Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

15-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық

Ехобаның ұйымын бағалай түсейік

Ехобаның ұйымын бағалай түсейік

“Өздеріңе Құдай сөзін айтқан әрі араларыңда басшылықты қолға алғандарды ұмытпаңдар” (ЕВР. 13:7).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехобаның ұйымына деген ризашылығыңызды арттыра беріңіз.

1. Бірінші ғасырда Ехобаның халқы қалай ұйымдасқан?

 ЕХОБА өз халқына қандай да бір тапсырма берсе, оның ұйымдасқан түрде атқарылғанын қалайды (Қор. 1-х. 14:33). Мысалы, сондай тапсырмалардың бірі — ізгі хабардың бүкіл жер бетінде уағыздалуы (Мат. 24:14). Ехоба бұл іске жетекші етіп Исаны қойған. Иса бұл істің ұйымдасқан түрде атқарылуын қадағалап отыр. Бірінші ғасырда түрлі жерлерде қауымдар құрылғанда, бауырластарға жетекшілік етіп, басшылық беретін ақсақалдар тағайындалған (Ел. іс. 14:23). Иерусалимде елшілер мен тәжірибелі ақсақалдардан құралған басқарушы кеңес түрлі шешімдер шығарып отырған, ал қауымдар сол шешімдерді ұстану керек болған (Ел. іс. 15:2; 16:4). Сол нұсқауларға мойынсұнғанның арқасында “қауымдағылардың сенімі нығайып, күннен-күнге саны арта берген” (Ел. іс. 16:5).

2. 1919 жылдан бері Ехоба өз халқына нұсқаулар мен рухани ас-суды қалай беріп жатыр?

2 Бүгінде де Ехоба өз халқының ұйымдасқан халық болуын қамдап отыр. 1919 жылдан бері Иса майланғандардан құралған шағын топты қолданып, уағыз ісін ұйымдастыруда және ізбасарларына нұсқаулар мен рухани ас-су беруде a (Лұқа 12:42). Ехоба осы топтың еңбегін жарылқап жатқаны анық көрінеді (Ишая 60:22; 65:13, 14).

3, 4. а) Ұйымдасқанымыздың қандай пайдасы бар? Мысал келтіріңіз. ә) Бұл мақаладан не білеміз?

3 Егер ұйымдаспағанымызда, Исаның тапсырған ісін атқара алмас едік (Мат. 28:19, 20). Мысалы, уағыздалатын аумақтар тағайындалмай, әркім қалаған жерінде уағыздай беретін еді. Нәтижесінде, кейбір аумақтар қайта-қайта уағыздалса, басқалары мүлдем өңдеусіз қалар еді. Бірақ біздің ұйымда ондай нәрсе жоқ. Ұйымдасқанымыздың тағы қандай пайдасы бар деп ойлайсыз?

4 Бүгінде біздің ұйым Иса қалдырған үлгіге сай әрекет етеді. Бұл мақалада Иса жерде болғанда қандай үлгі қалдырғанын және ұйым соған қалай еліктеп жатқанын қарастырамыз. Сондай-ақ Ехобаның ұйымына деген ризашылығымызды қалай көрсете алатынымызды білеміз.

ҰЙЫМЫМЫЗ ИСАНЫҢ ҮЛГІСІМЕН ЖҮРЕДІ

5. Исаның үлгісіне еліктеудің бір жолы қандай? (Жохан 8:28)

5 Иса не істесе де, не айтса да, көктегі Әкесінен үйренгендеріне негіздеген. Ехобаның ұйымы да Исаға еліктеп, беретін тәлім-тәрбиесі мен басшылықтарын Құдай Сөзіне негіздейді (Жохан 8:28 оқыңыз; Тім. 2-х. 3:16, 17). Ұйым бізді үнемі Құдай Сөзін оқып, білгендерімізді қолдануға шақырады. Осы кеңеске құлақ асудың қандай пайдасын көріп жүрміз?

