Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

12-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Жаратқандарына қарап Ехобаны таныңыз

Жаратқандарына қарап Ехобаны таныңыз

“Оның көзге көрінбейтін қасиеттері... дүние жаратылғаннан бері айқын. Бұларды оның жаратылыстарынан көріп, түсінуге болады” (РИМ. 1:20).

6-ӘН Заңғар көк Құдайдың салтанатын жариялайды

АҢДАТПА a

1. Әйүпке Ехобаны жақыннан тануға не көмектесті?

 ЕХОБА ҚҰДАЙМЕН тілдескен сәті Әйүптің есінде ерекше сақталса керек. Ехоба оның назарын өзінің ғажап жаратылыстарына аударды. Сол кезде Әйүп оның қандай дана Құдай екеніне және қызметшілерін қамқорлауға құдіреті жететініне көз жеткізді. Ехоба жан-жануарлардың қамын жасап қойған болса, онда оны да қажетімен қамдайтынына сенімі нығайды (Әйүп 38:39—41; 39:1, 5, 13—16). Осылай Әйүп жаратылыстарға үңіле отырып, Жаратушысының қасиеттері жайлы мол білім жинады.

2. Ехобаның жаратқандарын тамашалауға не кедергі болуы мүмкін?

2 Біз де табиғатқа мән бере отырып, Ехоба жайлы білімімізді молайта аламыз. Алайда қалалы жерде тұрып жатсақ, табиғатты тамашалайтын мүмкіндігіміз бола бермейді. Ал табиғат аясында тұрып жатсақ, оған мән беріп, ой жүгіртетін уақытымыз болмай жатады. Десе де бұған уақыт тауып, күш салу неге маңызды? Ехоба мен Иса жаратылыстар арқылы бізге қандай тәлім берді және жаратылыстарға қарап, Құдайға жақындау үшін не істей аламыз? Бұл мақалада осы сұрақтардың жауабын білеміз.

ЖАРАТЫЛЫСТАРҒА НЕЛІКТЕН МӘН БЕРУІМІЗ КЕРЕК?

Ехоба Адамды табиғаттың қызығын көрсін, жан-жануарларға ат қойсын деді (3-абзацты қараңыз)

3. Адам табиғаттың қызығын көру үшін Ехоба не істеді?

3 Ехоба алғашқы адамды жаратқанда, оны табиғаттың мол қызығына батсын деді. Адамды көз жауын алатындай сұлу, бүлінбеген Едем бағына жайғастырып, оған бақты күтіп-баптап, аясын кеңейтуді тапсырды (Мұс. 1-ж. 2:8, 9, 15). Адам дәндердің көктеп шыққанын, әсем гүлдердің жайқалып ашылғанын көргенде аң-таң болып, қызығып қараған шығар. Құдайдың қолынан шыққан ғажап бақты күтіп-баптау ол үшін үлкен құрмет еді! Бұған қоса, Ехоба оған жердегі қыбырлаған жәндіктен әуедегі құстарға дейін ат қоюды тапсырды (Мұс. 1-ж. 2:19, 20). Ол мұны өзі істесе болар еді, бірақ бұл мүмкіндікті Адамға сыйлады. Содан Адам жануарлардың әрқайсысының қылықтарын, ерекшеліктерін бақылап жүрді. Ол осы істің қызығына батып, сүйіп атқарғанында дау жоқ. Осылай Әкесінің асқан даналығына, шеберлігі мен жасампаздығына қайран қалса керек.

4. а) Жаратылыстарға мән беріп қарауымыз керектігінің бір себебі қандай? ә) Құдайдың жаратқандарының ішінде әсіресе қайсылары сізге ерекше ұнайды?

4 Табиғатқа мән беріп қарауымыз керектігінің бір себебі — мұны Ехобаның өзі қалайды. Мысалы, ол өз Сөзінде: “Көкке көз жіберіп қараңдаршы”,— дейді. Сосын: “Ондағы жұлдыздарды кім жаратты?”— деп сұрайды (Ишая 40:26). Ехоба расында да көкті ғана емес, жер бетін де, теңізді де өзінің ғажап жаратылыстарына толтырған. Соларға қарап, көп нәрсе үйрене аламыз (Зәб. 104:24, 25). Ал адамдарға ол қандай қабілет берді? Ол бізге сұлу табиғатты көргенде тамсанатын және оны бағалайтын сезім берген. Сондай-ақ сан алуан жаратылыстың қызығын көру үшін көру, есту, сипап сезу, иіс пен дәм сезу қабілеттерін дарытқан.

