Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Ехоба жайлы білім алуды да, білім беруді де жаным сүйетін

Ехоба жайлы білім алуды да, білім беруді де жаным сүйетін

МЕН АҚШ-тағы Пенсильвания штатының Истон қаласында туып өстім. Сол кездері колледжге түсемін, жетістіктерге жетіп, әйгілі адам боламын деп мақсат етіп жүрдім. Маған білім алу ұнайтын, әсіресе математика мен ғылыми пәндерді жақсы оқитынмын. 1956 жылы адам құқықтарын қорғайтын бір ұйым маған 25 доллар сыйлады, өйткені мен қара нәсілді оқушылар арасында ең үздігі болатынмын. Бірақ кейін менің мақсаттарым өзгеріп кетті. Неге екенін айтып берейін.

ЕХОБАМЕН ТАБЫСУЫМ

1940 жылдың басында ата-анам Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастады. Бірақ олардың зерттеулері тоқтап қалды. Десе де анам “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарын алып тұратын. 1950 жылы Нью-Йорк қаласында халықаралық конгресс өткенде, сол конгреске біздің отбасымыз да барды.

Бұдан кейін бізге Лоренс Джеффрис деген ер бауырлас келіп тұрды. Ол маған шындықты білуіме көмектескісі келді. Алғашында мен Ехоба куәгерлерінің бейтараптық сақтайтындарымен келіспейтінмін, олар саясатқа араласып, әскерге бару керек деп ойлайтынмын. Содан, Лоренс бауырласқа: “Америкадағы әрбір адам соғысқа барудан бас тартса, онда жауларымыз келіп, елімізді басып алады ғой?!”— дедім. Сол кезде ол ойланып тұрып: “Егер Америкадағы әрбір адам Ехоба Құдайға қызмет ететін болса, жаулары тап бергенде, Ехоба не істейді деп ойлайсың?”— деп сұрады. Оның осы және басқа да жауаптарынан менікі дұрыс емес екенін түсіндім. Бұл менің Киелі кітапқа деген қызығушылығымды одан сайын арттырып жіберді.

Шомылдыру рәсімінен өтуім

Мен анамның сөреге жинап қойған ескі “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарын сағаттап оқитынмын. Уақыт өте біліп жатқандарымның барлығы шындық екеніне көзім жетті. Сөйтіп, Джеффрис бауырласпен Киелі кітапты зерттеу сабағын бастадым. Қауым кездесулеріне де жүйелі түрде қатысатын болдым. Шындық жүрегімді тұтас жаулап алғанда, ізгі хабардың жариялаушысы болдым. “Ехобаның ұлы күні жақын” екенін түсіне келе, мақсаттарым өзгеріп кетті (Соф. 1:14). Енді мен колледжде білім алуға емес, басқаларға Киелі кітаптағы шындық жайлы білім беруге ұмтылдым.

Мен 1956 жылы 13 маусымда мектепті бітіріп, үш күннен кейін аудандық конгресте шомылдыру рәсімінен өттім. Сол кезде мен өмірімді Ехобадан білім алуға және ол туралы үйретуге арнасам, осыншама көп батаға ие боламын деп ойламаппын.

ІЗАШАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕ ҮЙРЕНУ ӘРІ ҮЙРЕТУ

Шомылдыру рәсімінен өткеніме жарты жыл болғанда, тұрақты ізашар болдым. 1956 жылғы “Біздің Патшалық қызметіміздің” желтоқсан айындағы санында “Сен қажеттілік бар жерде қызмет ете аласың ба?” деген мақала шықты. Оны оқып, менің де уағыздаушылар жетіспейтін жерге барғым келді (Мат. 24:14).

Мен Оңтүстік Каролина штатының Эджфилд округіне көшіп бардым. Ол жерде төрт жариялаушы қызмет етеді екен. Мен барған соң, бесеу болдық. Қауым кездесулерін бір ер бауырластың үйінің қонақ бөлмесінде өткізетінбіз. Мен айына 100 сағаттан уағыздайтынмын. Уағыз ісінде жетекшілік еткендіктен және қауым кездесулерін жүргізгендіктен, уақытым өте тығыз болатын. Бір қызығы, көбірек қызмет еткен сайын, Ехоба жайлы білімімнің де көкжиегі кеңейе берді.

