Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЬЕРРА-ЛЕОНЕ ЖӘНЕ ГВИНЕЯ

1945—1990 “Көптеген адамды әділдік жолына бастап алып келу” (Дан. 12:3). (4-бөлім)

1945—1990 “Көптеген адамды әділдік жолына бастап алып келу” (Дан. 12:3). (4-бөлім)

Сауатсыздықпен күресу

1963 жылдың басында Сьерра-Леонеге екінші рет сапармен келген Милтон Хеншель филиалдағы бауырластардың назарын бір қажеттілікке аударды. Ол бауырластарды елдегі кең тараған сауатсыздықпен күресуге талпындырды.

Кейбір қауымдарда оқу мен жазуды үйрететін сабақтар ағылшын тілінде жүргізілетін. Бірақ Хеншель бауырластың сапарынан кейін бұл сауат ашу сабақтары бауырластардың ана тілінде жүргізілетін болды. Қауымдардың кейбірінде олар екі не үш тілде өтетін. Бұл сабақтардың танымал болғаны сонша — оларға елдегі жариялаушылардың үштен бір бөлігі жазылды.

1966 жылы Либериядағы бауырластар кисси тілін үйретуге арналған суреттері бар әліппе құрастырды. Бауырластар Либерияның билік басындағыларына сол кітапты көрсеткенде, бұл оларға қатты ұнады. Сонда билік басындағылар кітаптың көп данасын басып шығарып, тегін таратуды шешті. Бұл оқулық Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеде таратылды және кисси тілінде сөйлейтін жүздеген адамға оқу мен жазуды үйренуге көмектесті. Кейінірек бұл әліппелер жақсартылды және көптеген адамдарға сауатын ашуға көмектесу үшін басқа тілдерде де шықты.

Сиа қанша қызмет еткенін есептеу үшін қара және қызыл жіптерді қолданған

Сауат ашу сабақтары адамдарды тек оқу мен жазуға үйретіп қана қоймай, рухани өсуге де көмектесті. Мысалы, шомылдыру рәсімінен өтпеген 50 жасар Сиа Нгала есімді жариялаушының сауаты болмаған. Ол қанша қызмет еткенін есептеу үшін қара және қызыл жіптерді қолданған. Егер ол қызметке бір сағат жұмсаса, қара жіпке бір түйін жасаған, ал егер қызығушыға бір рет қайта барса, қызыл жіпке бір түйін байлап отырған. Сиа сауат ашу сабақтарына қатысып, соның арқасында қызметін дұрыс есептей алатын болды. Сондай-ақ ол шомылдыру рәсімінен өтіп, тәжірибелі уағыздаушы әрі тәлім беруші болды.

Бүгінде Сьерра-Леоне мен Гвинеядағы көптеген қауымдарда әлі де сауат ашу сабақтары жүргізілуде. Сьерра-Леоне үкіметінің жоғары шенді басшысының бірі филиалдағы бауырластарға: “Еліміздегі адамдарға Киелі кітап туралы білім берумен қатар, сауаттарын ашуға көмектесіп жатқандарың үшін сендер мақтауға тұрарлықсыңдар”,— деді.

“Тастар айғайлайды”

Әртүрлі этникалық топтардан шыққан адамдардың көбісі оқуды үйренгендіктен, аударманың қажеттілігі артты. Көптеген тайпалардың тілінде осы дүниелік әдебиеттер аз болатын, ал кейбіреулерінде мүлдем жоқ еді. Сьерра-Леонедегі сауаты бар адамдар кітапты ағылшын тілінде оқыса, Гвинеядағылар француз тілінде оқыды. Ал адамдар Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді ана тілдерінде оқи алулары үшін не істеу қажет еді?

1959 жылы Ғалақад мектебінің екі түлегі бір трактат пен кітапшаны менде тіліне аударды. Алайда аударылған бұл әдебиеттердің саны шектеулі болғандықтан, олар аз көлемде таратылды. Он жылдан кейін “Патшалық жайлы осы ізгі хабар” және “Әділдік орнаған жаңа дүниеде өмір сүру үміті” деген екі кітапша кисси тіліне аударылды. Осы кітапшалардың шамамен 30 000 данасы таратылып, Киелі кітап зерттеу сабақтарын өткізу үшін қолданылды.

