Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

24-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

24-ӘН Ехобаның тауына келіңдер!

Ехобаның шатырында мәңгі қонақ болыңыз!

Ехобаның шатырында мәңгі қонақ болыңыз!

“Уа, Ехоба, сенің шатырыңда кім қонақ бола алады?” (ЗӘБ. 15:1).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехобаның досы болып қала беру үшін не істеуіміз керектігін және оның достарына қалай қарауымыз керектігін көреміз.

1. Зәбүр 15:1—5 тармақтарды қарастырғанымыз неге маңызды?

 АЛДЫҢҒЫ мақаладан білгеніміздей, Ехобаның бағышталған қызметшілері, яғни жақын достары оның шатырында қонақ бола алады. Осындай ерекше қарым-қатынасқа лайықты болу үшін не істеуіміз керек? Бұл сұрақтың жауабын Зәбүр 15-тараудан көреміз (Зәбүр 15:1—5 оқыңыз). Зәбүр жыршысы Ехобамен жақын дос болу үшін не істеуіміз керектігін жазған.

2. Дәуіт Ехобаның шатыры жайлы айтқанда, нені ойда тұтқан болуы мүмкін?

2 Зәбүрдің 15-тарауы мынадай сөздермен басталады: “Уа, Ехоба, сенің шатырыңда кім қонақ бола алады? Киелі тауыңда кімнің тұруына болады?” (Зәб. 15:1). Бұл тармақта Дәуіт Ехобаның “шатыры” дегенде, Гибеонда уақытша тұрған киелі шатырды ойда тұтса керек. Дәуіт Ехобаның “киелі тауы” жайлы да айтқан. Бәлкім, ол Гибеонның оңтүстігінен 10 шақырымдай жерде орналасқан Сион тауына меңзеген болуы мүмкін. Сол жерде Дәуіт шатыр қойдырып, ғибадатхана соғылғанға дейін келісім сандығын сонда сақтаған (Сам. 2-ж. 6:17).

3. Неге біз Зәбүр 15-тарауды түсініп алғымыз келеді? (Суретті де қараңыз.)

3 Әрине, исраилдіктердің көбісіне киелі шатырда қызмет етуге мүлдем болмайтын. Ал келісім сандығы тұрған шатырға тіптен санаулы адам кіретін. Бірақ Ехобаның бейнелі шатырында оның адал қызметшілерінің бәрі қонақ бола алған. Бұл үшін тек Құдайдың досы болып қала беру керек-тін. Біздің де бар қалайтынымыз — осы. Зәбүр 15-тарауда Ехобамен дос болып қалу үшін бойымызда қандай қасиеттер дамытуымыз керектігі айтылған.

Дәуіттің күндерінде исраилдіктер Ехобаның шатырында қонақ болудың не екенін оңай елестете алған (3-абзацты қараңыз)


ТУРА ЖОЛМЕН ЖҮРЕДІ, ӘРДАЙЫМ ДҰРЫС НӘРСЕНІ ІСТЕЙДІ

4. Ехоба бізден тек шомылдыру рәсімінен өтуді ғана талап етпейтінін қайдан білеміз? (Ишая 48:1)

4 Зәбүр 15:2-де Ехобаның достары “тура жолмен жүретіні, әрдайым дұрыс нәрсені істейтіні” айтылған. “Жүретін”, “істейтін” деген сөздер үздіксіз әрекетке нұсқайды. Бірақ біз “әрдайым дұрыс нәрсені” істей аламыз ба? Иә. Ешбір адам кемелді емес, бірақ Ехобаға мойынсұнуға бар күшімізді салсақ, ол бізді “әрдайым дұрыс нәрсені істейтін” адам деп қарастырады. Негізі, Құдайға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту — Құдаймен дос болудың бастамасы ғана. Киелі кітап заманында да адамның Исраил халқына жатқаны оның міндетті түрде Ехобаның бейнелі шатырында қонақ болғанын білдірмеген. Өйткені кейбіреулер Құдайға сиынамыз дегенмен, “мұны шындық әрі әділдікпен істемейтін” (Ишая 48:1 оқыңыз). Ехобаның қонағы болуды шын көңілмен қалаған исраилдік оның талаптарын біліп, орындау керек болған. Тура солай, бүгінде де Ехобаның ықыласына ие болу үшін шомылдыру рәсімінен өткеніміз, қауыммен араласқанымыз жеткіліксіз. Біз “тура жолмен жүріп, әрдайым дұрыс нәрсені істей” беруіміз керек. Бұл нені білдіреді?

