Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

6-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

10-ӘН Құдайымыз Ехобаны мадақтайық!

“Ехобаның есімін даңқтаңдар!”

“Ехобаның есімін даңқтаңдар!”

“Ехобаның қызметшілері, оған мадақ айтыңдар, Ехобаның есімін даңқтаңдар!” (ЗӘБ. 113:1).

НЕГІЗГІ ОЙ

Әрбір мүмкіндікті пайдаланып, Ехобаның киелі есімін мадақтай беруге талпындыратын ойлар.

1, 2. Атына жала жабылғанда Ехоба не сезінді деп ойлайсыз?

 МЫНАДАЙ жағдайды елестетіп көріңізші: бір жақын адамыңыз сіз жайлы сұмдық нәрселер айтып жүр екен. Осы өтірікке кейбіреулер сеніп қалады. Ал ең жаманы, бұл қалың жұртқа таралып, бұған көп адам сене бастайды. Осындайда сіз не сезінер едіңіз? Бұл жаныңызға батады, әрине. Өйткені сіз адамдарды жақсы көресіз әрі олардың алдында жақсатты болғыңыз келеді (Нақ. с. 22:1).

2 Бұл мысалдан аты қараланғанда Ехобаның не сезінгенін түсінеміз. Құдайдың өз қолынан шыққан рухани ұлы алғашқы әйел Хауаға ол жайлы өтірік айтты. Хауа болса оған сеніп қалды. Осы өтіріктің кесірінен Адам ата мен Хауа ана Ехобаға қарсы бүлік шығарды. Ақырында, бүкіл адамзат күнәкар болып, түбінде өлетін болды (Мұс. 1-ж. 3:1—6; Рим. 5:12). Бүгінде біз көріп жатқан қиыншылықтардың бәрі — өлім, соғыс, азап — Шайтанның сол Едем бағында айтқан өтірігінен басталған. Өзіне жабылған жала мен оның қайғылы салдары Ехобаға қалай әсер етеді деп ойлайсыз? Әрине, бұл оның жүрегін ауыртады. Бірақ ол бұған ашынып, қатуланып кеткен жоқ. Ол әлі де “бақытты Құдай” (Тім. 1-х. 1:11).

3. Бізде қандай керемет мәртебе бар?

3 Ехобаның атын ақтауға біз де үлес қоса аламыз. Ол үшін “Ехобаның есімін даңқтаңдар!” деген бұйрықты орындауымыз керек (Зәб. 113:1). Бұл өзгелерге сол қасиетті есімнің Иесі жайлы жақсы сөздер айтуды білдіреді. Ал сіз Ехобаның есімін бар жан-тәніңізбен даңқтағыңыз келе ме? Ендеше, осыған қозғау салатын үш жайтты талқылайық.

ЕХОБАНЫҢ АТЫН МАДАҚТАСАҚ, ОНЫ ҚУАНТАМЫЗ

4. Ехобаны мадақтасақ, ол неге қуанады? Мысал келтіріңіз. (Суретті де қараңыз.)

4 Ехобаның есімін мадақтасақ, ол бізге риза болады (Зәб. 119:108). Сонда құдіретті Құдай Тағала кемелсіз адамдар сияқты біреудің мақтап-марапаттауына мұқтаж ба? Әрине, олай емес. Бұны мынадай мысалмен түсінуге болады. Кішкентай қыз әкесіне жүгіріп келіп, құшақтай алады да, оған: “Сіз әлемдегі ең керемет әкесіз!”— дейді. Әкесі қызының бұл қылығына сүйсініп, мәз болады. Неге? Өзіне сенімсіз, қызының мақтауына зәру болғандықтан ба? Жоқ, ол қызының сүйіспеншілігі мен ризашылығын білдіріп жатқанына қуанады. Сондай-ақ қызы осындай қасиеттер танытса, бақытты болып өсетінін де біледі. Тап солай, ұлы Әкеміз Ехобаны мадақтағанда, ол да бізге қарап риза болады.

