Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЬЕРРА-ЛЕОНЕ ЖӘНЕ ГВИНЕЯ

1991—2001 “Азап отынан өту” (Ишая 48:10). (1-бөлім)

1991—2001 “Азап отынан өту” (Ишая 48:10). (1-бөлім)

Азаматтық соғыс

1980 жылдары бүкіл Батыс Африкада әлеуметтік, саяси және экономикалық проблемалардың кесірінен қақтығыстар орын алды. Соғыс көршілес жатқан Либерияны ойран қылғанда, адамдардың көбісі Сьерра-Леонеге қаша бастады. Филиалдағы бауырластар босқын Куәгерлерді үйлер мен Патшалық сарайларына жайғастырды және бауырластар оларды қажетті заттармен қамтамасыз етті.

Сол кезде босқын бауырластар қиындық көріп жүрсе де, қызықты оқиғаларды бастан кешірді. Көп уақыттан бері миссионер болып қызмет етіп жүрген Изолде Лоренс былай дейді: “Бір күні бір ер бауырлас баласын филиалдың меншігінде болған Патшалық сарайына тамақ жылыту үшін жіберді. Өйткені Патшалық сарайының артындағы бақшада пеш болатын. Бала қайтып келгенде, әкесіне тамақсыз қалғандарын айтты. Әкесі себебін сұрағанда, баласы: “Бүгін Ехоба мені арыстаннан құтқарып қалды!”— деді. Сөйтсе, бала қайтар жолында филиалдың үлкен, бірақ жуас неміс овчаркасын кезіктірген екен. Оның аты Лобо болатын. Қатты қорқып кеткен бала итті өзіне жақындатпау үшін тамағы бар ыдысты алға қарай созып тұрыпты. Ал Лобо тамақты маған беріп жатыр деп түсініп, әрине, оны жеп қойған екен”.

1991 жылдың 23 наурызында Либериядағы қарулы қақтығыс Сьерра-Леоненің шегарасына жетіп, 11 жылға созылған азаматтық соғысқа бастау берді. Біріккен Революциялық Майдан (БРМ) деп аталатын лаңкестік топ көзді ашып-жұмғанша Кайлахун мен Коиндуға жетіп, жергілікті тұрғындарды Гвинеяға қашуға мәжбүр етті. Сол босқындардың арасында 120 бауырлас болды. Ал басқа Куәгерлер сол кезде Либериядан Сьерра-Леонеге лаңкестер келмей тұрып келген еді.

Сол кезде Филиал комитетінің үйлестірушісі болған Билли Коуан былай дейді: “Бірнеше ай бойы шаршап-шалдыққан, азып-тозған және ашыққан бауырластар Фритаундағы Бетелге келді. Олардың көбісі жантүршігерлік қатыгездіктің куәсі болған және аштықтан аман қалу үшін жабайы тіпті өсімдіктер жеген. Біз оларға бірден тамақ пен киім бердік және олармен бірге келген туыстары мен қызығушыларға да қамқорлық көрсеттік. Жергілікті бауырластар да Куәгер босқындарға мейірімділік танытып, оларды үйлеріне алды. Ал босқын Куәгерлер бірден уағыз ісіне атсалысып, жергілікті қауымдарға көмектесті. Уақыт өте келе олардың көбісі көшіп кетті, бірақ олар осында болған кездің бәрінде бізді жігерлендіріп жүрді”.

Сьерра-Леоне 11 жыл бойы азаматтық соғыстың зардабын тартты

Жұбаныш пен үміт сыйлау

Филиал оңтүстік Гвинеядағы босқындар лагеріндегі бауырластарға азық-түлік, дәрі-дәрмек, ыдыс-аяқ және құрал-саймандар жіберді. Сондай-ақ Франциядағы бауырластар оларға көп киім-кешек тарту етті. Бір ер бауырлас былай деп жазды: “Менің балаларым Ехобаны мадақтап, қуаныштан би билеп, ән салды. Енді олардың кездесулерге киіп баратын жаңа киімдері бар!” Бауырластардың кейбірі өздерінің бұрын-соңды мұндай әдемі болып киінбегендерін айтты!

