Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Ехобаның халқы зор сенімімен тамсандырды

Ехобаның халқы зор сенімімен тамсандырды

БҰРЫНДА бір досыммен айтқан әңгіме әлі күнге дейін есімнен кетер емес. Бұл 50 жылдай уақыт бұрын Кенияда оттың басында отырып айтылған әңгіме болатын. Біз бірнеше ай саяхаттап, күнге әбден күйіп кеткен едік. Досым екеуміз дін тақырыбын қозғайтын бір фильмді талқылап отырдық. Сол кезде ол: “Фильмде Киелі кітапты бұрмалап көрсеткен екен”,— деді.

Сол кезде мен мырс етіп: “Қойшы тегі, сен Киелі кітап жайлы не білесің өзі?!”— деп күліп жібердім, өйткені ол маған дінге жақын болып көрінбейтін. Ол үндемеді. Бірақ сәлден соң анасының Куәгер болғанын, кейбір нәрселерді содан естігенін айтып берді. Сөйтіп, мен қызығып кеттім де: “Тағы да айтып берші”,— дедім.

Біздің әңгімеміз түннің бір уағына дейін жалғасты. Досым: “Киелі кітапта бұл дүниені Шайтан билеп отырғаны жазылған”,— деді (Жох. 14:30). Сіз бұл шындықты баяғыдан-ақ білетін шығарсыз, ал мен үшін ол ешқашан естімеген жаңа да қызықты нәрсе болды. Өйткені әлемді мейірімді Жаратушы билеп отыр дегенді ғана естіп өскен болатынмын. Бірақ мен үшін бұл қиыспайтындай көрінетін. Себебі жасым небәрі 26-да болса да, өмірдің қаншалықты азапқа толы екенін көріп үлгерген едім.

Әкем АҚШ-тың әуе күштерінің ұшқышы болып қызмет етті. Содан болса керек, кез келген сәтте ядролық соғыс басталып кетуі мүмкін екенін мен жақсы түсіндім. Калифорниядағы колледжде оқып жүрген кезімде Вьетнамда соғыс жүріп жатты. Мен студенттерге қосылып, ереуілдерге шығып жүрдім. Полиция қызметкерлері дубинкаларымен қуалап, жасаурататын газ шашатын. Біз тұншығып, көзіміз ашып қашатынбыз. Елде бүлік қаптап, дүрбелең кез боп жатты. Билік өкілдерін өлтіріп кетіп жатты, жұрт көтеріліске шығып, хаос орын алды. Әркім әр жаққа тартып, елде бірлік болмады.

Лондоннан Орталық Африкаға тап болдым

1970 жылы Алясканың солтүстік жағалауында жұмыс істеп, көп ақша жинап алдым. Содан Лондонға барып, мотоцикл сатып алдым да, оңтүстікке қарай ойланбай айдай бердім. Бірнеше айдан кейін Африкадан бір-ақ шықтым. Жол-жөнекей өзім сияқты өмірдің тауқыметінен әбден шаршап, бостандық іздеген адамдарды кездестірдім.

Содан, көргенім бар, естігенім бар, шынымен де Киелі кітапта айтылғандай, “осы дүниені зұлым бір рух билеп отыр” дегенмен келісе бастадым. Бірақ “Құдай бар емес пе?! Ол қайда қарап отыр?” деген ой маған маза бермеді.

Бірнеше айдан кейін осы сұрағыма жауап таптым. Уақыт өте жалғыз шынайы Құдайға түрлі жағдайда адалдық сақтап жүрген көп адаммен танысып, олармен дос болып кеттім.

“БОМБА МЕН ОҚТЫҢ МЕКЕНІ”

Лондонға қайтып барғанымда досымның анасымен кездестім, ол маған Киелі кітап сыйлады. Кейін Нидерландының Амстердам қаласында болғанда көшеде жарықтың астында Киелі кітапты оқып отырдым. Сол кезде мені бір Куәгер байқап, маған толығырақ мәлімет берді. Кейін Ирландияның Дублин қаласына барған кезімде Ехоба куәгерлерінің филиалын тауып алдым. Есікті қағып кіргенімде, алдымнан бір ер бауырлас шықты. Бұл Артур Мэттьюз деген өте ақылды әрі тәжірибелі бауырлас болатын. Мен Киелі кітапты зерттегім келетінін айтып едім, ол өзінің көмегін қуана ұсынды.