Әкесі баласының сүйіспеншілігі мен ризашылығын көріп қуанатынындай, Ехоба да оның есімін мадақтағанымызға қуанады (4-абзацты қараңыз)


5. Ехобаны мадақтағанда біз қандай өтірікті жоққа шығарамыз?

5 Әкеміз Ехобаны мадақтағанда Шайтанның біз туралы айтқан өтірігін де жоққа шығарамыз. Оның айтуынша, ешқайсысымыз Ехобаның жағында соңына дейін тұра алмаймыз. Сыналғанда, мінсіздігімізден тайып кете саламыз. Өзімізге тиімді болып тұрса, Құдай жолынан айнып кетеміз (Әйүп 1:9—11; 2:4). Бірақ бұның жалған екенін Әйүп пайғамбар дәлелдеп кетті. Ал сіз солай етесіз бе? Әрбіріміз көктегі Әкеміздің атын ақырына дейін қорғап, мінсіздікпен қызмет етуімізбен оны қуанта аламыз (Нақ. с. 27:11). Бұл — біз үшін зор мәртебе.

6. Дәуіт патша мен леуіліктерден не үйренеміз? (Нехемия 9:5)

6 Ехобаны сүйгендіктен, адал қызметшілері оны жан-тәнімен мадақтайды. Дәуіт патшаны алсақ, ол: “Жаным Ехобаны мадақтасын, Тұла бойым киелі есімін даңқтасын!”— деген (Зәб. 103:1). Ехобаның есімін даңқтау деген оның өзін даңқтау екенін Дәуіт түсінген. Есімінің астарында оның қандай Құдай екені, яғни тамаша қасиеттері мен таңғажайып істері жатыр. Дәуіт Әкесінің есімін киелі тұтуға және оны “тұла бойымен”, яғни бар жан-тәнімен мадақтауға асық болған. Леуіліктерге келсек, олар да Ехобаны мадақтауда жетекші рөл атқарған. Олар Ехобаның киелі есімін лайықты түрде мадақтауға ешқандай сөз жетпейтінін кішіпейілділікпен мойындаған (Нехемия 9:5 оқыңыз). Осындай кішіпейілділікпен, шын жүректен айтылған мадақты естігенде Ехобаның мейірленіп, риза болғаны сөзсіз.

7. Қызметте және күнделікті өмірімізде Ехобаны қалай мадақтай аламыз?

7 Өзгелерге Ехоба туралы айтқанда, оған деген ризашылығымыз бен сүйіспеншілігіміз сезіліп тұрса, ол қуанады. Қызметте біздің басты мақсатымыз — адамдарға Ехобаға жақындауға көмектесу. Біз сияқты олар да Ехобаны сүйікті Әке деп танығанын қалаймыз (Жақ. 4:8). Біз Киелі кітаптан адамдарға Ехобаның адамзатты сүйетін, әділ, дана, құдіретті және басқа да тамаша қасиеттері бар Құдай екенін көрсетеміз. Ехобаны қуантып, мадақтаудың тағы бір жолы — барынша оған ұқсауға тырысу (Ефес. 5:1). Осылайша біз мына зұлым дүниеден ерекшеленеміз. Ал адамдар бұны байқап, себебін білгісі келетін шығар (Мат. 5:14—16). Сондықтан өзгелермен күнделікті шаруалармен ұшырасқанда мүмкіндік туса, оларға іс-әрекетіміздің неге басқаша екенін түсіндіріп кетсек болады. Нәтижесінде ақжүректі адамдардың бойында Құдайымызға деген қызығушылық пайда болады. Осындай жолдармен Ехобаны мадақтағанымыз оған қатты ұнайды (Тім. 1-х. 2:3, 4).

ЕХОБАНЫҢ АТЫН МАДАҚТАСАҚ, ИСАНЫ ҚУАНТАМЫЗ

8. Иса неге Ехобаның есімін даңқтаудың ең озық үлгісі?

