Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

18-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Рухани мақсаттар қойып, оларға жете беріңіз

Рухани мақсаттар қойып, оларға жете беріңіз

“Осылар туралы ой жүгірт, өзіңді соларға арна, осылайша жетістіктерің жұрттың бәріне анық көрінетін болсын” (ТІМ. 1-Х. 4:15).

84-ӘН Күшімізді аямай берейік

АҢДАТПА a

1. Алдымызға қандай мақсаттар қойсақ болады?

 ШЫНАЙЫ мәсіхшілер ретінде біз Ехобаны қатты жақсы көреміз, сондықтан оған жан-тәнімізбен қызмет еткіміз келеді. Егер барлық қабілеттеріміз бен мүмкіндіктерімізді Ехобаға қызмет етуге арнағымыз келсе, алға рухани мақсаттар қойғанымыз жөн b. Мысалы, мәсіхшілерге тән қасиеттер дамытуға, кәдеге жарамды қабілеттерімізді арттыруға, бауырластарға қызмет етудің жолдарын табуға ұмтылсақ болады.

2. Рухани мақсаттар қойып, оларға жету үшін, неліктен барымызды салуымыз керек?

2 Неліктен біз рухани мақсаттарға ұмтылуымыз керек? Өйткені көктегі Әкеміз Ехобаға ұнамды болғымыз келеді. Қызметте қабілет-дарынымызды толық қолдансақ, Ехоба бұған қатты қуанады. Сондай-ақ біз бауырластарға көбірек қызмет еткіміз келгендіктен де рухани мақсаттар қоямыз (Сал. 1-х. 4:9, 10). Шындықта жүргенімізге қанша жыл болмасын, бәріміз де рухани толыса бергеніміз дұрыс. Қазір бұны қалай істеуге болатынын көрейік.

3. Тімөтеге 1-хат 4:12—16 тармақтарда елші Пауыл Тімөтені не нәрсеге талпындырды?

3 Пауыл Тімөтеге алғашқы хатын жазған уақытта Тімөте әлі де жас болғанмен, тәжірибелі ақсақал еді. Десе де Пауыл оны әрі қарай рухани дами беруге талпындырды (Тімөтеге 1-хат 4:12—16 оқыңыз). Осы тармақтарда Пауыл Тімөтені екі нәрседе алға басуға шақырған. Біріншісі — сүйіспеншілік, сенім және пәк тазалық сияқты қасиеттерді дамыту. Екіншісі — оқу, насихат айту, тәлім беру сияқты қабілеттерді арттыру. Осы мақалада Тімөтенің мысалына тоқтала отырып, біз де қолжетімді мақсаттар қойсақ, Ехобаға жақсырақ қызмет ете алатынымызды түсінеміз. Сондай-ақ қызметімізді кеңейтудің қандай жолдары бар екенін білеміз.

МӘСІХШІЛЕРГЕ ТӘН ҚАСИЕТТЕР ДАМЫТЫҢЫЗ

4. Філіпіліктерге 2:19—22 тармақтарға сай, қалай Тімөте Ехобаның жақсы қызметшісі бола алды?

4 Тімөтені Ехобаның алдында бағалы қызметші еткен не нәрсе? Оның тамаша мәсіхшілік қасиеттері (Філіпіліктерге 2:19—22 оқыңыз). Пауылдың сөздерінен Тімөтенің кішіпейіл, адал, сенімді әрі құлшынысты болғанын байқаймыз. Ол бауырластарға сүйіспеншілік көрсетіп, қашан да олардың қамдарын ойлап жүрген. Сол үшін де Пауыл Тімөтені қатты жақсы көрген және үлкен жауапкершіліктерді сеніп тапсырған (Қор. 1-х. 4:17). Біз де Ехобаға ұнамды қасиеттер дамытсақ, ол көктен бізге сүйсініп қарайды және қауымға да көп пайдамыз тиетін болады (Зәб. 25:9; 138:6).

