Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

27-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Үмітіңді Ехобаға арт”

“Үмітіңді Ехобаға арт”

“Үмітіңді Ехобаға арт, Батыл бол, жүрегің де мығым болсын” (ЗӘБ. 27:14).

128-ӘН Соңына дейін табанды тұрайық

АҢДАТПА *

1. а) Ехоба бізге қандай үміт берді? ә) Ехобаға үміт артатынымызды қалай көрсете аламыз? (“Сөз мәнін” қараңыз.)

 ЕХОБА өзін жақсы көретін адамдарға керемет үміт берген. Ол жақында ауруды, қайғы-қасірет пен өлімді атымен жоқ қылады (Аян 21:3, 4). Ол өзіне үміт артатын “момындарға” жер бетін жұмаққа айналдыруға көмек береді (Зәб. 37:9—11). Болашақта Ехоба әрқайсысымызға онымен қазіргіден де жақын қарым-қатынаста болуымызға мүмкіндік жасайды. Үмітіміз қандай тамаша! Бірақ Ехобаның осы уәделері орындалатынына қандай негіз бар? Ехоба әрқашан сөзінде тұрады, уәдесін міндетті түрде орындайды. Бұл — “үмітімізді Ехобаға артуға” бірден-бір негіз * (Зәб. 27:14). Ехобаның уәделерінің орындалуын шыдаммен әрі қуанышпен күтсек, оған үміт артатынымызды көрсетеміз (Ишая 55:10, 11).

2. Ехоба уәдесінен таймайтынын қалай дәлелдеді?

2 Ехоба өз уәдесінде тұратынына дәлелдер көп. Соның бір керемет мысалы — оның Аян кітабында жазылған уәдесі. Ехоба біздің кезімізде әрбір ұлттан, тілден, рудан шыққан адамдар бірігіп, оған таза ғибадат ететінін уәде еткен болатын. Бүгінде бұл адамдар “ұлы жамағат” деп аталады (Аян 7:9, 10). Олар ұлттары, мәдениеттері, тілдері, жастары әртүрлі болса да, бірлігі жарасқан дүниежүзілік бауырластықты құрайды (Зәб. 133:1; Жох. 10:16). Сондай-ақ олар ізгі хабарды құлшыныспен жариялайды. Олар тыңдаймын деген адамдарға өз үміттері жайлы айтуға дайын (Мат. 28:19, 20; Аян 14:6, 7; 22:17). Егер сіз ұлы жамағаттың қатарында болсаңыз, үмітіңізді жоғары бағалайтыныңыз сөзсіз.

3. Шайтанның мақсаты қандай?

3 Шайтан сізді үмітіңізден айырғысы келеді. Оның мақсаты — Ехоба сіздің қамыңызды ойламайды, ол өз уәделерінде тұрмайды дегенге сендіру. Егер ол айласын асырып, үмітіңізден айырса, сіз батылдығыңызды жоғалтып, тіпті Ехобаға қызмет етпей қоюыңыз мүмкін. Шайтан Әйүпке де осылай істеп, оны үмітінен айырғысы келді және Ехобаға қызмет етуін доғартқысы келді.

4. Бұл мақалада не қарастырамыз? (Әйүп 1:9—12)

4 Бұл мақалада Шайтан Әйүпті мінсіздігінен тайдыру үшін, қандай әдіс-тәсілдерді қолданғанын білеміз (Әйүп 1:9—12 оқыңыз). Сондай-ақ Әйүптің оқиғасынан не үйренетінімізді және Құдайдың бізді жақсы көретінін, уәделерінен таймайтынын неліктен ұмытпауымыз керектігін қарастырамыз.

ШАЙТАН ӘЙҮПТІҢ ҮМІТІН СӨНДІРГІСІ КЕЛДІ

5, 6. Әйүптің өмірі қалай аяқ астынан өзгерді?