5. Барлық жағдайда Ехобаға мойынсұну деген нені білдіреді?

5 “Тура жолмен жүру”, “әрдайым дұрыс нәрсені істеу” деген жүйелі түрде қауым кездесулеріне барудан да көп нәрсені қамтиды (Сам. 1-ж. 15:22). Біз өміріміздің әрбір саласында, тіпті жалғыз қалған кезде де, Құдайға мойынсұнуға бар күшімізді салуымыз керек (Нақ. с. 3:6; Уағ. 12:13, 14). Тіпті кішігірім болып көрінген істе де Ехобаға мойынсұнуға тырысқанымыз аса маңызды. Сонда Ехобаны шын жақсы көретінімізді көрсетеміз, әрі Ехоба да бізді одан сайын жақсы көріп кетеді (Жох. 14:23; Жох. 1-х. 5:3).

6. Еврейлерге 6:10—12 тармақтарға сай, бұрынғы игі істерімізбен шектелмеу неге маңызды?

6 Ехоба біздің бұрында атқарған игі істерімізді қатты бағалайды. Бірақ Ехобаның шатырында қонақ болып қала беру үшін, бұрында жасаған игі істеріміз жеткіліксіз. Бұны Еврейлерге 6:10—12 тармақтардан (оқыңыз) анық көреміз. Ехоба біздің жасаған игі істерімізді ешқашан ұмытпайды. Бірақ ол қызметімізді “соңына дейін” ынта-жігермен атқарғанымызды қалайды. Егер “шаршап қалмасақ”, ол бізді ықыласына бөлеп, бізбен мәңгі дос болады (Ғал. 6:9).

ЖҮРЕГІНДЕ ШЫНДЫҚТЫ АЙТАДЫ

7. “Жүрегімізде шындықты айту” деген нені білдіреді?

7 Ехобаның шатырында қонақ болғысы келетін адам “жүрегінде шындықты айту” керек (Зәб. 15:2). Бұл өтірік айтпауды ғана білдірмейді. Ехоба біздің барлық жағынан шыншыл, адал болғанымызды қалайды (Евр. 13:18). Бұны ескергеніміз аса маңызды. “Өйткені Ехоба арамза адамнан жеркенеді, Шыншыл адаммен жақын дос болады” (Нақ. с. 3:32).

8. Біз неден аулақ болуымыз керек?

8 “Жүрегінде шындықты айтатындар” жұрттың көзінше Құдайға мойынсұнатындай болып көрініп, ал жалғыз қалғанда Құдай заңдарын бұзып жүрмейді (Ишая 29:13). Олар алдаудан, қулыққа барудан аулақ. Өйткені қулық-сұмдыққа баратын, жүрегінде арамдық ойлайтын адам Құдайдың кейбір заңдарының дұрыстығына күмәндана бастауы мүмкін (Жақ. 1:5—8). Ондай адам аса маңызды емес болып көрінген істерде Ехобаға мойынсұнбай қоюы мүмкін. Мұның салдарын бірден көрмеген жағдайда, Құдай заңдарын бұзып, одан да сорақы істерге баруы мүмкін. Бұндай адам Құдайға қызмет етіп жүрмін деп ойласа да, Ехоба оның ғибадатын қабыл алмайды (Уағ. 8:11). Сондықтан да біз барлық жағынан адал әрі шыншыл болғымыз келеді.

9. Натанайылмен болған жағдайдан не түйеміз? (Суретті де қараңыз.)

9 Ақжүрек болудың және шынайылықтың маңыздылығын Натанайылмен болған жағдайдан көреміз. Філіп өзінің досы Натанайылды Исаға алып келді. Сол кезде Иса Натанайылды бірінші рет көріп тұрса да, ол жайлы мынадай керемет сөздер айтты: “Мынау — шынымен қулық-сұмдығы жоқ исраилдік” (Жох. 1:47). Әрине, Исаның барлық шәкірті шыншыл болған. Бірақ ол Натанайылдың бойынан ерекше шынайылықты байқаған. Натанайыл біз сияқты кемелсіз адам болса да, оның бойында жасандылықтың, екіжүзділіктің ұшқыны да болмаған. Иса оның осы қасиетіне тәнті болып, мақтаған. Исаның бізді де тура осылай мақтағанын қаламас па едік?!

