Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

35-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Шыдамдылықты шыңдай беріңіз

Шыдамдылықты шыңдай беріңіз

“Шыдамдылық сияқты қасиеттерге бөленіңдер” (ҚОЛ. 3:12).

114-ӘН Шыдамды болайық

АҢДАТПА a

1. Сіз шыдамды адамдарды не үшін бағалайсыз?

 ШЫДАМДЫ, сабырлы адам бәрімізге де ұнайды. Көңілі түспей күте білетін адамды бәріміз де құрметтейміз. Қателік жасап қойған кезімізде бізге шыдамдылық танытып, кешіре білетін адамды да жақсы көреміз. Кезінде бізбен зерттеген тәлімгеріміздің бізге шыдамдылық танытқанына қаншалықты ризамыз десеңізші! Ол Киелі кітап тәлімдерін бірден қабылдап, бірден қолданбаған кезімізде бізге шыдамды болды. Бәрінен де бұрын — Ехоба Құдайымыз бізге шыдамдылық танытады. Оған алғысымыз шексіз! (Рим. 2:4).

2. Бізге қай кезде шыдамды болу қиын?

2 Шыдамды адамдарды жақсы көргенімізбен, кейде өзімізге шыдамды болу қиын болып жатады. Мысалы, кептелісте тұрып қалғанда, оның үстіне асығып тұрсаңыз, шыдамдылық таныту өте қиын. Біреу біздің ашуымызға тигенде де сабыр сақтау оңай емес. Кейде Ехоба уәде еткен жаңа дүниені күту де өте қиын болып кетеді. Ендеше, шыдамды болуды қалай үйренсек болады? Бұл мақалада шыдамды болудың не екенін және оның неге маңызды екенін қарастырамыз. Сондай-ақ қалай шыдамдылығымызды шыңдай алатынымызды білеміз.

ШЫДАМДЫ БОЛУ ДЕГЕН НЕ?

3. Біреу ызасына тигенде, шыдамды адамның әрекеті қандай болады?

3 Қазір адам шыдамдылықты қандай төрт жолмен таныта алатынын көрейік. Біріншісі, шыдамды адам ашулануға асықпайды. Мұндай адам біреу ызасына тигенде не стреске түскенде, сабырлы күйде қалады және басқалар “ә” десе, “мә” демейді. “Ашулануға асықпайды” деген тіркес Киелі кітапта алғаш рет Ехобаға қатысты айтылған. Ол жерде: “Ехоба — мейірімді де жанашыр, ашулануға асықпайтын, айнымас сүйіспеншілігі мол және әрдайым сөзіне адал Құдай”,— деп сипатталған (Мұс. 2-ж. 34:6).

4. Ұзақ күтуге тура келгенде, сабырлы адам не істейді?

4 Екіншісі, шыдамды адам сабырмен күте алады. Мұндай адам бір нәрсені өзі ойлағаннан да көп күткенде, жанын қоярға жер таппай мазасызданып не ашуланып кетпейді (Мат. 18:26, 27). Көп жағдайларда біз шыдамдылық танытуымыз керек. Мысалы, біреу сөйлеп жатқанда, сөзін бөлмей тыңдау үшін де шыдамдылық қажет (Әйүп 36:2). Зерттеушімізге Киелі кітаптың бір ілімін түсіндіргенде не жаман әдетінен арылуға көмектескенде де сабырлы болуымыз керек.

5. Шыдамды адам тағы қандай болады?

5 Үшіншісі, шыдамды адам асығыстық жасамайды. Әрине, жылдам әрекет ету керек жағдайлар да бар. Алайда шыдамды адамға маңызды іс тапсырылса, ол бұл іске бас сала кірісіп, асығыс-үсігіс жасай салмайды. Қайта, ол істі байыппен жоспарлап, тапсырманы атқаруға қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт жұмсайды.

6. Шыдамды адам қиындыққа кезіккенде қалай әрекет етеді?

6 Төртіншісі, шыдамды адам қиындықты еш наразылықсыз еңсеруге тырысады. Осы орайда шыдамдылық табандылықпен тығыз байланысты. Әрине, басымызға қиын күн туғанда, жақын досымызға іштегі сезімдерімізді ақтарғанда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ шыдамды адам қиындықтарға ғана қадалып, түңіліп кетпейді. Қайта, өмірінің жақсы тұстарына назар аударып, Ехобаға әрі қарай табандылықпен қызмет ете береді (Қол. 1:11). Мәсіхшілер өмірлерінде шыдамдылықтың осы барлық қырын танытулары керек. Неге? Мұның кейбір себептерін қарастырайық.

ШЫДАМДЫЛЫҚ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?

Диқан уақытында өнім алатынына сенімді болғандықтан, шыдаммен күтеді. Сол сияқты біз де, Ехоба уақыты келгенде өз уәделерін орындайтынына сенімді болғандықтан, шыдаммен күтеміз (7-абзацты қараңыз)

7. Жақып 5:7, 8-ге сай, шыдамдылық не үшін маңызды? (Суретті де қараңыз.)

7 Шыдамдылық құтқарылу үшін аса қажет. Біз ежелдегі адал қызметшілер іспетті Ехобаның уәделері орындалатын кезді шыдаммен күтуіміз керек (Евр. 6:11, 12). Киелі кітап біздің жағдайымызды диқанға теңейді (Жақып 5:7, 8 оқыңыз). Диқан нақты қашан өсіп шығатынын білмесе де, егіндігін суғарып, аянбай еңбек ете береді. Бірақ міндетті түрде өнім жинайтынына сенімді болғандықтан, оны шыдаммен күтеді. Сол сияқты біз де “Иеміздің қай күні келетінін білмесек те”, рухани істерден қолымыз босамау керек (Мат. 24:42). Ехоба уәделерін өзі белгілеген уақытта орындайтынына сенімді болғандықтан, сабырмен күте береміз. Ал егер шыдамсыз болсақ, күтуден жалығып, бірте-бірте шындықтан алыстап кетуіміз мүмкін. Тіпті бар назарымыз өзімізге ұнайтын нәрселерге ауып кетуі де ықтимал. Бірақ шыдамды болсақ, соңына дейін табанды болып, құтқарыламыз (Миха 7:7; Мат. 24:13).

8. Шыдамды болғанымыз өзгелермен қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді? (Қолостықтарға 3:12, 13)

8 Шыдамдылық адамдармен тіл табысуға көмектеседі. Сабырлы болсақ, өзгелер сөйлеп жатқанда мұқият тыңдай білеміз (Жақ. 1:19). Сондай-ақ шыдамдылық бар жерде татулық бар. Шыдамды болсақ, стресс кезінде ойланбай әрекет етуден және ауыр сөздер айтып қоюдан аулақ боламыз. Сонымен қатар біреу сезімімізді жаралаған кезде де ашулануға асықпаймыз, кек те алмай, “өзара төзімді болып, бір-бірімізді кеңпейілмен кешіреміз” (Қолостықтарға 3:12, 13 оқыңыз).

9. Шыдамдылық қалай дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі? (Нақыл сөздер 21:5)

9 Шыдамдылықтың тағы бір пайдасы — ол бізге дұрыс шешімдер қабылдауға көмектеседі. Асығыс, ойланбай әрекет етудің орнына, жағдайды салмақтап-саралауға уақыт бөлгеніміз дұрыс (Нақыл сөздер 21:5 оқыңыз). Мысалы, жұмыс іздеп жүрген болсақ, ғибадатымызға кедергі жасаса да, бірінші табылған жұмысқа келісе салғымыз келетін шығар. Бірақ біз шыдамдылық танытып, сол жұмыстың орналасқан жерін, қанша сағат істейтінімізді, оның отбасымыз бен рухани күйімізге қалай әсер ететіні жайлы ойланып көргеніміз абзал. Иә, шыдамдылық өкіндіретін шешімдердің алдын алады.

ШЫДАМДЫЛЫҒЫҢЫЗДЫ ШЫҢДАҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ

10. Мәсіхші шыдамдылықты дамытып, осы қасиетінен айнымас үшін не істесе болады?

