Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

27-ӘН Құдай балаларының паш етілуі

“Мен сені ешқашан тастамаймын!”

“Мен сені ешқашан тастамаймын!”

“Құдай: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деген” (ЕВР. 13:5ә).

НЕГІЗГІ ОЙ

Майланғандардың барлығы түгел көкке алынғанда, Ехоба өзінің жердегі қызметшілерін тастамайды.

1. Майланған мәсіхшілер қашан түгел көкте болады?

 КӨП ЖЫЛ БҰРЫН Ехобаның қызметшілерін “майланған мәсіхшілердің соңғылары қашан көкке алынады?” деген сұрақ ойландырды. Кезінде біз Армагеддон шайқасы аяқталып, жұмақ басталғаннан кейін кейбір майланған бауырластар біраз уақыт жерде болады деп ойладық. Бірақ 2013 жыл, 15 шілдедегі “Күзет мұнарасынан” 144 000-ның бәрі де Армагеддон басталмай тұрып көкке жиналатынын білдік (Мат. 24:31).

2. Қандай сұрақ туындауы мүмкін және бұл мақалада не талқылаймыз?

2 Дегенмен бір сұрақ туындайды: “Зор алапатта” жерде Ехобаға адал қызмет етіп жүрген Мәсіхтің “басқа қойларымен” не болады? (Жох. 10:16; Мат. 24:21). Бәлкім, кейбіреулер сүйікті майланған бауырластарымыз бізді тастап көкке кетіп қалса, бізге кім бас-көз болады деп уайымдайтын шығар. Олардың осылай ойлауына Киелі кітаптағы екі оқиға себеп болуы мүмкін. Алдымен, соларды талқылап өтейік. Ал сосын уайымдауға еш себеп жоқ екеніне негіздер келтіреміз.

ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ БОЛМАЙДЫ?

3, 4. Кейбіреулер нені уайымдауы мүмкін және неге?

3 Кейбір бауырластар бізге жол көрсетіп отыратын Басқарушы кеңестегі майланғандар болмай қалса, басқа қойлар тура жолдан адасып кетпес пе екен деп уайымдауы мүмкін. Олардың осылай қорқуына Киелі кітаптағы кейбір оқиғалар әсер еткен шығар. Қазір солардың екеуін қарастырайық. Біріншісі — бас діни қызметкер Еходайдың оқиғасы. Ол Құдайға адал, тамаша кісі болған. Әйелі Ехошабат екеуі Жоғас есімді кішкентай балаға қорған болып, оған жақсы әрі адал патша болуға көмектеседі. Еходайдың көзі тірісінде Жоғас Ехобаға ұнамды әрекет етіп жүрді. Ал Еходай қайтыс болған соң, тез-ақ тура жолдан тайып кетті. Зұлым бекзадалардың айтқанын тыңдап, Ехобадан теріс айналды (Шеж. 2-ж. 24:2, 15—19).

4 Екінші мысал — екінші ғасырдағы мәсіхшілердің жағдайы. Елшілерден соңғы болып дүниеден өткен Жохан еді. Тірі кезінде ол көптеген мәсіхшілерге Ехобаға адал қызмет ете беруге көмектескен (Жох. 3-х. 4). Басқа елшілер сияқты, ол да қауымда белең ала бастаған жолдантаюшылықпен жан сала күрескен (Жох. 1-х. 2:18; Сал. 2-х. 2:7). Бірақ Жохан қайтыс бола сала, жолдантаюшылық өрттей өршіп кетті. Сөйтіп, одан кейінгі жылдары қауымдар түгел тура жолдан тайды.

5. Жоғарыдағы екі оқиға нені білдірмейді?

5 Бұл екі оқиға майланғандар түгел көкке алынғанда, Мәсіхтің басқа қойларымен де осындай жағдай болатынын білдіре ме? Олар да Жоғас сияқты тура жолдан ауытқып, екінші ғасырдағы мәсіхшілер сияқты жолдан тайып кете ме? Ешқашан да олай болмайды! Жерде ешқандай майланған қалмаса да, Ехоба өз халқының қамын жасай береді әрі олар рухани өркендей береді. Бұған сенімді болатындай, бізде қандай негіз бар?

ТАЗА ҒИБАДАТ ТАЗА БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ

6. Қандай үш кезеңді шолып өтеміз?

6 Алда болатын қиындықтарға қарамастан, таза ғибадат еш бүлінбейтініне неге сенімдіміз? Өйткені Киелі кітаптан біз өмір сүріп жатқан кезеңнің ежелгі исраилдіктер немесе екінші ғасырдағы мәсіхшілер өмір сүрген кезеңнен мүлдем басқа екенін білеміз. Ендеше осы үш кезеңді, яғни: 1) ежелгі Исраилдің кезін, 2) елшілер қайтыс болғаннан кейінгі уақытты және 3) “барлық нәрселер қалпына келетін уақыт” деп аталған біздің кезеңді қарастырып шығайық (Ел. іс. 3:21).