Філіп досы Натанайылды Исаға әкелгенде, Иса оның қулық-сұмдығы жоқ адам екенін айтты. Сізді де сондай адам деуге бола ма? (9-абзацты қараңыз)


10. Ехоба сыйлаған сөйлеу қабілетін теріс қолданудан неге аулақ болуымыз керек? (Жақып 1:26)

10 Зәбүр 15-тараудағы талаптардың көбісі өзгелермен қарым-қатынасымызға қатысты. Зәбүр 15:3-те Ехобаның шатырындағы қонақтар “тілімен ешкімге жала жаппайтыны, өзгенің ала жібін аттамайтыны, достарын да даттамайтыны” айтылады. Ал егер тілімізді осылай бұрыс қолдансақ, өзгелердің жүрегін жаралаймыз және Ехобаның шатырында қонақ болуға лайықсыз болып қаламыз (Жақып 1:26 оқыңыз).

11. Жала жабу деген не және жала жапқан адам өкінбесе не болады?

11 Зәбүр жыршысы жала жабуды бөлек атап өткен. Ал жала жабу деген не? Бұл біреудің абыройын төгу үшін өтірік айтуды білдіреді. Жала жапқан адам ісіне өкінбесе, ол қауымнан шығарылады (Ерм. 17:10).

12, 13. Қандай жағдайларда біз достарымызды даттап қоюымыз мүмкін? (Суретті де қараңыз.)

12 Зәбүр 15:3-те Ехобаның қонақтары өзгенің ала жібін аттамауы және достарын даттамауы керектігі де айтылады. Бұл нені білдіреді?

13 Кейде біз өзіміз аңдамай, өзгелер жайлы жағымсыз сөздер айтуымыз мүмкін. Мысалы, мынадай жағдайларды алайық: 1) әйел бауырлас ізашарлық қызметін тоқтатты; 2) бір ерлі-зайыптының Бетелдегі қызметі аяқталды; 3) ер бауырлас бұдан былай ақсақал не қызмет көмекшісі болып қызмет етпейді. Осындай жағдайларда не үшін бұлай болғанын анықтауға тырысып және соған қатысты өз пікірімізді басқаларға айтып жүрсек, бұл дұрыс бола ма? Біз бұл өзгерістерге себеп болған жайттарды мүлдем білмеуіміз мүмкін ғой. Ұмытпайық, Ехобаның қонақтары “өзгенің ала жібін аттамайды, достарын да даттамайды”, яғни өзгелерге жамандық жасап, олар жайлы жағымсыз сөздер айтпайды.

Біреу жайлы жағымсыз әңгіме айтып қою оп-оңай, тіпті әңгімеміз жала жабуға ұласып кетуі мүмкін (12, 13-абзацтарды қараңыз)


ЕХОБАДАН ҚОРҚАТЫНДАРДЫ СЫЙЛАЙДЫ

14. Ехобаның қонақтары “жексұрын адамды еш жаратпайды” деген нені білдіреді?

14 Зәбүр 15:4-те Ехобаның достары “жексұрын адамды еш жаратпайтыны” айтылған. Бұл сөздер нені білдіреді? Кемелсіз болғандықтан, біз кімнің жексұрын, кімнің жексұрын еместігін анықтай алмаймыз. Әрине, біз біреулердің мінезін ұнатып, оларға тартылып жатамыз. Ал кейбіреулер қитығымызға тиюі мүмкін. Бірақ біз тек Ехоба “жексұрын” деп санайтын адамдардан ғана аулақ жүруіміз керек (Қор. 1-х. 5:11). Мұндай адамдарға еш өкінбестен жаман істермен айналысатын, наным-сенімдерімізді құрметтемейтін және рухани күйімізді әлсіретуге тырысатындар жатады (Нақ. с. 13:20).

15. “Ехобадан қорқатындарды сыйлаудың” бір жолы қандай?

