбір мәсіхші ана балаларын Тімөте сияқты, Ехобаның жолын таңдай ма екен деп уайымдайды. Бұл түсінікті де, өйткені олар мына Шайтанның дүниесі балаларына қандай қысым жасайтынын көріп жүр (Пет. 1-х. 5:8). Сондай-ақ балаларын жалғыз өсіріп жатқан не күйеулері шындықта емес аналар да көп. Мысалы, Кристин b деген ана былай дейді: “Менің күйеуім — қамқор әке, ол отбасын жанындай жақсы көреді. Бірақ балаларымды шындық жолында тәрбиелеуіме ол қатты қарсы болды. Балаларым түбінде Ехобаға қызмет етер ме екен деп уайымдап, көп көз жасын төктім”.

5. Бұл мақалада не қарастырамыз?

5 Мәсіхші ана болсаңыз, сіз де Әунике сияқты, балаларыңызды шындықта тәрбиелеу үшін төккен еңбегіңіздің жемісін көре аласыз. Бұл мақалада сіз Әуникені үлгі тұтып, балаларыңызға қалай сөзіңізбен және ісіңізбен тәлім-тәрбие бере алатыныңызды білесіз. Сонымен қатар, Ехоба сізге қалай көмектесетінін қарастырамыз.

БАЛАҢЫЗҒА СӨЗІҢІЗБЕН ТӘЛІМ БЕРІҢІЗ

6. Тімөтеге 2-хат 3:14, 15-ке сай, Тімөте қалай мәсіхші болды?

6 Тімөте кішкентай болғанда, Әунике оған Киелі жазбаларды қолынан келгенше үйретті. Әрине, оның баласына Жазбалардан үйреткендері сол замандағы яһудилердің түсінігіне сай болған. Әунике Исаның Мәсіх екенін білмеген, сондықтан оның білімі шектеулі болды. Әйтсе де осы білімінің өзі Тімөтенің мәсіхшілікті қабылдауына жақсы негіз болды. Бірақ, қанша дегенмен, мәсіхші болу-болмауды шешетін Тімөтенің өзі еді. Иса туралы білгендерінің шындық екеніне оның көзі жетті. Бұл жерде анасының да үлес қосқаны даусыз (Тімөтеге 2-хат 3:14, 15 оқыңыз). Әунике қаншама қиындықтарды жеңіп, Тімөтеге Ехоба туралы шындықты үйрете алғанына қатты қуанған шығар! Осылай ол “жеңіп шығу” деген мағынаны білдіретін атына сай әрекет етті.

7. Тімөте шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де анасы оған қалай көмектесе алатын?

7 Тімөте шомылдыру рәсімінен өтіп, өміріндегі ең маңызды қадамды жасады. Бірақ содан кейін де анасы оны ойлап уайымдады. Енді ол әрі қарай не істейді? Жаман ортамен араласып кетпес пе екен? Афинадағы оқу орнына түсіп, пәлсапашылардың іліміне еріп жүрмей ме? Байлыққа қызығып, уақытын, күшін, жастық шағын соған сарп етпей ме? Әунике Тімөте үшін шешім қабылдай алмаса да, оған көмектесе алатын. Ол әрі қарай да ұлына Ехобаны жақсы көруді үйретіп, Иса Мәсіхке деген ризашылығын өсіре алатын. Әрине, бұндай қиындықтар жалғыз анасы не әкесі ғана Куәгер отбасыларында ғана болмайды. Тіпті ата-анасының екеуі де Куәгер болса да, балаларының жүрегіне жол тауып, Ехобаның адал қызметшісі етіп тәрбиелеу қиынға соғып жатады. Осы орайда ата-аналар Әуникеден қандай үлгі алса болады?

8. Анасы күйеуіне балаларының рухани күйін ойлауға қалай көмектесе алады?

8 Балаларыңызбен Киелі кітапты зерттеңіз. Қымбатты аналар, күйеулеріңіз шындықта болса, балалардың рухани күйін ойлау соларға жүктелген. Десе де Ехоба сіздердің оларға қолғабыс еткендеріңізді қалайды. Соның бір жолы — отбасылық ғибадаттың өткізілуіне үнемі қолдау көрсету. Отбасылық ғибадат туралы жағымды сөйлеңіз, оның жылулық сыйлайтындай әр қызықты өтуіне қалай үлес қоса аламын деп ойланыңыз. Күйеуіңіз отбасылық ғибадатқа арнайы бір жоба ұйымдастырып жатса, оған көмектесіңіз. Ал егер балаңыз әкесімен “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабы бойынша зерттеу сабағын өтіп жүрсе, күйеуіңізге қолғабыс етіңіз.