7. Ежелгі Исраилде патшалар мен халық зұлым болып кетсе де, неге адал исраилдіктердің жігері жасымады?

7 Ежелгі Исраилдің кезі. Дүниеден өтпес бұрын Мұса исраилдіктерге: “Мен көз жұмған соң, сендердің зұлым істер жасап, нұсқаған жолымнан тайып кететіндеріңді жақсы білемін”,— деген (Мұс. 5-ж. 31:29). Сондай-ақ олар бүлік шығара беретін болса, басқа елге айдалатынын да ескерткен (Мұс. 5-ж. 28:35, 36). Түбінде дәл осылай болып шықты. Ғасырлар бойы көптеген патшалар Ехобаның көз алдында зұлым істер жасап, өздерімен қоса халықты да тура жолдан адастырды. Ақыры, Ехоба өзінің зұлым халқынан бас тартып, патшалар әулетінен билікті алып қойды (Езек. 21:25—27). Ал адал исраилдіктер Ехобаның сөзі дәлме-дәл орындалғанын көргенде бойларына батылдық бітіп, әрі қарай қызмет ете берді (Ишая 55:10, 11).

8. Екінші ғасырдағы мәсіхшіліктің бүлініп кеткеніне таңғалуымыз керек пе? Түсіндіріңіз.

8 Елшілер қайтыс болғаннан кейінгі кезең. Екінші ғасырдағы мәсіхшілердің тура жолдан тайып кеткендері бізді еш таңғалдырмайды. Өйткені Иса жолдантаюшылардың қаптап кететінін алдын ала айтқан (Мат. 7:21—23; 13:24—30, 36—43). Бірінші ғасырдың өзінде елші Пауыл, Петір мен Жохан Исаның сөзі орындалып жатқанын растаған (Сал. 2-х. 2:3, 7; Пет. 2-х. 2:1; Жох. 1-х. 2:18). Ал екінші ғасырда мәсіхшілер қауымы түгелдей бүлініп кетті. Сөйтіп, жолдан тайған мәсіхшілік әбден күшіне мініп, дүниежүзілік жалған діндер империясы — Ұлы Бабылдың төрінен бір-ақ орын алды. Бұл жолы да пайғамбарлық тура орындалды.

9. Біздің кезең ежелгі Исраилдің және екінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымының кезеңінен несімен ерекшеленеді?

9 “Барлық нәрселер қалпына келетін уақыт”. Біздің заманымыздағы уақыт ежелгі Исраилдің кезінен және жолдантаюшылық белең алған екінші ғасырдан қатты ерекшеленеді. Біздің уақыт қалай аталады? Осы зұлым дүниенің “соңғы күндері” деп айтатын шығармыз (Тім. 2-х. 3:1). Бірақ Киелі кітапта сол уақытпен қатар одан да ауқымды әрі ұзағырақ дәуірдің басталғаны айтылған. Бұл дәуір Мәсіхтің Патшалығы адамзатты қайтадан кемелділікке жеткізіп, жерді қайтадан жұмаққа айналдырғанға дейін жалғасады. Ол “барлық нәрселер қалпына келетін уақыт” деп аталады (Ел. іс. 3:21). Бұл кезең 1914 жылы басталды. Ол кезде не қалпына келді? Иса көкте патша тағына отырды. Осылай Ехобаның өкілі болатын, Дәуіт патшаның ұрпағынан шыққан Билеуші қайта пайда болды. Бірақ Ехоба тек Патшаны ғана емес, көп ұзамай таза ғибадатты да қалпына келтіре бастады! (Ишая 2:2—4; Езек. 11:17—20). Ол енді қайтадан бүліне ме?

10. а) Қазіргі таза ғибадат жайында Киелі кітапта қандай пайғамбарлық айтылған? (Ишая 54:17) ә) Бұл пайғамбарлықтар неге бізге сенімділік ұялатады?

10 Ишая 54:17 оқыңыз. Бүгінде рухтың жетелеуімен айтылған мына пайғамбарлық орындалып жатыр: “Саған қарсы жасалған ешбір қару жеңіске жетпейді”. Келесі сенім ұялататын сөздер де біздің уақытқа қатысты: “Балаларыңның бәрі Ехобадан тәлім алады. Олардың тыныштығы ұшан-теңіз болады. Сен әділдікті берік негіз қыласың. . . Сені ештеңе қорқытпайды, шошытпайды да. Мұндай нәрсе саған жоламайды” (Ишая 54:13, 14). “Осы дүниенің құдайы” болып отырған Шайтанның өзі Ехобаның халқы атқарып жатқан ағарту ісін тоқтата алмайды (Қор. 2-х. 4:4). Таза ғибадат қалпына келді. Ол енді ешқашан да бүлінбейді. Ол мәңгілікке қалады. Оған қарсы жасалған ешбір қару жеңіске жетпейді!

ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ БОЛАДЫ?

11. Майланғандар көкке алынғанда ұлы жамағат қараусыз қалмайтынына неге сенімдіміз?

11 Майланғандар көкке алынған соң, басқа қойлармен не болады? Біздің Бағушымыз Иса екенін ұмытпайық. Ол — қауымның Басы. Оның өзі: “Көсемдерің біреу-ақ. Ол — Мәсіх”,— деген (Мат. 23:10). Біздің көкте билік етіп отырған Патшамыз өз міндетін әрқашан да жауапкершілікпен атқарады. Оның өзі бас-көз боп тұрғанда, жердегі ізбасарларына ештеңеден қорқудың қажеті жоқ. Мәсіх қол астындағы халқын сол кезде қалай бастап жүретінін бүге-шігесіне дейін білмейміз, әрине. Бірақ Киелі кітапта бізге сенімділік беретін кейбір мысалдар бар. Соларды қарастырып өтейік.

12. а) Мұса қайтыс болған соң, Ехоба өз халқын қалай қамқорлады? ә) Ілияс басқа тапсырма алып кеткен соң ше? (Суретті де қараңыз.)

12 Исраил халқы Уәде етілген жерге кірмей тұрып, Мұса қайтыс болады. Сонда Құдай халқымен не болды? Олар қараусыз қалды ма? Адалдық сақтаған кездерінің бәрінде Ехоба оларды еш тастамады. Қалай? Мұса өлмес бұрын Ехоба оған халыққа жетекшілік етуді Ешуаға тапсыр деді (Мұс. 2-ж. 33:11; Мұс. 5-ж. 34:9). Ал Мұса оны жылдар бойы осы іске үйреткен еді. Одан қалса, мыңбасы, жүзбасы, елубасы, тіпті онбасы болып тағайындалған қабілетті жетекшілер көп еді (Мұс. 5-ж. 1:15). Осылай Ехоба өз халқының бар қамын жасады. Ілияс пайғамбардың кезінде де солай болды. Ол ондаған жылдар бойы Исраилде таза ғибадатты алға тартып жүрді. Бірақ кейін Ехоба оны басқа қызметке тағайындап, сонау Яһуданың оңтүстігіне жіберді (Пат. 2-ж. 2:1; Шеж. 2-ж. 21:12). Сонда Исраилдің он рулы патшалығындағы адал кісілер тастанды болып қалды ма? Жоқ. Оларда біраз жылдан бері Ілиястан тәлім алған Еліше пайғамбар бар еді. Сондай-ақ онда “пайғамбарлар ұлдары” да болды. Олар мектеп сияқты ұйымдастырылған арнайы жерлерде оқыған көрінеді (Пат. 2-ж. 2:7). Демек, Құдай халқына жетекшілік ететін адал ер кісілер көп болған. Ехоба әрі қарай да өзінің еркін орындай берген әрі адал қызметшілерінің қамын жасай берген.

Мұса да (сол жақ суретте), Ілияс та (оң жақ суретте) жақсы орынбасар дайындап кетті (12-абзацты қараңыз)


13. Еврейлерге 13:5-тің екінші жартысында жүрекке жылу беретін қандай уәде бар? (Суретті де қараңыз.)

13 Сонымен, осы екі жағдайды ескерсек, майланғандар көкке алынғанда не болады екен деп уайымдауға еш себеп жоқ. Себебі Киелі кітапта анық айтылғандай, Ехоба жердегі халқын ешқашан тастамайды (Еврейлерге 13:5ә оқыңыз). Мұса мен Ілияс пайғамбарлар іспетті, қазіргі таңда жетекшілікті қолға алған шағын майланғандар тобы да өзгелерді үйретудің маңыздылығын жақсы түсінеді. Көп жылдан бері Басқарушы кеңестегі бауырластар басқа қойлардың қатарындағы ер кісілерге жетекшілікті қолға алуды үйретіп келеді. Мысалы, олар ақсақалдарға, аралаушы бақылаушыларға, филиал комитетінің мүшелеріне, Бетелдегі бақылаушыларға арналған түрлі мектептер ұйымдастырды. Сондай-ақ Басқарушы кеңестің әртүрлі комитеттеріндегі көмекшілерін де Басқарушы кеңестің өзі тікелей үйретеді. Қазіргі таңда бұл көмекшілер ұйымда көп жауапкершіліктерді адал атқарып жүр. Майланғандар кеткен соң, олар Мәсіхтің қойларының қамын жасауға сақадай сай тұр.