15 Зәбүр 15:4-те тағы “Ехобадан қорқатындарды сыйлауымыз” керектігі айтылады. Осы тармаққа сай, біз Ехобаның достарына мейірімділік пен құрмет танытудың жолдарын іздейміз (Рим. 12:10). Оның бір жолы, тармақта әрі қарай айтылғандай, Ехобаның достары “өзіне залал келсе де, уәдесінен таймау” керек. Берген уәдемізді бұзсақ, өзгелердің жүрегін ауыртамыз (Мат. 5:37). Мысалы, Ехоба ерлі-зайыптылардың бір-біріне берген уәделерінен таймай өмір сүргендерін қалайды. Ата-аналар да балаларына берген уәделерін орындауға барынша тырысса екен дейді. Құдайды және өзгелерді сүйгендіктен, біз сөзімізде тұруға бар күшімізді саламыз.

16. Ехобаның достарын сыйлаудың тағы бір жолы қандай?

16 Ехобаның достарын сыйлаудың тағы бір жолы — оларға қонақжайлылық пен жомарттық таныту (Рим. 12:13). Бауырластармен араласып, бірге уақыт өткізсек, олармен де, Ехобамен де достығымыз нығаяды. Оған қоса, осылай біз қонақжай Құдайымыз Ехобаға еліктейтінімізді көрсетеміз.

АҚШАҚҰМАР БОЛМАЙ ӨМІР СҮРЕДІ

17. Зәбүр 15-тарауда ақша туралы не үшін айтылған?

17 Ехобаның қонақтары “өсім алу үшін қарызға ақша бермейді, кінәсізді айыптау үшін пара алмайды” (Зәб. 15:5). Осындай қып-қысқа тарауда ақша туралы неге айтылған? Ақшаға деген көзқарасымыз дұрыс болмаса, өзгелерді ренжітіп алуымыз мүмкін және Ехобамен де достығымыз бұзылады (Тім. 1-х. 6:10). Киелі кітап заманында кейбіреулер өсім алу мақсатында кедей бауырларына қарызға ақша берген. Сондай-ақ кейбір төрешілер пара алып, жазықсыз адамдарды айыптап, әділетсіз шешімдер шығарған. Бұндай істер Ехоба үшін жеркенішті (Езек. 22:12).

18. Ақшаға деген көзқарасымызды тексеруге қандай сұрақтар көмектеседі? (Еврейлерге 13:5)

18 Біз өзіміздің ақшаға деген көзқарасымызды тексеріп тұрғанымыз маңызды. Мысалы, мынадай сұрақтар жайлы ойланыңыз: “Ақша туралы, я болмаса не сатып алатыным туралы қаншалықты жиі ойлаймын? Біреуден қарыз алсам, “оның күні осы ақшаға қарап қалған жоқ қой” деп, қайтармай жүріп аламын ба? Ақшам болғаны үшін өзімді өзгелерден артық санаймын ба? Өзгелерге еш қиналмай жомарттық таныта аламын ба? Бақуатты бауырластарды дүниеқұмар адамдар деп санаймын ба? Бай бауырластармен достасып, ал тұрмысы қарапайым бауырластарға немкетті қараймын ба?” Ехобаның шатырында қонақ болу керемет мәртебе болғандықтан, одан айырылып қалмас үшін, әрі қарай да ақшақұмар болмай өмір сүре беруіміз керек. Сонда Ехоба бізді ешқашан тастамайды! (Еврейлерге 13:5 оқыңыз).

ЕХОБА ДОСТАРЫН ЖАҚСЫ КӨРЕДІ

19. Ехобаның бізге талаптар қоюының басты себебі неде?

19 Зәбүр 15-тарау “Осының бәрінен аулақ жүретін адам нық тұрып, еш шайқалмайды” деген сөздермен аяқталады (Зәб. 15:5). Бұл сөздер Ехобаның бізге талаптар қоюының басты себебі неде екенін көрсетеді. Ол біздің бақытты болғанымызды қалайды. Сондықтан да бізге пайдалы болатын, бізді қорғайтын нұсқаулар береді (Ишая 48:17).

20. Ехобаның қонақтарын қандай болашақ күтіп тұр?

20 Ехобаның шатырындағы қонақтарды жарқын болашақ күтіп тұр. Майланған адал мәсіхшілер көкте Иса дайындап қойған “орындарын” иемденеді (Жох. 14:2). Ал жерде өмір сүруге үміттенетіндер Аян 21:3-тегі уәденің орындалғанын көреді. Ехоба бәрімізге өз шатырында мәңгі қонақ болуға мүмкіндік беріп, әрқайсысымызды зор құрметке бөледі!

39-ӘН Құдай алдында жақсатқа ие болайық!