5 Әйүп уайым-қайғысыз өмір сүріп жатты. Ехобамен де қарым-қатынасы жақсы еді. Оның үлкен, тату-тәтті отбасы болды. Әйүп бай да бақуатты болатын (Әйүп 1:1—5). Бірақ бір күннің ішінде ол бәрінен айырылып қалды. Алдымен, барлық мал-мүлкінен айырылды (Әйүп 1:13—17). Кейін бауыр еті балаларының бәрі қаза болды. Ойлап көріңізші, ата-ана бір баласынан айырылғанның өзіне қалай қайғырады?! Ал Әйүп болса бір сәтте бір емес, он баласынан айырылды! Олардың қазасы жайлы естігенде, Әйүп пен әйелі қайғыдан қан жұтып, зар илеп жылағандарын елестетудің өзі қиын. Қаралы хабарды естіген Әйүп киімінің өңірін айырып жіберіп, жерге жығыла кетеді! (Әйүп 1:18—20).

6 Бұдан соң Шайтан Әйүпті денсаулығы мен қадір-қасиетінен айырды (Әйүп 2:6—8; 7:5). Кезінде адамдардың бәрі Әйүпті сый-құрметке бөлеп, одан ақыл-кеңес сұраса, қазір бәрі одан айналып қашады (Әйүп 31:18). Туған-туыстары, таныстары мен туған бауырлары одан безіп, тіпті қызметшілері де оны менсінбейтін болды! (Әйүп 19:13, 14, 16).

Әйүп балаларын жоғалтқанда не сезінгенін бүгінде бауырластардың көбісі жақсы түсінеді (7-абзацты қараңыз) *

7. а) Әйүп басына түскен қасіретінің себебі неде деп ойлады, бірақ ол неден аулақ болды? ә) Бүгінде мәсіхшілер суреттегіге ұқсас қандай қиындықтарға кезігуі мүмкін?

7 Шайтан Әйүптің “осы қасіреттің бәрі Ехобаның ықыласынан айырылып қалғандықтан басыма түсіп жатыр” деп ойлағанын қалады. Сондықтан ол қатты жел тұрғызып, Әйүптің он баласы тамақ ішіп отырған үйді қиратып, бәрін мерт қылады (Әйүп 1:18, 19). Сосын Шайтан көктен от түсіріп, Әйүптің малын да, малшыларын да жойып жібереді (Әйүп 1:16). Жел де, от та табиғаттан тыс күшпен болғандықтан, Әйүп бұның бәрін жасап отырған Ехоба деп ойлады. Содан, “демек, мен Ехобаны ренжіткен екенмін ғой” деп тұжырымдайды. Бірақ басына қанша бақытсыздық түссе де, ол көктегі Әкесіне тіл тигізбеді. Өйткені Әйүп осы уақытқа дейін Ехобаның мол батасын көріп келгендіктен, “жақсылықты қалай қабыл алсам, жамандықты да солай қабылдауым керек” деп ойлайды. Сөйтіп, ол: “Ехобаның есімі мадақтала берсін!”— дейді (Әйүп 1:20, 21; 2:10). Әйүп далада ештеңесіз қалса да, он баласынан бірдей айырылса да, денесінің сау жері қалмаса да, Ехобаға адал болды. Бірақ жауыз Шайтанның тағы бір жоспары бар еді.

8. Шайтан Әйүпке тағы қандай соққы берді?

8 Шайтан Әйүпке тағы бір үлкен соққы берді. Ол Әйүптің доссымақ үш танысын пайдаланып, оның қадір-қасиетін таптады. Олар басына түскен қасіретке Әйүптің өзін кінәлады (Әйүп 22:5—9). Олардың айтуынша, Әйүп көп күнә жасағандықтан осылай қиналып жатты. Тіпті күнә жасамаған күннің өзінде оның жасаған жақсылықтарының бәрі Құдай үшін бес тиын деді (Әйүп 4:18; 22:2, 3; 25:4). Осылайша олар “Құдай сені жақсы көрмейді, сенің қамыңды ойламайды, оған қызмет етуден келіп-кетер пайда жоқ” деген ой салғылары келді. Осындай сөзден кейін Әйүптің еңсесі жаншылып, шарасыз күйде қалса керек.

