Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ДҮНИЕЖҮЗІ БОЙЫНША УАҒЫЗДАУ ЖӘНЕ ТӘЛІМ БЕРУ

Еуропа

Еуропа
  • ЕЛДЕР 47

  • ХАЛҚЫ 741 892 871

  • ЖАРИЯЛАУШЫЛАР 1 601 915

  • ЗЕРТТЕУ САБАҚТАРЫ 862 555

“Сіз мұнда адасып келіп қалдыңыз ба?”

Швецияда тұратын сомалилік бір әйел Патшалық сарайында өтетін қауым кездесуіне шақырылады. Әйел шақыруды қабыл алып, сол жерге барады. Бірақ бәрі ол ойлағандай болып шықпайды. Өйткені ол жерде ешкім оны жылы қарсы алмайды, тек бәрі оған тесіліп қарайды. Оның ыңғайсыз күйге түскенін байқаған біреу: “Сіз мұнда адасып келіп қалдыңыз ба?”— деп сұрайды.

Сонда әйел: “Иә, солай сияқты ғой деймін”,— деп жауап береді де, сол жерден кетіп қалады. Кейінірек әйел өзін шақырған Куәгерлерді кездестіргенде, Патшалық сарайына барғанда көңілінің қалғанын және енді қайтіп ол жерге бармайтынын айтады. Олар бұл әйелді Патшалық сарайында көрмегендіктен, не болып қалғанын түсінбей, таңғалады. Біраз әңгімелескеннен кейін, олар бұл әйелдің қателесіп, шіркеуге кіріп кеткенін түсінеді!

Бауырластар оған Патшалық сарайына келіп көруді тағы да ұсынады. Ол баруға келіседі, бірақ өзін ыңғайсыз сезінсе, ол жерде он минуттан артық қалмайтынын айтады. Алайда әйел Патшалық сарайына келгенде, қауымдағылардың бәрі оны жылы шыраймен қарсы алады! Сол жердің оған қатты ұнағаны сонша — қауым кездесуі аяқталғаннан кейін, ол Патшалық сарайынан соңғысы болып кетеді. Содан бері бұл әйел қауым кездесулеріне жүйелі түрде барып, кейін шомылдыру рәсімінен өтеді.

Ол көшеден шақыру қағазын тауып алды

Греция. Бүгінде Стериос басқа адамдармен тауып алған қазынасымен бөлісуде

Грецияда тұратын Стериос есімді жас жігіт таңертең жұмысынан шығып, үйіне әдеттегі жолмен емес, басқа жолмен қайтуды шешеді. Ол келе жатып жерде жатқан бір нәрсені байқап қалады. Бұл Исаның өлімін Еске алу кешіне шақыру қағазы болатын. Онда: “Иса Мәсіхті кім деп білесіз?” деген сұрақ жазылған еді. Айналасында адам көп болғандықтан, Стериос жерде жатқан шақыру қағазын көтеруге ыңғайсызданады. Үйіне келгенде ол әлгі сұрақ туралы ойланып, көбірек мәлімет білгісі келеді.

Стериос сол күні түстен кейін достарымен кофе ішіп, бірге отырмақ болады. Олармен кездесуге бара жатқанда, ол шақыру қағазы әлі де сол жерде жатқан шығар деген оймен таңертең өткен көшемен жүруді ұйғарады. Сөйтсе, шақыру қағазы әлі жерде жатыр екен, бірақ айналада адамдар тағы да көп болғандықтан, Стериос оны бұл жолы да алмай кетеді. Достарымен кофе ішіп болғаннан кейін, ол бірден сол көшеге қарай бет алады да, шақыру қағазының баяғы жерінде жатқанын көреді. Бұл жолы ол шақыру қағазын жерден алып, оқып шығады. Оқып болғаннан кейін, ол Еске алу кешіне баруды шешеді.

Стериос Еске алу кешінің соңында тегін Киелі кітап зерттеу сабағын өтуге болатыны жайлы естігенде, бұған бірден келіседі. Ол қауым кездесулеріне бара бастайды және рухани қадамдар жасайды. Стериос 2013 жылдың наурыз айында өткен арнайы бір күндік конгресте шомылдыру рәсімінен өтеді.