Қандай қасиет дамытқыңыз келетінін анықтап алыңыз (5, 6-абзацтарды қараңыз)

5. а) Қандай қасиет дамыту керектігін қалай шешсеңіз болады? ә) Суреттен көрінетіндей, көбірек жанашыр болуды мақсат еткен қыз бауырлас сол мақсатына жету үшін не істеп жатыр?

5 Нақты бір мақсат қойыңыз. Дұға ете отырып, болмысымды қай жағынан жақсартсам болады деп ойланыңыз. Нақты бір қасиетке тоқтап, соның үстінен жұмыс жасаңыз. Мысалы, сізге көбірек жанашыр болу керек шығар, әлде бауырластарға көмектесуге деген ықыласыңызды арттыру керек болар. Немесе татулық сақтау және кешірімшіл болу жағынан көбірек күш салу керек шығар. Сіз сенімді досыңызбен сөйлесіп, одан қай жағынан жақсаруыңызға болатынын сұрасаңыз болады (Нақ. с. 27:6).

6. Белгілі бір қасиетті дамытамын деген мақсатыңызға жету үшін, не істесеңіз болады?

6 Мақсатыңызға жету үшін күш салыңыз. Мұны қалай істеуге болады? Бұның бір жолы — шыңдағыңыз келетін қасиет туралы терең зерттеңіз. Мысалы, сіз кешірімді болу жағынан жақсарғыңыз келеді делік. Бұл үшін Киелі кітаптағы өзгелерді кешірген және кешірмеген адамдар жайлы оқып, ой жүгіртсеңіз болады. Мысалы, Иса мен парызшылдарды алайық. Иса басқаларды кеңпейілмен кешірген (Лұқа 7:47, 48). Ол адамдардың қателіктеріне қадалып қалмай, олардың болашақта өзгере алатындарына сенген. Ал парызшылдар болса “өзгелерді менсінбейтін” (Лұқа 18:9). Осы мысалдар жайлы ой жүгірткеннен кейін, өзіңізді былай тексеріп көріңіз: “Мен басқалардың бойынан нені көремін? Қандай қасиеттеріне назар аударамын?” Егер біреуді кешіру қиын болып жатса, оның бойындағы жақсы қасиеттерінің бәрін тізіп жазып шығыңыз. Сосын: “Иса бұл адам жайлы не ойлар еді? Оны кешірер ме еді?”— деп ойланыңыз. Осындай зерттеудің нәтижесінде ол адамға деген көзқарасыңызды өзгерте аласыз. Әрине, бізді ренжіткен адамды кешіру үшін алғашында көп тер төгу керек болар. Бірақ күш сала берсеңіз, кешіру барған сайын оңай бола түседі.

КӘДЕГЕ ЖАРАМДЫ ҚАБІЛЕТ ДАМЫТЫҢЫЗ

Патшалық сарайында жөндеу жұмыстарын атқаруды үйреніңіз (7-абзацты қараңыз) e

7. Ехоба қабілетті қызметшілері арқылы қандай істерді атқарып жатыр? (Нақыл сөздер 22:29)

7 Біз қандай да бір істі не қабілетті меңгеріп алуды да мақсат етіп қойсақ болады. Мысалы, қазір Бетел ғимараттарын, Конгресс сарайлары мен Патшалық сарайларын соғатын қызметшілер көптеп қажет. Сондай құрылыста жүрген бауырластардың көбісі құрылыс ісін тәжірибелі бауырластардың қасында жүріп үйреніп алған. Суреттен байқайтынымыздай, ер бауырластармен қатар әйел бауырластар да Конгресс сарайлары мен Патшалық сарайларын күтіп ұстауға қажет болатын қабілеттерді игере алады. Осындай өз істеріне шебер бауырластар арқылы “Мәңгілік Патша” Ехоба Құдайымыз бен “патшалардың Патшасы” Иса Мәсіх керемет істер атқарып жатыр (Тім. 1-х. 1:17; 6:15; Нақыл сөздер 22:29 оқыңыз). Біз қабілеттерімізді өз атымызды шығару үшін емес, Ехобаны даңқтау үшін қолданамыз және сол үшін де көп тер төгеміз (Жох. 8:54).

