Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

19-ӘН Еске алу кеші

Жылдың ең маңызды күніне дайынсыз ба?

Жылдың ең маңызды күніне дайынсыз ба?

“Мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар” (ЛҰҚА 22:19).

НЕГІЗГІ ОЙ

Еске алу кешін неліктен ерекше бағалайтынымызды, оған қалай дайындала алатынымызды және басқаларды оған қалай шақыра алатынымызды талқылайық.

1. Не себепті Еске алу кеші — жылдың ең маңызды күні? (Лұқа 22:19, 20)

 ЕХОБАНЫҢ халқы үшін Мәсіхтің өлімін еске алу кеші — ең маңызды күн. Иса осы күнді “атап өтіңдер” деп нақты бұйырып кеткен (Лұқа 22:19, 20 оқыңыз). Біз осы кешті ерекше қуанышпен күтеміз. Неліктен? Кейбір себептерін атап өтейік.

2. Еске алу кешін асыға күтуімізге қандай себептер бар?

2 Еске алу кешінде біз төлемнің қаншалықты бағалы екені туралы ойланып-толғанамыз. Исаның берген құрбандығы үшін қалай алғыс білдіре алатынымызды еске аламыз (Қор. 2-х. 5:14, 15). Сондай-ақ бауырластармен көрісіп, “өзара жігерленеміз” (Рим. 1:12). Жыл сайын бұл кешке қауымға келмей кеткен бауырластар да келеді. Жылы шыраймен қарсы алғанымызды көріп, кейбірі тіпті Ехобаға қайта оралып жатады. Қызығушылық білдіргендер болса, бұл кештен зор әсер алып, өмір жолына аяқ басады. Расында да, Еске алу кеші болатын күн біз үшін өте ерекше!

3. Еске алу кеші қалай бүкіл әлемдік бауырластығымызды біріктіреді? (Суретті де қараңыз.)

3 Ойлап қарасақ, Еске алу кеші дүниежүзілік бауырластығымызды да біріктіреді. Қалайша? Күн ұясына бата келе бүкіл Жер шары бойынша Ехоба куәгерлері бас қосады. Бәріміз түгел төлемнің асыл құны жайында бір баяндама тыңдаймыз. Екі мадақ әнін айтамыз, рәсімдерді қолдан-қолға өткіземіз, төрт рет айтылатын дұғаға бәріміз шын жүректен “аумин” дейміз. Бір тәулік ішінде бүкіл жер бетіндегі қауымдар осы бір тәртіпті ұстанады. Бәріміз жұдырықтай жұмылып, Ехоба мен Исаның құрметіне жиналғанымызды көргенде, олар ерекше шаттанатыны сөзсіз!

Еске алу кеші дүниежүзілік бауырластығымызды біріктіреді (3-абзацты қараңыз) f


4. Бұл мақаладан не білеміз?

4 Осы мақалада біз мына сұрақтарға жауап аламыз: Еске алу кешіне ой-санамыз бен жүрегімізді қалай дайындасақ болады? Өзгелер де осы кештің игілігін көру үшін не істей аламыз? Қауымға келмей кеткен бауырластарға қалай көмектесе аламыз? Осы сұрақтардың жауабын біле отырып, өзімізді аталмыш қасиетті жиынға дайындаймыз.

ЕСКЕ АЛУ КЕШІНЕ ЖҮРЕГІМІЗДІ ДАЙЫНДАУ

5. а) Төлемнің құндылығы жайында неліктен ойлануымыз қажет? (Зәбүр 49:7, 8) ә) “Иса пайғамбар не үшін өлді?” деген бейнероликтен не білдіңіз?

5 Жүрегімізді Еске алу кешіне дайындау үшін төлемнің қаншалықты құнды сый екенін ойлағанымыз өте маңызды. Біз ешқашан да өз күшімізбен күнә мен өлімнен азат бола алмас едік (Зәбүр 49:7, 8 оқыңыз;Иса пайғамбар не үшін өлді?” деген бейнероликті де көріңіз a). Сондықтан Ехоба біз үшін Иса жанын қияды деп шешті. Бұл құрбандық үшін Ехоба да, Иса да өте қымбат құн төледі (Рим. 6:23). Олардың біз үшін қандай құрбандыққа барғаны жайлы ойланған сайын, төлемге ризашылығымыз өсе береді. Қазір біз төлем үшін Ехоба мен Исаның не нәрсеге төзгеніне кішкене тоқталып өтеміз. Бірақ алдымен, төлемнің не екенін біліп алайық.