Мен ынты-шынтыммен зерттеп, Куәгерлердің том-том кітаптарын құмарлана оқи бастадым. Әрине, Киелі кітаптың өзін де оқыдым. Оқығанда, қызығына батып кететінмін! Қауым кездесулерінде қарап отырсам, тіпті білімді адамдардың өзі талай ғасыр бойы бас қатырып жүрген сұрақтардың жауабын мұнда кішкентай балаға дейін біледі екен. Неге жамандық көп екенін, Құдай қандай екенін және өлген соң не болатынын олар да айтып бере алатын. Мен тек Куәгерлермен араласып жүрдім, ол елде ешкімді танымағандықтан да солай болған шығар. Куәгерлер маған Ехобаны сүюді үйретті және оның еркін орындауға деген қалауымды оятты.

Нигель, Денис және мен

1972 жылы шомылдыру рәсімінен өттім. Бір жылдан кейін ізашарлық қызметті бастап, Солтүстік Ирландияның Ньюри қаласындағы кішкентай қауымда қызмет ететін болдым. Таудың бөктерінде жалғыз тұрған, тастан соғылған бір үйді жалдап тұрдым. Үйдің қасындағы танапта сиырлар жүретін, олардың алдында баяндамамды айтып жаттығатынмын. Олар күйіс қайтарып қойып, мені мұқият тыңдайтын. Сиырлар мені түзетіп, кеңес бере алмаса да, солардың арқасында тыңдармандарға қарап сөйлеуді үйрендім. Ал 1974 жылы арнайы ізашар болып тағайындалып, Нигель Питт деген бауырласқа серік болдым. Екеуміз өмірлік дос болып кеттік.

Сол уақыттары Солтүстік Ирландияда қылмыс пен қатыгездік өршіп тұрды. Тіпті ол “бомба мен оқтың мекені” деген атпен таныла бастады. Біреуді тұтқиылдан атып кету, көліктерді жарып кету деген кәдімгі нәрсе боп кетті, көшелер атыс-қақтығысқа толды. Саяси да, діни де проблемалар шиеленісіп кетті. Алайда протестанттар жағы да, католиктер жағы да Куәгерлердің бейтарап халық екенін түсінгендіктен, біз емін-еркін әрі қауіпсіз түрде уағыздай бердік. Үй иелері қай жерде, қашан қауіпті екенін жақсы білетін. Сондықтан қызметте бізді ескертіп, сақтандырып қоятын.

Бірақ өміріміз қыл үстінде тұрған жағдайлар да болды. Бір күні Денис Карриган деген ізашармен бір қалада уағыздап жүрдік. Бұл қалада басқа Куәгерлер жоқ еді, әрі өзіміз де ол жерге екінші рет қана келіп тұрған едік. Біз ирландша акцентпен сөйлемегендіктен бе, бір әйел бізді Британияның тыңшылары деп айыптап шыға келді. Сонда бойымыз дір ете қалды. Өйткені сол уақыттары британ солдаттарына жай күліп қарағаныңның өзіне-ақ сені өлтіріп я тізеңнен атып кететін. Біз екеуміз далада тоңып, дірдектеп, автобус күтіп тұрған кезде әлгі әйел отырған кафеге бір көлік келіп тоқтады. Әйел кафеден шықты да, көліктегі екі ер адамға бізді шұқып көрсетіп, бір нәрсені айтып жатты. Сосын көлік ақырындап қасымызға келді де, ішіндегі ер кісілер автобустың кестесі жайлы бізге бір-екі сұрақ қойды. Ал автобус келген соң, олар автобустың жүргізушісімен сөйлесті. Олар не айтып жатқаны бізге анық естілмеді. Автобустың ішінде бізден басқа ешкім болмағандықтан, мыналар бізді қаланың сыртына әкетіп, көзімізді құртпақшы ғой деп ойладық. Бірақ бізбен жаман ештеңе болмады. Автобустан түсіп бара жатқанда жүргізушіге: “Әлгі кісілер біз жайында не сұрады?”— дедім. “Мен сендерді жақсы білетінімді айттым. Енді қорықпай, еркін жүре беріңдер”,— деді ол.

1977 жылдың наурыз айында үйлендік

1976 жылы Дублинде өткен облыстық конгресте a Англиядан келген Паулин Ломакс деген бір арнайы ізашар қызбен таныстым. Ол өте рухани, кішіпейіл әрі сүйкімді бауырлас болатын. Інісі Рэй екеуі шындықта туып өскен екен. Содан бір жылдан кейін Паулин екеуміз үйленіп, солтүстік Ирландияның Баллимена қаласында арнайы ізашарлық қызметімізді жалғастырдық.

Біз біраз уақыт Белфаст, Лондондерри мен басқа да қауіпті аймақтарда аудандық қызметте жүріп, бауырластарымызға қызмет еттік. Бауырластардың Ехобаға қызмет ету үшін қандарына сіңіп кеткен діни наным-сенімдерден, алалаушылық пен жеккөрушіліктен қалай арылғандарын көріп, сенімдеріне қайран қалдық. Ехоба оларға батасын төгіп, қанатымен қалқалап жүрді.