Басқарушы кеңес өздеріне көмекші бауырластарды үйретуге, бүкіл әлем бойынша ақсақалдарға, аудандық бақылаушыларға, филиал комитетінің мүшелеріне, Бетелдегі бақылаушыларға және миссионерлерге арналған мектептерді ұйымдастыруға көп күш жұмсайды (13-абзацты қараңыз)


14. Осы талқылауымыздың тоқетері не?

14 Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: зор алапаттың аяғына таман соңғы майланғандар көкке алынғанда, жер бетінде таза ғибадат қаз қалпында қалады. Иса Мәсіхтің жетекшілігімен Құдай халқы Ехобаға адал қызмет ете береді. Ол кезде Магог жеріндегі Гог, яғни одақтасқан халықтар бізге шабуылдайтыны рас (Езек. 38:18—20). Бірақ қысқа уақытқа ғана созылатын бұл шабуылдан түк те шықпайды. Олар Ехобаға ғибадат етуімізге еш бөгет жасай алмайды. Ехоба халқын міндетті түрде құтқарып қалады! Елші Жохан аянда Мәсіхтің басқа қойларынан құралған “ұлы жамағатты” көрген. Оған бұл “ұлы жамағаттың. . . зор алапаттан өткені” айтылды (Аян 7:9, 14). Демек, олар аман қалады!

15, 16. Аян 17:14-ке сай, Армагеддон соғысы кезінде майланғандар не істейді және бұл неге бізге жігер береді?

15 Майланғандар ше, олар көкке барған соң не істейді? Киелі кітапта бұл сұраққа да анық жауап бар. Онда жер бетіндегі үкіметтердің “Тоқтыға қарсы шайқасқа шығатыны” айтылған. Бірақ Тоқты оларды әлбетте “жеңіп шығады”. Ал Тоқтымен бірге кімдер шайқасады? Тармақта айтылғандай, “шақырылған”, “таңдап алынған”, сондай-ақ “адал болғандар” (Аян 17:14 оқыңыз). Олар қайта тірілген майланғандар! Демек, зор алапат бітуге таяғанда, соңғы болып көкке алынған майланғандардың алғашқы тапсырмасы соғысу болады. Бұл өте ерекше тапсырма болмақ! Ехоба куәгері болмай тұрып, майланғандардың кейбірі өзгелерді соққыға жыққан. Араларында әскерде болғандары да бар. Бірақ кейін олар мәсіхшілік жолын ұстанып, татулыққа үйренген (Ғал. 5:22; Сал. 2-х. 3:16). Сөйтіп, бұдан былай соғыс атаулыны қолдамайтын болды. Алайда көкке барған соң, олар Мәсіхпен және қасиетті періштелерімен бірге Құдайдың жауларына қарсы соңғы шайқасқа аттанады.

16 Ойлап қарасақ, қазір жердегі кейбір майланған бауырластар қартайып қалған, бойларынан күш-қуаты кеткен. Бірақ көкке қайта тірілгенде олар құдіретті, өлмес рухани жаратылысқа айналып, жауынгер Патша Мәсіхпен бірге шайқасуға тағайындалады. Армагеддон соғысы өткен соң, олар адамзатқа кемелділікке жетуге көмектеседі. Жерде кемелсіз пенде болған кездеріне қарағанда, көкте олар өздерінің аяулы бауырластары үшін әлдеқайда көп нәрсе істей алады! Бұл қандай керемет десеңізші!

17. Армагеддон соғысы кезінде Құдайдың барлық қызметшілері қауіпсіздікте болатынын қайдан білеміз?

17 Сіз басқа қойлардың қатарындасыз ба? Ендеше, шешуші Армагеддон соғысы басталғанда сізге не істеу керек болады? Ехобаға сенім артып, нұсқауларына құлақ асыңыз. Бар болғаны осы. Ол қандай нұсқау болуы мүмкін? Киелі кітапта жанға жай беретін мынадай сөздер жазылған: “Ішкі бөлмелеріңе кіріңдер де, Есіктеріңді жауып алыңдар. Құдайдың қаһары басылғанша, Азғана уақыт жасырына тұрыңдар” (Ишая 26:20). Ехобаның көк пен жердегі адал қызметшілері ол кезде қауіпсіздікте болады. Елші Пауыл сияқты біз де “үкімет те, қазіргі не болашақтағы нәрселер де. . . бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайтынына” кәміл сенімдіміз! (Рим. 8:38, 39). Ехоба сізді жақсы көреді әрі ешқашан тастамайды! Осыны ұмытпаңыз.

МАЙЛАНҒАНДАРДЫҢ СОҢҒЫСЫ КӨККЕ АЛЫНҒАНДА. . .

  • не болмайды?

  • таза ғибадат бүлінбейтініне неге сенімді болсақ болады?

  • Ехоба халқының қамын жасайтынына неге сенімдіміз?

8-ӘН Ехоба — біздің қорғанымыз