9. Әйүпке мықты әрі батыл болуға не көмектесті?

9 Елестетіп көрейікші, Әйүп күлде отыр. Бүкіл денесі солқылдап, ауырып жатыр (Әйүп 2:8). Балаларының қазасы Әйүптің жүрегін тілгілеп барады. Жығылғанға жұдырық болып, үш танысы оны қайта-қайта қаралап, жақсылықтарының бәрін жоққа шығаруда. Ал Әйүп болса үнсіз отыр (Әйүп 2:13—3:1). Оның үндемей отырғанына қарап, үш танысы “болды, бұл енді Құдайынан бас тартады” деп ойлаған шығар. Бірақ олар қатты қателеседі. Бір кезде Әйүп басын көтеріп, олардың көздеріне тіке қарады да: “Өле-өлгенше мінсіздігімнен таймаспын!”— деді (Әйүп 27:5). Өмірінің күл-талқаны шықса да, Әйүпке батыл, мықты болып қалуға не көмектесті? Ол қамқор Құдайы түбінде жұбаныш сыйлайтынынан еш үмітін үзбеді, тіпті өліп кетсе де, Ехоба оны тірілтетінін жақсы білді (Әйүп 14:13—15).

ӘЙҮПТІ ҮЛГІ ЕТЕЙІК

10. Әйүппен болған жағдайдан не түсінеміз?

10 Әйүппен болған жағдайдан не түсінеміз? Біріншіден, Шайтан бізді Ехобадан бас тартуға күштей алмайды және Ехоба бізбен болып жатқан барлық жағдайды біледі. Сонымен қатар бұл оқиғадан басқа да маңызды сабақтар аламыз. Қазір Әйүптен нақты не үйрене алатынымызға тоқталайық.

11. Ехобаға үзбей сенім артсақ, нәтижесі қандай болады? (Жақып 4:7)

11 Әйүптің жағдайы мынаны дәлелдейді: егер біз Ехобаға үзбей сенім артсақ, кез келген сынақтан сүрінбей өтеміз және Шайтанға қарсы тұра аламыз. Нәтижесінде, Шайтан бізден қашып кетеді (Жақып 4:7 оқыңыз).

12. Қайта тірілу үміті Әйүпке қалай күш берді?

12 Біздің қайта тірілуге деген үмітіміз болаттай берік болу керек. Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Шайтан біздің өлімнен қорқатынымызды пайдаланып, мінсіздігімізден тайдырғысы келеді. Әйүптің жағдайында Шайтан оны “жанын сақтап қалу үшін, ол мінсіздігінен тая салады” деп айыптады. Бірақ өлім алқымынан алғалы тұрса да, Әйүп Ехобаға адал болып қалды. Шайтанның айтқаны өтірік болып шықты. Әйүп Ехобаның ізгілігіне сенім артқандықтан және уақыты келгенде Ехоба жағдайды түзететініне үміттенгендіктен, соңына дейін қаққан қазықтай берік тұрды. Тіпті жағдайы түзелмей өліп кетсе де, Ехоба болашақта оны тірілтетініне сенді. Әйүп үшін қайта тірілу жай ғана қиял емес, өмірде орын алатын жайт еді. Қайта тірілу біз үшін де солай шынайы болса, өміріміз қыл үстінде тұрса да, мінсіздігімізден таймаймыз.

13. Шайтанның Әйүпке қолданған әдіс-тәсілдеріне неге ден қоюымыз керек?