8. Мәсіхші қандай қабілетін жақсарту керектігін қалай білсе болады?

8 Нақты бір мақсат қойыңыз. Сіз қандай қабілетті шыңдасаңыз болады? Мұны қауымыңыздағы ақсақалдардан немесе аудандық бақылаушыдан да сұрап біле аласыз. Мысалы, олар сізге сөйлеу мен тәлім беру қабілетін жақсартуды айтса, сіз соның ішінде нақты қайсысымен жұмыс жасасам болады деп сұраңыз. Сосын әрекетке көшіңіз. Қазір мұны қалай істеуге болатынын көрейік.

9. Қандай да бір қабілетті шыңдаймын деген мақсатыңызға жету үшін, не істесеңіз болады?

9 Мақсатыңызға жету үшін күш салыңыз. Сіз тәлім беру шеберлігіңізді арттырғыңыз келеді делік. Бұл үшін “Оқу мен тәлім беру қабілетін шыңдайық” кітапшасын тыңғылықты зерттесеңіз болады. Егер “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінде тапсырмаңыз болса, тәжірибелі бауырласқа тапсырмаңызды алдын ала тыңдатып, қай жағынан жақсартуға болатынын сұраңыз. Қауымда “қабілетті бауырлас” деген атқа ғана емес, “тапсырмаларына жауапкершілікпен қарайтын сенімді, ынталы” деген атқа да ие болуға ұмтылыңыз (Нақ. с. 21:5; Қор. 2-х. 8:22).

10. Бір бауырласқа қабілетін дамытуға не көмектескенін айтып беріңіз.

10 Ал егер сіз қандай да бір қабілетті дамытуды мақсат етіп, бірақ бұл нәрседе икемім аз деп ойласаңыз ше? Мұндайда еш мойымаңыз! Мысалы, Гари деген бауырластың оқу қабілеті өте нашар болған. Ол қауым алдында оқығанда, қатты ұялып, қысылатын. Бірақ ол еш қайтпай, оқуын жақсарта берді. Гари ақсақалдардың және әдебиеттердегі кеңестердің арқасында қазір қауым кездесулерінде, аудандық және аймақтық конгрестерде жап-жақсы баяндама айтып жүр.

11. Тімөте сияқты көбірек қызмет ету үшін, не істей аламыз?

11 Ал Тімөтенің жағдайына оралсақ, ол сөздің майын тамызып сөйлейтін керемет тәлімгер болып кетті ме? Киелі кітапта бұл жайлы ештеңе айтылмайды. Бірақ ол Пауылдың үйреткендеріне ден қойғандықтан, өз жауапкершіліктерін әлдеқайда жақсы атқара алғанында сөз жоқ (Тім. 2-х. 3:10). Сол сияқты, біз де қабілеттерімізді шыңдайтын болсақ, көбірек жауапкершіліктер алып, Ехобаға көбірек қызмет ете аламыз.

ӨЗГЕЛЕРГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ЖОЛДАРЫН ІЗДЕҢІЗ

12. Сіз бауырластардың қандай көмегін көріп жүрсіз?

12 Барлығымыз да бауырластардың көрсеткен көмектерін бағалаймыз. Мысалы, ауруханаға түсіп қалсақ, Ауруханалармен байланыс комитеттерінен немесе Науқастарға көмек көрсету топтарынан ақсақалдар келсе, қуанып қаламыз. Я болмаса қиын жағдайға ұшырағанда, қамқор ақсақал бізді тыңдап, жұбатса, көңіліміз жай тауып қалады. Немесе тәжірибелі ізашар зерттеу сабағымызға қатысып, кейін зерттеуді жүргізуге қатысты ақыл-кеңесін айтса, риза болып қаламыз. Осы бауырластар біздерге көмектесе алғандарына өте қуанышты. Біз де осылай өзгелерге көмектесіп, қуаныш таба аламыз. Иса: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— деген (Ел. іс. 20:35). Жоғарыда айтылған жолдармен не басқа жолдармен қызметіңізді кеңейткіңіз келсе, мақсатыңызға қалай жете аласыз?