9. Жалғызбасты не күйеуі Куәгер емес аналарға қандай көмек бар?

9 Ал жалғызбасты немесе күйеулері Куәгер емес аналарға Киелі кітапты балаларымен өздері зерттеуге тура келеді. Сондықтан олар балаларыммен қалай зерттесем болады деп уайымдауы мүмкін. Бірақ Ехоба көмексіз қалдырмайды. Ол сізге ұйымы арқылы тәлім беруге арналған көптеген құралдар беріп отыр. Отбасылық ғибадатта оларды қалай пайдаланатыныңызды білмей жатсаңыз, қауымдағы тәжірибелі ата-аналармен ақылдасып көріңіз c. Олар сізге жаңа бір идея айтатын шығар (Нақ. с. 11:14). Ехоба сізге балаларыңызбен ашық пікірлесіп, сөйлесуге де көмектесе алады. Сондықтан оған “балаларымның ішінде не жатқанын білуге көмектесші” деп дұға етіңіз (Нақ. с. 20:5). Мысалы, “Мектепте сен үшін не нәрсе қиын?” деген қарапайым сұрақтың өзі жақсы әңгімеге ұласуы мүмкін.

10. Балаларыңызға Ехоба жайлы үйретудің тағы қандай амалдары бар?

10 Балаларыңызға Ехоба жайлы үйретудің амалдарын табыңыз. Оларға Ехоба жайлы, оның сізге жасаған жақсылықтары жайлы айтып отырыңыз (Мұс. 5-ж. 6:6, 7; Ишая 63:7). Бұл балалармен Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеуге мүмкіндік болмағанда әсіресе маңызды. Жоғарыда айтылған Кристин былай деп ой бөліседі: “Үйде балаларыммен Ехоба туралы көп сөйлесе алмайтындықтан, мен орайы келген әрбір сәтті пайдаланып қалатынмын. Біз далада серуендегенде немесе қайықпен жүзіп жүргенде, Ехобаның жаратылыстары жайлы сөйлесіп, рухани тақырыптарда әңгіме қозғайтынбыз. Ал балаларым есейе бастағанда, оларды Киелі кітапты өз беттерінше оқуға талпындырдым”. Балаларыңызға Ехобаның ұйымы мен бауырластар жайлы жақсы сөздер айтыңыз. Ақсақалдарды сынап-мінеп, жамандамаңыз, сонда балаларыңыз қажет кезде олардың көмегіне қуана-қуана жүгінетін болады.

11. Жақып 3:18-ге сай, үй ішінде татулық орнату неліктен маңызды?

11 Үй ішіндегі ынтымақ пен бірліктің ұйытқысы болыңыз. Күйеуіңіз бен балаларыңызды жақсы көретініңізді көрсетіп отырыңыз. Балаларыңызға әкелері жайлы жақсы сөздер айтып, ол туралы құрметпен сөйлеңіз және балаларыңызды да осыған үйретіңіз. Соның арқасында үйде балаларыңызға Ехоба жайлы үйрететін қолайлы жағдай жасайсыз (Жақып 3:18 оқыңыз). Румынияда арнайы ізашар болып қызмет ететін Йоджефтің мысалын алайық. Балалық шағында әкесі оған, анасы мен бауырларына Ехобаға қызмет етуге көп кедергі жасаған екен. Ол былай дейді: “Анашым отбасымызда береке-бірлік орнату үшін барын салатын. Әкемнің қабағы қанша қатуланса, шешем оған сонша мейірімін төге түсетін. Ол әкемізді сыйламай, тілін алмай жатқанымызды байқаса, Ефестіктерге 6:1—3 тармақтарды бізбен талқылайтын. Сосын әкеміздің жақсы қасиеттерін айтып, оны не үшін қадірлеуіміз керектігін түсіндіретін. Осылай анамыз қиын жағдайларды ушықтырмай, тыныштық орнататын”.

