Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

42-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сіз “мойынсұнуға дайынсыз” ба?

Сіз “мойынсұнуға дайынсыз” ба?

“Көктен келген даналық. . . мойынсұнуға дайын” (ЖАҚ. 3:17).

101-ӘН Бірлесе қызмет етейік

АҢДАТПА a

1. Мойынсұну бізге неге қиын?

 СІЗГЕ мойынсұну қиын ба? Дәуітке де қиын болған. Ол Ехобаны жақсы көрсе де, бірде: “Бойымда бойсұнушылық рухын оятшы”,— деп дұға еткен (Зәб. 51:12). Бізге неге мойынсұну оңай емес? Біріншіден, біз Адам атаның ұрпағы болғандықтан тумысымыздан мойынсұнбауға бейімбіз. Екіншіден, Шайтан бізді өзі сияқты билікке қарсы шығуға түртпектейді де тұрады (Қор. 2-х. 11:3). Үшіншіден, айналамыздағы адамдардың бәрінде “тілазар адамдарға әсер етіп жатқан рух”, яғни бүлікшіл рух бар (Ефес. 2:2). Сондықтан бізге іштей күнәкар болмысымызбен күресумен қатар, сырттай Шайтан мен мына дүниенің ықпалына да қарсы тұру керек. Демек, Ехобаға және ол тағайындаған билік иелеріне мойынсұну үшін көп күш салуымыз керек.

2. “Мойынсұнуға дайын” болу деген нені білдіреді? (Жақып 3:17)

2 Жақып 3:17 оқыңыз. Құдай Сөзінде дана адамдар “мойынсұнуға дайын” болатыны жазылған. Мойынсұнуға дайын болу деген Ехоба белгілі бір шамада билік берген адамдарға бар ықыласымызбен мойынсұнуымыз керектігін білдіреді. Бірақ Ехобаның заңдарын бұзуды талап еткен жағдайларда біз оларға бағынбаймыз (Ел. іс. 4:18—20).

3. Билігі барларға мойынсұнғанымыз Ехоба үшін неге маңызды?

3 Біз адамдарға қарағанда Ехобаға мойынсұну жеңіл дерміз. Өйткені оның беретін нұсқауларында еш мін жоқ (Зәб. 19:7). Ал билігі бар адамдар кемелсіз. Соған қарамастан Ехоба ата-аналарға, билік басындағыларға және ақсақалдарға біршама билікті сеніп тапсырған (Нақ. с. 6:20; Сал. 1-х. 5:12; Пет. 1-х. 2:13, 14). Демек, оларға мойынсұнғанымыз — Ехобаға мойынсұнғанымыз. Ендеше, кейде бізге Ехоба билік берген адамдардың айтқандарымен келісу, тілін алу қиын болса да, оларға мойынсұнуға не көмектесетінін қарастырайық.

АТА-АНАҢНЫҢ ТІЛІН АЛ

4. Неге жастардың көбі ата-аналарына мойынсұнбайды?

4 Бүгінде мына дүниедегі жастардың дені “ата-аналарына мойынсұнбайды” (Тім. 2-х. 3:1, 2). Неге бұлай? Өйткені олар: “Ата-анамыз екіжүзді, өздері істемейтінді бізден талап етеді”,— дейді. Ал басқа балалар ата-аналарын тым қатал, ақыл-кеңестерін заманнан қалып қойған, тиімсіз деп санайды. Қымбатты біздің жеткіншегіміз, сен де сондай ойдасың ба? Көп жастарға “балалар, ата-аналарыңа мойынсұныңдар, өйткені бұл Құдайдың еркіне сай әрі дұрыс” деген нұсқауға құлақ асу оңай емес (Ефес. 6:1). Осы орайда саған не көмек болады?

5. Лұқа 2:46—52 тармақтарда айтылғандай, Исаның тілалғыштығы несімен бізді таңғалдырады?

5 Мойынсұнушылықтың ең үздік үлгісі — Иса (Пет. 1-х. 2:21—24). Өзі кемелді болса да, ол кемелсіз ата-анасының тілін алған. Ата-анасы қателік жасап, оны түсінбеген кезде де Иса оларды құрметтей берген (Мұс. 2-ж. 20:12). 12 жасында ол отбасымен бірге Иерусалимдегі мейрамға барған кезін алайық (Лұқа 2:46—52 оқыңыз). Иерусалимнен қайтар жолда ата-анасы Исаның қастарында жоқ екенін байқайды. Негізінде, балаларын қараусыз қалдырмай, өздерімен бірге алып жүру ата-анасының міндеті еді. Бірақ Мәриям Исаға “бұл не қылғаның?” деп, өзін кінәлап жіберді. Сол кезде Иса оларға “бұларың дұрыс емес, әділдікке жатпайды” деген жоқ. Қайта, оларға көп сөз айтпай-ақ, құрметпен жауап берді. Сонда да Жүсіп пен Мәриям “оның сөздерін түсінбеді”. Соған қарамастан Иса “оларға әрі қарай да мойынсұнып жүрді”.

6, 7. Нені ойда ұстағаның саған ата-анаңа мойынсұнуға көмектеседі?

6 Қымбатты жастар, сендерге де ата-аналарың қателескенде я сендерді толық түсінбегенде мойынсұну қиын шығар. Сондайда не істесеңдер болады? Біріншіден, Ехобаның не сезінетінін ойлаңдар. Киелі кітапта айтылғандай, балалар ата-анасына мойынсұнса, “бұл Иемізге ұнайды” (Қол. 3:20). Ата-аналарыңның кей кезде сендерді түсінбей жататынын немесе қиын ережелер орнатуы мүмкін екенін Ехоба жақсы біледі. Бірақ соған қарамай оларға мойынсұна берсеңдер, Ехоба қатты қуанады.

7 Екіншіден, ата-анаңды қуантатыныңды ойла. Тілін алған кезде ата-анаң саған риза болып, одан бетер сенім артатын болады (Нақ. с. 23:22—25). Сондай-ақ оларға жақындай түсесің. Бельгияда тұратын Александр бауырлас былай дейді: “Ата-анама көбірек құлақ аса бастап едім, арамыз одан сайын жақындап, бұрынғыдан да қуанышты болып жүретін болдық” b. Үшіншіден, ата-анаңа мойынсұнсаң, алда мұның зор пайдасын көресің. “Ата-анамның тілін алып жүргеннің арқасында мен кейін Ехобаға және билігі бар адамдарға бағынуды үйрендім”,— дейді бразилиялық Пауло. Киелі кітапта ата-анамызға мойынсұнудың өте бір келелі себебі жазылған: “Сонда өзіңе жақсы болады, әрі жерде ұзақ ғұмыр кешесің” (Ефес. 6:2, 3).

8. Неліктен көп жастар ата-анасының тілін алып жүр?

8 Көп жастар ата-анасын тыңдағанда ұтпаса, еш ұтылмайтындарын байқапты. Бразилияда тұратын Луизаға ата-анасы кезінде телефон ұстауға рұқсат бермеген екен. Басында ол ата-анасының орнатқан ережесін еш түсінбей, “басқаларға болады, неге маған болмайды?” деп ойлаған. Кейін ол ата-анасының оны жамандықтан сақтағысы келетінін түсінді. “Ата-анаңа мойынсұну қолыңа кісен салу емес, қауіпсіздік белбеуін тағу сияқты екен”,— дейді ол. Ал Құрама Штаттарда тұратын Элизабетке ата-анасына мойынсұну әлі де қиын болып тұрады екен. Ол былай дейді: “Ата-анамның орнатқан ережесі миыма қонбай жатса, осыған дейін оларға мойынсұнғанда, пайдасын көргенімді еске аламын”. Армениялық Моника деген қыздың байқауынша, ата-анасының тілін алмағанда емес, қайта алған кезде бәрі жақсы болады екен.

“БИЛІК БАСЫНДАҒЫЛАРҒА” МОЙЫНСҰНЫҢЫЗ

9. Заңға бағынуға қатысты көпшілік қандай ойда?

