Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

25-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба кешірімді жандарға батасын төгеді

Ехоба кешірімді жандарға батасын төгеді

“Ехобаның өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер” (ҚОЛ. 3:13).

130-ӘН Кешірімді болайық

АҢДАТПА *

1. Күнәсіна өкінетіндерді Ехоба не нәрсеге сендіреді?

 ЕХОБА — тек Жаратушы, Төреші, Заң шығарушы ғана емес, сүйіспеншілігі мол Әке (Зәб. 100:3; Ишая 33:22). Күнәсіна шын жүректен өкінген адамды оның кешіруге құзыры да, ықыласы да бар (Зәб. 86:5). Ол бізді Ишая пайғамбар арқылы: “Күнәларың ал қызыл болса да, Аппақ қардай етемін”,— деп сендіреді (Ишая 1:18).

2. Басқалармен жақсы қарым-қатынаста болу үшін не істеуіміз керек?

2 Кемелсіздіктің кесірінен кейде басқалардың көңіліне тиіп, қылықтарымызбен ренжітіп қоямыз (Жақ. 3:2). Бірақ бұл олармен дос болуымызға кедергі емес. Өйткені бәріміз де кешірімді болуды үйрене аламыз (Нақ. с. 17:9; 19:11; Мат. 18:21, 22). Осылай еткенімізді Ехоба да қалайды (Қол. 3:13). Ол біздің күнә-қателіктерімізді “жомарттықпен” кешіріп отырғандықтан, оған еліктегеніміз әбден орынды (Ишая 55:7).

3. Бұл мақалада қандай сұрақтарға жауап аламыз?

3 Кемелсіз адамдар Ехобаның кешірімділігіне қалай еліктей алады? Қандай күнәларды ақсақалдарға айтуымыз керек? Ехоба неге біздің кешірімді болғанымызды қалайды? Басқалардың күнәсінан қатты жапа шеккен бауырластардан не үйренсек болады? Бұл мақалада осы сұрақтарға жауап аламыз.

МӘСІХШІ АУЫР КҮНӘ ЖАСАҒАНДА

4. а) Мәсіхші ауыр күнә жасаса, не істеуі керек? ә) Ақсақалдарда қандай жауапкершілік бар?

4 Ауыр күнә жасалғанда, бұл жайлы ақсақалдарды хабардар ету керек. Ауыр күнә жасайтын адам Құдайдың заңын аяқасты етеді. Бұндай күнәға қандай істер жататынын Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10-нан көреміз. Ауыр күнә жасаған мәсіхші Ехоба Құдайға дұға етуі және қауым ақсақалдарына жолығуы тиіс (Зәб. 32:5; Жақ. 5:14). Әрине, кез келген күнәні Ехоба ғана төлем құрбандығының негізінде толық кешіре алады *. Дегенмен оның қауымда қалу-қалмауын Жазбалар бойынша шешуді Ехоба ақсақалдарға жүктеген (Қор. 1-х. 5:12). Басқа жайттарды ескерумен қатар, ақсақалдар мына сұрақтарды қарастырады: Ол күнәні жоспарлап, әдейі жасады ма? Күнәсін басқалардан жасыруға тырысты ма? Қанша уақыттан бері күнә жасап жүрді? Ал ең маңыздысы, оның шын өкінгені неден көрінеді? Ехоба оны кешіргенінің дәлелдері бар ма? (Ел. іс. 3:19).

5. Ақсақалдардың қызметі қауымға қандай бата әкеледі?

5 Ақсақалдар күнә жасаған мәсіхшіге қатысты көкте не шешіліп қойылса, жерде де дәл сол шешімді қабылдауға тырысады (Мат. 18:18). Бұл шараның қауымға әкелер пайдасы — Ехобаның бағалы отарын күнәсіна өкінбейтін адамдардың жаман әсерінен қорғайды (Қор. 1-х. 5:6, 7, 11—13; Тит. 3:10, 11). Сондай-ақ күнә жасаған адамға өкінуге және Ехобаның кешіріміне ие болуға көмектеседі (Лұқа 5:32). Өкінген адам үшін ақсақалдар дұға етіп, Ехобамен қарым-қатынасын қалпына келтіруге жәрдем береді (Жақ. 5:15).

6. Қауымнан шығарылған адам Ехобаның кешіріміне ие бола ала ма? Түсіндіріңіз.

6 Ақсақалдармен жолыққанда, мәсіхші күнәсіна өкінбеді делік. Мұндайда ол қауымнан шығарылады. Егер ол мемлекеттің заңын бұзған болса, ақсақалдар оны қорғап, қылмысының салдарынан қалқаламайды. Күнәсіна өкінсін-өкінбесін, мемлекеттің заңын бұзған кез келген адамның сотталып, жауапқа тартылуына Ехоба жол береді (Рим. 13:4). Егер ол кейін есін жиып, шын жүректен өкініп, теріс жолынан қайтса, Ехоба оны кешіруге дайын (Лұқа 15:17—24). Оның жасаған күнәсі өте ауыр болса да, Ехоба оны кешеді (Шеж. 2-ж. 33:9, 12, 13; Тім. 1-х. 1:15).