13. Мақсат қоярда нені есте ұстаған дұрыс?

13 Мақсатыңыз тым жалпы емес, нақты болсын. Мысалы, сіз қауымға көбірек бергім келеді деп ойлайтын шығарсыз. Бірақ бұл нақты мақсат болмағандықтан, оған қалай жетуді де және жеткен-жетпегеніңізді де біле алмайсыз. Сондықтан мақсатыңызды айқындап, оны қағазға жазып қойыңыз және оған жетудің жолдарын да белгілеп алыңыз.

14. Мақсатқа ұмтылғанда, неліктен бейімделгіш болуымыз керек?

14 Біз қандай да бір мақсатқа ұмтылғанда, бейімделгіш болғанымыз да маңызды. Өйткені біздің жағдайымыз өзгеріп, оған еш әсер ете алмауымыз мүмкін. Мысалы, Пауылдың Салоника қаласында жаңа қауым құрған кезін алайықшы. Сөз жоқ, ол шындықта тәй-тәй басып келе жатқан мәсіхшілерге рухани өсуге көмектесуді мақсат еткен. Бірақ қарсыластары оны қаладан кетуге мәжбүрледі (Ел. іс. 17:1—5, 10). Егер Пауыл кетпесе, ол сол жердегі бауырластардың өмірін қатерге тігер еді. Бірақ Пауыл осы жағдайға бейімделіп, басқа амалын тауып кетті. Ол жаңа мәсіхшілердің рухани күйін қатайту үшін Тімөтені жіберді (Сал. 1-х. 3:1—3). Салоникадағы жаңа қауым Тімөтенің дайындық рухын танытып, көмекке келгеніне қатты қуанса керек.

15. Жағдайымыз өзгерсе, мақсаттарымызды қалай бейімдей аламыз? Мысал келтіріңіз.

15 Салоникада Пауылмен болған жағдайдан қандай сабақ аламыз? Біз қандай да бір қызмет түрін атқарғымыз келгенмен, кездейсоқ жағдайлар туып қалуы мүмкін (Уағ. 9:11). Мұндайда қолжетімді басқа мақсатқа ұмтылсақ болады. Тэд пен Хайди деген ерлі-зайыпты бауырластар осылай істеді. Олар денсаулықтарына байланысты бетелдік қызметтерін аяқтаған еді. Бірақ Ехобаны жақсы көргендіктен, қызметтің басқа түрлеріне ұмтыла бастады. Алдымен, олар тұрақты ізашар, кейін арнайы ізашар болып қызмет етті. Тэд бауырлас аудандық бақылаушының орынбасары болып, сол қызметті атқаруды үйреніп жүрді. Бірақ сол арада аудандық бақылаушылардың жастарына қатысты талап өзгергендіктен, Тэд пен Хайдиге бұл қызметті тоқтатуға тура келді. Бұған көңілдері түскенімен, олар Ехобаға қызмет етудің басқа да жолдары бар екенін түсінді. “Біз қызметтің тек бір түрімен шектелмеуді үйрендік”,— дейді Тэд бауырлас.

16. Ғалаттықтарға 6:4-тен қандай сабақ аламыз?

16 Өмірімізде болатын кей жағдайларға біз еш әсер ете алмаймыз. Сондықтан қандай да бір қызмет түрін атқара алмай қалсақ, Ехобаға бұрынғыдай бағалы болмай қалдым деп ойламайық. Сондай-ақ бізде жоқ қызмет түрін атқарып жүрген бауырластармен өзімізді салыстырмайық. Хайди бауырлас: “Өзіңнің өміріңді өзгелердің өмірімен салыстыра бастасаң, жүрегіңнен қуаныш кетеді екен”,— дейді (Ғалаттықтарға 6:4 оқыңыз). Сондықтан Ехобаға және бауырластарымызға қызмет етудің жолдарын таба білейік c.