8 Көк пен жердегі саналы жаратылыстардың ішінде Ехобаны ұлынан артық ешкім білмейді (Мат. 11:27). Әкесін сүйгендіктен Иса Ехобаның есімін мадақтаудың озық үлгісін көрсетеді (Жох. 14:31). Өлер алдындағы түні ол дұғада жердегі қызметін бірауыз сөзбен түйіндеп: “Оларға есіміңді аштым”,— деген (Жох. 17:26). Бұл нені білдіреді?

9. Иса адамдарға Ехоба жайлы тереңірек түсіндіру үшін қандай астарлы әңгіме айтты?

9 Иса жай ғана “Құдайдың есімі — Ехоба” деп айтқан жоқ. Оның тәлімін естіп жүрген яһудилер бұны онсыз да білетін. Иса оларға Әкесінің қандай тұлға екенін танытты (Жох. 1:17, 18). Мысалы, Еврей жазбаларында Ехобаның мейірімді әрі жанашыр екені айтылып кеткен еді (Мұс. 2-ж. 34:5—7). Ал Иса осы шындықты тереңірек түсіндіру үшін адасқан ұл мен әкесі жайлы астарлы әңгіме айтты. Әкесі күнәсіна өкінген ұлын “алыста келе жатқанда-ақ” көріп, алдынан жүгіріп шығып, бауырына басады да, кеңпейілмен кешіреді. Осы сөздер Ехобаның мейірімді әрі жанашыр екенін керемет бейнелейді (Лұқа 15:11—32). Иә, Иса Әкесінің шын мәнінде қандай Құдай екенін ашып түсіндірді.

10. а) Иса Әкесінің есімін атағанын және басқалардан да осыны күткенін қайдан білеміз? (Марқа 5:19) (Суретті де қараңыз.) ә) Иса біздің не істегенімізді қалайды?

10 Сондай-ақ Иса басқалардың Әкесінің атын атағанын қалаған. Сол уақытта кейбір діни жетекшілер Құдайдың есімі тым қасиетті, оны дауыстап айтуға болмайды деп сенген болуы мүмкін. Бірақ Жазбаларға негізделмеген бұндай дәстүр Исаға ықпал еткен жоқ, ол Әкесінің есімін дәріптей берген. Мысалы, ол герасалықтардың жерінде жын буған кісіні сауықтырған соң не болды? Сол жақтың тұрғындары қорқып кетіп, Исадан жерлерінен кетуді өтінді (Мар. 5:16, 17). Бірақ Иса олар да Ехобаның есімін білсін деді. Сондықтан әлгі сауыққан кісіге тапсырма беріп, жұртқа Иса емес, Ехоба оған не істегенін айтуды бұйырды (Марқа 5:19 оқыңыз) a. Бүгінде ол біздің де Әкесінің есімін бүкіл әлемге жариялағанымызды қалайды (Мат. 24:14; 28:19, 20). Осылай істесек, Патшамыз Исаны қуантамыз.

Иса жыннан арылған кісіге жұртқа барып, Ехоба оған қалай көмектескенін айтуды тапсырды (10-абзацты қараңыз)


11. Иса ізбасарларына не деп дұға етуді үйретті және Езекиел 36:23-ке сай, бұл неге маңызды?

11 Ехобаның ниеті өзінің есімін бүкіл жаладан тазартып, киелі ету екенін Иса жақсы білген. Сондықтан да ол ізбасарларына “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі болсын!” деп дұға етуді үйреткен (Мат. 6:9). Иса бұның бүкіл жаратылыс үшін ең маңызды мәселе екенін түсінген (Езекиел 36:23 оқыңыз). Бүкіл ғаламда ешкім, ешқашан ол сияқты Ехобаның есімін киелі тұтқан емес. Бірақ оны тұтқындаған кезде, дұшпандары оны не деп айыптағаны естеріңізде ме? “Сен Құдайды қорладың”,— деді. Ал Иса үшін Құдайдың қасиетті есімін қорлау ең сорақы күнә болған. Өзінің дәл осы қылмыспен айыпталып, кінәлі деп табылғаны жанына қатты батты. Тұтқындалар алдында оның “жан азабына түскені” де, ең алдымен, осы себептен болар (Лұқа 22:41—44).