Радиобағдарлама бұрыс пікірді өзгертті

2010 жылдың қаңтар айында Данияның аста­насы Копенгагенде тұратын Фин есімді бауырлас серуендеуге бара жатып, өзімен бірге бірнеше журнал алып шығады. Ол тар көшемен серуендеп келе жатып, алдынан шыққан егде жастағы ер адамды байқайды. Фин оған 2009 жылдың желтоқсан айында шыққан Исаның туылған күні жайлы журналды ұсынады. Әлгі ер адам Финге сөйлегенде, ол бірден оның даусын танып қояды. Ол радиобағдарлама жүргізетін жоғары білімді кісі болатын. Келесі күні Фин радиодан сол бағдарлама жүргізушісінің бір күн бұрын журналдар алғаны жайлы айтып жатқанын естігенде, қатты таңғалады. Жүргізуші журналдағы мақалалардың кейбір жерлерін оқып береді. Сондай⁠-⁠ақ ол Иса туылғанда пайда болған ерекше “жұлдыз” туралы да оқиды және сол жұлдызды шын мәнінде Шайтан жібергенімен келісетінін айтады.

Өзінің берген журналдарының осылай қолданылып жатқанына риза болған Фин бағдарлама жүргізушісіне телефон соғуды шешеді. Әңгіме барысында Фин радиодан Киелі кітап жайлы бағдарлама жүргізу жөнінде ілтипаттылықпен ұсыныс жасайды. Екі аптадан кейін оның ұсынысы қабылданады. Сөйтіп екі сағат бойы жүретін 30-дан аса бағдарламада тек Ехоба куәгерлері мен Киелі кітап жайлы айтылады. Бағдарлама жүргізушісі мен Фин әртүрлі тақырыптарды талқылап, телефон соққан жүздеген тыңдарманның сұрақтарына жауап береді.

Сол уақытта бір тыңдарман радиостансыға хабарласып, өз телефон нөмірін қалдырады. Ол Куәгерлермен байланысқысы келетінін айтады. Оның бұл тілегі бірден орындалады. Бұл ер адам жылдар бойы достары мен отбасы мүшелерінен Ехоба куәгерлері жайлы жаман нәрселер естігендіктен, олар жайлы бұрыс пікірде болыпты. Бірақ радиобағдарламаны тыңдағаннан кейін оның Куәгерлерге қатысты көзқарасы өзгерген екен. Сөйтіп, ол кісімен Киелі кітап зерттеу сабағы басталады және ол 2013 жылы өткен Еске алу кешіне және арнайы баяндамаға келеді. Қазір ол жексенбі күні өтетін кездесулерді қалдырмай келеді және “Күзет мұнарасын” талқылау барысында мағыналы түсініктемелер береді. Радиобағдарламаны тыңдаған сол аймақтағы басқа да адамдар осы кісі сияқты Ехоба куәгерлеріне деген көзқарастарын өзгерткен екен.

Ол шақыру қағазын есікке қыстырып кетті

Бұл Италияда өткен облыстық конгрестің соңғы күні болатын. Лучо достарымен қоштасып жатқан кезде, олардың қастарына бір ерлі-зайыпты келеді. Лучо олардың қай қауымнан екенін сұрағанда, бұл ерлі-зайыпты:

— Біз ешқандай қауымнан емеспіз,— деп жауап береді.

— Сіздерді біреу шақырған ба еді?— деп сұрайды Лучо.

— Жоқ, біз өзіміз келдік,— деп жауап береді олар.

— Айып етпеңіз, бірақ сіздерді мұнда келуге не талпындырғанын білуге бола ма?”— деп сұрайды қатты таңғалған Лучо.

— Біз есігімізге қыстырылып тұрған шақыру қағазын тауып алдық. Сосын осында келуді шештік,— деп жауап береді олар.

Бұл ерлі-зайыпты қай жерде тұратындарын айтқанда, Лучоның әйелі Естер былай дейді: “Ол шақыру қағазын мен қалдырып кеткен едім! Науқанның соңғы күні болғандықтан, қалып қалған шақыру қағаздарын құр лақтырып тастаудан гөрі, үйлерінен таппаған адамдардың есіктеріне қыстырып кетуді жөн көрдім”. Бұл ерлі-зайыпты шақыру қағазын алғаннан кейін, жексенбі күні Конгресс сарайына баруды шешеді. Біраз әңгімелескеннен кейін Лучо мен Естер әлгі ерлі-зайыптыны үйлеріне қонаққа шақырады және сол жерде олар әңгімелерін жалғастырады. Қызығушылық танытқан бұл ерлі-зайыпты Киелі кітапты зерттеуге келіседі. Олар үнемі зерттеу сабақтарына жақсылап дайындалады. Қазір олар қауым кездесулеріне жүйелі түрде барады және кездесулерге атсалысып отырады.