5. Римдіктерге 1:20-ны ескерсек, Ехобаның жаратылыстарын тағы не себепті зерттеуіміз керек?

5 Жаратылыстарды мұқият бақылауымыз керектігінің екінші себебі Киелі кітапта айтылған: осылай біз Ехобаның қасиеттерін көреміз (Римдіктерге 1:20 оқыңыз). Мысалы, әрбір жаратылысты қалай ойластырып жасағанына қарасақ, оның даналығын байқаймыз, солай емес пе? Ал жейтін тамағымыздың сан алуандығын айтсаңызшы! Бұл Жаратушымыздың бізге деген сүйіспеншілігінің дәлелі ғой! Жасағандарына қарап, Жаратушымыз Ехобаны жан-жақты танығанда, оған жақындай түсеміз. Қазір Ехоба өзі жаратқан нәрселері арқылы адамзатқа қандай маңызды тәлім бергеніне тоқталайық.

ҚҰДАЙ ЖАРАТЫЛЫСТАРЫ АРҚЫЛЫ ӨЗІ ТУРАЛЫ ТӘЛІМ БЕРЕДІ

6. Жыл құстарына қарап нені түсінеміз?

6 Ехоба белгілеген уақытынан кешікпейді. Жыл сайын ақпанның соңы мен мамырдың ортасы аралығында Исраил елінің үстімен дегелектер ұшып өтетін. Бұл олардың солтүстікке қоныс аударатын уақыты болған. Құдай исраилдіктердің назарын сол құстарға аударып: “Аспандағы дегелек өз мерзімін біледі”,— деген (Ерм. 8:7). Ехоба дегелектердің басқа мекенге ұшатын мезгілін белгілеп қойғанындай, өз үкімдерін жүзеге асыратын уақытты да белгілеп қойған. Бүгінде жыл құстарының көкті жарып ұшып бара жатқанын көргенде, Ехобаның осы зұлым заманды жоямын деп белгілеген “уақыты бар” екеніне сеніміңіз нығайсын (Абқ. 2:3).

7. Қыранның қалықтап ұшуы бізге қандай сенімділік береді? (Ишая 40:31)

7 Ехоба қызметшілеріне күш-қуат береді. Ишая пайғамбардың кезінде Ехоба қажып-қалжыраған халқына “қанаттарын жайып, қырандай қалықтаулары” үшін күш беретінін айтқан (Ишая 40:31 оқыңыз). Исраилдіктерге қыран құсының қалай ұшатыны белгілі еді. Ол жоғары көтерілген ауа ағынын ұстап алып, аса күш жұмсамай-ақ биікке қарай қалықтай беретін. Ехоба құстарға осылай қуат беретініндей, қызметшілеріне де күш береді! Егер аспаннан қандай да бір ірі құстың қанатын еш қақпай-ақ жоғары қарай әуелей бергенін көрсеңіз, мынаны еске алыңыз: Ехоба сізді қиындықтардың астында қалдырмай, одан үстем болуыңызға күш береді.

8. Әйүп Құдайдың жаратқандарына назар аударғанда нені түсінді? Ал біз ше?

8 Ехоба сенім артуымызға әбден лайық. Ехоба Әйүптің оған деген сенімін қатайту үшін сан түрлі жаратылыстарына назар аударды (Әйүп 32:2; 40:6—8). Мысалы, аспандағы жұлдыздарға, бұлттар мен найзағайға. Ол жабайы бұқа мен тұлпар сияқты жануарлар туралы да айтып берді (Әйүп 38:32—35; 39:9, 19, 20). Бұлардың бәрі Ехобаның асқан құдіреттілігінің ғана емес, сүйіспеншілігі мен терең даналығының да көрінісі болатын. Ехобамен араларындағы осы әңгіменің арқасында Әйүптің оған деген сенімі қарыштап өсті (Әйүп 42:1—6). Біз де жаратылыстарға мән беріп, зерттегенде, Ехобаның бізден қаншалықты дана әрі өте құдіретті екенін еске алып отырамыз. Ол біздің қиындықтарымыздың бәрін тоқтата алады әрі тоқтатады да. Осы шындық Ехобаға бұрынғыдан да көбірек сенім артуға көмектеседі.