6. Киелі кітапты зерттеудің пайдасын көру үшін не істегеніміз маңызды?

6 Киелі кітаптың пайдасын көру үшін, оны басылымдарымыздың көмегімен зерттегеніміз маңызды. Сонда ұйымнан келетін басшылықтарды Киелі кітапта жазылғандармен салыстыра аламыз. Ал сол басшылықтардың Жазбаларға негізделгенін көргенде, Ехобаның ұйымына деген сеніміміз артады (Рим. 12:2).

7. Иса не жайлы уағыздаған және Ехобаның ұйымы оған қалай еліктеуде?

7 Иса “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды” уағыздаған (Лұқа 4:43, 44). Ол шәкірттеріне де осы хабарды уағыздауды тапсырған (Лұқа 9:1, 2; 10:8, 9). Бүгінде Ехобаның ұйымындағы адамдардың бәрі — қайда тұрмасын, қандай қызмет атқармасын — Патшалық жайлы хабарды уағыздайды.

8. Бізге қандай құрмет көрсетілген?

8 Өзгелерге Құдай Патшалығы жайлы шындықты айту — бізге көрсетілген зор құрмет! Бұндай мәртебе бәріне бірдей беріле бермейді. Мысалы, Иса жерде болғанда, жындарға өзі жайлы куәлік етуге тыйым салған (Лұқа 4:41). Бүгінде Ехобаның халқымен бірге уағыздағысы келетін адам алдымен осы мәртебелі іске лайықты болу керек. Біз кез келген жерде, кез келген уақытта уағыздауға дайын болсақ, бізге сеніп тапсырылған осы мәртебелі істі бағалайтынымызды көрсетеміз. Иса сияқты біз де Патшалық жайлы шындықты адамдардың жүрегіне егіп, суару үшін барымызды салғымыз келеді (Мат. 13:3, 23; Қор. 1-х. 3:6).

9. Ұйымымыз Құдайдың есімін қалай паш етуде?

9 Иса Құдайдың есімін ашты. Ол дұғасында көктегі Әкесіне: “Есіміңді аштым”,— деген (Жох. 17:26). Ехобаның ұйымы да Исаға еліктеп, өзгелерге Құдайдың есімін паш ету үшін бәрін істеп жатыр. Соған бір дәлел — “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы”. Онда Ехобаның есімі тиісті орындарына қайтадан қойылған. Бұл аударма толықтай не жартылай 270-тен астам тілде қолжетімді. Осы аударманың А4, А5 қосымшасында Құдай есімінің қайтадан қойылуына қатысты біраз мәлімет бар. А5 қосымшасында Грек жазбаларында Құдайдың есімі неге 237 рет кездесу керектігі де түсіндіріледі.

10. Мьянмалық әйелдің айтқан сөздерінен не түйеміз?

10 Исаға еліктеп біз де Құдайдың есімін мейлінше көп адамға айтқымыз келеді. Мьянмадағы 67 жасар бір әйел Құдайдың есімі бар екенін білгенде көзіне жас алып, тәлімгеріне былай депті: “Құдайдың есімі Ехоба екенін өмірімде бірінші рет естіп тұрмын. Сен маған әлемдегі ең керемет нәрсені айттың ғой!” Осы жағдайдан көрінетіндей, Құдайдың есімін білгені ақжүрек адамдарға қатты әсер етуі мүмкін.

ҰЙЫМДЫ БАҒАЛАЙТЫНЫҢЫЗДЫ КӨРСЕТЕ БЕРІҢІЗ

11. Ақсақалдар Ехобаның ұйымын бағалайтындарын қалай көрсете алады? (Суретті де қараңыз.)