Мен Ирландияда он жыл тұрдым. Кейін 1981 жылы бізді Ғалақат мектебінің 72-сыныбына шақырды. Мектепті бітірген соң, Батыс Африкадағы Сьерра-Леоне еліне тағайындалдық.

СЬЕРРА-ЛЕОНЕДЕГІ КЕДЕЙ БОЛСА ДА, СЕНІМІ МЫҚТЫ БАУЫРЛАСТАР

Біз миссионерлер үйінде 11 бауырлас боп тұрдық, олар тамаша адамдар еді. Үйде бәрімізге бір ас үй, үш дәретхана, екі жуынатын бөлме, бір телефон, бір кір жуғыш машина және бір кептіргіш машина болды. Жарық деген жиі ойламаған жерден өшіп қалатын. Шатырымызға егеуқұйрықтар, ал жертөлемізге кобралар кіріп кете беретін. Тұрмыстық жағдайымыз анау айтқандай керемет болмаса да, қызметтен көп қуаныш алатынбыз.

Гвинеядағы аймақтық конгреске бару үшін өзеннен өттік

Адамдар Киелі кітапқа құрметпен қарағандықтан, бізді ұйып тыңдайтын. Көбісі зерттеу бастап, шындыққа келді. Бір қызығы, жергілікті адамдар мені “Роберт мырза”, ал әйелімді “Роберт ханым” деп атайтын. Кейінірек Бетелде ісім көбейіп, уағызға азырақ шыға бастағанымда, әйелімді “Паулин ханым” деп атай бастады да, ал мен “Паулин мырза” боп кеттім. Паулин соған мәз болатын!

Сьерра-Леонеде уағыздау үшін жолға шықтық

Ол жақта бауырластардың көбісі кедей болса да, Ехоба олардың қажетін үнемі қамтамасыз етіп отыратын (Мат. 6:33). Соған қатысты бір оқиға айтып берейін. Бір рет бір әйел бауырлас бар ақшасын безгекпен ауыратын ер бауырластың дәрісіне бере салды. Бұл оның сол күні бала-шағасына тамақ аламын деп отырған соңғы ақшасы еді. Бірақ сол күні ол бауырласқа ойламаған жерден бір әйел келіп, шашын жасатып, ақша беріп кетеді. Осындай таңғаларлық жағдайлар көп болды.

НИГЕРИЯНЫҢ МӘДЕНИЕТІНЕ ҮЙРЕНУ

Біз Сьерра-Леонеде тоғыз жыл қызмет еттік. Кейін Нигериядағы үлкен Бетелге тағайындалып кеттік. Бұл мен үшін аса үлкен өзгеріс болған жоқ, өйткені Сьерра-Леонеде атқарған кеңселік жұмысымды осы жерде де атқара бердім. Бірақ Паулин үшін көп нәрсе өзгергендіктен, оған қиынырақ соқты. Ол бұрын ай сайын 130 сағат уағыздайтын, жақсы зерттеу сабақтары да бар еді. Ал енді Бетелге тігін бөліміне тағайындалғандықтан, күні бойы уақытын киім жөндеумен өткізетін болды. Бұл өзгеріске үйренісуге біраз уақыт кетті, әрине. Бірақ бауырластар оның еңбегін қатты бағалайтынын көре бастады, сөйтіп, әр мүмкіндікті пайдаланып, бетелдік бауырластарын жігерлендіруді мақсат етті.

Нигериялықтардың мәдениетіне біраз үйренісуіміз керек болды. Бетелде болған бір қызық жағдайды айтып берейін. Бір ер бауырлас Бетелге енді келген қыз бауырласпен таныстыру үшін кеңсеме кіріп келді. Қыз бауырласпен амандасайын деп қолымды соза беріп едім, ол басын жерге дейін ие кетті. Мен: “Мына бауырлас не істеп жатыр?”— деп шошып кеттім. Ойыма бірден екі тармақ сап ете қалды: Елшілердің істері 10:25, 26 мен Аян 19:10. Оған “бұлай істеме деп айтайын ба” деп ойланып қалдым. “Бірақ ол Бетелге шақырылып отырған адам ғой, Киелі кітапты жақсы біледі емес пе” деп те ойладым.

Әрі қарай әңгіме барысында не айтып, не қойғанымды білмеймін. Кейін осы жайында біраз ізденіс жасадым. Сөйтсем, бұл Нигерияның кейбір жерлерінде әлі де сақталып келе жатқан бір салт екен. Ер кісілер де осылай иіледі екен, әрі бұл — табынудың емес, құрмет көрсетудің белгісі. Жазбалардан да осыған ұқсас жағдайларды таптым (Сам. 1-ж. 24:8). Сол кезде мен білмей жатып бауырласымды түзетіп, оны ұялтпағаныма қуанып кеттім.

