Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Құдай сыйлаған өмірді бағалаңыз

Құдай сыйлаған өмірді бағалаңыз

“Оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет етіп, тірі жүрміз” (ЕЛ. ІС. 17:28).

141-ӘН Өмір — Құдайдан келген сый

АҢДАТПА a

1. Ехоба үшін біздің өміріміз қаншалықты құнды?

 ДОСЫҢЫЗ сізге көнеден қалған баға жетпес бір картина сыйлады делік. Бірақ оның кейбір жеріне дақ түскен, кейбір жерінің өңі кеткен. Десе де ол — миллиондаған долларға бағаланатын асыл туынды. Әлбетте сіз мұндай сыйлықты жоғары бағалап, барынша сақтауға тырысасыз. Осы сияқты, Ехоба да бізге өте құнды сый — өмірді берген. Біздің өміріміз оған қымбат болғаны сонша — біз үшін өзінің ұлын құрбан еткен (Жох. 3:16).

2. Қорынттықтарға 2-хат 7:1-ге сай, Ехоба бізден не күтеді?

2 Ехоба — “өмірдің қайнар көзі” (Зәб. 36:9). Елші Пауыл да осы шындықты растап: “Оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет етіп, тірі жүрміз”,— деген (Ел. іс. 17:25, 28). Қамқор Құдайымыз өмір сыйлап қана қоймай, бізді тіршілік етуге қажеттінің бәрімен қамтамасыз еткен (Ел. іс. 14:15—17). Бірақ Ехоба өмірімізді ғажайып жолмен сақтап отырмайды. Керісінше, ол біздің өз тарапымыздан барымызды салып, тәндік және рухани денсаулығымызды күткенімізді қалайды (Қорынттықтарға 2-хат 7:1 оқыңыз). Неге біз денсаулық пен өмірді сақтауымыз керек және мұны қалай істей аламыз?

ҚҰДАЙ СЫЙЛАҒАН ӨМІРГЕ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАҢЫЗ

3. Денсаулықты күту керектігінің бір себебі неде?

3 Денсаулығымызды күту керектігінің бір себебі — Ехобаға бар күш-қуатымызбен қызмет еткіміз келеді (Мар. 12:30). Біз “денемізді тірі, қасиетті, Құдайға ұнамды құрбандық ретінде” ұсынғымыз келеді (Рим. 12:1). Сондықтан денсаулығымызға зиянды нәрселерден аулақ жүреміз. Әрине, қанша күтінгенмен, ауырып қалмайтынымызға кепілдік жоқ. Әйтсе де көктегі Әкеміз сыйлаған өмірді бағалағандықтан, денсаулықты қолдан келгенше сақтаймыз.

4. Дәуіт патша не қалаған?

4 Дәуіт патша Құдай сыйлаған өмірді не үшін бағалағанын білесіз бе? Ол: “Менің өлгенімнен, орға түскенімнен келер пайда бар ма? Қара жер сені мадақтай ма? Адалдығың жайлы айта ма?”— деген (Зәб. 30:9). Дәуіт бұл сөздерді өмірінің соңғы жылдарында жазса керек. Ол Ехобаны мадақтау үшін мүмкіндігінше ұзақ жасап, жақсы күйде жүруді қалаған. Бәріміз де осыған ұмтыламыз, солай емес пе?

5. Қарттықтан қалжырасақ та, денсаулығымыз мұқалса да, біз не істей аламыз?

5 Ауру мен қарттық меңдегендіктен, шама-шарқымыз бұрынғыдай емес шығар. Сол үшін көңіліміз түсіп, қынжылуымыз мүмкін. Осындайда бәрінен күдер үзіп, денсаулығымызға қарамай кетпейік. Өйткені дертіміз бен жасымызға қарамастан, әлі де Ехобаны Дәуіт патша сияқты мадақтай аламыз. Қарттықтан қалжырасақ та, денсаулығымыз мұқалса да, біз Ехоба үшін қымбатпыз, бұл неткен жұбаныш! (Мат. 10:29—31). Ал өміріміз үзілсе, Ехоба бізді тірілтуге асығады (Әйүп 14:14, 15). Кеудемізде жанымыз барда өмірімізді, денсаулығымызды сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайық.

ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРДЕН САҚТАНЫҢЫЗ

6. Ішіп-жеуімізге келгенде Ехоба бізден не күтеді?

6 Киелі кітап денсаулықты күту я дұрыс тамақтану жайлы нұсқаулық болмаса да, онда Ехобаның осы мәселелерге қатысты көзқарасы жазылған. Мысалы, онда: “Зиянды нәрселерді тәніңе жолатпа”,— делінген (Уағ. 11:10). Киелі кітапта қомағайлыққа және ішкілікке тыйым салынған. Себебі олар денсаулығымызға, тіпті өмірімізге қатер төндіреді (Нақ. с. 23:20). Ехоба біздің ұстамды болып, не ішіп-жейтінімізге, қанша ішіп-жейтінімізге мұқият болғанымызды қалайды (Қор. 1-х. 6:12; 9:25).

7. Нақыл сөздер 2:11 денсаулық мәселесінде ақылмен әрекет етуге қалай көмектеседі?

7 Құдайдың сыйлаған өмірін бағалау деген ақылмен әрекет етуді білдіреді (Зәб. 119:99, 100; Нақыл сөздер 2:11 оқыңыз). Мәселен, қандай да бір тағамды ұнатып тұрсақ та, оның бізге зиян екенін білсек, саналылықтың арқасында оны жемей қоямыз. Сондай-ақ саналы болсақ, жеткілікті ұйықтаймыз, жүйелі түрде дене жаттығуларын жасаймыз және жекебас гигиенасын сақтап, үйімізді таза ұстаймыз.

ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН ҰСТАНЫҢЫЗ

8. Қауіпсіздік шараларын ұстану Ехоба үшін маңызды екеніне қатысты Киелі кітап не дейді?

8 Ехобаның Исраил халқына берген Заңында үйде немесе жұмыста жазатайым оқиғалардың алдын алуға қатысты ережелер болған (Мұс. 2-ж. 21:28, 29; Мұс. 5-ж. 22:8). Біреу абайсызда адам өлтіріп қойса, ол мұның ауыр салдарын тартатын болған (Мұс. 5-ж. 19:4, 5). Тіпті іштегі балаға аңдамай зақым келтірген адам Заң бойынша жазаға тартылатын (Мұс. 2-ж. 21:22, 23). Жазбалардан ап-айқын көрінетіндей, Ехоба біздің қауіпсіздік шараларын ұстанғанымызды қалайды.

Мына жағдайларда өмірді құрметтеуге не жатады? (9-абзацты қараңыз)

9. Оқыс жағдайлардың қалай алдын алуға болады? (Суреттерді де қараңыз.)

9 Үйде және жұмыста қауіпсіздік шараларын ұстануымызбен Құдай сыйлаған өмірді бағалайық. Мысалы, өткір заттарды, улы химиялық заттар мен дәрі-дәрмекті тастағанда, оны қауіпсіз жолмен жасаймыз әрі мұндай заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаймыз. От жақсақ, бір нәрсені қайнатып жатсақ я электр құралдарымен жұмыс істеп жатсақ, оларды қараусыз қалдырмаймыз. Сана-сезімімізге әсер ететін дәрі қабылдасақ, ішімдік ішсек я ұйықтамағаннан діңкеміз құрып тұрса, көлік жүргізбейміз және рөлде отырып, электронды құрылғыларға алаңдамаймыз.

АПАТ ТӨНГЕНДЕ

10. Апатқа дейін және апат кезінде не істей аламыз?