7. Өзімізге қарсы күнә жасаған адамды кешіру нені білдіреді?

7 Күнә жасаған адам кешіріле ме, жоқ па — бұны біз емес, Ехобаның өзі шешетіні қандай жақсы! Десе де біз шешетін мәселе де бар. Мысалы, біреу бізге қарсы күнә жасап, тіпті ауыр күнә жасап, кейін кешірім сұрауы мүмкін. Ал кейде сұрамауы да мүмкін. Сол кезде де біз оны кешіре аламыз. Қалай дейсіз ғой? Оған деген ыза-кектен арылу арқылы. Бірақ, шыны керек, жанымыз қатты жараланғанда, бұлай ету оңай емес. Бұған біраз күш пен уақыт кетеді. 1994 жылдың 15 қыркүйегіндегі “Күзет мұнарасында” (ор.) былай делінген еді: “Біреуді кешіру оның күнәсіна көз жұму дегенді білдірмейді. Бұл — мәселені Ехобаның қолына сеніп тапсыру деген сөз. Ехоба бүкіл әлемнің әділ Төрешісі болғандықтан, уақыты келгенде әділдік орнатады”. Неліктен Ехоба біздің күнә жасаған адамды кешіріп, мәселені оның қолына табыстағанымызды қалайды?

НЕГЕ ЕХОБА БІЗДІҢ КЕШІРГЕНІМІЗДІ ҚАЛАЙДЫ?

8. Ехобаның рақымын бағаласақ, не істеуге талпынамыз?

8 Кешіргеніміз — Ехобаның рақымын бағалағанымыз. Иса бір әңгімесінде Ехобаны өте рақымды бір патшаға теңеді. Бұл патша қол астындағы бір құлының өмір бойы өтей алмастай қыруар қарызын кешеді. Бірақ әлгі құл болса өзге құлдың титтей қарызын кешпей қояды (Мат. 18:23—35). Бұл мысалмен Иса не айтқысы келді? Егер Ехобаның бізге деген мол рақымын шынымен бағаласақ, басқаларды кешуге асық боламыз (Зәб. 103:9). Бір “Күзет мұнарасында”: “Біз басқаларды қанша рет кешірсек те, таразы басын теңестіре алмаймыз. Өйткені Ехобаның әрқайсысымызға Мәсіх арқылы танытатын кешірімі бәрібір де басым тұрады”,— делінген еді.

9. Ехоба кімдерге мейірімділік танытады? (Матай 6:14, 15)

9 Өзгені кешірсек, өзіміз де кешірімге ие боламыз. Басқаларға мейірімділік танытатын адамға Ехоба да мейірімділік танытады (Мат. 5:7; Жақ. 2:13). Иса қалай дұға ету керектігін үйреткенде, осы ойды айтқан (Матай 6:14, 15 оқыңыз). Ехоба ертеректе қызметшісі Әйүпті де осыған шақырған. Елифаз, Билдад, Сопар деген үш кісі оның жанын жаралап, ащы сөздер айтқанда, Ехоба Әйүпке олар үшін дұға етуді тапсырады. Әйүп осылай еткеннен кейін, Ехоба оған батасын төкті (Әйүп 42:8—10).

10. Ыза сақтаудың қандай зияны бар? (Ефестіктерге 4:31, 32)

10 Ыза сақтау зиян. Біреуге ыза сақтау — үстімізге зілдей ауыр жүк артып алумен бірдей. Ехоба біздің осы зілден арылып, жеңілдік сезінгенімізді қалайды (Ефестіктерге 4:31, 32 оқыңыз). Сондықтан ол бізді: “Ашуланба, қаһарланба да”,— деп шақырады (Зәб. 37:8). Іштей ыза-кек сақтау тән саулығына да, жан саулығына да зиян болғандықтан, осы дана кеңеске құлақ асқанымыз жөн (Нақ. с. 14:30). Әйтпесе бізді ренжіткен адамға жаман болсын деп, уды өзіміз ішкендей боламыз. Ал кешірсек, өз-өзімізге сыйлық жасаймыз (Нақ. с. 11:17). Ақыл-ойымыз бен жүрегімізде тыныштық орнайды және Ехобаға әрі қарай да қуанышпен қызмет ете береміз.