ИСА ЖАРАТЫЛЫСТАР АРҚЫЛЫ ЕХОБА ЖАЙЛЫ ҮЙРЕТТІ

9, 10. Күн сәулесі мен жаңбырдан Ехоба жайлы не білеміз?

9 Иса табиғат жайлы өте көп білген. Өйткені ол Әкесінің “шебер жұмысшысы” болып, екеуі бірге бүкіл ғаламды жаратқан (Нақ. с. 8:30). Кейін жерге келгенде сол жаратылыстарға назар аударып, шәкірттеріне Ехоба жайлы тәлім берді. Қазір сол тәлімдерінің кейбіріне тоқталайық.

10 Ехоба сүйіспеншілігін ешкімнен аямайды. Иса таудағы уағызында адамдар аса мән бермейтін екі құбылысқа назар аударды. Бұл — күн сәулесі мен жауын. Бұлар болмаса, жер бетінде өмір сүру мүмкін болмай қалар еді. Ал енді ойлап көріңізші, Ехоба өзіне қызмет етпейтін адамдарға күн сәулесі мен жаңбырын бермей қойса, қалай болар еді?! Алайда сүйіспеншілігі мол Ехоба күні мен жауынын ешкімнен аямай, бәріне бірдей төккізіп отыр (Мат. 5:43—45). Иса бізді барлық адамды Ехоба сияқты сүюге шақырған. Ендеше, кешқұрым күннің алаулап батқанын бақылағанда немесе жаңбыр себелеп өткен соң таза ауамен тыныстағанда, Ехобаның ешкімді алаламай, бәрін бірдей сүйетінін ойланыңыз. Сонда барлық адамды бірдей жақсы көріп, оларға уағыздауға талпынасыз.

11. Әуеде ұшқан құстарды бақылағанда қандай жігер аламыз?

11 Ехоба қажетімізді береді. Таудағы уағызында Иса тағы былай деді: “Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді, орып, қамбаға жинамайды, әйтсе де көктегі Әкелерің оларды асырайды”. Сосын ол: “Ал сендер олардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!”— дегенде, отырғандар төбелерінен пыр етіп ұшқан құстарды көрген шығар (Мат. 6:26). Иса осылай Ехоба қамымызды ойлайтынын жанды жылытатын көрнекі мысалмен түсіндірді (Мат. 6:31, 32). Бұл ой әлі күнге дейін Ехобаның қызметшілеріне жігер беріп келеді. Испаниядағы бір ізашар қыз бауырлас тұратын үй таба алмай, көңілі құлазып жүреді. Бірақ дәндер мен жидектерді шоқып жеп жүрген даладағы құстарға назар салғанда, көңілі жайланып қалады. “Ехоба мына құстардың қамын ойласа, мені де үйсіз қалдырмайды ғой деп ойладым”,— дейді ол. Көп ұзамай қыз бауырласымызға баспана табылды.

12. Матай 10:29—31 тармақтарда айтылғандай, торғайлар Ехоба жайлы нені үйретеді?

12 Ехобаға әрқайсысымыз қымбатпыз. Елшілері қызметте қарсыластарынан қорықпау үшін, Иса оларға бір құс жайлы айтып берді (Матай 10:29—31 оқыңыз). Ол Исраилде өте көп кездесетін торғайды мысалға келтірді. Ол заманда торғайлар аса құны жоқ, ең арзан құс саналған. “Десе де олардың бірде-біреуінің құлағаны көктегі Әкелеріңнің назарынан тыс қалмайды”,— деді Иса. Сосын: “Сендер көп торғайдан әлдеқайда қымбатсыңдар!”— деп қорытындылады. Шәкірттері Ехоба үшін әрқайсысы қымбат екенін және қуғын-сүргіннен қорқуға еш негіз жоқ екенін жақсы түсінді. Кейін қала мен ауыл аралап уағыздап жүргенде торғай көрсе, олар Исаның осы тәлімін еске алған болар. Бүгінде шымшықтарды көзіңіз шалып қалса, сіз олардан әлдеқайда қымбат болғандықтан, Ехоба сізді бағалайтынын ойға алыңыз. Оның демеуімен кез келген қарсылыққа төтеп бере аласыз (Зәб. 118:6).

ТУЫНДЫЛАРЫНА ҚАРАП ЖАРАТУШЫСЫН ТАНИ ТҮСІҢІЗ

13. Жаратылыстарға қарап тәлім алу үшін не істеуіміз керек?

