Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Басқарушы кеңестің хаты

Басқарушы кеңестің хаты

Қымбатты қызметтес бауырластарымыз!

Осы маңызды жылдың басында сендерге хат жолдауға қаншалықты қуаныштымыз десеңдерші! 2014 жылдың соңына қарай сүйікті Патшамыз Иса Мәсіхтің жауларының арасында билік етіп жатқанына бір ғасырдың жүзі болмақ (Заб. 109:1, 2).

Осы қызмет жылының басында Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамы (Пенсильвания) өткізген жыл сайынғы кездесуде “Жаңа дүние аудармасының” Комитеті Киелі кітаптың жаңадан өңделген керемет аудармасы ағылшын тілінде шыққанын хабарлады. Алпыс жылдан астам уақыт бұрын Ехоба “Жаңа дүние аудармасы” жарық көру үшін өзінің киелі рухпен майланған ұлдарын қолданған (Рим. 8:15, 16). Осы бір жайттың өзі бұл аударманы ерекше етеді емес пе?

Көптеген жылдар бойы Басқарушы кеңестің Жазушылар комитеті Киелі кітапты аудару ісін басты орынға қойып келеді. Бүгінде “Жаңа дүние аудармасы” толығымен не жартылай 121 тілде жарық көрді. Өздеріңде бар Киелі кітап үшін Ехобаға қаншалықты риза екендеріңді барынша көрсетуге шақырамыз. Күн сайын оны оқып, ой жүгіртіңдер. Осылайша оның Авторы — Ехоба Құдайға жақындай түсесіңдер (Жақ. 4:8).

Аяулы бауырластарымыздың қандай қиындықтарға кезігіп жатқанын естігенде, жанымыз ауырмай қоймайды. Кейде мұндай бауырластарымызға қуаныштарын сақтап қалу қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті. Мысалы, жақында Азиядағы бір отбасында болған жағдайды алайық. Күтпеген жерден отанасы толықтай сал болып қалғанда, бұл отбасы үшін дүние төңкеріліп кеткендей болды. Өкінішке қарай, дәрігерлер оның жағдайын жақсарту үшін еш шара таба алмады. Қазір күйеуі оған жиырма төрт сағат бойы қамқорлық көрсетуде. Ал ұлы мен екі қызы болса ата-анасына сүйіспеншілікпен көмектесу арқылы мәсіхшілер ретінде жақсы үлгі көрсетіп жүр. Бұл керемет отбасы да, әртүрлі қиындықтарға төтеп беріп жүрген сендер де сенімдерің сыналғанда табандылық танытудан келетін қуанышты сезіне аласыңдар (Жақ. 1:2—4). Ехоба өзінің майланған қызметшілері мен басқа қойларын қиындықтарда табанды болып қалса, бақытты болатындарына сендіреді, өйткені олар сый ретінде мәңгілік өмірге ие болады! (Жақ. 1:12).

Өткен жылы Еске алу кешіне 19 241 252 адам келді. Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхті құрмет тұтып, Құдай халқы үшін жылдың ең маңызды кездесуіне осыншама адамның келгені бізді жігерлендіреді емес пе!? Еске алу кеші өтетін мезгілдің наурыз бен сәуір айларында екі миллионнан аса жариялаушы қосалқы ізашар болып қызмет ету арқылы Құдайды мадақтаудың зор үніне өз үндерін қосты. Неткен керемет десеңдерші! Сондай-ақ аудандық бақылаушы наурыз бен сәуір айларынан басқа да айларда сапарымен келгенде, бауырластар қосалқы ізашар болып қызмет етіп, ізашарларға арналған кездесудің аяғына дейін қатыса алатыны да бізді қуантқаны сөзсіз. Рухани даналыққа кенелген бауырластар уағыз бен қауым істеріне белсенділікпен атсалысудың қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Қызметтен қолымыз босамайтын болса, мызғымас табандылық пен адалдық сақтаймыз және сенімімізді шайқалтып, жолдан тайдырғысы келетін Шайтанның айла-амалдарына қарсы тұра аламыз (Қор. 1-х. 15:58).

Өткен қызмет жылында өмірлерін Ехобаға бағыштаған 277 34 адамның шомылдыру рәсімінен өтіп, дүниежүзіндегі бауырластарымен бірге өмір жолында келе жатқандарын білгеніміз біз үшін үлкен жігер! (Мат. 7:13, 14). Өмірлерін Ехобаға жаңадан бағыштаған бұл бауырластар “сенімдерін берік сақтай” алулары үшін біздің қолдауымызға мұқтаж (Қол. 2:7). Сондай-ақ соңына дейін табандылық таныту үшін бір-бірлеріңді әрі қарай да жігерлендіре беріңдер (Мат. 24:13). “Жаны күйзелгендерді жұбатыңдар, әлсіздерді қолдаңдар, барлық адамдарға төзімді болыңдар” (Сал. 1-х. 5:14). Соңында барлықтарыңды: “Сенің Патшалығың келсін!”— деп “ұдайы дұға ете” беруге шақырамыз (Сал. 1-х. 5:17; Мат. 6:10).

Осы “Жылнаманы” оқу сендерге көп қуаныш әкелсін деп тілейміз және Ехобаны сүйетін әрбіріңді шын жүректен жақсы көретінімізді білсеңдер екен дейміз!

Бауырластарың,

Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі