Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба өз есімін мәңгі даңқталатындай етеді

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

2020 жылы маусым айындағы “Күзет мұнарасында” басылған “Сенің есімің киелі болсын!” деген мақалаға сай, Ехобаның аты мен бүкіләлемдік билігіне қатысты түсінігіміз қалай тереңдеді?

Сол мақаладан білгеніміздей, саналы жаратылыстардың барлығына қатысы бар ең маңызды мәселе біреу ғана, ол — Ехобаның ұлы атының киелі тұтылуы. Ал Ехобаның бүкіләлемдік билігінің дұрыстығына және адамдардың мінсіздігіне қатысты мәселелер осы бір үлкен мәселенің екі қыры.

Неліктен біз ең басты мәселе — Ехобаның аты мен оның киелі тұтылуы дейміз? Бұның үш себебін қарастырайық.

Едем бағындағы бүліктен бері Шайтан Ехобаның атына жала жауып келеді

Біріншіден, Шайтан Едем бағында Ехобаның атына, яғни абыройына тиісті. Ол Хауаға: “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?”— деген қу сұрақ қойды. Осылайша Ехобаны пейілі тар әрі өзінің жаратылыстарына әділетсіз талаптар қоятын Құдай деп меңзеді. Ал кейін Ехобаның сөздерін жоққа шығарып, оны өтірікші етіп көрсетті. Міне, осылай Шайтан Ехобаның атын қаралап, жала жапты. Ал өзі “жалақор” дегенді білдіретін “Ібіліске” айналды (Жох. 8:44). Оның сөзіне ерген Хауа болса Ехобаның тілін алмай, бүкіләлемдік билігіне қарсы шықты (Мұс. 1-ж. 3:1—6). Әлі күнге дейін Шайтан Ехоба туралы неше түрлі өтірікті таратып, жаманатты қылып келеді. Ал оның өтірігіне сенетін адамдардың, әрине, Ехобаның тілін алуы екіталай. Ехобаның қасиетті есіміне осылай жала жабылғаны — оның халқы үшін ең сорақы әділетсіздік. Әлемдегі бүкіл қайғы-қасірет пен зұлымдықтың түпкі себебі — осы.

Екіншіден, Ехоба өз атын барлық жаладан тазартып, ақтауға нық бекінген әрі бұл бүкіл жаратылыстардың игілігіне асады. Ехоба үшін есімінің киелі тұтылуынан асқан маңызды нәрсе жоқ. Сондықтан ол: “Ұлы есімімді міндетті түрде киелі етемін”,— деген (Езек. 36:23). Иса да дұғада Құдайдың “есімінің киелі тұтылуын” сұраңдар деуімен, біздің ең басты тілегіміз осы болу керектігін көрсеткен (Мат. 6:9). Киелі кітапта Ехобаның есімі даңқталу керектігіне қайта-қайта екпін түсіріледі. Сондай тармақтардың кейбірі мыналар: “Ехобаны есіміне лайық дәріптеңдер” (Шеж. 1-ж. 16:29; Зәб. 96:8); “Ұлы есімін мадақтап, ән салыңдар” (Зәб. 66:2); “Мәңгілік бойы есіміңді мадақтаймын” (Зәб. 86:12). Сондай-ақ Ехобаның өзі көктен сөйлеген жағдайлардың біреуін алайықшы. Иерусалимдегі ғибадатханада Иса: “Әке, есіміңді даңқтай көр”,— дегенде, Ехоба көктен: “Мен оны даңқтадым, тағы да даңқтаймын”,— деп жауап берген (Жох. 12:28) a.

Үшіншіден, Ехобаның ниеті бойынша, оның аты мәңгі бақи даңқтала беру керек. Мәселен, Мәсіхтің мыңжылдық билігінің соңында ақырғы сынақтан кейін не болатынын елестетіп көрейік. Ехобаның есімінің киелі тұтылуы саналы жаратылыстар арасында ең үлкен мәселе болып қала бере ме? Бұл сұраққа жауап беру үшін осы мәселенің екі қырын, яғни адамдардың мінсіздігімен және бүкіләлемдік билікпен не болатынын қарастырайық. Ол кезде адал адамдарға мінсіздіктерін әрі қарай да дәлелдеудің қажеті болмайды, өйткені олар кемелділікке жетіп, толық сыналып қойған. Алда олар мәңгі өмір сүреді. Ал Ехобаның бүкіләлемдік билігіне келер болсақ, саналы жаратылыстар арасында ол енді дауға салынып, мәселе болып көтерілмейді. Өйткені Ехобаның билігі бәрінен үстем әрі дұрыс екені біржолата мойындалады. Ал Ехобаның атымен не болады?

Сол кезде оның аты барлық жаладан тазарып, толықтай киелі тұтылады. Алайда Ехобаның аты оның бүкіл саналы жаратылыстары үшін ең басты нәрсе болып қала береді. Неліктен? Өйткені Ехобаның біз үшін жасайтын таңғажайып жақсылықтары еш таусылмайды, мәңгілікке созылады. Осы ойды біраз тарқатып көрейікші. Өз мерзімі аяқталғанда Иса бар билікті Ехобаның қолына тапсырып, “Құдай бірден-бір Билеуші болады” (Қор. 1-х. 15:28). Содан кейін адамзат “Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетіп”, соның рақатын көреді (Рим. 8:21). Сол кезде Ехобаның көк пен жердегілердің бәрін біріктіріп, үлкен бір отбасы қыламын деген әу бастағы ниеті толықтай жүзеге асады (Ефес. 1:10).

Осы өзгерістер Ехобаның көктегі және жердегі жаратылыстарынан тұратын отбасына қалай әсер етеді? Олардың Ехобаның көркем есіміне мадақ жаудыра беруге деген қалауы тасып тұрады. “Ехоба мадақталсын! Оның ұлы есімі мәңгі дәріптелсін”,— деп Дәуіт жазып кеткендей, біз оның атын мәңгі дәріптей бермекпіз (Зәб. 72:18, 19). Өйткені ол бізді әрдайым жаңа бір нәрсемен тамсандырып отырмақ.

Сайып келгенде, Ехобаның аты ол туралы барлық нәрсені де қамтиды. Ехоба дегенде, біз әсіресе оның сүйіспеншілігін ойға аламыз (Жох. 1-х. 4:8). Ол бізді сүйіспеншілікпен жаратқанын, сүйгендіктен төлем құрбандығын бергенін және өз билігін ең дұрыс жолмен және сүйіспеншілікпен жүргізетінін біз ешқашан да ұмытпаймыз. Десе де біз Ехобаның бізге қалай мейір-махаббатын төгетінін әрі қарай да көре береміз. Нәтижесінде, мәңгі бақи Әкемізге жақындай түсіп, оның ұлы есіміне мадақ әнін жаудыра береміз (Зәб. 73:28).

a Сондай-ақ Киелі кітапта Ехоба “өз есімі үшін” әрекет ететіні айтылған. Мысалы, ол ұлы есімі үшін өз халқын жетелейді, көмектеседі, құтқарады, күнәларын кешіреді және аман сақтайды (Зәб. 23:3; 31:3; 79:9; 106:8; 143:11).