Алайда босқындарға материалдық қажеттіліктерден әлдеқайда маңызды нәрсе керек еді. Иса: “Адам нанмен ғана емес, Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүруі тиіс”,— деген болатын (Мат. 4:4). Сондықтан филиал сол аумаққа Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер жіберіп, жүйелі түрде өтетін жиналыстар мен конгрестер ұйымдастырды. Сондай-ақ ол жерге арнайы ізашарлар мен аралаушы бақылаушылар жіберілді.

Облыстық бақылаушы болған Андре Бат Гвинеядағы Кундуға барғанда, лагерь жетекшісін кездестірді. Ол Андре бауырласты жергілікті босқындарға Киелі кітапқа негізделген баяндама айтып беруін өтініп, лагерьге шақырды. Андренің айтқан баяндамасын 50 шақты адам тыңдады. Забур жырының 18-тарауына негізделген бұл баяндама “Ехобадан пана тап” деп аталатын. Ол баяндамасын айтып болғанда, бір егде тартқан әйел орнынан тұрып, оған былай деді: “Сіз бізді зор қуанышқа бөледіңіз. Күріш біздің қиындықтарымызды шешпейді, бірақ біз Киелі кітаптың арқасында Құдайға үміт арта алатынымызды білдік. Бізге жұбаныш пен үміт сыйлағаныңыз үшін сізге шын жүректен ризамыз!”

Уильям мен Клаудия Слотер деген миссионерлер Гвинеяның Гакаду қаласындағы қауымға тағайындалды. 100-ден аса босқындардан тұратын бұл қауымның рухы жалындап тұрған еді (Рим. 12:11). “Көптеген жас ер бауырластар рухани өсіп жатты.— дейді Уильям.— Егер біреу теократиялық қызмет мектебінде тапсырылған баяндамамен шыға алмай қалса, оның орнына 10—15 шақты жас ер бауырлас шығуға дайын еді. Бауырластар үлкен топ болып қызметке құлшыныспен атсалысатын. Сол құлшынысты жас ер бауырластардың кейбірі кейінірек арнайы ізашар және аралаушы бақылаушылар болды”.

Қақтығыстарға қарамастан жүргізілген құрылыс жұмысы

Азаматтық соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай Фритаундағы бауырластар Уилкинсон Роуд 133-те орналасқан 6 гектар жерді сатып алды. Осы көшенің төмен жағында бірнеше шақырым жерде бұрынғы филиал болған еді. Альфред Ган былай дейді: “Сатып алған жерге біз жаңа Бетел соққымыз келді, бірақ соғыс болып жатқандықтан, бұл жайлы біраз уайымдадық. Сол кезде бізге Басқарушы кеңестің мүшесі Ллойд Бэрри сапармен келді. Біз оған өз уайымымызды айтқанда, ол бізге: “Егер соғыстың бізді артқа тартуына жол берсек, ешқашан ештеңе бітіре алмаймыз!”— деді. Оның осы сөздері бізге батылдық беріп, алға басуға талпындырды”.

Бұл жобаға жүздеген бауырлас қатысты, олардың ішінде 12 елден келген 50-ден аса ерікті қызметші және жергілікті қауымдардан келген көптеген көмекшілер болды. Құрылыс жұмысы 1991 жылдың мамыр айында басталды. Құрылыс бақылаушысы болған Том Боул былай дейді: “Сырттан бақылаған адамдар ғимараттың жоғары сапалы құрылыс материалдарынан салынып жатқанын көріп таңғалды. Өйткені болат қаңқадан тұрғызылып жатқан бұл ғимарат жергілікті ғимараттардан ерекше еді. Алайда адамдарды әсіресе шетелден келген ақ нәсілді және жергілікті қара нәсілді адамдардың бірлікте әрі қуанышпен жұмыс істеп жүргендері таңғалдырды”.