11. Кек алуға қатысты Киелі кітапта не айтылған? (Римдіктерге 12:19—21)

11 Кек алу — Ехобаның ісі. Бізге қарсы күнә жасаған адамнан кек алуға Ехоба құқық бермеген (Римдіктерге 12:19—21 оқыңыз). Кемелсіз әрі көзқарасымыз шектеулі болғандықтан, біз жағдайға Ехоба сияқты дұрыс баға бере алмаймыз (Евр. 4:13). Бұған қоса, сезімдеріміз қосылып, бізді адастыруы мүмкін. Ехоба Жақыпқа киелі рухтың жетелеуімен: “Ашудың жетегіндегі адам Құдайдың әділдігіне сай әрекет етпейді”,— деп жаздырған (Жақ. 1:20). Ехоба әділ әрекет ететініне және уақыты келгенде әділдік орнататынына сенімді болайық.

Ашу-ызадан арылыңыз. Мәселені Құдайдың қолына тапсырыңыз. Ол күнәнің кесірінен болған залалдың орнын толтырады (12-абзацты қараңыз)

12. Ехоба әділдік орнататынына сенетінімізді қалай көрсете аламыз?

12 Кешіргеніміз — Ехобаның әділдігіне сенгеніміз. Мәселені Ехобаның қолына тапсырсақ, ол күнәнің кесірінен болған залалдың бәрін жоятынына сенетінімізді көрсетеміз. Ехоба уәде етіп отырған жаңа дүниеде жанымызды қинайтын естеліктер ешқашан “еске алынбайды, жүрекке қаяу да түсірмейді” (Ишая 65:17). Бірақ біреуден жапа шегіп, қатты жаралансақ ше? Өкпе-реніштен арылып, оны кешіру мүмкін бе? Иә, мүмкін. Қазір соған дәлел болар бірер мысал қарастырайық.

КЕШІРГЕНДЕ ТӨГІЛЕТІН БАТАЛАР

13, 14. Тони мен Хосенің оқиғасынан кешіру туралы не білдіңіз?

13 Көптеген мәсіхшілер өзгелердің іс-әрекетінен жапа шегіп, көңілдеріне дақ түссе де, кешіре білген. Олар мұның қандай жемісін көрді?

14 Филиппинде тұратын Тони * деген бауырластың оқиғасын қарастырайық. Ол шындыққа келерден біраз жыл бұрын оның туған ағасын Хосе деген бір кісі өлтіріп кетеді. Қылмысы үшін ол түрмеге түседі. Сол кездері Тони ашушаң, қатыгез адам болатын және Хосеге тісін қайрап, ағасы үшін кек алуды көздеп жүреді. Сөйтіп, Хосенің түрмеден шыққанын білгенде, “оны тауып алып, өлтіремін” деп ант ішеді. Осы ойын жүзеге асыру үшін, тапанша да дайындап қояды. Бірақ кейін ол Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастайды. “Киелі кітапты зерттеп жүргенде, мінез-құлқым мен жүріс-тұрысымды өзгертуім керектігін түсіндім. Ашуымды тізгіндеуді де үйрену керек болды”,— дейді Тони. Уақыт өте ол шомылдыру рәсімінен өтеді, сосын ақсақал болып тағайындалады. Бір күні оны таңғалдырған бір жағдай болады. Сөйтсе, Хосе де шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехобаның қызметшісі болған екен! Екеуі көріскенде бір-бірін қатты құшақтап, Тони Хосені кешіргенін айтады. “Хосені кешіргенімде қуанышымда шек болмады! Мен тіпті бұл сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын”,— дейді ол. Иә, Ехоба Тониді осы ісі үшін молынан жарылқады.

Питер мен Сьюдің оқиғасы ашу-ызадан арыла алатынымызды көрсетеді (15, 16-абзацтарды қараңыз)

15, 16. Питер мен Сьюдің оқиғасынан кешіру туралы не білдіңіз?

15 Бұл оқиға 1985 жылы болды. Питер мен Сью қауым кездесуінде отырғанда, аяқ астынан қатты жарылыс болды. Сөйтсе, біреу Патшалық сарайының ішіне бомба қойып кеткен екен! Осы жарылыстың кесірінен Сьюдің көру, есту, иіс сезу қабілетіне оңалмастай зақым келді *. “Қандай ғана адам осындай жауыздыққа барды екен?” деген сұрақ Питер мен Сьюге маза бермейтін. Көп жылдан кейін әлгі қылмыскер ұсталып, өмірінің соңына дейін түрмеге жабылды. Ол Ехоба куәгері емес еді. “Сендер сол адамды кешірдіңдер ме?” деген сұраққа Питер мен Сью былай деп жауап берді: “Ашу-ыза сақтау физикалық, эмоциялық және психикалық күйімізге зиян екенін Ехоба бізге үйретіп келеді. Сондықтан сол ауыр жағдайдың басында-ақ біз Ехобаға дұға еттік. Ішімізге мұз қатырмай, әлгі адамды кешіруге, бұрынғыдай өмір сүріп кетуге көмектесші деп сұрадық”.