11 Ақсақалдар Құдайдың ұйымын бағалайтындарын қалай көрсете алады? Оның бір жолы — олар қандай да бір нұсқаулар алғанда мұқият оқып, танысып шығады. Кейін бар күштерін салып, сол нұсқауларды ұстанады. Мысалы, олар қауымды жүргізуге не қауымда дұға айтуға қатысты ғана емес, Мәсіхтің отарын бағуға қатысты да нұсқаулар алады. Егер ақсақалдар ұйымнан келген сол басшылықтарды ұстанатын болса, қауымдағы бауырластар Ехобаның сүйіспеншілігі мен қамқорлығын сезінеді.

Ақсақалдар нұсқауларды орындағанда, біздің ұйымға деген ризашылығымыз артады (11-абзацты қараңыз) b


12. а) Басшылықты қолға алғандарға неге мойынсұнуымыз керек? (Еврейлерге 13:7, 17) ә) Басшылықты қолға алғандардың жақсы жақтарына назар аударғанымыз неге маңызды?

12 Ақсақалдар нұсқаулар бергенде шын жүректен орындауымыз керек. Сонда оларға өз міндеттерін атқару жеңіл болады. Киелі кітап бізді басшылықты қолға алғандарға мойынсұнуға әрі бағынуға талпындырады (Еврейлерге 13:7, 17 оқыңыз). Бірақ бұл кейде оңай емес, өйткені ақсақалдар да кемелсіз. Алайда олардың жақсы емес, жаман тұстарына қадалып қалатын болсақ, жауларымызға көмектесіп жатқандай боламыз. Неге олай дейміз? Ақсақалдар жайлы жаман ойласақ, ұйым жайлы да жаман ойлай бастаймыз. Сөйтіп, ұйымға деген сеніміміз шайқалады. Жауларымыздың бар көксегені де осы емес пе?! Олардың үгіт-насихаты мен өтіріктерінің артында кім тұрғанын ұмытпай, олардан бас тарту үшін нақты не істей аламыз?

ҰЙЫМҒА ДЕГЕН СЕНІМІҢІЗ ШАЙҚАЛМАСЫН

13. Құдайдың жаулары ұйымды қалай қаралайды?

13 Құдайдың жаулары ұйымның жақсы тұстарын жаман етіп көрсеткісі келеді. Мысалы, Жазбалардан білетініміздей, Ехоба өз қызметшілерінің тәндік, моральдық және рухани жағынан таза болғанын қалайды. Ал еш өкінбей, арам істерін қоймай істей беретін адамды қауымнан шығаруды талап етеді (Қор. 1-х. 5:11—13; 6:9, 10). Біз Жазбаларда айтылған осы талапты берік ұстанамыз. Бірақ жауларымыз бізді дәл осы үшін қаралап, “сендер мейірімсіз, тым қаталсыңдар, адамға түсінікпен қарамайсыңдар” деп жатады.

14. Ұйым жайлы өтіріктердің артында кім тұр?

14 Шабуылдың артында кім тұрғанын ұмытпаңыз. Ұйымға қарсы айтылып жатқан өтіріктің бәрі Шайтан Ібілістен, өйткені ол — “өтіріктің әкесі” (Жох. 8:44; Мұс. 1-ж. 3:1—5). Шайтан Ехобаның ұйымы жайлы өтірік тарату үшін өз қолшоқпарларын пайдаланатынын түсінуіміз керек. Бұндай жағдай бірінші ғасырда да болған.

15. Дінбасылар Исаға және оның ізбасарларына не істеген?

15 Бірінші ғасырда Шайтанның қолшоқпарлары Құдайдың кереметтер жасап жүрген кемелді Ұлы жайлы небір өтіріктер таратқан. Мысалы, Иса жындарды қуып шыққан кезде дінбасылар: “Ол жындарды жындардың әміршісінің күшімен қуып шығарады”,— деген (Мар. 3:22). Ал Исаны соттағанда, олар оны Құдайды қорлады деп айыптаған және халықты оны өлімге кесуге арандатқан (Мат. 27:20). Кейінірек, Мәсіхтің ізбасарлары ізгі хабарды уағыздап жүргенде, қарсыластары оларды қудалату үшін “адамдарды үгіттеп, бауырластарға қарсы қойған” (Ел. іс. 14:2, 19). 1998 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 желтоқсандағы санында Елшілердің істері 14:2-ге қатысты мынадай сөздер бар: “Мәсіхшілерге қарсы шыққан яһудилер ізгі хабарды өздері тыңдамауымен қоймай, өтірік таратып, басқа ұлт адамдарын Мәсіхтің ізбасарларына қарсы қойған”.