БАЛАҢЫЗҒА ІСІҢІЗБЕН ТӘЛІМ БЕРІҢІЗ

12. Әуникенің үлгісі Тімөтеге қалай әсер етті? (Тімөтеге 2-хат 1:5)

12 Тімөтеге 2-хат 1:5 оқыңыз. Әунике баласы Тімөтеге жақсы үлгі болды. Ол ұлына шынайы сенім іс-әрекетпен дәлелденетінін үйреткенінде сөз жоқ (Жақ. 2:26). Тімөте анасының осындай іс-әрекеттерін көрген, әрі анасы не істесе де, Ехобаны жақсы көргендіктен істейтінін байқаған. Ол Ехобаға қызмет ету анасына бақыт әкелетінін де көрген. Анасының үлгісі оған қалай әсер етті? Елші Пауыл айтып кеткендей, Тімөтенің де сенімі анасынікіндей мықты болған. Әрине, мұндай сенім анасының үлгісін көріп, соған еліктегенінің арқасында пайда болды. Сол секілді, көптеген аналар бүгінде “сөздері арқылы емес, жүріс-тұрыстары арқылы” отбасы мүшелерінің жүрегіне жол тауып жатыр (Пет. 1-х. 3:1, 2). Бұл сіздің де қолыңыздан келеді. Ол үшін не істесеңіз болады?

13. Аналар неге Ехобамен достығын басты орынға қою керек?

13 Ехобамен достығыңызды басты орынға қойыңыз (Мұс. 5-ж. 6:5, 6). Көп аналар іспетті сіз де балаларыңыз үшін құрбандықтарға барасыз. Мысалы, олардың қамы үшін уақытыңызды, ақшаңызды аямайсыз, тіпті түн ұйқыңызды төрт бөлуге дайынсыз. Бірақ балалардың тәндік қажеттілігін ойлаймын деп жүріп, Ехобамен достығыңыз шет қалып қоймасын. Сондықтан үнемі уақыт бөліп дұға етіңіз, Киелі кітапты жеке зерттеңіз және қауым кездесулерін қалдырмаңыз. Сонда рухани күйіңіз мықты болады, отбасыңызға да, өзгелерге де жақсы үлгі көрсетесіз.

14, 15. Лианның, Мария мен Джоанның айтқан сөздерінен не түйдіңіз?

14 Аналарының үлгі-өнегесіне қарап, Ехобаға деген сүйіспеншілігі мен сенімдерін қатайтқан жастардың пікірлерін білейікші. Кристиннің қызы Лиан былай дейді: “Біз әкеміздің көзінше Киелі кітапты зерттей алмайтынбыз. Бірақ анамыз қауым кездесулеріне қайтсе де қалмай баратын. Киелі кітапты онша білмесек те, анамыздың үлгісі мен нық сенімін көріп, бізде де мықты сенім пайда болды. Біз қауымға бармай тұрып-ақ, оқып жатқанымыздың шындық екенін білдік”.

15 Марияның үй-ішіндегілер қауымға барғаны үшін кейде әкелерінен ұрыс естіп, таяқ жейтін. Мария былай дейді: “Мен үшін анамнан асқан қайсар адам жоқ шығар. Кішкентай кезімде басқалар не дейді деп қорқып, кейбір нәрселерді істемей қоятынмын. Бірақ анамның батылдығын және Ехобаны бәрінен жоғары қоятынын көргенде, мен де адамдардан қорықпайтын болдым”. Ал Джоан деген бауырластың әкесі үйде рухани әңгімелер айтуға тыйым салған. “Маған үлкен әсер қалдырған нәрсе — анам әкемнің көңілінен шығу үшін бәрін жасаса да, Ехобаға деген сүйіспеншілігін ешқашан құрбан етпейтін”,— дейді ол.

16. Мәсіхші аналардың үлгісі басқаларға қалай әсер етеді?

16 Ардақты аналар, сіздердің үлгілеріңіз басқаларға әсер етпей қоймайды. Неге бұлай дейміз? Кезінде Әуникенің үлгісі мен сенімі Пауылға қатты әсер еткен. Пауыл Әунике мен Лойданы алғашқы миссионерлік сапарында, Листраға барған кезінде, кездестірген көрінеді. Оларға мәсіхші болуға Пауылдың өзі көмектескен шығар (Ел. іс. 14:4—18). Арада 15 жылдай өткеннен кейін ол Тімөтеге: “Шынайы сенімің... алдымен... анаң Әуникеде болатын”,— деп жазған (Тім. 2-х. 1:5). Демек, арада сонша жыл өтсе де, Пауыл Әуникенің істері мен сенімін ұмытпай, оны басқаларға үлгі еткен. Әунике елші Пауылға ғана емес, I ғасырдағы басқа көп мәсіхшілерге де өшпес әсер қалдырса керек. Егер сіз балаларыңызды жалғыз өзіңіз немесе бір дінді ұстанбайтын отбасында тәрбиелеп жатсаңыз, сіздің адал үлгіңіз жан-жағыңыздағыларға қанат бітіріп, нығайтатынына сенімді болыңыз.