6. Төлем деген не және неліктен Исаға төлем беру қажет болды?

6 Төлем деп әдетте шығынды өтеу үшін төленетін құнды айтамыз. Әуел баста Адам ата кемелді болып жаратылған еді. Ал күнә жасаған соң, ол өзін де, ұрпақтарын да мәңгілік өмірден құр қалдырды. Адам жоғалтқан кемелді өмірді қайта сатып алу үшін Иса өзінің кемелді өмірін құрбан етті. Жерде өмір сүргенде Иса “ешбір күнә жасаған емес, аузынан жалған сөз де шыққан емес” (Пет. 1-х. 2:22). Кемелді болып өлгендіктен, Исаның төлеген құны Адам ата жоғалтқан өмірдің құнын жүз пайыз өтеді (Қор. 1-х. 15:45; Тім. 1-х. 2:6).

7. Жерде болғанда Иса қалай сыналды?

7 Жерде жүргенде қаншама рет сыналса да, Иса көктегі Әкесіне мойынсұнып, бір сәтке де адалдығынан таймаған. Мысалы, ол кемелді бала болса да, кемелсіз ата-анасына бағынып, айтқандарынан шықпай жүрді (Лұқа 2:51). Ал жасөспірім шағында біреулер оны ата-анасының тілін алмауға я Ехобаға адал болмауға итермелеген шығар. Бірақ ол оған да төтеп берді. Есейген шағында оған Ібіліс Шайтанның азғыруларына төтеп беруге тура келді, тіпті Шайтан оны ашықтан-ашық Құдайды сатып кетуге шақырды. Сонда да Иса адалдығынан еш таймады (Мат. 4:1—11). Шайтан Иса төлемнің құнын өтей алмау үшін барын салып, оған күнә жасатқысы келді.

8. Иса тағы қалай сыналды?

8 Қызметі барысында Иса одан бетер сыналды. Адамдар оған қарсы шығып, тіпті өлтірмек болды (Лұқа 4:28, 29; 13:31). Бұған қоса, ол ізбасарларының кемшіліктеріне төзді (Мар. 9:33, 34). Сондай-ақ сотталғанда жаулары оны азаптап, келеке-мазақ етті. Артынан масқаралайтын өлім жазасына кесіліп, адам төзгісіз азаппен қиналып өлді (Евр. 12:1—3). Оған осы сынақтың ақырғы сәттеріне жалғыз төтеп беруге тура келді. Ехоба оны қорғап қалмады b (Мат. 27:46).

9. Исаның құрбандығы бізді қандай сезімге бөлейді? (Петірдің 1-хаты 1:8)

9 Көріп отырғанымыздай, төлем беру үшін Иса талай азаптан өтті. Осының бәріне біз үшін төзгенін ойлағанда, Исаны жанымызға жақын тартып, жақсы көріп кетеміз емес пе?! (Петірдің 1-хаты 1:8 оқыңыз).

10. Төлем құрбандығы Ехобаға оңай тиді ме?

10 Ал Ехоба ше? Төлем құрбандығы оған қаншалықты қымбатқа түсті? Ехоба мен Исаның бір-біріне бауыр басқаны сонша, әлемдегі ешқандай әке мен ұлдың арасы ондай жақын емес (Нақ. с. 8:30). Ендеше, Ұлының соншама сынақтан өтіп жатқанына қарап тұру Ехобаға қандай қиын болды десеңізші! Исаның көрген азабы мен қорлығы, адамдардың одан бас тартқаны Ехобаның жанына қатты батқаны сөзсіз.

11. Иса өлімге кесілгенде Ехобаның қандай күй кешкенін көрсететін мысал келтіріңіз.

11 Баласынан айырылып, қайғыдан құса болған кез келген ата-ана бұның қандай ауыр қасірет екенін жақсы біледі. Қайта тірілуге деген сеніміміз мықты болса да, жақынымыздан айырылғанда, кеудемізді зілдей мұң басады. Бұл мысалдан б. з. 33 жылының көктемінде Ұлы көз алдында қорлық көріп өлгенде, Ехобаның қандай күй кешкенін түсіне аламыз c (Мат. 3:17).