12. Иса Әкесінің есімін қалай ең керемет түрде киелі тұтты?

12 Әкесінің есімін киелі тұту үшін Иса азапқа, қорлыққа, жалаға да төзген. Ол еш жерден мүлт кетпей, барлық жағдайда Әкесіне мойынсұнғандықтан еш ұялмады (Евр. 12:2). Сондай-ақ ол сынақтардың бәрі Шайтанның тікелей шабуылы екенін де біліп тұрды (Лұқа 22:2—4; 23:33, 34). Шайтан Исаны адалдығынан тайдырамын деп қанша үміттенсе де, түк шықпады. Керісінше, Иса Шайтанның зымиян өтірікші екенін, сондай-ақ ең қиын деген сынақтың өзінде Ехобаның мінсіздік сақтайтын қызметшілері бар екенін дәлелдеді.

13. Сіз Патшаңызды қалай қуанта аласыз?

13 Сіз тақта отырған Патшаңыз Исаға ұнамды болғыңыз келе ме? Ендеше, Ехобаның есімін мадақтап, басқаларға оның қандай керемет Құдай екенін айта беріңіз. Осылай Исаның ізімен жүресіз (Пет. 1-х. 2:21). Сондай-ақ ол сияқты Ехобаны қуантасыз, ал оның жауы Шайтанның арсыз өтірікші екенін дәлелдейсіз!

ЕХОБАНЫҢ АТЫН МАДАҚТАСАҚ, АДАМДАРДЫҢ ӨМІРІН САҚТАЙМЫЗ

14, 15. Адамдарға Ехоба жайлы тәлім бергенде, қандай таңғажайып нәрсеге куә боламыз?

14 Ехобаның есімін мадақтау арқылы біз адамдардың өмірін сақтай аламыз. Неге бұлай деуге болады? Киелі кітапта айтылғандай, Шайтан сенбейтіндердің “саналарын соқыр қылып қойған” (Қор. 2-х. 4:4). Сондықтан да олар Шайтанға алданып, оның Құдай жоқ, Құдай бізден алыс, ол біздің қамымызды ойламайды, Құдай қатыгез, күнәкарларды мәңгілік бойы азаптайды деген өтіріктеріне сеніп жүр. Шайтан адамдарда Құдайға жақындауға деген ықылас та болмасын деп, Ехобаның атын жасырады не жаманатты қылғысы келеді. Бірақ уағыздаған кезде біз оның бұл жоспарын бұзамыз. Өйткені біз адамдарға Ехоба Әкеміз жайлы шындықты айтамыз және оның киелі есімін даңққа бөлейміз. Оның нәтижесі қандай?

15 Құдай Сөзіндегі шындықтардың әсері өте күшті. Адамдарға Ехоба жайлы, оның шын мәнінде қандай Құдай екені жайлы айтқанда, біз бір таңғажайып нәрсеге куә боламыз. Адамдардың бірте-бірте көздері ашылып, Ехобаның көркем қасиеттерін көре бастайды. Мәселен, Құдіретінің шексіз екенін түсінгенде, бойларын қастерлі сезім кернейді (Ишая 40:26). Кемелді әділеттілігін біліп, оған толық сенім арта бастайды (Мұс. 5-ж. 32:4). Асқан даналығына қайран қалып, түсініктері молаяды (Ишая 55:9; Рим. 11:33). Тұла бойы сүйіспеншілікке тұнып тұрғанын білгенде, жандары жұбаныш табады (Жох. 1-х. 4:8). Ехобаға жақындаған сайын, олардың жұмақта Құдайдың балалары болып, мәңгі өмір сүреміз деген үміттері нығая береді. Расында да, адамдарға көктегі Әкелеріне жақындауға көмектесіп жүрген біз — неткен мәртебелі жандармыз! Осы істе Ехоба бізді өзінің қызметтесі ретінде көреді (Қор. 1-х. 3:5, 9).