9 Көпшілік үкіметтің қажет екенін мойындайды, олар “билік басындағылардың” кейбір заңдарына мойынсұнады да (Рим. 13:1). Бірақ өздеріне ұнамаса немесе әділетсіз болып көрінсе, заңға бағынғысы келмейді. Мысалы, салық төлегісі келмейді. Еуропаның бір елінде көптеген азаматтар “әділетсіз деп санасаң, салықты төлемеуге болады” деп есептейді. Сол себепті бұл елде үкіметке тиесілі салықтың үштен екі бөлігі ғана төленеді екен.

Жүсіп пен Мәриямнан мойынсұнуға қатысты не үйренеміз? (10—12 абзацтарды қараңыз) c

10. Неліктен біз қаламасақ та, заңдарға мойынсұнуымыз қажет?

10 Рас, Киелі кітапта адами үкіметтердің қайғы-қасірет тудыратыны, Шайтанның қол астында екені және жақында жойылатыны айтылған (Зәб. 110:5, 6; Уағ. 8:9; Лұқа 4:5, 6). Бірақ онда “билікке қарсы шыққан адам Құдай орнатқан құрылымға да қарсы шығатыны” айтылған. Ехоба әлемде тәртіп болу үшін үкіметтерге уақытша билік берген, сондықтан біз оларға мойынсұнуымыз керек. Біз “әркімге тиістісін беріп”, салық төлейміз, билік иелерін құрметтеп, мойынсұнамыз (Рим. 13:1—7). Алайда қолайсыз, әділетсіз көрінгендіктен я қымбатқа түсетіндіктен кейбір заңдарға мойынсұнғымыз келмейтін шығар. Бірақ біз Ехобаға мойынсұнамыз, ал Ехоба оның заңдарына қайшы келмесе, үкіметке бағынуды талап етеді (Ел. іс. 5:29).

11, 12. Лұқа 2:1—6 тармақтарға сай, Жүсіп пен Мәриям ыңғайсыз болса да, заңға бағыну үшін не істеді және нәтижесі қандай болды? (Суреттерді де қараңыз.)

11 Біз қиын болса да билікке бағынған Жүсіп пен Мәриямнан не үйренетінімізді көрейік (Лұқа 2:1—6 оқыңыз). Рим императоры Август әркім санақтан өту үшін өз қаласына барып тіркелсін деген жарлық шығарады. Ал бұл кезде Мәриямның босанатын айы-күні жетіп тұрған еді. Бетлехемге ойлы-қырлы жолдармен 150 шақырымдай жол жүру керектігін ойлағанда, олар әбден уайымдаған шығар. Мәриям жолды көтере ала ма? Іштегі сәбиге қауіп төнбей ме? Жарты жолда толғақ ұстап қалса не істейді? Мәриямның құрсағында жатқан бала уәде етілген Мәсіх емес пе?! Осыларды себеп қылып, Жүсіп пен Мәриям үкіметке бағынбай қойды ма?

12 Уайымдайтын жайттары болса да, Жүсіп пен Мәриям заңға бағынды. Ал Ехоба оларды мойынсұнғандары үшін жарылқады. Мәриям Бетлехемге аман-есен жетіп, сап-сау баланы дүниеге әкелді. Олар Киелі кітаптағы пайғамбарлықты да орындады (Миха 5:2).

13. Заңға мойынсұнғанымыздың бауырластарға тигізер пайдасы қандай?