17. Қандай да бір мәртебелі қызметке қол жеткізу үшін, не істей аласыз?

17 Мәртебелі қызметтерге есік ашылсын десеңіз, қарапайым өмір сүріңіз, мүмкіндігінше қарыз алмауға тырысыңыз. Үлкен мақсаттарға жету үшін, алдымен, кішігірім мақсаттар қойыңыз. Мысалы, болашақта тұрақты ізашар болып қызмет еткіңіз келсе, қазір үздіксіз қосалқы ізашар ретінде қызмет ете аласыз ба? Ал егер қызмет көмекшісі болғыңыз келсе, уағызға көбірек атсалысып, қауымыңыздағы науқастанып қалған не қарт бауырластарға көңіл бөле аласыз ба? Қандай тапсырма алсаңыз да, оған білек сыбана кірісіңіз (Рим. 12:11). Қазірден бастап тәжірибе жинай берсеңіз, болашақта мәртебелі қызметтерді атқара аласыз.

Қолжетімді мақсатқа ұмтылыңыз (18-абзацты қараңыз) f

18. Беверли бауырластан не үйрендіңіз? Суретті де қараңыз.

18 Қандай жаста болсақ та, рухани мақсаттар қойып, оларға жетуге ешқашан да кеш емес. Жетпіс бес жастағы Беверли деген әйел бауырластың оқиғасын қарастырайық. Ауыр сырқатының кесірінен жүріп-тұру оған өте қиын. Бірақ ол Еске алу кешінің қарсаңындағы науқанға барынша қатысқысы келді, сөйтіп, нақты мақсаттар қойды. Кейін оларға жетіп, науқанға барынша қатыса алғанда, қуанышында шек болмады! Бұны көрген басқа жариялаушылар да қызметке көбірек қатысатын болды. Кейбір жағдайлар аяқтарына тұсау болса да, барынша қызмет етіп жүрген қария бауырластарымызды Ехоба жоғары бағалайды (Зәб. 71:17, 18).

19. Біз қандай рухани мақсаттарға ұмтылсақ болады?

19 Қолжетімді мақсаттар қойыңыз. Ехобаға ұнамды қасиеттер дамытыңыз. Ехоба сізді көбірек қолдана алуы үшін және ұйымға көбірек пайдаңыз тию үшін, қажетті қабілеттерді шыңдаңыз. Бауырластарға көбірек қызмет етудің жолдарын табыңыз d. Сонда Ехобаның батасының арқасында, Тімөте сияқты, сіздің де “жетістіктеріңіз жұрттың бәріне анық көрінетін болады” (Тім. 1-х. 4:15).

38-ӘН Құдай саған күш береді

a Тімөтенің ізгі хабарды жариялауда біраз тәжірибесі болған. Десе де Пауыл оны бұл істе қабілеттерін арттыра беруге шақырған. Пауылдың кеңесіне құлақ асқанның арқасында Тімөте Ехобаға да, бауырластарға да көбірек қызмет ете алды. Сіз де Тімөте сияқты көбірек қызмет еткіңіз келе ме? Ендеше, қандай мақсаттар қойғаныңыз жөн және мақсат қойып, оған жетудің жолдары қандай?

b СӨЗ МӘНІ: Ехобаға молынан қызмет етіп, оны қуанту үшін бар күшімізді салып атқаратын істердің бәрі рухани мақсаттарға жатады.

c “Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” кітабындағы 10-тараудың “Қажеттілік бар жерде қызмет ету” деген тақырыпшасын (6—9 абз.) қараңыз.

d “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабындағы “Рухани алға баса беріңіз” деген 60-сабақты қараңыз.

e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас екі әйел бауырласқа жөндеу жұмыстарын үйретіп жатыр, кейін әйел бауырластар жаңадан үйренген қабілеттерін қолданып жатыр.

f СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Денсаулығына байланысты үйінен шыға алмай қалған әйел бауырлас телефонмен уағыздап, адамдарды Еске алу кешіне шақырып отыр.