1975 жылы филиал “Күзет мұнарасының” зерттеуге арналған мақалаларын кисси тілінде басып шығара бастады. Кисси тайпасынан шыққан бауырластардың қуанышында шек болмады! Бір ер бауырлас былай деп жазды: “Ехоба біз үшін керемет нәрсе жасады. Арамыздағы ешқайсысымыз да мектепте оқымағанбыз. Біз сөйлей алмайтын тас сияқты едік. Бірақ қазір бізде кисси тілінде “Күзет мұнарасы” болғандықтан, біз Ехобаның керемет істері жайлы айта аламыз” (Лұқа 19:40). Кейін кисси тіліне басқа да әдебиеттер аударылды.

Бүгінде Сьерра-Леоне мен Гвинеядағы адамдардың көпшілігі біздің әдебиеттерімізді әлі де ағылшын не француз тілінде оқиды. Қауым кездесулері де көбінесе осы екі тілде өтеді. Алайда соңғы уақытта жергілікті тілдердегі әдебиеттердің саны зор қарқынмен өсті. Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер қазір гуэрзе, кисси, крио, манинкакан, менде, пулар және сусу тілдерінде қолжетімді. “Құдайды тыңдаңыз, сонда мәңгі жасайсыз” және “Құдайды тыңдаңыз” деген кітапшалар осы тілдердің бәріне аударылған. Қолдануға оңай бұл құралдар жақсы оқи алмайтын адамдардың көбісіне Киелі кітаптың керемет шындығын түсінуге және бағалауға көмектесуде.

Жаңа филиалдың құрылысы

1960 жылдардың басында Фритаундағы бауырластар жаңа филиал соғатын жер іздеді. Ақырында, 1965 жылы олар Уилкинсон Роуд көшесінен жер телімін сатып алды. Бұл мұхитқа қарайтын көрінісі бар жер қаланың ең жақсы аймақтарының бірі болатын.

Құрылыс жоспары бойынша Патшалық сарайы, миссионерлер үйі және жұмыс істейтін кеңселер бір әдемі ғимаратты құрады. Құрылыс кезінде көлік ығы-жығы жүретін Уилкинсон Роуд көшесінде жүргізушілер мен жолаушылар соғылып жатқан ғимаратты тамашалағысы келгендіктен, қозғалыс жиі баяулап, кейде тіпті тоқтап қалатын. Ғимарат 1967 жылы тамыз айының 19-шы жұлдызында бағышталды. Бағдарламаға 300-дей адам келді, олардың ішінде жергілікті басшылар мен 1923 жылы “Киелі кітапшы” Браун шомылдыру рәсімінен өткізген бірнеше қарт бауырлас болды.

Фритаундағы филиал мен миссионерлер үйі (1965—1997)

Соғылған жаңа филиал көптеген адамдардың Ехоба куәгерлерінің ісіне деген көзқарасын жақсартты. Сондай-ақ бұл Сьерра-Леонеде “Куәгерлер көп ұзамай жоқ болады” деген кейбір дінбасыларының айтқан сын сөздеріне жауап болды. Өйткені жаңа ғимарат Ехоба куәгерлерінің елде қала беретінін анық көрсетті.

Құлшынысты миссионерлер өсімге ықпал етті

Уағызға шыққан бір топ бауырлас күріш егіндігіндегі лай жолдардан өтіп бара жатыр

1975 жылдан бастап Сьерра-Леоне мен Гвинеяға ағылып келген Ғалақад мектебінің түлектері уағыз ісінің алға басуына көп үлес қосты. Кейбіреулері Африканың басқа елдерінде қызмет еткендіктен, жергілікті жағдайларға тез бейімделіп кетті. Ал басқалары болса Африкаға бірінші рет аяқ басқан еді. Бұл миссионерлер “ақ адамдардың моласы” деп аталған жерге қалай төзді? Олардың не дегендеріне назар аударайық.