13 Билік басындағыларға бағынғанымыздың өзімізге де, өзгелерге де пайдасы бар. Біріншіден, заңға бағынып жүрсек, ешқандай жазаға тартылмаймыз (Рим. 13:4). Екіншіден, бізге қарап билік иелері Ехоба куәгерлері жайлы жақсы пікірде қалады. Мысалы, осыдан ондаған жыл бұрын Нигерияда ел арасында ереуілшілер шығып, салық төлеуге қарсы болып жатты. Сол бүлікшілерді іздеп жүрген сарбаздар Патшалық сарайына кіріп келеді. Сонда олардың басшысы: “Ехоба куәгерлері үнемі салық төлейді, бүлікшілерге олардың еш қатысы жоқ”,— деп сарбаздарын алып кетеді. Сіз заңға мойынсұнған сайын, Ехоба куәгерлерінің абыройын көтересіз. Кім білсін, Куәгерлердің осындай жақсаты күндердің күнінде бауырластарыңыздың өмірін сақтап қалар (Мат. 5:16).

14. Бір бауырлас билігі барларға бағынуды қалай үйренді?

14 Бірақ кейде билік иелеріне бағынғымыз келмей, іштей қиналатын шығармыз. Құрама Штаттарда тұратын Джоанна есімді әйел бауырлас былай деді: “Менің отбасымның кейбір мүшелері билік иелерінің қолынан әділетсіздік көрді. Сондықтан маған оларға бағыну қиынның қиыны болды”. Джоанна көзқарасын өзгертуі керектігін түсініп, күш салды. Біріншіден, ол билік иелеріне қатысты жағымсыз сезімдерін өршітетін әлеуметтік желілердегі пікірлерді оқымайтын болды (Нақ. с. 20:3). Екіншіден, Ехобаға “үкіметтің өзгеруіне емес, саған сенім артуға көмектесші” деп дұға етті (Зәб. 9:9, 10). Үшіншіден, әдебиеттерден бейтараптыққа қатысты мәліметтерді оқып-зерттеді (Жох. 17:16). Қазір Джоанна билігі барларды құрметтеп, бағынуды үйренген. Соның арқасында жүрегінде тыныштық бар.

ЕХОБАНЫҢ ҰЙЫМЫНАН КЕЛГЕН НҰСҚАУЛАРҒА МОЙЫНСҰНЫҢЫЗ

15. Ехобаның ұйымынан келген нұсқауларға мойынсұну неге кейде бізге қиын?

15 Ехоба бізге қауымда “басшылықты қолға алғандарға мойынсұныңдар” дейді (Евр. 13:17). Біздің Көсеміміз Иса кемелді, бірақ ол жауапкершілік тапсырған жердегі адамдар кемелсіз. Сондықтан оларға мойынсұну қиын болуы мүмкін, әсіресе олар біз қаламай тұрған нәрсені істеуді сұрағанда. Елші Петірдің де мойынсұнғысы келмеген кездері болған. Періште оған Мұса Заңы бойынша арам саналған етті жеуді айтқанда, ол бір емес, үш рет бас тартқан! (Ел. іс. 10:9—16). Бұл бұйрықты орындау Петірдің ақылына сыймады, өйткені ол өмір бойы басқаша істеп үйреніп қалған еді. Петірге кемелді періштеге мойынсұну қиын болған болса, онда бізге кемелсіз адамға мойынсұну одан да қиын екені айтпаса да түсінікті!

16. Пауыл бір қарағанда ақылға қонбайтын басшылық алғанда, не істеді? (Елшілердің істері 21:23, 24, 26)

16 Елші Пауыл ақылға сыймайтындай көрінген басшылық алған кезде де “мойынсұнуға дайын” болды. Бірде яһуди мәсіхшілерге Пауыл “Мұса Заңын ұстанбауға үйретіп жүр” деген өсек жетеді (Ел. іс. 21:21). Сондықтан Иерусалимдегі ақсақалдар Пауылға қасына төрт ер кісіні ертіп ғибадатханаға баруды, сөйтіп, Мұса Заңын ұстанатынын көрсету үшін тазару рәсімін жасауды айтады. Бірақ мәсіхшілер бұдан былай Мұса Заңын ұстанбайтын еді ғой. Пауыл мұны білетін. Оның үстіне, ол ешқандай да жаман нәрсе істемеген. Десе де Пауыл ақсақалдарға “сендердің айтып тұрғандарың жөнсіз” демеді. Олардың сөзін екі етпей орындап, ертесіне “әлгі кісілерді ертіп, солармен бірге тазару рәсімін жасады” (Елшілердің істері 21: 23, 24, 26 оқыңыз). Пауылдың мойынсұнғанының арқасында қауымның ынтымағы бұзылмады (Рим. 14:19, 21).

