Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Неге Дәуіт патшаның әскерінде жатжерліктер де қызмет еткен?

ДӘУІТТІҢ әскерінде аммондық Селек, хеттік Ұрия, моабтық Иетмах сияқты жатжерліктер болған a (Шеж. 1-ж. 11:39, 41, 46). Сондай-ақ Дәуіттің әскерінде “кереттіктер, пелеттіктер мен ғаттықтар” қызмет еткен (Сам. 2-ж. 15:18). Кереттіктер мен пелеттіктер філістірлердің жақын туыстары болғанға ұқсайды (Езек. 25:16). Ал ғаттықтар філістірлердің Ғат қаласынан шыққан болуы мүмкін (Ешуа 13:2, 3; Сам. 1-ж. 6:17, 18).

Неге Дәуіт өз әскеріне жатжерліктерді алған? Дәуіт олардың өзіне, ең бастысы, Ехобаға адал екендеріне сенімді болған. Мысалы, кереттіктер мен пелеттіктерге қатысты Киелі кітаптың бір сөздігінде былай делінген: “Дәуіттің билігінің ең қиын шағында олар оған адал болған” (“The New Interpreter’s Dictionary of the Bible”). Олар адалдықтарын қалай көрсетті? Екі жағдайға тоқталайық. Бірінші, “күллі исраилдіктер” Дәуітті тастап, “Шеба деген бір бәлеқұмар кісінің” бүлігіне ергенде, кереттіктер мен пелеттіктер Дәуіттің жағында болып, Шебаның бүлігін тоқтатуға көмектесті (Сам. 2-ж. 20:1, 2, 7). Екінші, Дәуіттің ұлы Адониях тақты тартып алуға тырысқанда кереттіктер мен пелеттіктер Дәуітке адал болып қалып, Ехоба таңдаған Сүлеймен патшаны таққа отырғызды (Пат. 1-ж. 1:24—27, 38, 39).

Дәуітке адал болған тағы бір жатжерлік ғаттық Иттай еді. Дәуіттің ұлы Абессалом “халықтың жүрегін жаулап” әкесін тақтан түсірмек болғанда, Иттай өзінің 600 сарбазымен бірге Дәуітті қолдады. Иттай жатжерлік болғандықтан соғыспаса да болар еді. Дәуіт те оған тура соны айтты. Бірақ бұған Иттай: “Тірі Құдай Ехоба мен патша иемнің алдында шын айтамын, патша ағзам қайда барса, мен де сонда барамын. Қызметшіңіз сізбен бірге өлуге де дайын!”— деп жауап берді (Сам. 2-ж. 15:6, 18—21).

Иттай Ехобаның майланған патшасы Дәуітке адал болды

Кереттіктер, пелеттіктер мен ғаттықтар жатжерліктер болса да, олар Ехобаны шынайы тірі Құдай деп, ал Дәуітті Ехобаның майланған патшасы деп мойындаған. Жанында осындай адал кісілердің болғанына Дәуіттің риза болғаны даусыз!

a Мұсаның 5-жазбасы 23:3—6 тармақтарда жазылған заңға сай, “ешбір аммондық та, моабтық та Ехобаның қауымының мүшесі бола алмайтын”. Бұл дегеніміз олар заңды түрде Исраил елінің азаматы бола алмаған және олардікіндей құқықтары болмаған. Бірақ оларға исраилдіктермен бірге тұруға, олармен араласуға тыйым салынбаған. “Киелі жазбаларды түсіну” еңбегіндегі (ор.) “Аммонитяне”/“Браки с израильтянами” деген тақырыпты қараңыз.