10 Кейде өмірімізге қауіп төндіретін жағдайларды айналып өту мүмкін болмай жатады. Мысалы, табиғи апат, эпидемия немесе қарулы қақтығыстар кезінде. Бірақ осындай төтенше жағдайда да қауіп-қатерді азайтып, қолдан келгенше сақтанудың жолдары бар. Бұған коменданттық режимге, эвакуация нұсқауларына және төтенше жағдайдағы ережелерге бағыну жатады (Рим. 13:1, 5—7). Ал кейбір қауіпті жағдайларды үкімет алдын ала ескертсе, біз олардың нұсқауларына құлақ асып, қамданып қойсақ болады. Мысалы, жеткілікті ауызсу мен азық-түлік қорын жинап, алғашқы жәрдем қобдишасын дайындап қояйық.

11. Жұқпалы індет тарағанда не істеуіміз қажет?

11 Біз тұрып жатқан жақта жұқпалы індет тараса ше? Қол жуу, арақашықтық сақтау, маска тағу мен карантинді ұстану сияқты төтенше жағдай ережесіне бағынамыз. Осы жайттарға жауапкершілікпен қарау арқылы Құдай сыйлаған өмірді бағалайық.

12. Төтенше жағдайда түрлі ақпарат тарағанда, Нақыл сөздер 14:15-тегі принципті қалай қолдансақ болады?

12 Әдетте төтенше жағдайда достар мен көршілер арасында, медиада да жалған ақпарат тарап жатады. Сондайда аңғал болып “әрбір сөзге” сене бермей, ең сенімді деген үкіметтік және медициналық деректерге жүгінейік (Нақыл сөздер 14:15 оқыңыз). Басқарушы кеңес пен филиалдар бізге қауым кездесулеріне я уағыз ісіне қатысты басшылық бермес бұрын көп тер төгіп, ақпараттың туралығына барынша көз жеткізіп алады (Евр. 13:17). Оларға құлақ ассақ, өзімізді де, қасымыздағыларды да қорғай аламыз. Қоғамның алдында да Куәгерлердің беделін көтеріп, жақсатты қыламыз (Пет. 1-х. 2:12).

“ҚАННАН БАС ТАРТУ” ҚҰЖАТЫҢЫЗ ДАЙЫН БА?

13. Қан құйдыруға келгенде өмір сыйын бағалайтынымызды қалай көрсетеміз?

13 Ехоба куәгерлері қанды қасиетті тұтуымен танымал. Біз тіпті шұғыл медициналық көмекке зәру болғанда да, Ехобаның заңына мойынсұнып, қан құйдырудан бас тартамыз (Ел. іс. 15:28, 29). Әрине, бұл — өмір сүргіміз келмейді деген сөз емес. Керісінше, Құдай берген өмір біз үшін қымбат болғандықтан, біз қансыз әрі өте сапалы жолмен емдеуге дайын білікті мамандарға жүгінеміз.

14. Күрделі ем-шараның мейлінше алдын алу үшін не істей аламыз?

14 Осы мақаланың басында айтылған кеңестерге құлақ ассақ, күрделі ем-шараның я ота жасатудың алдын ала аламыз. Ал денсаулығымыз неғұрлым жақсы болса, ота жасату керек жағдайда оны соғұрлым жеңіл өткеріп, тез оңалып кетеміз. Сондай-ақ үйде және жұмыста өмірге қауіп төндіретін жағдайды болдырмасақ әрі жол-көлік ережелерін қатаң ұстансақ, шұғыл ота жасатуға мұқтаж болмаймыз.

Құдай сыйлаған өмірді бағалағандықтан, ”Өз еркін білдіру және сенімхат” құжатын толтырып, оны үнемі өзімізбен алып жүреміз (15-абзацты қараңыз) d

15. а) Неліктен медициналық құжатымызды әрқашан алып жүру қажет? (Суретті де қараңыз.) ә) Видеода көрсетілгендей, қанға қатысты дұрыс шешім қабылдауға не көмектеседі?

15 Ехоба берген өмірді бағалайтынымыздың тағы бір көрсеткіші — “Өз еркін білдіру мен сенімхат” деген медициналық құжатты әрдайым өзімізбен бірге алып жүру b. Сіз бұл құжатқа қан құйдыруға және қабылдайтын ем-шараларға қатысты өз қалауыңызды жазып қоясыз. Сіздің құжатыңызды жаңарту қажет емес пе? Егер оны толтыру я ішіндегі мәліметті жаңарту керек болса, кейінге ысырмай, бірден қолға алыңыз. Сіз онда таңдауыңызды анық та қанық етіп жазып қойсаңыз, ем қабылдарда дәрігерлермен мән-жайды талқылап, уақытты жоғалтпайсыз. Сондай-ақ келеңсіздікті де болдырмайсыз, себебі дәрігерлер осы құжаттан сізге қандай ем-шараны қолдануға болмайтынын біле алады c.

16. “Өз еркін білдіру және сенімхат” құжатын толтыруды білмесек, не істесек болады?

16 Жас болсақ та, денсаулығымыз мықты болса да, кез келгеніміз оқыс жағдайға ұшырап я ауруға шалдығып қалуымыз мүмкін (Уағ. 9:11). Сондықтан жоғарыда айтылған медициналық құжатымызды толтырып қойған жөн. Ал егер оны қалай толтыруды білмесеңіз, қауымыңыздағы ақсақалдардан көмек сұраңыз. Олар осы жағынан жақсы көмектескенімен, сіз үшін шешім қабылдамайды. Бұл — өз жауапкершілігіңіз (Ғал. 6:4, 5). Десе де олар таңдауыңызды жан-жақты түсіндіріп бере алады және өз еркіңізді жазбаша білдіруге көмектеседі.

ЕСТІЛІККЕ ҰМТЫЛЫҢЫЗ

17. Денсаулық мәселесінде есті болуға не жатады?

17 Денсаулықты күту мен емделуге қатысты шешімдердің көбісін Киелі кітап бойынша тәрбиеленген өз ар-ұжданымызға сай қабылдаймыз (Ел. іс. 24:16; Тім. 1-х. 3:9). Сондай-ақ шешім қабылдағанда я сол туралы басқалармен әңгімелескенде, Філіпіліктерге 4:5-те жазылған мына принципті ұстанғанымыз жөн: “Сендердің есті екендеріңді жұрттың бәрі көретін болсын”. Есті де парасатты болсақ, біз денсаулығымызды ойлап қатты уайымдамаймыз және өз көзқарасымызды басқаларға үгіттемейміз. Бауырластар біздікінен басқаша шешім қабылдап жатса да, оларды жақсы көріп, құрметтей береміз (Рим. 14:10—12).

18. Құдай сыйлаған өмірге деген алғысымызды қалай білдіреміз?

18 Сонымен, өмірдің Қайнары Ехобаға өз тарапымыздан білдірер алғысымыз — өмірімізді барынша сақтап, оған ең жақсымызды беріп қызмет ету (Аян 4:11). Мына дүниеде, әрине, ауру мен апатты айналып өте алмаймыз. Алайда Ехобаның о баста бізге тілеген өмірі бұндай емес. Жуырда ол бізді ауру да, өлім де болмайтын мәңгілік өмірге жеткізеді (Аян 21:4). Сол уақыт келгенше тірі жүріп, көктегі мейірімді Әкеміз Ехобаға қызмет ету зор бақыт емес пе?!

140-ӘН Сол уақытты қарсы ал

a Осы мақала бізді өмір сыйын бағалай түсуге талпындырады. Нақтырақ айтқанда, апат жағдайында денсаулығымыз бен өмірімізді қалай сақтай алатынымызды және оқыс оқиғаның алдын алу үшін не істей алатынымызды талқылаймыз. Сондай-ақ шұғыл медициналық көмек керек болатын жағдайға қалай дайын бола алатынымызды көреміз.

b Бұл құжатты “ҚАННАН БАС ТАРТУ” деп те атаймыз.

c jw.org сайтынан “Денсаулық мәселесінде қанға қатысты шешім қабылдау” деген бейнероликті көріңіз.

d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас “Өз еркін білдіру және сенімхат” құжатын толтырып, оны ұмытпай, өзімен бірге алып жүр.