17. Сіз Стефаниден не үйрендіңіз?

17 Стефани бауырласқа жауапты бауырластардың қабылдаған шешімімен келісу басында қиын болған екен. Олар күйеуі екеуі шет тілді топтағы қызметтің қызығына батып жүрген еді. Бірақ кейін филиал бұл топты жауып, оларды қайтадан өздерінің ана тіліндегі қауымға тағайындапты. “Менің қатты көңілім түсіп кетті. Біздің тілімізде қажеттілік жоқ қой деп ойладым”,— дейді Стефани. Сонда да ол осы шешімді қолдап, мойынсұнады. “Уақыт өте келе мен бұл шешімнің дұрыс болғанын түсіндім. Отбасыларынан өздері ғана шындықта жүрген бірнеше бауырласқа біз рухани әке-шеше болдық. Қазір мен бір кездері уағыздамай кетіп, қызметін қайтадан қолға алған әйел бауырласпен зерттеу өткіземін. Жеке зерттеуге арналған уақытым да көбірек. Ұйымның шешіміне мойынсұну үшін барымды салғаныма қуанамын, ар-ұжданым да таза”,— дейді ол.

18. Мойынсұнғыш болсақ, қандай пайдасын көреміз?

18 Біз мойынсұнуды үйрене аламыз. Иса жағдайы керемет болғанда емес, “шеккен азаптары арқылы мойынсұнуды үйренді” (Евр. 5:8). Біз де көбінесе басымызға қиын жағдайлар түскенде мойынсұнуды үйреніп жатамыз. Мәселен, COVID-19 пандемиясы басталғанда, Патшалық сарайына жиналмаймыз, үйме-үй уағыздамаймыз деген нұсқауға бағыну бізге қиын болған шығар. Бірақ соған бағынғанның арқасында аман-сау жүрдік, бауырластармен бірлікте болдық, Ехобаны да қуанттық. Енді зор алапатта қандай басшылықтар келсе де, мойынсұнуға бұрынғыға қарағанда дайынбыз. Сол кезде аман қалу-қалмауымыз мойынсұнуымызға байланысты болады (Әйүп 36:11).

19. Біз ең алдымен не себепті мойынсұнғыш болғымыз келеді?

19 Біз мойынсұнудың пайдасы өте көп екенін білдік. Бірақ Ехобаға бәрінен бұрын не үшін мойынсұнамыз? Біз оны жақсы көреміз әрі оған ұнамды болғымыз келеді (Жох. 1-х. 5:3). Ехобаның жасаған бар жақсылығын ешқашан да өтей алмаймыз (Зәб. 116:12). Бірақ оған және ол билік берген адамдарға мойынсұна аламыз. Мойынсұнғыш болсақ, ақылды екенімізді көрсетеміз. Осылай Ехобаның жүрегін қуантамыз (Нақ. с. 27:11).

89-ӘН Құдайға құлақ асып, батаға кенел

a Адамның басшылық етуге құқы бар екенін біліп тұрсақ та, кемелсіз болғандықтан, мойынсұну кейде бізге қиын. Бұл мақалада ата-анамызға, “билік басындағыларға” және қауымда жетекшілікті қолға алғандарға мойынсұнсақ, мұның қандай игілігін көретінімізді білеміз.

b Ата-анаңның орнатқан ережелеріне бағыну қиын болса, олармен бұл жайлы сөйлесуге jw.org сайтындағы “Үйде ережелер орнатудың не қажеті бар?” деген мақала көмектеседі.

c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жүсіп пен Мәриям билеушінің жарлығына бағынып, тіркелу үшін Бетлехемге барды. Мәсіхшілер де “билік басындағылар” орнатқан жол ережесіне, салық заңдарына, денсаулыққа қатысты ескертулерге мойынсұнады.