16. Құдайдың есімін білгенде, бұл кейбір адамдарға қалай әсер еткен? Мысалдар келтіріңіз.

16 Мүмкін, басында біз адамға Құдайдың есімі Ехоба екенін ғана айтатын шығармыз. Осының өзі ақжүректі адамға өмірін өзгертетіндей әсер етуі мүмкін. Мысалы, Киелі кітапты ұстанбайтын діннің тәрбиесімен өскен Әлия b есімді қызды алайықшы. Жүрегінің түбінде ол өзін дініне де, Құдайға да жақын сезінбеген. Бірақ Ехоба куәгерлерімен зерттеу сабағын бастағанда бәрі өзгерді. Ол енді Құдайға досы ретінде қарай бастады. Ол көптеген Киелі кітаптардан Құдайдың есімі алынып тасталғанын әрі “Ие” деген атаумен алмастырылғанын білгенде аң-таң болады. Ехобаның есімін білгені оның өміріндегі елеулі сәт болды. Ол өзінің алған әсерін былай деп жеткізді: “Менің ең жақын Досымның есімі бар екен! Қазір мен ерекше жантыныштығын сезінемін. Оның атын білгенім маған зор құрмет!” Ал Стив есімді музыкант иудаизмді қатаң ұстанатын ортадан шыққан. Екіжүзділікті көп көргендіктен, ол ешқандай діннің мүшесі болғысы келмеген екен. Бірақ басына бір қайғылы жағдай түскенде, ол Ехоба куәгерлерімен зерттеп жүрген досының сабағына қатысып көрейін дейді. Ехобаның есімін білгенде, бұл оның жүрегін қозғап жіберді. “Құдайдың аты бар екенін мен ешқашан білмеппін. Сол кезде алғаш рет Құдайдың тірі тұлға екенін сезіндім! Оның сезімдері, керемет қасиеттері бар екенін, оны танып біліп, достаса алатынымды түсіндім”,— дейді Стив.

17. Сіз неліктен Ехобаның есімін мадақтай беруге бекіндіңіз? (Суретті де қараңыз.)

17 Уағыздап я тәлім беріп жатқанда, Ехобаның қасиетті есімін адамдарға айтасыз ба? Оларға Ехоба Әкеміздің қандай керемет Құдай екенін түсінуге көмектесесіз бе? Осылай сіз Ехобаны мадақтап, дәріптейсіз. Әрі қарай да адамдарға Ехобаның атын, яғни оның қандай тұлға екенін талмай таныстыра беріңіз. Осының арқасында сіз адамдардың өмірін сақтайсыз. Патшамыз Иса Мәсіхтің соңынан ересіз. Ал ең бастысы, Ехоба Әкеңізді қуантасыз. Оның “есімін мәңгі бақи мадақтай” бергейсіз! (Зәб. 145:2).

Адамдарға Ехобаның есімін көрсетіп, оның қандай Құдай екенін айтқанда, біз оны даңқтаймыз (17-абзацты қараңыз)

ЕХОБАНЫҢ АТЫН МАДАҚТАСАҚ, НЕГЕ. . .

  • оны қуантамыз?

  • Иса Мәсіхті қуантамыз?

  • адамдардың өмірін сақтай аламыз?

2-ӘН Сенің есімің — Ехоба

a Марқа о баста Исаның осы сөзін келтіргенде, Ехобаның есімін қолданғанына салмақты айғақтар бар. Сол себепті “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасында” Ехобаның есімі қайта қойылды.

b Есімдер өзгертілген.