1997 жылдың 19 сәуірінде әртүрлі ұлттан шыққан бауырластар жаңа филиал ғимараттарының бағышталу салтанатына жиналды. Алайда бір айдан кейін, БРМ лаңкестік тобы Фритаунға шабуыл жасады. Ол кезде елдегі сұрапыл қақтығыстың жалғасып келе жатқанына бес жыл болған еді.

Фритаун филиалының құрылыс жұмыстары. Бүгіндегі филиал

Фритаун үшін күрес

Шаштары ұйпа-тұйпа, бастарына қызыл бау байлап алған БРМ лаңкестік тобының мыңдаған мүшесі қаланы шарлап, дүкендер мен үйлерді тонады және әйелдерді зорлап, адамдарды өлтірумен болды. Альфред Ган былай дейді: “Қаладағы жағдай шиеленісіп кеткен еді. Шетелдік миссионерлердің көбісі басқа жерлерге көшірілді. Соңғы болып Билли мен Сандра Коуан, Джими мен Джойс Холланд және Катрин екеуміз кеттік.

Біз филиалда қалуды шешкен жергілікті бетелдіктермен бірге дұға етіп, бірден эвакуациялау пунктіне қарай бет алдық. Жолда бізді 20 шақты жабайылар сияқты мас бүлікші сарбаздар тоқтатты. Журналдарымыз бен ақшамызды бергенде, олар бізді жібере салды. Біз эвакуацияланатын 1000-нан астам адаммен бірге АҚШ әскери-теңіз күштерінің қорғанышындағы бақылау-өткізу пунктіне қарай жол тарттық. Ол жерден тездетіп әскери тікұшақпен АҚШ әскери-теңіз күштерінің кемесіне жеткізілдік. Кеме капитаны бізге бұл эвакуациялау жұмысының АҚШ теңіз-әскери күштерінің Вьетнам соғысынан кейін жүргізген ең үлкен жұмысы болғанын айтты. Келесі күні біз тікұшақпен Гвинеяның Конакри қаласына жеттік. Ол жерде біз уақытша филиал құрдық.

Альфред пен Катрин Ган эвакуацияланып жатқан адамдардың арасында

Миссионерлер Фритауннан тағатсыздана хабар күтті. Ақырында сол жақтан бір хат келді. Онда былай деп жазылған еді: “Осындай аласапыран уақытта біз “Адамдар бір-бірін жақсы көретін кез келе ме?” деп аталатын № 35-інші “Патшалық туралы хабар” трактатын таратып жүрміз. Адамдар шынайы қызығушылық танытуда, тіпті кейбір бүлікшілердің өзі Киелі кітапты зерттеп жатыр. Сондықтан біз уағыз ісіне көбірек қатысуға бел будық”.

Аудандық бақылаушы болып қызмет еткен Жонатан Мбоума былай деп есіне алады: “Біз тіпті Фритаунда арнайы бір күндік конгресс өткіздік. Бағдарламаның жігерлендірерлік болғаны сонша — оны тағы өткізу үшін Бо мен Кенема қалаларына бардым. Соғыстан зардап шеккен қалаларда тұратын бауырластар керемет рухани ас үшін Ехобаға шексіз риза болды.

1997 жылдың соңында біз Фритаундағы Ұлттық стадионда облыстық конгресс өткіздік. Бағдарламаның соңғы күнінде бүлікші сарбаздар стадионға келіп, бізге сол жерден кетуді бұйырды. Біз оларға конгресті соңына дейін өткізуге мүмкіндік берулерін өтіндік. Ұзақ әңгімелескеннен кейін олар райларынан қайтып, бағдарламаны аяқтауға рұқсат етті. Конгреске 1000-нан астам адам қатысып, олардың 27-сі шомылдыру рәсімінен өтті. Бірнеше бауырлас жол жүрудің қауіпті болғанына қарамастан, Бо қаласына барып, бағдарламаны тағы да тыңдады. Көңіл толқытарлық бұл конгрестер керемет өтті!”