10 Шыдамдылық сұрап дұға етіңіз. Шыдамдылық киелі рухтың жемісіне жатады (Ғал. 5:22, 23). Сондықтан осы қасиетті бойымызда дамыту үшін Ехобадан киелі рух сұрап дұға етсек болады. Шыдамдылығымыз сынға алынған жағдайларда Ехобадан “сұрай беретін” болсақ, киелі рух бізге шыдамды болуға көмектеседі (Лұқа 11:9, 13). Сонымен қатар біз Ехобадан жағдайға оның көзқарасымен қарауға көмектесуін сұрай аламыз. Ал кейін, дұғамызға сай, әр күні сабырлы болуға барынша тырысқанымыз жөн. Біз неғұрлым шыдамдылық сұрап дұға етіп, күш сала берсек, соғұрлым бұл қасиет жүрегімізде тамыр жайып, болмысымыздың бір бөлігіне айналып кетеді.

11, 12. Ехоба қалай шыдамдылық танытып отыр?

11 Киелі кітаптағы үлгілер жайлы ой жүгіртіңіз. Киелі кітапта шыдамдылық танытқан адамдардың оқиғалары көп. Солардың үлгілерін ой елегімізден өткізсек, шыдамдылық танытудың жолдарын үйренеміз. Олардың кейбірін қарастырмас бұрын, шыдамдылықтың асқақ үлгісі — Ехобаға тоқталайық.

12 Едем бағында Шайтан Ехобаға жала жауып, оның әділ, сүюші Билеуші екеніне күмән келтірді. Сол кезде Ехоба Шайтанды бірден жойып жібермей, шыдамдылық пен ұстамдылық танытты. Өйткені өзінің ең жақсы Билеуші екенін дәлелдеуге уақыт кететінін білді. Сол уақытта Ехобаға өзінің атына жабылған барлық жалаға төзуге тура келді. Оның үстіне, Ехоба көптеген адамға мәңгі өмір сүруге мүмкіндік беру үшін де шыдамдылық танытып отыр (Пет. 2-х. 3:9, 15). Осының арқасында миллиондаған адам ол жайлы білуде. Егер Ехобаның шыдамдылығының қандай пайдасы бар екеніне көбірек назар аударсақ, заманның соңы келетін уақытты күту бізге де жеңілдеу болады.

Шыдамды болсақ, біреу ызамызға тигенде бірден ашуға булығып кетпейміз (13-абзацты қараңыз)

13. Иса Әкесінің шыдамдылығына қалай еліктеген? (Суретті де қараңыз.)

13 Иса Әкесінің шыдамдылығын айна қатесіз қайталайды, ол жерде болғанда да осы қасиетті танытты. Исаға бұл қасиетті таныту оңай болмаған, әсіресе екіжүзді дін мұғалімдері мен парызшылдарға келгенде (Жох. 8:25—27). Бірақ ол Әкесіне еліктеп, ашулануға асықпаған. Өзгелер оған тіл тигізіп, ызасын келтіруге тырысса да, кек қайтармаған. Иса сынақтарға еш наразылықсыз сабырмен төзген (Пет. 1-х. 2:23). Сондықтан да Киелі кітапта: “Күнәкарлардың қастық сөздеріне шыдаған Иса туралы жақсылап ойланыңдар”,— делінген (Евр. 12:2, 3). Біз де Ехобаның көмегімен сынақтарға шыдаммен төтеп бере аламыз.

Ыбырайым сияқты шыдамды болсақ, Ехоба бізді қазір де жарылқайды, ал жаңа дүниеде батасын жүз есе төгеді (14-абзацты қараңыз)

14. Ыбырайымның шыдамдылығынан не түйеміз? (Еврейлерге 6:15) (Суретті де қараңыз.)