12. Еске алу кеші келгенше не істесек болады?

12 Қазірден бастап Еске алу кешіне дейін жеке зерттеуіңізде не отбасылық ғибадатта төлем жайлы жан-жақты қарастырыңыз. “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралы” не басқа да әдебиеттер сізге осы тақырыпты тереңірек қазуға көмектеседі d. Сондай-ақ “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптеріндегі Еске алу кеші қарсаңында оқылатын тармақтарды қалдырмай оқып отырыңыз. Ал Еске алу кеші күні арнайы шығарылған таңғы ғибадат бағдарламасын міндетті түрде көріңіз. Осы кешке өз жүрегімізді барынша дайындасақ, басқаларға да Еске алу кешінің бар игілігін көруге көмектесе аламыз (Езра 7:10).

ӨЗГЕЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСУ

13. Басқалар да Еске алу кешінің игілігін көру үшін бірінші кезекте не істейміз?

13 Өзгелер де Еске алу кешінің игілігін көру үшін не істесек болады? Бірінші кезекте, біз оларды осы кешке шақырамыз. Қызметте жолыққан адамдардан бөлек, шақыруға болатын басқа да адамдардың тізімін жасасақ болады. Мәселен, туыстар, әріптестер, сыныптастар не өзгелер. Баспа түріндегі шақыру қағазы жеткіліксіз болса, оларға электронды нұсқасының сілтемесін жіберіңіз. Кім білсін, біреуі болмаса біреуі келіп қалар (Уағ. 11:6).

14. Адамға шақыру қағазын жіберудің маңыздылығын көрсететін мысал келтіріңіз.

14 Адамды Еске алу кешіне арнайы шақырғанда, олар келуге анағұрлым ықыласты болады. Мысалы, бір әйел бауырласымыздың Куәгер емес күйеуімен болған жағдайды алайық. Бұрын әйелі оған қанша рет айтса да, ол Еске алу кешіне баруға келіспеген. Бірақ бір күні ол қуанып келіп, әйеліне: “Мен сенімен Еске алу кешіне барамын”,— деп таңғалдырады. Бұл жолы ол неге келісті екен? “Маған арнайы шақыру қағазын берді”,— деді ол. Сөйтсе, бір таныс ақсақал оны Еске алу кешіне шақырған екен. Содан кейін бұл кісі көп жыл бойы Еске алу кешіне барып жүрді.

15. Еске алу кешіне шақырғанда нені ескерген жөн?

15 Адам біздің жиындарымызға ешқашан келіп көрмеген болса, біраз сұрақтары туындауы мүмкін. Сондықтан ол не деп сұрауы мүмкін екенін ойланып, алдын ала дайындалып алғанымыз жақсы (Қол. 4:6). Мысалы, былай деп сұрауы мүмкін: “Ол кеште не болады? Қанша уақытқа созылады? Ол жаққа қалай киініп бару керек? Кіру ақылы ма? Келгендерден ақша жинала ма?” Сондықтан адамды шақырып жатқанда: “Қандай да бір сұрақтарыңыз бар ма?”— деп сұрасақ болады. Сосын қойған сұрақтарына жауап беріңіз. Қауым кездесулері қалай өтетінін көрсету үшін “Иса пайғамбардың өлген күнін еске алу” және “Патшалық сарайында не үшін жиналамыз?” деген бейнероликтерімізді көрсетсеңіз болады. “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 28-сабағындағы ойларды да айтарсыз.

16. Еске алу кешіне барған соң, адамда тағы қандай сұрақтар туындауы мүмкін?

16 Еске алу кешіне барған соң, қызығушылық білдірген адамдарда қосымша сұрақтар пайда болуы мүмкін. Олар рәміздерден неге аз ғана адам дәм татқанын (не ешкім дәм татпағанын) білгісі келер. “Еске алу кеші қаншалықты жиі атап өтіледі? Ехоба куәгерлерінің жиындарының барлығы осылай өте ме?” деп те сұрауы мүмкін. Бұл сұрақтардың көбісі Еске алу кешіндегі баяндамада талқыланып кеткенімен, жаңадан келгендерге көбірек түсіндіру керек болар. jw.org сайтындағы “Неге Ехоба куәгерлері Иеміздің кешкі асын басқа діндерден өзгеше атап өтеді?” деген мақала осы тектес сұрақтарға жауап беруге көмектеседі. “Ыңғай танытқан” адамдар осы кештің бар игілігін көру үшін Еске алу кешіне дейін, оның барысында және кейін қолымыздан келгеннің бәрін жасайық (Ел. іс. 13:48).

