Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЬЕРРА-ЛЕОНЕ ЖӘНЕ ГВИНЕЯ

Ехоба маған көмектесіп жатыр

Джей Кэмбел

Ехоба маған көмектесіп жатыр
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1966

  • ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1986

  • ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Полиомиелитпен (жұлынның қабынуы) ауыратынына қарамастан, жалпы ізашар болып қызмет етеді.

МЕН кішкентайымнан белімнен төмен қарай мүгедек болдым. Біз анаммен және өте кедей тұратын басқа да отбасылармен Фритаундағы қоршалған аумақта тұрдық. Мен тұрып жатқан жерімнен алғаш рет сыртқа 18 жасымда шықтым. Өйткені адамдар маған қалай қарайды деп ұялатынмын әрі қорқатынмын.

Мен 18 жаста болғанымда Полин Ландис есімді Куәгер үйіме келіп, Киелі кітап жайлы білім алуды ұсынды. Мен оған оқи да, жаза да алмайтынымды айтқанда, Полин маған оны да үйрететінін айтты. Мен келістім.

Киелі кітаптан білгендерім маған көп қуаныш әкелді. Бір күні мен Полинге: “Көршілес жердегі бір үйде өтетін қауым кездесуіне баруыма бола ма? Мен ол жерге ағаштан жасалған тұғырмен жете аламын”,— дедім.

Полин мені алып кетуге келгенде, анам мен көршілерім менің жүре алатыныма сенбей, қарап тұрды. Мен ағаш тұғырларды ұстап тұрып, оларды алға қарай қоятынмын. Сосын денемді алға жылжытатынмын, ал тұғырлар артта қалатын. Мен ішкі ауламен өтіп бара жатқанда, көршілерім Полинге былай деп айғайлады: “Сіз оны мәжбүрлемесеңізші. Ол бұрын жүруге тырысып көрген, бірақ мұнысынан түк шықпады”.

Сонда Полин: “Джей, сенің барғың келе ме?”— деп сұрады.

“Иә! Бұл менің шешімім”,— дедім.

Мен қақпаға жеткенше көршілерім үндемей қарап тұрды. Ал қоршалған аумақтан шыға бергенімде, олардың қуанған дауыстары мен шапалақ ұрғандарын естідім.

Сол күні өткен кездесу маған қатты ұнады. Кейінірек мен Патшалық сарайына баруды шештім. Бұл үшін мен көшенің соңына дейін “жаяу жүріп”, кейін таксиге отыруым керек еді. Содан кейін бауырластарға мені үлкен төбешікке қарай көтеру қажет болатын. Кездесуге жеткенше үстім су-су және кір болып кететіндіктен, Патшалық сарайында киімімді ауыстырып алатынмын. Көп ұзамай Швейцариядағы бір әйел бауырлас маған мүгедек арбасын салып жіберді. Соның арқасында мен еш қысылмастан жүретін болдым.

Мүгедек болып қалған Куәгерлердің өмірбаяндарын оқығаным мені Ехобаға бұрынғыдан да көбірек қызмет етуге талпындырды. Сөйтіп мен 1988 жылы жалпы ізашар болдым. Менің мақсатым отбасымдағыларға шындыққа келуге көмектесу және учаскемде Ехобаға қызмет еткісі келетін адамдарды табу еді. Ехобаға осы мақсаттарыма жетуге көмектесуін сұрап, дұға еттім. Әпкемнің екі ұлына және көшеде уағыздағанда кездестірген бір әйелге шындықты білуге көмектескенімде, мен дұғама жауап алдым.

Қазір қолымның әлі кеткен, сондықтан басқалардың арбамды жылжытып жүруіне мұқтажбын. Денем үнемі сырқырап ауыратындықтан қатты қиналамын. Бірақ мен ауруымның емін таптым, бұл — өзгелерге Ехоба туралы тәлім беру. Бұдан келетін қуаныш ауруымды жеңілдетіп, маған жұбаныш береді. Өйткені Ехоба маған көмектесіп жатыр және мен мағыналы өмір кешудемін.