Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Киелі кітапта кейбір сөздер неге қайталана берген?

КЕЙДЕ Киелі кітапты жазған кісілер бір тіркесті қайталап жаза берген. Бұған келесі жайттар себеп болуы мүмкін.

Жазылған уақыты. Ежелгі Исраилде халықтың басым бөлігінің қолында Мұса Заңының жазбаша түрі болмаған. Олар, негізінен, Заңды киелі шатырдың алдында дауыстап оқылғанда еститін (Мұс. 5-ж. 31:10—12). Үлкен тобырдың арасында сағаттап тұрғандықтан, олар көп нәрсеге алаңдаса керек (Нех. 8:2, 3, 7). Сондықтан да маңызды сөздер қайталанып отырса, тыңдаушылар Жазбаларды естерінде сақтап, кейін өмірлерінде қолдана алар еді. Сондай-ақ нақты бір сөздер қайталанғанның арқасында олар Ехобаның нұсқаулары мен заңдарын егжей-тегжейіне дейін жаттап алатын (Мұс. 3-ж. 18:4—22; Мұс. 5-ж. 5:1).

Жазу стилі. Киелі жазбалардың 10 пайызы әндерден тұрады. Оның ішінде Зәбүр жырлары, Таңдаулы ән, Еремияның зары бар. Кейде әндерде басты ойға назар аударатын сөздер қайта-қайта қайталанып отырған. Соның арқасында адамдар әннің сөзін естерінде сақтай алған. Оның бір мысалы Зәбүр 115:9—11 тармақтардағы сөздер: “Ей, Исраил, Ехобаға арқа сүйе, Ол — көмекшің әрі қалқаның. Ей, Харон үйі, Ехобаға арқа сүйе, Ол — көмекшің әрі қалқаның. Ехобадан қорқатындар, Ехобаға арқа сүйеңдер, Ол — көмекшілерің әрі қалқандарың”. Осындай қайталау стилінің арқасында әншілер асыл ойларды саналары мен жүректеріне жазып алған.

Маңызды мәселелерді шегелеп өту. Кейде Киелі кітап жазушылары аса маңызды сөздерді қайталап отырған. Мәселен, Ехоба исраилдіктерге қанды жемеуді бұйырғанда, оның себебін Мұсаға бір емес, бірнеше рет айтқызған. Өйткені Ехоба тіршілік иелерінің өмірі қанда екеніне, яғни қан өмірді бейнелейтініне айрықша назар аударғысы келген (Мұс. 3-ж. 17:11, 14). Кейінірек Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдар Ехобаға ұнамайтын нәрселерді айтып жатып, қаннан аулақ болуды тағы да қайталап өткен (Ел. іс. 15:20, 29).

Ехоба Жазбалардағы сөздерді жай ғана қайталай беріп, рәсімге айналдырып жібергенімізді қаламаған. Мысалы, Иса: “Дұға еткенде. . . бір нәрсені қайталай бермеңдер”,— деген (Мат. 6:7). Бірақ ол дұғамыз Ехобаның еркіне сай болу үшін не жайлы айтуға болатынын айтып кеткен (Мат. 6:9—13). Демек, біз дұғада бір сөздерді қайталай бермейміз, бірақ белгілі бір тақырыптарды қайта-қайта қозғай аламыз (Мат. 7:7—11).

Демек, көріп отырғанымыздай, Киелі кітапта кейбір сөздер мен тіркестер бекерден-бекер қайталанбаған. Бұл — Ұлы Тәлімгеріміз Ехобаның бізге пайдалыны үйрету үшін қолданатын тәсілдерінің бірі (Ишая 48:17, 18).