13 Ехобаның жаратылыстарынан бұдан да көп тәлім алуға болады. Бұл үшін екі қадамды жасау маңызды: 1) табиғатты зерттеп-бақылауға уақыт бөлу, 2) “бұдан Ехоба жайлы не білемін?” деп ойлану. Алайда Камерунда тұратын Джеральдин деген әйел бауырласымыздың сөзінен байқайтынымыздай, бұл оңай бола бермейді. “Мен қалада туып-өскем, сондықтан табиғатты бақылап, зерттеуге саналы түрде күш салуым керектігін түсінемін”,— дейді ол. Альфонсо деген ақсақал болса былай деп бөлісті: “Мен арнайы уақыт бөліп, оңашада Ехобаның жаратылыстарын бақылауды, одан Ехоба жайлы қандай тәлім аламын деп ойлануды үйреніп жатырмын”.

Дәуіт айналасына көз сала ой жүгіртіп, Жаратушысын тани түскен (14-абзацты қараңыз)

14. Құдайдың жаратқандары жайлы ой жүгірткенде Дәуіт не білді?

14 Дәуіт Ехобаның жаратқандарына терең үңіліп, ой өрбіткен. Оның Ехобаға айтқан мына сөзін алайықшы: “Мен көкке, сенің қолыңнан шыққан туындыларға, Өзің жаратқан ай мен жұлдыздарға көз салғанымда, Мынадай сұрақтар туады ойымда: Сен ұмытпайтындай пенде кім сонша?” (Зәб. 8:3, 4). Ол түнгі аспанға қарап жатып: “Мына ғаламымыздың кереметін-ай!”— деп тамсанып қоя салмаған. Дәуіт жұлдыздарға қарап Ехобаның қандай ұлы Құдай екенін тани білген. Басқа бір жағдайда ол анасының құрсағында қалай дамып-жетілгені жайында тереңінен ойланған. Осылай өз ағзасының ғажап жаратылғанына мән бере отырып, Ехобаның даналығына одан бетер сүйсінген (Зәб. 139:14—17).

15. Ехобаның жаратқандарына қарап, қалай оның қасиеттерін танығаныңызды айтып беріңіз. (Зәбүр 148:7—10)

15 Дәуіттен көргеніміздей, жаратылыстар туралы ой жүгірту үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Байқай білсек, айналамызда Ехобаның қасиеттері жайлы тіл қататын дүниелер өте көп. Мысалы, күннің шуағына жылынғанда, Құдайдың құдіретін еске алайық (Ерм. 31:35). Ал ұя салып жатқан құсты байқасақ, Ехобаның даналығына терең бойлайық. Өз құйрығын өзі қуып жүрген күшікті қызықтағанда, Ехоба да күлдіре білетінін ойлаңыз. Ал сәбиін ойнатып отырған ананы көргенде, Ехобаның мейір-махаббатына деген алғысымызды арттырайық. Расында да, алыс-жақындағы, үлкен-кіші жаратылыстарының бәрі Ехобаны мадақтап тұр, оны танып-білудің жолдары өте көп (Зәбүр 148:7—10 оқыңыз).

16. Алдымызға қандай мақсат қойған жөн?

16 Құдайымыз Ехоба бәрінен асқан дана, қамқор, жасампаз әрі құдіретті. Табиғат оның осы және басқа да қасиеттеріне тұнып тұр, тек көре білсек болғаны. Жүйелі түрде уақыт бөліп, жаратылыстарға көз тастайық және ой жүгірте отырып, одан Ехобаның қасиеттерін байқай білейік. Сонда Жаратушымызға бұрынғыдан да жақын бола түсеміз (Жақ. 4:8). Келесі мақалада ата-аналар жаратылыстарға назар аудара отырып, балаларына Ехоба жайында қалай тәлім бере алатынын қарастырамыз.

5-ӘН Құдайдың ғажап істері

a Ехобаның жаратқан табиғаты бізді таң-тамаша қалдырады. Гүлдің нәзік күлтесінен бастап, қуаты зор Күн планетасына дейін бізді қастерлі сезімге бөлейді. Жаратылыстарға қарап тамсанумен қатар, біз одан Ехобаны жан-жақты тани түсеміз. Осы мақалада жаратылыс әлеміне не үшін мән беріп қарауымыз керектігін және бұл бізді Құдайға қалай жақындата түсетінін білеміз.