Нигерияда Ехобаға жылдар бойы адалдық сақтаған бауырластарды көптеп кездестірдік. Солардың бірі — Айзая Адагбона b. Ол шындықты жас кезінде естиді, кейін алапес ауруына шалдығып қалады да, алапестер үйіне көшуге мәжбүр болады. Ол онда жалғыз Куәгер болатын. Қатты қарсылық көргеніне қарамай, ол 30-дан астам науқас адамға шындыққа келуге көмектеседі, тіпті сол жерде бір қауым ашады.

КЕНИЯДАҒЫ БАУЫРЛАСТАР МАҒАН ШЫДАМДЫ БОЛДЫ

Кениядағы кішкентай мүйізтұмсық

1996 жылы біз Кениядағы филиалға тағайындалдық. Бұл Кенияға екінші рет келуім еді, ал алғаш келгенім жайында әңгімемнің басында айтып кеттім. Біз Бетелде тұрдық. Бетелге келетін қонақтардың қатарында маймылдар да болды. Олар қолдарына жеміс ұстап бара жатқан әйел бауырластарды тонайтын. Бір күні бір әйел бауырласымыз бөлмесінің терезесін ашық қалдырып кетсе, үйіне бір тобыр маймыл кіріп, бөлмеден тапқандарының бәрін жеп отыр екен. Әйел бауырласымыз есікті ашып қалып, шыңғырып қашып кетеді. Оның шыңғырғанынан маймылдар да шиқылдап, терезеден секіріп, тым-тырақай қашады.

Паулин екеуміз суахили тіліндегі қауымға ауыстық. Шамалы-ақ уақыт өте мен Қауымның кітап зерттеу тобын жүргізуге тағайындалдым (қазір ол Қауымда Киелі кітапты зерттеу деп аталады). Бірақ мен ол кезде суахилише екі сөздің басын құрай алмайтынмын. Сондықтан тарауды алдын ала зерттеп, сұрақтарын дұрыс оқуды үйренетінмін. Егер түсініктеме беріп жатқан бауырлас абзацтан сәл басқаша айта бастаса, дым түсінбей қарап тұратынмын. Бұл бір өте ыңғайсыз жағдай болатын! Бауырластарға жаным ашитын. Кездесуді қалай жүргізгеніме шыдап, кішіпейілділік танытқандарына мен дән ризамын.

ҚҰРАМА ШТАТТАРДАҒЫ БАУЫРЛАСТАРДЫҢ СЕНІМІ

Кенияда бір жылға жуық уақыт болдық. Сосын, 1997 жылы, Нью-Йорктің Бруклин қаласындағы Бетелге тағайындалдық. Бұл жерде адамдардың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайы өте жақсы болғанмен, өзіндік қиындықтары болатын (Нақ. с. 30:8, 9). Бірақ осындай елдің өзінде де бауырластар берік сенімдерін паш етіп жүрді. Олар уақыттары мен қолда барларын баю үшін емес, Ехобаның ұйымын қолдау үшін жұмсайтын.

Біз соншама жылдар бойы бауырластарымыздың әртүрлі жағдайдағы берік сенімдерін көрдік. Ирландияда азаматтық қақтығысқа қарамастан, Африкада кедейлікке және оқшау тұрып жатқандарына қарамастан, ал АҚШ-та елдің тұрмыс деңгейі көтеріліп, өркендеп жатқанына қарамастан бауырластар сенімдерін сақтап қалды. Қандай жағдай болмасын, Ехобаның халқы оған деген сүйіспеншіліктерін еш суытпады. Ехоба оларға көктен қарап, әбден сүйсінгенінде дау жоқ!

Паулин екеуміз Уорвиктегі Бетелде

Біздің жылдар “тоқымашының қайығынан да жылдам зулады” (Әйүп 7:6). Қазір Уорвиктегі бас басқармада қызмет етеміз, әлі де бір-бірін адал сүйетін халықтың ортасында жүргенімізге өте ризамыз. Патшамыз Иса Мәсіхті барынша қолдай алғанымыз бізге бақыт, қанағат пен қуаныш сыйлайды. Ол жақында сансыз көп адал қызметшісінің бәріне батасын төгеді (Мат. 25:34).

a Аймақтық конгрестер ол кезде облыстық деп аталған.

b Айзая Адагбонаның өмірбаянын 1998 жыл 1 сәуірде шыққан Күзет мұнарасының (ор. ) 22—27 дейінгі беттерінен оқи аласыз. Айзая бауырлас 2010 жылы қайтыс болды.