Менімен зерттейтін бір әйелдің бірнеше шақырым жердегі Джонстон қаласында жерлеу рәсімдерін өткізетін үйі болатын. Ол әйел маған мейіріммен қарап, аптасына бірнеше күн ғана істейтін жұмыс ұсынды және әлгі үйін Патшалық сарайы ретінде қолдануға рұқсат берді.

Менімен зерттеу сабағын өткен бауырластың ұлы Джолли Джеффрис Нью-Йорктегі Бруклиннен көшіп келіп, ізашарлық қызметтегі серігім болды. Біз бір ер бауырлас жалға берген жылжымалы үйшікте (трейлер) тұрып жаттық.

Оңтүстік Каролинада жалақы өте төмен болатын. Бір күндік жұмысқа 2-3 доллар ғана төлейтін. Бір күні қалған соңғы тиындарыма тіске басар азық алып, дүкеннен шығып бара жатсам, бір кісі: “Саған жұмыс керек пе? Сағатына 1 доллардан төлеймін”,— деді. Сөйтіп, мен құрылыс болған бір жерде үш күн бойы тазалық жұмыстарын атқардым. Бұл жағдай Ехоба менің Эджфилдте қалып, қызмет ете бергенімді қалайтынын анық көрсетті. Осылай қызметімді жалғастыра бердім, ал 1958 жылы Нью-Йоркке халықаралық конгреске бардым.

Бір басым екеу болды

Конгрестің екінші күні ерекше бір жағдай болды. Мен Теннесси штатының Галлатин қаласында тұрақты ізашар болып қызмет ететін Руби Уадлингтон деген қыз бауырласпен таныстым. Екеуіміз де миссионер болғымыз келгендіктен, конгресте Ғалақат мектебіне барғысы келетіндерге арналған кездесуге қатыстық. Сосын біз хат жазысып тұрдық. Кейін мені Галлатинге көпшілікке арналған баяндама айтуға шақырды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Рубиден маған тұрмысқа шығуын сұрадым. Сөйтіп, Рубидің қауымына ауыстым, ал 1959 жылы біз үйлендік.

ҚАУЫМДА ҮЙРЕНУ ӘРІ ҮЙРЕТУ

23 жасымда мен Галлатинде қауым қызметшісі болып тағайындалдым (қазір “ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі” деп аталады). Чарльз Томпсон бауырластың аудандық бақылаушы болып келген ең бірінші қауымы біз болдық. Өте тәжірибелі бауырлас болса да, ол менен қауымдағылардың қажеттіліктері туралы және алдыңғы аудандық бақылаушылар бұл мәселелерді қалай шешкені жайлы сұрастырды. Мен одан шешім қабылдамас бұрын сұрақтар қойып, барлық мән-жайды біліп алу керектігін үйрендім.

1964 жылдың мамыр айында Нью-Йорктегі Саут-Лансинг қаласына бір айлық Патшалық қызмет мектебіне шақырылдым. Сол мектептің арқасында Ехобаны жақсырақ тани беруге деген және рухани толыса беруге деген ықыласым арта түсті.

АУДАНДЫҚ ЖӘНЕ ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЗМЕТТЕ ҮЙРЕНУ ӘРІ ҮЙРЕТУ

1965 жылы қаңтар айында Руби екеуіміз аудандық қызметке шақыру алдық. Біздің ауданымызға Теннессидегі Ноксвилл қаласынан Виргиниядағы Ричмонд қаласына дейінгі үлкен аумақ кіретін. Сондай-ақ Солтүстік Каролина, Кентукки мен Батыс Виргиниядағы қауымдар да кіретін. Сол уақыттарда Құрама Штаттардың оңтүстігінде ақтар мен қараларға бірге бас қосуға тыйым салынатын. Сондықтан мен тек қара нәсілді бауырластардың қауымдарында қызмет еттім. Бауырластар кедей тұратындықтан, біз қолда барымызбен бөлісуді үйрендік. Ұзақ уақыт бойы аудандық қызметте жүрген бір бауырлас маған өте құнды сөздерді айтты. Ол: “Қауым сені бауырлас деп қабылдаса ғана, оларға көмектесе аласың. Сондықтан қауымда бастық емес, бауырлас бол”,— деді.