16. Жалған әңгімелер естігенде нені ұмытпауымыз керек?

16 Шайтан өтірік айтуын доғарған жоқ. Ол бүгінде де “бүкіл жержүзін адастырып жүр” (Аян 12:9). Егер ұйым жайлы не басшылықты қолға алған бауырластар жайлы жағымсыз әңгімелер естіп жатсаңыз, бірінші ғасырда Құдайдың жаулары Исаға және оның шәкірттеріне не істегенін еске алыңыз. Бүгінде тура Киелі кітапта айтылғандай, Ехобаның халқы қуғын-сүргін мен жалаға кезігуде (Мат. 5:11, 12). Жалған әңгімелерге сеніп қалмас үшін, оның артында кім тұрғанын ұмытпауымыз керек, әрі бірден әрекет еткеніміз де маңызды.

17. Өтірік әңгімелерге алданып қалудан қалай сақ бола аламыз? (Тімөтеге 2-хат 1:13) (“ Өтірік әңгімелер естігенде не істеуіміз керек?” деген қоршауды да қараңыз.)

17 Өтірік әңгімелерден бас тартыңыз. Өтірік әңгімелер естігенде нақты не істеуіміз керек екенін елші Пауыл анық айтқан. Ол Тімөтеге “аңыздарға. . . көп көңіл бөлетіндерге тыйым салуды” және “қасиеттіні қор қылатын аңыздар іспетті әңгімелерден аулақ болуды” айтқан (Тім. 1-х. 1:3, 4; 4:7). Мысалы, сәби жерден не тауып алса, соны аузына сала береді. Ал ересек адам олай етпейді, өйткені оның қауіпті екенін түсінеді. Біз де жалған әңгімелердің кімнен екенін түсінгендіктен, олардан бас тартамыз. Біз тек қана “дұрыс ілімді”, яғни шындықты берік ұстанамыз (Тімөтеге 2-хат 1:13 оқыңыз).

18. Ехобаның ұйымын бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз?

18 Көргеніміздей, Құдайдың ұйымы Иса қалдырған үлгіге сай әрекет етеді. Бұл мақалада соның үш жолын ғана қарастырдық. Оның басқа да жолдарын Киелі кітапты зерттегенде қарастырып көрсеңіз болады. Қауымыңыздағы бауырластарға ұйымға деген сенімі мен ризашылығын арттыруға көмектесіңіз. Өзіңіз де ризашылығыңызды көрсетіп, Ехобаға адал қызмет етіңіз және өз еркін жүзеге асыру үшін қолданып жатқан ұйымынан ажырамаңыз (Зәб. 37:28). Ехобаның адал әрі бір-бірін сүйетін халқының арасында болу — ерекше мәртебе! Соны бағалай білейік.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Құдай халқы Исаға қай жағынан еліктейді?

  • Ехобаның ұйымын бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз?

  • Өтірік әңгімелерге алданып қалмас үшін не істеуіміз керек?

103-ӘН Бағушылар — Құдайдың сыйы

a “Ехоба таза ғибадатты қалпына келтірді!” кітабының 102, 103-бетіндегі “Неге 1919 жыл?” деген қоршауды қараңыз.

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ақсақалдар көпшілік орындарында уағыздауға қатысты шараларды талқылаған соң, топ бақылаушысы жариялаушыларға нұсқауды жеткізіп, қауіпсіздік үшін қабырғаға жақын тұруды айтып жатыр.