ҚАУЫМНАН ҚОЛ ҮЗІП ҚАЛҒАН БАУЫРЛАСТАРҒА КӨМЕКТЕСУ

17. Қауымға келмей кеткен бауырластарға ақсақалдар қалай көмектесе алады? (Езекиел 34:12, 16)

17 Қымбатты ақсақалдар, Еске алу кешінің қарсаңында қауымға келмей кеткен бауырластарға қалай көмектессеңіздер болады? Оларға сүйіспеншілікпен көңіл бөліңіз (Езекиел 34:12, 16 оқыңыз). Еске алу кешіне дейін барынша көп бауырласпен хабарласуға тырысыңыз. Олардың қамын ойлайтыныңызды және кез келген көмекті ұсынуға дайын екеніңізді айтыңыз. Еске алу кешіне шақырыңыз. Келсе, жылы қарсы алыңыз. Еске алу кешінен кейін осы аяулы бауырластарымызбен хабарласып тұрыңыз әрі Ехобаға қайта оралуы үшін рухани жағынан барынша көмектесіңіз (Пет. 1-х. 2:25).

18. Қауымға келмей кеткен бауырластарға әрбіріміз қалай көмектесе аламыз? (Римдіктерге 12:10)

18 Қауымға келмей кеткен бауырластар Еске алу кешіне келгенде, оларға бүкіл қауым болып көмектесе аламыз. Қалай? Сүйіспеншілік, мейірімділік пен құрмет танытуымызбен (Римдіктерге 12:10 оқыңыз). Бұл бауырластарымыз онсыз да қауымға тартыншақтап, жатырқап келген шығар. “Бауырластар маған не дейді екен?” деп қорқуы да мүмкін e. Сондықтан оларды ыңғайсыз жағдайға қалдыратын сұрақтар қоюдан не көңіліне тиетін сөздер айтудан аулақ болайық (Сал. 1-х. 5:11). Олар біздің бір сенімдегі бауырластарымыз. Олармен қайтадан иық тіресе ғибадат етуге қуаныштымыз! (Зәб. 119:176; Ел. іс. 20:35).

19. Исаның өлімін еске алудың пайдасы қандай?

19 Иса өзінің өлімін Еске алу кешін жыл сайын атап өтіңдер деп бұйырғаны қандай дұрыс болған! Біз бұл жиынның қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Бұл кештің өзімізге де, өзгелерге де тигізер пайдасы орасан (Ишая 48:17, 18). Ехоба мен Исаға деген сүйіспеншілігімізді тереңдете түсеміз. Олардың бізге жасағандары үшін алғыс білдіре аламыз. Бауырластармен арамыз жақындай түседі. Ал өзгелерге төлемнің арқасында олар қандай баталарға ие бола алатынын айтамыз. Олай болса, барымызды салып, осы жылдың ең басты күні — Еске алу кешіне дайын болайық!

БІЗ ҚАЛАЙ. . .

  • Еске алу кешіне жүрегімізді дайындай аламыз?

  • өзгелерге осы кештің игілігін көруге көмектесе аламыз?

  • қауымнан қол үзіп қалған бауырластарға көмектесе аламыз?

18-ӘН Төлемге ризашылық

a Осы мақалада келтірілген мақалалар мен бейнероликтерді jw.org сайтындағы іздеу жолағына атауын жазып таба аласыз.

b 2021 жыл, сәуір айының “Күзет мұнарасындағы” “Оқырман сауалдарын” қараңыз.

d Зерттеуге ұсыныстар” қоршауын қараңыз.

e Суреттерді және “ Қауымдағылар қалай қарсы алды?” деген қоршауды қараңыз. Уағыздамай кеткен бауырлас Патшалық сарайына кіруге тартыншақтап тұрса да, бар батылдығын жинап кіреді. Ол өзін жылы қарсы алған бауырластармен әңгімелесіп отыр.

f СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Әлемнің бір бұрышында Ехобаның халқы Еске алу кешін атап өтіп жатса, өзге бұрышындағы бауырластар оған дайындалып жатыр.