13 Біз Шайтанның Әйүпке қолданған әдіс-тәсілдеріне мұқият ден қоюымыз керек. Өйткені ол бүгінде бізге де дәл соларды қолданады. Шайтанның қандай айып таққанына назар аударайықшы. Ол: “Адам [Әйүп қана емес] өз өмірін сақтап қалу үшін қолындағының бәрін береді”,— деді (Әйүп 2:4, 5). Былайша айтқанда, біз Ехобаны шынымен жақсы көрмейді екенбіз және басымыздың амандығы үшін одан бас тартып кетеді екенбіз. Шайтан тіпті Құдайға да айып тақты. Оның айтуынша, Құдай бізді жақсы көрмейді және оған ұнамды болу үшін тырысып жатқанымыз — бекершілік. Шайтанның әдіс-тәсілдерін жақсы білетіндіктен, Ехобаға үміт артатындар оған алданбайды.

14. Қиыншылықтар бізге қандай мүмкіндік береді? Мысал келтіріңіз.

14 Қиындықтар өз-өзімізді жақсырақ тануға мүмкіндік береді. Әйүптің жағдайында солай болды. Ол қиыншылықтардың арқасында өзінің әлсіздіктерін анықтап, оларды түзете алды. Атап айтсақ, ол кішіпейілділікті көбірек таныту керектігін байқады (Әйүп 42:3). Біз де Әйүп сияқты, сынақтар кезінде өз-өзімізді тексере аламыз. Осыған қатысты Николай * деген бір бауырлас жақсы ой айтты. Денсаулығы өте нашар болғанына қарамастан, оны түрмеге қамайды. Николай былай дейді: “Түрме рентген сияқты, ол мәсіхшінің шынайы болмысын көрсетеді”. Иә, біз әлсіз тұстарымызды анықтап алғаннан кейін, оларды түзету үшін күш салуымыз керек.

15. Біз кімді тыңдауымыз керек және неге?

15 Біз жауларымызды емес, тек Ехобаны ғана тыңдауымыз керек. Әйүп те солай етіп, Ехоба сөйлегенде, оны мұқият тыңдады. Ехоба Әйүпке сұрақтар қойып, оның қамын қаншалықты ойлайтынын түсінуге көмектесті. Былайша айтқанда, ол: “Әйүп, сен менің қаншалықты құдіретті екенімді білесің бе? Мен сенің қайғыңды, азабыңды — бәрін көріп тұрмын. Сонда мен сенің қамыңды жасай алмайды деп ойлайсың ба?”— деді. Содан Әйүп кішірейіп, Ехобаның ізгілігіне терең ризашылығын білдіріп: “Сен жайлы естіген едім, Ал енді өз көзіммен көріп отырмын”,— деп айтады (Әйүп 42:5). Әйүп бұл сөздерді айтқанда, әлі де балаларын жоқтап, үсті-басын жара басып, күлде отырса керек. Осының бәріне қарамастан, Ехоба Әйүпті жақсы көретініне әрі Әйүп оның ықыласына ие екеніне сендірді (Әйүп 42:7, 8).

16. Ишая 49:15, 16-ға сай, қиындықтарға кезіккенде, нені есте ұстауымыз керек?

16 Бүгінде де кейбір адамдар қорлық сөздер айтып, бізді түкке тұрғысыз, бейшара санап жатады. Олар жеке біздің не ұйымның атына кір келтіріп, “түрлі жала жауып, жамандауы” мүмкін (Мат. 5:11). Әйүптің оқиғасынан білеріміз — Ехоба қиыншылықтарға кезіккенімізде, оған адал боп қалатынымызға сенеді. Ол бізді жақсы көреді және оған үміт артатындарды ешқашан тастамайды (Ишая 49:15, 16 оқыңыз). Біз Құдайдың жауларының жалған айыптарына еш мән бермеуіміз керек! Түркияда тұратын Джеймс есімді бауырластың отбасы ауыр қиындықтарға кезіккен. Ол былай дейді: “Құдайдың халқына қарсы айтылған өтірік сөздерді тыңдасақ, жігеріміз жасып қалатынын байқадық. Сондықтан біз бар назарымызды Құдай Патшалығына тігіп, Ехобаға деген қызметімізде белсенді болып қалуды шештік. Осылай қуанышымызды сақтап қалдық”. Ендеше, Әйүп сияқты тек Ехобаны тыңдайық! Сонда жауларымыздың өтірігі үмітімізді өшіре алмайды.