Бірде шағын ғана бір қауымға аудандық сапармен барғанымызда, Руби бір жас әйелмен зерттеу сабағын бастады. Оның бір жасар қызы бар еді. Қауымда онымен зерттеуді жалғастыра алатын ешкім болмағандықтан, Руби сабақты пошта арқылы жүргізіп жүрді. Сол қауымға екінші сапармен келгенімізде, ол әйел бірде-бір кездесуді жібермей қатысты. Ал кейін сол жерге арнайы ізашар болып қызмет ететін екі әйел бауырлас көшіп барып, зерттеу сабағын жалғастырды. Сөйтіп, ол шомылдыру рәсімінен өтті. Шамамен 30 жыл өте, яғни 1995 жылы Паттерсондағы Бетелде бір қыз бауырлас келіп, Рубимен танысты. Сөйтсе, ол Рубимен зерттеген әйелдің қызы екен! Ол күйеуімен бірге Ғалақат мектебінің 100-інші сыныбында оқып жатыр екен.

Біздің екінші ауданымыз орталық Флорида болды. Көліксіз қиын болып кеткен соң, өте төмен бағаға бір көлік сатып алдық. Бірақ бір апта өтер-өтпес, оның моторы бұзылып қалды, ал жөндететін ақшамыз болмады. Сөйтіп, көмектесе алады-ау деген бір ер бауырласқа хабарластым. Оның бір жұмысшысы келіп, көлігімізді жөндеп берді. Ол маған: “Ештеңе төлемей-ақ қойыңыз”,— деп ақы алмады, тіпті өзі бізге ақша беріп кетті. Бұл Ехобаның қамқорлығының керемет бір көрінісі болды! Осы жағдай біз де басқаларға жомарт болуымыз керектігін есімізге салды.

Біз қауымдарды аралағанда бауырластардың үйінде тоқтайтынбыз. Осының арқасында адал достарымыздың қатары көбейді. Бірде мен терме машинасымен бір қауымға қатысты есепті жаза бастадым да, бітірмей қалдырып кеттім. Кешке үйге келсем, сол үйдің үш жасар баласы есебімді әрі қарай “жазып”, аяқтап қойыпты. Осы жайлы мен оған біраз жыл бойы қалжыңдап, тиісіп жүрдім.

1971 жылы Нью-Йорк қаласына облыстық бақылаушы болып тағайындалғаным жөнінде хат алдым. Бұған Руби екеуіміз аң-таң болып қалдық. Сол қалаға көшіп барғанымызда мен небәрі 34 жаста едім. Алғашқы қара нәсілді облыстық бақылаушылары — мені бауырластар жылы қарсы алды.

Әр аптаның соңында аудандық конгреске облыстық бақылаушы ретінде қатысып, Ехоба туралы тәлім беру маған қатты ұнайтын. Бірақ маған қарағанда әлдеқайда тәжірибелі аудандық бақылаушылар көп болатын. Олардың біреуі менің шомылдыру рәсімінен өткен кезімде баяндама айтқан. Ал тағы бірі Теодор Ярач бауырлас болатын. Кейін ол Басқарушы кеңестің мүшесі болды. Сондай-ақ Бруклин Бетелінде қызмет ететін көптеген тәжірибелі бауырластар да бар еді. Бірақ аудандық бақылаушылар болсын, бетелдіктер болсын — барлығымен өзімді жайлы сезіндім. Сол үшін оларға өте ризамын. Мен олардың Құдай Сөзіне сүйенетін қамқор бағушы екендерін және ұйымды адалдықпен қолдайтындарын көрдім. Олардың кішіпейілдіктерінің арқасында маған облыстық бақылаушы ретінде қызмет ету өте жеңіл болды.

АУДАНДЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ ОРАЛУ

1974 жылы Басқарушы кеңес облыстық қызметке тағы бір топ аудандық бақылаушыны тағайындады. Ал мен Оңтүстік Каролинаға қайтадан аудандық бақылаушы болып оралдым. Қуанышымызға орай, ол аймақта қауымдар мен аудандар бұдан былай ақ пен қара нәсілге бөлінбейтін болды. Бұл бауырластарды қатты қуантты.

1976 жылдың соңына таман мен Атланта мен Колумбус қалаларының аралығындағы Джорджия штатына тағайындалдым. Сол аймақта бір үйдің қара нәсілді бес баласының жерлеу рәсімінде баяндама айтқаным әлі есімде. Біреу қасақана олардың үйіне өрт қойып кеткен екен. Балалардың ата-анасы болса жарақаттанып, ауруханаға түскен еді. Оларды жұбату үшін ақ нәсілді де, қара нәсілді де бауырластар ауруханаға ағылып келіп жатты. Олардың ыстық сүйіспеншіліктері мені тебірентіп жіберді. Бауырластардың жанашырлығы адам төзгісіз деген қиыншылықтың өзіне де төзуге көмектесе алады екен.

БЕТЕЛДЕ ҮЙРЕНУ ӘРІ ҮЙРЕТУ

1977 жылы бізді Бруклиндегі Бетелге бірнеше айлық бір жобаға көмектесуге шақырды. Жобамызды аяқтап қалғанда, Басқарушы кеңестегі екі бауырлас маған жолығып: “Руби екеуің әрі қарай да Бетелде қызмет еткілерің келе ме?”— деп сұрады. Біз келістік.

Мен 24 жыл бойы Қызмет бөліміне көмектестім. Онда бауырластар өте күрделі мәселелерге қатысты сұрақтарды жиі қарастыратын. Алайда Басқарушы кеңес бізді Киелі кітап принциптеріне негізделген басшылықпен жылдар бойы қамдап келді. Соларға сүйеніп, біз әлгі мәселелерді шеше алдық және аудандық бақылаушыларды, ақсақалдар мен ізашарларды да үйреттік. Сол басшылықтардың арқасында көп бауырластар рухани өсті. Бұл Ехобаның ұйымын көркейте түсті.

1995 пен 2018 жылдар аралығында мен бас басқарманың өкілі ретінде көп филиалды аралап шықтым. Бұрын ол “филиалдарды аралаушы бақылаушы” деп аталатын. Мен филиал комитеттерімен, бетелдіктермен, миссионерлермен кездесіп, оларды жігерлендіруді, кез келген уайымдарын тыңдап, көмектесуді қаладым. Бірақ олардың оқиғаларын естігенде, өзіміз жігерленіп қалатынбыз. Мысалы, 2000 жылы Руандаға барғанымызда, бауырластардың және Бетел отбасының 1994 жылы геноцидтен қалай өткенін естіп, көзіміз жасқа толды. Көп бауырлас жақынын жоғалтқан екен. Қандай қиындықтан өтсе де, олар сенімдерін, үміттері мен қуаныштарын сақтап қалды.

Үйленгелі 50 жыл өтіпті

Руби екеуіміз қазір сексеннен астық. Соңғы 20 жыл АҚШ-тағы филиал комитетінде қызмет етіп келемін. Мен колледжде ешқашан оқыған емеспін. Бірақ Ехоба мен оның ұйымы маған ең жоғарғы білімді берді. Осының арқасында мен басқаларға мәңгілік пайдасы тиетін Киелі кітап шындықтарын үйрете алдым (Қор. 2-х. 3:5; Тім. 2-х. 2:2). Сондай-ақ Киелі кітаптағы білім қалайша адамдардың өмірін жақсартқанын және оларды Жаратушыларына қалай жақындатқанын өз көзіммен көрдім (Жақ. 4:8). Жүрген жерімізде Руби екеуіміз бауырластарды Ехоба жайлы білім алу әрі білім беру мәртебесін бағалауға талпындырып жүреміз. Өйткені Ехобаның қызметшісі үшін бұдан асқан мәртебе жоқ!