Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаны шыдаммен күте жүріп, қуанышымызды сақтайық

Ехобаны шыдаммен күте жүріп, қуанышымызды сақтайық

ЕХОБАНЫҢ зұлымдық атаулыны жойып, бәрін жаңадан жарататын уақытын асыға күтесіз бе? (Аян 21:1—5). Бұған күмәніміз жоқ. Бірақ Ехобаны шыдаммен күту оңай емес, қиыншылық көріп жүргенде бұл әсіресе қиын. Ұзақ орындалмаған үміт тіпті жүректі ауыртатын болар (Нақ. с. 13:12).

Алайда Ехоба өзінің әрекет ететін уақытын белгілеп қойған, ол соны шыдаммен күткенімізді қалайды. Неліктен? Ал күте жүріп бақытты болуға бізге не көмектеседі?

ЕХОБА НЕЛІКТЕН КҮТКЕНІМІЗДІ ҚАЛАЙДЫ?

Киелі кітапта былай делінген: “Ехоба сендерге ықыласын түсіру үшін шыдаммен күтіп отыр. Ол сендерге мейірім таныту үшін түрегеледі. Өйткені Ехоба — әділдік орнататын Құдай. Оны тағатсыздана күтетіндердің бәрі бақытты” (Ишая 30:18). Ишая бұл сөздерді негізінен қиқар яһудилерге арнап айтты (Ишая 30:1). Бірақ яһудилердің арасында адал жандар да болған және Ишаяның сөздері оларға үміт берген. Ол сөздер бүгіндегі Ехобаның адал қызметшілеріне де үміт сыйлайды.

Ехоба шыдаммен күтіп жатқандықтан, біз де шыдаммен күтуіміз керек. Ол осы дүниенің соңын белгілеп қойған және сол күн мен сағатты күтіп отыр (Мат. 24:36). Белгіленген уақыт келгенде, Ібілістің Ехоба мен оның қызметшілеріне жапқан жаласы өтірік екені айқын болады. Сосын Ехоба Шайтан мен оның жағындағыларды жояды, ал бізге “мейірім танытады”.

Сол уақыт келгенше Ехоба бізді қиыншылықтарымыздан арылтпайтын шығар, десе де ол күте жүріп бақытты бола алатынымызға сендіреді. Ишая айтқандай, жақсы нәрсені тағатсыздана күте жүріп, біз бақытты бола аламыз (Ишая 30:18) a. Бұл үшін не істесек болады? Көмек болатын төрт жолды қарастырайық.

КҮТЕ ЖҮРІП БАҚЫТТЫ БОЛУ ҮШІН. . .

Назарыңызды жақсы нәрселерге тігіңіз. Дәуіт патша өмірінде көп жамандық көрген (Зәб. 37:35). Сонда да ол: “Ехобаның алдында тіс жарма, Оны шыдаммен күт; Өз пиғылын жүзеге асырып, Табысқа жеткен адамды көргенде, ызаланба”,— деген (Зәб. 37:7). Дәуіттің өзі де осы сөздерге сай әрекет етіп, Ехобаның құтқарамын деген уәдесіне назар тіккен. Сондай-ақ оның әрбір батасын ойында ұстаған (Зәб. 40:5). Өмірімізде қандай жағдай орын алмасын, жаман емес, жақсы нәрселерге назар тіксек, Ехобаны күту бізге де әлдеқайда жеңіл болады.

Әрдайым Ехобаны мадақтаңыз. Зәбүрдің 71-жырының жазушысы, Дәуіт болса керек, Ехобаға былай деген: “Мен талмай өзіңді күтемін, Әрдайым сені мадақтай беремін” (Зәб. 71:14). Ол Ехобаны қалай мадақтаған? Өзгелерге Ехоба жайлы айтқан және оған мадақ әнін шырқаған (Зәб. 71:16, 23). Дәуіт іспетті біз де Ехобаны күте жүріп, қуанышқа кенеле аламыз. Біз Ехобаны қызметке шыққанда, достарымызбен сөйлескенде және ғибадат әндерін шырқағанда мадақтаймыз. Келесі жолы Патшалық әнін шырқағанда, оның көңілге қуаныш сыйлайтын сөздеріне мән беріңіз.

Бауырластармен араласып, жігерленіңіз. Дәуіт қиындықтарға кезіккенде, Ехобаға: “Істерің игі болғандықтан, адал халқыңның алдында сенің есіміңе үміт артамын”,— деген (Зәб. 52:9). Бүгін біз де қауым кездесулерінде не қызметке шыққанда ғана емес, Ехобаның адал қызметшілерімен демалып, араласқанда да өзара жігерленеміз (Рим. 1:11, 12).

Үмітіңіз берік болсын. Зәбүр 62:5-те: “Құдайымды мен үнсіз күтемін, Өйткені тек соған үміт артамын”,— делінген. Осы дүниенің соңы біз ойлаған уақытта келмей жатқанда үмітті берік сақтау әсіресе маңызды. Қанша уақыт күтуге тура келсе де, біз Ехобаның уәделері міндетті түрде орындалатынына сенімді болуымыз керек. Үмітімізді мықты ету үшін Киелі кітапты зерттеуіміз керек. Мысалы, Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың қалай орындалғанын, Жазбалардың өзара үйлесімділігін және онда Ехобаның өзі жайлы нені ашқанын тереңірек зерттей аламыз (Зәб. 1:2, 3). Сондай-ақ біз “киелі рухқа кенеліп дұға ете” беруіміз қажет. Осылайша Ехобаның мәңгілік өмірге қатысты берген уәдесі орындалғанын күте жүріп, онымен достығымызды жоғалтпаймыз (Яһд. 20, 21).

Ехоба өзін күтетіндерге назар тігетініне және айнымас сүйіспеншілік танытатынына сіз де Дәуіт сияқты сенімді болыңыз (Зәб. 33:18, 22). Ал Ехобаны шыдаммен күте беру үшін назарыңызды жақсы нәрселерге тігіңіз, Ехобаны мадақтаңыз, бауырластармен өзара жігерленіңіз және үкілі үмітіңізді берік етіп сақтаңыз.

a “Тағатсыздана күту” деп аударылған түпнұсқадағы сөз “бірдеңенің болғанын аңсау я соған үміттену” деген мағынаны да қамтиды. Бұдан қиыншылықтардан құтылуды аңсаудың еш жамандығы жоқ екенін көрінеді.