ҮМІТІҢІЗ СІЗГЕ ДЕМЕУ БОЛАДЫ

Құдай Әйүпті мінсіздігі үшін молынан жарылқады. Ол әйелімен бірге ұзақ әрі бақытты ғұмыр кешті (17-абзацты қараңыз) *

17. Еврейлерге 11-тарауда жазылған адал ерлер мен әйелдерден қандай үлгі аламыз?

17 Сынақта сағы сынбаған жалғыз Әйүп қана емес. Ехобаның басқа да қызметшілері ауыр қиындықтарда батыл әрі мықты болып қалған. Еврейлерге арналған хатта елші Пауыл оларды “бұлт іспетті көп куәгер” деп атаған (Евр. 12:1). Олар таудай қиындықтарға кезіксе де, өмір бақи Ехобаға адал болып өткен (Евр. 11:36—40). Олардың табандылық танытқандары, адал болып қалу үшін тырысқандары құр бекер болды ма? Мүлдем олай емес! Олар Құдайдың уәделері орындалғанын өз көздерімен көрмесе де, Ехобаға үміт арта берді. Не үшін? Өйткені Ехобаның ықыласына ие болғандарына және оның уәделері қалай жүзеге асатынын өз көздерімен көретіндеріне жүз пайыз сенімді болды (Евр. 11:4, 5). Олардың үлгілері бар үмітімізді Ехобаға арта беруге талпындырады.

18. Сіз не істеуге бекіндіңіз? (Еврейлерге 11:6)

18 Дүниедегі жағдай ушыққан үстіне ушығып барады (Тім. 2-х. 3:13). Шайтан әлі де Құдайдың қызметшілерін сынауын доғарған жоқ. Сондықтан алда бізді не күтіп тұрмасын, “тірі Құдайға үміт артып”, оған қызмет ете беруге мықтап бекінейік (Тім. 1-х. 4:10). Ехобаның Әйүпті соңында қалай жарылқағанынан оның “өте жанашыр әрі мейірімді екенін көрдік” (Жақ. 5:11). Біз де Ехобаның “өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне” сене отырып, оған адал бола берейік (Еврейлерге 11:6 оқыңыз).

150-ӘН Құтқарылу үшін Құдайды іздейік

^ Ауыр сынаққа кезіккен адам туралы ойлағанда, жиі ойымызға Әйүп келеді. Осы адал кісінің бастан өткерген оқиғаларынан не білеміз? Біріншіден, Шайтан бізді Ехобадан бас тартуға күштей алмайды. Екіншіден, Ехоба барлық жағдайды біледі, бәрін бақылап отырады. Үшіншіден, Ехоба Әйүптің қиындығын тоқтатқандай, бір күні біздің де барлық қиындықтарымызды тоқтатады. Осы үш шындыққа нық сенетінімізді ісімізбен көрсетсек, “Ехобаға үміт артатын” адамдардың қатарында боламыз.

^ СӨЗ МӘНІ: “Үміт арту” деп аударылған еврей сөзі бір нәрсені тағатсыздана “күтуді” білдіреді. Сондай-ақ біреуге сенім арту, арқа сүйеу деген мағынаны да береді (Зәб. 25:2, 3; 62:5).

^ Кейбір есімдер өзгертілген.

^ СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әйүп пен оның әйелі бірдей он баласынан айырылып, қайғы жұтты.

^ СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әйүп сынақтарға соңына дейін төзді. Ехоба оларды қалай жарылқағанына қарап, Әйүп әйелімен бірге ой жүгіртіп тұр.