14 Ал егер заманның соңына қатысты уәденің орындалуын күте-күте шаршасақ ше? Бәлкім, біз оны өзіміз ойлағаннан да көп күтіп жатқан болармыз. Тіпті ол уақыт менің көзімнің тірісінде келмейді деп қорқатын шығармыз. Осындайда сабырмен әрі қарай күте беруге бізге не көмектесе алады? Ыбырайымның мысалы. 75 жасқа келіп қалған Ыбырайымның әлі де баласы жоқ еді. Сол кезде Ехоба оған: “Мен сенен ұлы халық таратамын”,— деген уәде берді (Мұс. 1-ж. 12:1—4). Ыбырайым бұл уәденің орындалуын толықтай көрді ме? Жоқ. Евфрат өзенінен өтіп, содан 25 жылдан кейін ғана, Ыбырайымның баласы Ысқақ туылды. Одан кейін 60 жылдан соң немерелері Есау мен Жақып дүниеге келді (Еврейлерге 6:15 оқыңыз). Әйтсе де ол ұрпақтарының ұлы халыққа айналып, Уәде етілген жерге қоныстанғанын көрген жоқ. Бірақ ол адалдық сақтап, Жаратушысымен жақын дос болды (Жақ. 2:23). Ыбырайым қайта тірілген кезде сенімі мен шыдамдылығының арқасында қаншама халықтың жарылқанғанын көріп, қуаныштан жүрегі жарыла жаздайтын шығар! (Мұс. 1-ж. 22:18). Бұдан қандай қорытынды шығарамыз? Ехобаның барлық уәделерінің орындалуын біз өз көзімізбен көрмеуіміз мүмкін. Алайда Ыбырайым сияқты шыдамды болсақ, Ехоба бізді қазір де жарылқайды, ал жаңа дүниеде батасын жүз есе төгеді (Мар. 10:29, 30).

15. Жеке зерттеуде не жайлы қарастырсаңыз болады?

15 Киелі кітапта шыдамдылық танытқан адамдардың оқиғалары өте көп (Жақ. 5:10). Солар жайлы неге оқып, зерттеп көрмеске b? Мысалы, Дәуіт жас кезінде Исраилдің болашақ патшасы болып майланса да, талай жыл күтті. Шимон мен Анна да Ехобаға адал қызмет ете жүріп, уәде етілген Мәсіхті күтті (Лұқа 2:25, 36—38). Осы оқиғаларды зерттегенде, мына сұрақтар жайлы ойланып көріңіз: Бұл адамға шыдамдылық танытуға не көмектесті? Ол шыдамдылық танытудың қандай пайдасын көрді? Ал мен оған қалай еліктесем болады? Сондай-ақ шыдамдылық танытпаған адамдардан да сабақ ала аласыз (Сам. 1-ж. 13:8—14). “Ол не себепті шыдамдылық таныта алмады? Бұның қандай салдарын көрді?” деп ойлансаңыз болады.

16. Шыдамды болудың қандай пайдасы бар?

16 Шыдамды болудың пайдасы. Шыдамды болсақ, бақытты боламыз, әрі жанымыз тыныш болады. Сондай-ақ жан саулығымыз бен денсаулығымыз да жақсарады. Өзгелерге шыдамды болсақ, олармен арақатынасымыз да жақсы болады, қауымның да бірлік-берекесі бұзылмайды. Біреу ызамызға тигенде, ашулануға асықпасақ, жағдайды ушықтырмаймыз (Зәб. 37:8 сілт.; Нақ. с. 14:29). Бәрін айт та, бірін айт — шыдамды болсақ, ең бастысы көктегі Әкемізге еліктеп, оған жақындай түсеміз.

17. Біз не істеуге ұмтыла беруіміз керек?

17 Расымен де, шыдамдылық тартымды да, кәдеге жарар қасиет. Үнемі шыдамдылық таныту оңай емес, әрине. Бірақ Ехобаның көмегімен біз бұл қасиетті шыңдай аламыз. Жаңа дүниені сабырмен күте жүріп, сенімді болайық: “Ехоба өзінен қорқатындарға, Айнымас сүйіспеншілігіне үміт артатындарға назарын тігеді” (Зәб. 33:18). Ендеше, “сабыр түбі — сары алтын” демекші, барлығымыз осы әсем қасиетті таныта берейік!

41-ӘН Ести көр мені деп өтінем

a Шайтан билеген мына дүниеде адамдар шыдамсыз. Бірақ Киелі кітап бізге шыдамды болуымыз керектігін айтады. Бұл мақалада шыдамдылықтың неліктен таптырмас қасиет екенін және қалай көбірек сабырлы бола алатынымызды білеміз.

b Киелі кітаптағы шыдамдылыққа қатысты оқиғаларды табу үшін “Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫНДАҒЫ” іздеу жолағына “шыдамдылық” деп теріңіз.