Балаға рухани өсуге көмектесу біраз уақытты талап етеді. Сондықтан еш берілмеңіз! (17-абзацты қараңыз)

17. Балаңыз Ехобаға қызмет еткісі келмейтіндей көрінсе, не істесеңіз болады?

17 Кейде қанша күш салып жатсаңыз да, балаңыз Ехобаға қызмет еткісі келмейтіндей көрінер. Өзіңіз білетіндей, балаға тәлім-тәрбие беру көп уақытты талап етеді. Мысалы, біз тұқым ексек, кейін ол өсіп, жеміс берер ме екен деп ойлаймыз. Осы беттегі суреттен көрінетіндей, біз тұқымның жеміс беретін-бермейтінін нақты білмесек те, оны әрі қарай да суарып, күтіп-баптай береміз, солай емес пе?! (Мар. 4:26—29). Сол секілді сіз де шындықты баламның жүрегіне жеткізіп жатырмын ба деп уайымдайтын шығарсыз. Әрине, сіз балаңыздың түбінде қандай шешім қабылдайтынын нақты білмейсіз. Бірақ сонда да балаңызға барынша тәлім-тәрбие бере берсеңіз, оның рухани өсуіне қолайлы жағдай жасайсыз (Нақ. с. 22:6).

ЕХОБАНЫҢ КӨМЕГІНЕ СҮЙЕНІҢІЗ

18. Балаларыңыздың рухани өсуіне Ехоба қалай көмектеседі?

18 Киелі кітап заманынан бері Ехоба көптеген жастарға өзімен дос болуға көмектесіп келеді (Зәб. 22:9, 10). Балаларыңыздың ықыласы болса, Ехоба оларға рухани өсуге жәрдем береді (Қор. 1-х. 3:6, 7). Тіпті балаларыңыз шындық жолынан ауытқып бара жатқандай көрінсе де, Ехоба оларға әрі қарай да көз қырын салып жүреді (Зәб. 11:4). Егер олар Ехобаға ұнамды болу үшін титтей де болса “ыңғай танытса”, Ехоба оларға көмектесуге әрқашан дайын (Ел. іс. 13:48; Шеж. 2-ж. 16:9). Мысалы, ол сізге балаңызға керек сөздерді дер кезінде айтуға көмектесуі мүмкін (Нақ. с. 15:23). Немесе қауымдағы бір бауырласты балаңызға арнайы көңіл бөлуге талпындыратын шығар. Балаларыңыз есейіп кетсе де, кезінде сіздің үйреткендеріңізді Ехоба естеріне салуы мүмкін (Жох. 14:26). Ең бастысы, әрі қарай да сөзіңізбен және ісіңізбен балаларыңызды үйрете беріңіз, сонда Ехобаның батасына кенелесіз.

19. Ехоба сізге риза екеніне неге сенімді бола аласыз?

19 Балаларыңыз қандай шешім қабылдамасын, Ехоба сізді жақсы көреді, өйткені сіз оны жақсы көресіз. Егер сіз балаларыңызды жалғыз тәрбиелеп отырған ана болсаңыз, Ехоба балаларыңызға Әке, ал өзіңізге Қорғаушы боламын дейді (Зәб. 68:5). Әрине, балаларыңыз Ехобаға қызмет ете ме, жоқ па — оны өздері шешеді. Бұл сіздің қолыңызда емес. Бірақ әрі қарай да Ехобаның көмегіне жүгініп, қолыңыздан келгеннің бәрін істей берсеңіз, Ехобаның ыстық ықыласына бөленесіз.

134-ӘН Балалар — Құдайдың аманаты

a Бұл мақалада мәсіхші аналар Тімөтенің анасы Әуникеден қандай үлгі алатыны қарастырылады. Сондай-ақ олар балаларына Ехобаны танып-біліп, оны жақсы көруді қалай үйрете алатыны да талқыланады.

b Кейбір есімдер өзгертілген.

c Мысалы, “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 50-сабағын және 2011 жылдың 15 тамызындағы “Күзет мұнарасының” “Отбасылық ғибадат пен жеке зерттеуге арналған ұсыныстар” (6, 7-б.) деген мақаласын қараңыз.