Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Киелі кітапта Ехобаның болашақты айту қабілеті жайлы не айтылған?

Ехоба болашақты айта алатыны Киелі кітапта анық жазылған (Ишая 45:21). Бірақ ол бұны қашан және қалай істейтіні, болашақты қаншалықты білемін деп шешетіні туралы егжей-тегжейлі мәлімет жоқ. Сондықтан да Ехобаның болашақты айту қабілетіне қатысты нақты бір тұжырымды кесіп айта алмаймыз. Дегенмен ескере кететін жайттар бар.

Ехобаның мүмкіншілігінде шек жоқ, бірақ ол кейде өз-өзін шектейді. Даналығы шексіз болғандықтан, ол қалағанының бәрін алдын ала біле алады (Рим. 11:33). Бірақ оның ұстамдылығы да мінсіз, сондықтан ол кейбір нәрселерді білмеуді шешеді (Ишая 42:14-пен салыстырыңыз).

Ехоба өз еркін болғыза алады. Бұдан біз оның болашақты алдын ала айту қабілеті жайлы не білеміз? Ишая 46:10-да былай түсіндірілген: “Мен әуел бастан істің ақыры қандай болатынын айтамын, Әлі болмаған жайттарды ұзақ уақыт бұрын алдын ала жеткіземін. Ниетім жүзеге асады, Көңіліме жаққанды орындаймын,— деймін”.

Демек, Ехобаның болашақты айта алатынының бір себебі — оның өз ойлағанын жүзеге асыра алатын құдіреті бар. Болашақты білу үшін Ехобаға оқиғаларды фильм сияқты өткізіп-өткізіп, соңын көре салудың қажеті жоқ. Олай ететіндей, оқиғалар алдын ала бір жерде жазылып қойылмаған. Керісінше, Ехоба “мына оқиға дәл мына уақытта болады” деп өзі шеше алады. Кейін, айтқаны дәл уақытында орындалу үшін жағдайды бағыттап, сол оқиғаны болғыза алады (Мұс. 2-ж. 9:5, 6; Мат. 24:36; Ел. іс. 17:31).

Сол себепті Киелі кітапта Ехобаның болашақтағы кейбір оқиғаларға қатысты “даярлап қойғанмын”, “ниетім” деп айтқаны жазылған (Пат. 2-ж. 19:25; Ишая 46:11). Осылай аударылатын түпнұсқадағы сөз “құмырашы” деген сөзбен мағыналас (Ерм. 18:4). Демек, шебер құмырашы әдемі құмыра жасап шығару үшін балшықты илеп, пішінге келтіретініндей, Ехоба да өзінің еркін іске асыру үшін оқиғалардың пішінін келтіре алады, яғни бағыттай алады (Ефес. 1:11).

Ехоба адамның таңдау еркіндігін құрметтейді. Ол әр адамның тағдырын маңдайына жазып қоймайды, я болмаса жақсы адамдарды жойылуға әкеп соғатын әрекет жасауға күштемейді. Ол әр адамға өз өмір жолын өзі таңдауға жол береді. Десе де дұрыс жолды таңдауға шақырады.

Бұған мысал ретінде екі оқиғаны қарастырайық. Біріншісі — Ниневия қаласының тұрғындарымен болған оқиға. Ехоба бұл қала зұлымдығы үшін жойылады деді. Бірақ күнәларына өкінгенде, Ехоба “оларды құртып жіберемін деген райынан қайтты” (Жүніс 3:1—10). Ехобаның райынан қайтқан себебі — ниневиялықтар оның ескертуіне құлақ асуды шешіп, күнәларына өкінді.

Екіншісі — басып алушы Кир туралы пайғамбарлық. Пайғамбарлық бойынша ол яһудилерді тұтқыннан босатып, Ехобаның ғибадатханасын қайта соғуды бұйыру керек еді (Ишая 44:26—45:4). Персия патшасы Кир осы пайғамбарлықты жүзеге асырды (Езра 1:1—4). Бірақ ол шынайы Құдайға ғибадат етпеді. Ехоба оны өзінің пайғамбарлығын жүзеге асыру үшін қолданса да, өзіне ғибадат етуге күштеген жоқ (Нақ. с. 21:1).

Болашақты алдын ала айтқанда, Ехоба осы жайттарды ғана ескереді деп айта алмаймыз, әрине. Себебі ешбір адам баласы Құдайдың ойы мен ісін толық түсіне алмайды (Ишая 55:8, 9). Дегенмен Ехоба туралы алған білімнің арқасында біз оның әрқашан да, яғни болашақты алдын ала айтқанда да, дұрыс әрекет ететініне сенімдіміз.