“Адамдар кішіпейіл және рухани аш еді. Шындық олардың өмірін жақсы жаққа қарай өзгертіп жатқанын көру маған зор қанағат әкелетін”. Ханнелоре Алтмайер.

“Тропикалық климат пен аурулар бізге көп қиындық әкелді. Бірақ ақжүрек адамдарға Ехобаның қызметшісі болуға көмектесуден келетін қуаныш сол қиындықтарға төзуге тұрарлық еді”. Шерил Фергюсон.

“Мен шыдамдылық танытуды үйрендім. Бір әйел бауырластан күтіп жүрген адамдарымыздың қашан келетінін сұрағанымда, ол маған: “Мүмкін бүгін, мүмкін ертең не тіпті бүрсігүні келіп қалар”,— деп жауап берді. Сонда менің түрім бұзылып кеткендіктен болар, ол маған: “Бірақ олар міндетті түрде келеді”,— деді”. Кристин Джонс.

“Әртүрлі этникалық және мәдени ортадан шыққан он төрт миссионер Фритаундағы миссионерлер үйінде тұрды. Онда бәрімізге ортақ екі дәретхана, бір жуынатын бөлме, бір кір жуғыш машина және бір асхана болды. Бізде азық-түлік қоры шектеулі еді, оның үстіне сапасы да төмен болатын. Электр жарығы күтпеген жерден өшіп, кейде бірнеше күн бойы болмайтын. Көбіміз безгек пен басқа да тропикалық ауруларға шалдығатынбыз. Мұның бәрі басымызға үлкен қауіп төндіріп тұрғандай көрінсе де, біз бірге тұруды, кешіруді және қиын сәттерде қалжыңдай білуді үйрендік. Уағызға қатысу қанағат әкелетін және бәріміз бір-бірімізбен дос болып кеттік”. Роберт пен Полин Ландис.

Pauline Landis conducting a Bible study

“Сьерра-Леонеде өткізген жылдар өміріміздегі ең керемет уақыт болды. Біздің өткенге өкінішіміз де, өкпеміз де жоқ. Керісінше біз сол күндерді қатты сағынамыз”. Бенджамин мен Моника Мартин.

“Біз бірде қызығушылық танытқан бір әйелдің үйінде түнеу үшін тоқтадық. Ол бізге біртүрлі болып көрінген тамақты ұсынды. “Бұл жыланнан жасалған. Мен оның улы тістерін алып тастадым. Жеп көріңдер!”— деді ол. Біз сыпайы түрде бас тарттық, бірақ ол қояр да қоймай жегізді. Осындай жағдайларға қарамастан біз қонақжайлық танытқан үй иелеріне риза болдық және оларды қатты жақсы көріп кеттік”. Фредерик пен Барбара Мориси.

“43 жыл бойы атқарған миссионерлік қызметімнің барысында мен 100-ден аса миссионермен бірге тұрдым. Болмыстары әртүрлі, бірақ бірдей мақсатқа ұмтылған адамдармен жақынырақ танысу мен үшін үлкен мәртебе болды! Құдаймен қызметтес болғаным және адамдардың Киелі кітап шындығын қабыл алғанын көргенім маған көп қуаныш әкелді!” Линет Питерз.

“Құдаймен қызметтес болғаным және адамдардың Киелі кітап шындығын қабыл алғанын көргенім маған көп қуаныш әкелді!”

1947 жылдан бері Сьерра-Леонеде 154, Гвинеяда 88 миссионер қызмет етті. Көптеген басқа Куәгерлер де уағыз ісіне қолдау көрсету үшін елдегі қажеттілік бар аймақтарға көшіп барды. Бүгінде Сьерра-Леонеде 44, ал Гвинеяда 31 миссионер бар. Олардың аянбастан әрі жанқиярлықпен атқарған қызметтері көптеген адамға көмектесті. Ұзақ уақыт бойы филиал комитетінің мүшесі болып қызмет етіп келе жатқан Альфред Ган миссионерлер жайлы былай дейді: “Біз оларды сүйіспеншілікпен еске аламыз”.