Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЬЕРРА-ЛЕОНЕ ЖӘНЕ ГВИНЕЯ

Біз бүлікші сарбаздардан аман қалдық

Эндрю Бон

Біз бүлікші сарбаздардан аман қалдық
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1961

  • ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1988

  • ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: 1991 жылы соғыс басталғанда, Сьерра-Леоненің Шығыс провинциясының Пендембу қаласында жалпы ізашар болған.

БІР КҮНІ түскі уақытта бүлікшілер біздің қалаға келіп, шамамен екі сағат бойы аспанға оқ атты. Олардың кейбірі қаруларын әрең көтеріп жүрген жасөспірімдер болатын. Бүлікшілердің үсті-басы кір, ал шаштары таралмаған, ұйпа-тұйпа еді және олар есірткі қабылдап алғандай болып көрінді.

Келесі күні жаппай кісі өлтіру басталды. Бүлікшілер адамдарды қатыгездікпен азаптап, жарымжан етті және әйелдерді зорлады. Қаланы тәртіпсіздік жайлады. Амара Бабаво мен оның отбасы және Киелі кітап зерттеп жүрген төрт адам менің үйімде жасырынды. Бәріміздің бойымызды үрей биледі.

Көп ұзамай бүлікшілердің командирі келіп, таңертең әскери дайындыққа келуімізді бұйырды. Бұдан бас тарту өлімге кесілумен тең екенін білсек те, біз бейтараптық сақтауға бел будық. Сол түні біз көп рет дұға айттық. Таңертең ерте тұрып, күнделікті тармақты талқыладық және бүлікшілердің келуін күттік. Бірақ олар келмеді.

“Күнделікті тармақты талқылағандарыңа қарағанда, сендер Ехоба куәгерлерісіңдер ғой”

Кейін бүлікшілердің командирі мен оның төрт адамы үйімді өз мақсаттарында қолдану үшін тартып алды. Бірақ олар бізге сонда тұра беруге рұқсат еткендіктен, біз үйде жүйелі түрде қауым кездесулерін өткізіп, күнделікті тармақты талқылап жүрдік. Сонда бүлікші сарбаздардың кейбірі бізге: “Күнделікті тармақты талқылағандарыңа қарағанда, сендер Ехоба куәгерлерісіңдер ғой”,— деді. Олардың Киелі кітапқа деген қызығушылығы жоқ еді, алайда олар бізге құрметпен қарады.

Бір күні аға командир үйімде тұрып жатқан сарбаздарын тексеруге келді. Ол Бабаво бауырласқа әскери құрмет көрсетті, сосын қол алысып амандасты. Сөйтіп сарбаздарына қарап: “Бұл кісі сендердің де, менің де бастығым. Оның және қасындағыларының басынан бір тал шаш түссе, өз обалдарың өздеріңе. Айтқандарымды ұқтыңдар ма?”— деді. Сонда сарбаздары: “Иә, ұқтық!”— деп жауап берді. Командир бізге Біріккен Революциялық Майдан лаңкестік тобының мүшелерін кездестіріп қалған жағдайда көрсететін бір хат жазып берді. Онда біздің бейбіт тұрғындар екеніміз және бізге еш зақым келтірілмесін деген бұйрық жазылған еді.

Бірнеше айдан кейін бүлікші топтар өзара қырылыса бастады, сондықтан біз көршілес жатқан Либерияға қашып кеттік. Ол жерде біз басқа бір бүлікші топтың қолына түстік. Оларға Ехоба куәгерлері екенімізді айтқанда, сарбаздардың бірі бізден: “Олай болса, Жохан 3:16-да не деп жазылған?”— деп сұрады. Тармақты жатқа айтып бергенде, ол бізді жібере салды.

Кейінірек біз басқа бір бүлікшілердің командирін кездестірдік. Ол Бабаво бауырлас екеумізге оның соңынан еруді бұйырды. Біз өміріміз үшін қатты қорықтық. Бірақ командир өзінің соғыс басталмай тұрып Куәгерлермен зерттегенін айтты. Ол тіпті бізге ақша берді және көршілес қауымға жазған хатымызды жеткізуге көмектесті. Сөйтіп, көп ұзамай, екі бауырлас гуманитарлық көмек әкеліп, бізді қауіпсіз жерге апарды.