16 Питер мен Сьюге қылмыскерді кешіріп, ашу-ызадан арылу оңай болды ма? Барлық кезде емес. Олар былай дейді: “Кейде Сьюдің жарақаты мазалағанда, біз әлгі адамға қайтадан ашуланып кетеміз. Бірақ бұл туралы ойлай бермеуге тырысамыз, сонда ашуымыз тарқай бастайды. Дегенмен әлгі қылмыскер күндердің күнінде бауырлас болса, оны құшақ жая қарсы алуға дайынбыз. Осы жағдайдан кейін Киелі кітап принциптері бізді көп нәрседен, тіпті өзіміз ойламаған нәрседен де азат ететінін түсіндік! Сондай-ақ Ехоба өте жақын арада барлық залалдың орнын толтырады деген ой бізге жұбаныш сыйлайды”.

17. Мираның оқиғасынан кешіру туралы не білдіңіз?

17 Мира шындықты білгенде, оның екі баласы мен күйеуі болатын. Бірақ күйеуі шындықты қабылдамады. Тіпті оның көзіне шөп салып, екі баласымен тастап кетеді. Мира былай дейді: “Күйеуім бізді тастап кеткенде, бойымды жаман сезімдер биледі. Сүйген жарынан сатқындық көрген адамдар сияқты, мен де не істерімді білмей абдырап қалдым. Адамдарға сенбейтін болдым, өзегім өртеніп күйіндім, өз-өзімді кінәладым, ашуға берілдім”. Мира күйеуімен ажырасып кетті, бірақ жан жарасынан әлі де сауыққан жоқ. Ол сөзін жалғап былай дейді: “Мен айлар бойы осындай күйде жүрдім, бірақ бұл Ехобамен және басқалармен қарым-қатынасыма кері әсерін тигізіп жатқанын байқадым. Қазір бұрынғы күйеуіме ашуланбаймын, оған еш жамандық тілемеймін. Бір күні ол да Ехобаға қызмет етеді деп үміттенемін”. Мира бар назарын болашаққа тігеді. Ол жалғыз өзі екі баласын Ехобаның қызметшісі етіп тәрбиеледі. Бүгінде ол балаларымен және олардың отбасымен бірге Ехобаға қуанышпен қызмет етіп жүр.

ЕХОБАНЫҢ КЕМЕЛ ӘДІЛДІГІ

18. Ехоба Ең жоғарғы Төреші болғандықтан, не нәрсеге сенімдіміз?

18 Адамды соттау-соттамау біздің жауапкершілігімізде емес екені қандай жақсы! Ехоба Ең жоғарғы Төреші болғандықтан, бұл маңызды мәселені өз мойнына алған (Рим. 14:10—12). Оның адамды жақсы мен жаманға қатысты кемелді нормаларына сай соттайтынына толықтай сенімді болайық (Мұс. 1-ж. 18:25; Пат. 1-ж. 8:32). Ехоба ешқашан әділетсіз әрекет етпейді!

19. Ехобаның әділдігі болашақта қандай баталар әкеледі?

19 Ехоба жақында кемелсіздік пен күнәнің салдарын толықтай жояды. Біз сол уақытты асыға күтеміз. Сол кезде Ехоба тәніміз бен жанымызға салынған жараларды біржолата сауықтырады (Зәб. 72:12—14; Аян 21:3, 4). Олар ешқашан еске алынбайтын болады. Ендеше, сол күн келгенше, Ехобаға еліктеп кешірімді бола берейік, әрі осы қасиетті біз де таныта алатынымызға ризашылық білдірейік.

18-ӘН Төлемге ризашылық

^ Ехоба күнәсіна өкінген жанды кешіруге асық. Біз де Ехоба сияқты, басқаларды кешіргіміз келеді. Осы мақалада біз қандай күнәларды кешіре алатынымызды, ал қандай күнәларды ақсақалдарға айтуымыз керектігін білеміз. Сондай-ақ неге Ехоба біздің кешіргенімізді қалайтынын және кешірсек, қандай баталарға кенелетінімізді де талқылаймыз.

^ 1996 жылдың 15 сәуірінде шыққан “Күзет мұнарасының” “Оқырман сауалдарын” (ор.) қараңыз.

^ Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 1992 жылдың 8 ақпанында шыққан “Ояныңдар!” журналының (ор.) 9—13 беттерін қараңыз. JW Broadcasting®-те көрсетілген “Шульцтер отбасы: Жан жарасы жазылады” деген видеоны да қараңыз. Бұл үшін jw.org. сайтының Іздеу жолағына видеоның атауын жазыңыз.