Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ДҮНИЕЖҮЗІ БОЙЫНША УАҒЫЗДАУ ЖӘНЕ ТӘЛІМ БЕРУ

Тынық мұхит аралдары

Тынық мұхит аралдары
  • ЕЛДЕР 29

  • ХАЛҚЫ 39 508 267

  • ЖАРИЯЛАУШЫЛАР 96 088

  • ЗЕРТТЕУ САБАҚТАРЫ 63 333

“Мен енді бәрін түсінемін”

Құлағы естімейтін Фреда өзімен зерттеу сабағын өткі­зетін бауырласпен бірге Папуа — Жаңа Гвинеяда құрылған ым тіліндегі алғашқы қауымға баратындарын білгенде, қатты қуанады. Бұл қауым 2013 жылдың 1 наурызында құрылған еді. Фреда кездесу кезінде бар назарын әдебиеттерге емес, сахнадан көрсетілетін көрнекі құралдар мен ым-ишараттарға аударғанының арқасында шындықты әлдеқайда жақсы түсіне бастағанын айтады. Ол ұялшақтығын жеңіп, кездесу барысында енді бірнеше рет түсініктеме бере алатынына өзі де таңғалады. Фреда 2013 жылдың сәуірінде шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болады. Қазір ол құлағы естімейтін басқа да адамдарды өзімен бірге қауым кездесулеріне баруға талпындырып жүр. Қауым кездесулерінде неліктен жиі көзіне жас алатынын сұрағандарға Фреда: “Өйткені мен енді бәрін түсінемін”,— дейді.

Ол машинаға қателесіп отырып алған екен

Австралияда тұратын Барбара уағызға арналған кездесуге көлігімен бара жатқанда, қайта баратын адамдары жайлы жазылған кітапшасын алған-алмағанын тексеру үшін жолдың жиегіне тоқтайды. Сол кезде бір әйел оның машинасының есігін ашып, отырып алады.

Сонда Барбара әлгі әйелге былай дейді: “Кешіріңіз, сіз менің машинама қателесіп отырып алдыңыз ғой деймін”.

Ал әйел болса: “Кешірім өтінемін, сізді мені алып кетуге келген әйел екен деп ойлап қалдым”,— деп жауап береді. Барбараның “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарын көріп қалған әлгі әйел: “Бірнеше жыл бұрын менімен Киелі кітап жайлы сөйлесіп жүрген екі әйел маған осындай журналдарды қалдырып кетуші еді”,— дейді. Сонда Барбара оған журналдарды ұсынады және кейінірек онымен Киелі кітап зерттеу сабағын бастайды”.

“Құдайдан келген хаттар”

Жаңа Зеландия. Виолетта ізгі хабарды хат арқылы жеткізеді

Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласында 82 жасар Виолетта есімді қарт әйел бауырлас тұрады. Ол аумағындағы қарттар үйлеріне және халі ауыр науқастар жататын хоспис мекемелеріне жүйелі түрде хаттар мен Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер жібереді. Келген хаттарды таратып беретін медбикелердің айтуынша, хаттарды “Құдайдан келген хаттар” деп атап алған осы мекемелердің қарт тұрғындары оларды асыға күтеді екен. Ал Кейбіреулер әдебиеттер мен хаттарды оқып шығады да, басқалармен алмасады немесе көздері нашар көретіндерге дауыстап оқып береді. Медбикелер әдебиеттер мен хаттарды оқитын тұрғындардың оларды оқымайтындарға қарағанда әлдеқайда момын, көңілді және ынтымақшыл екендерін айтады. Виолетта өзінің ізгі хабарды таратуға күш салып жатқанына қатысты былай дейді: “Ехобаның мені әлі де қолданып жатқанын сеземін. Ізгі хабарды осындай жолмен жеткізу мені қатты жігерлендіреді”.

Ол раушан гүлдер жайлы оқыпты

“Мен мұны оқып қойғанмын”. Мұндай жауап Сайпан аралында сенбі күні таңертең “Күзет мұнарасының” жаңа санын ұсынып жүрген Берниді қатты таңғалдырады. Ол колледж студенті Бернадеттің журналдың жаңа санын қайдан оқып қойғанын түсінбей қалады. Сөйтіп, Берни сөмкесінен басқа бір журналды алып ұсынады. Алайда Бернадет ол журналды да оқып қойғанын айтады. Аң-таң болған Берни одан: “Сен ол журналдарды қайдан оқыдың, әлде сен осында демалысқа келген Ехоба куәгерісің бе?”— деп сұрайды. Сонда Бернадет өзінің Ехоба куәгері емес екенін және журналдарды онлайн оқып алғанын айтады. Бірде Бернадетке гүлдер туралы мәлімет керек болған екен. Ол “раушан гүлдер” сөзін ғаламторға енгізгенде, іздеу нәтижесінде шыққан “Африканың әсем раушан гүлдері” деген тақырып оның көңілін баурап алыпты. Бұл Ехоба куәгерлерінің веб-сайтында шыққан “Ояныңдар!” журналындағы мақала болатын. Бернадетке раушан гүлдері туралы мақаланың ұнағаны сонша — ол осы сайттағы басқа да мақалаларды оқи бастаған екен. Алғашында ол назарын өсімдіктер мен жануарлар туралы мәліметтерге ғана аударған, бірақ кейін Киелі кітап жайлы да қызықты мақалаларды тапқан. Бернадеттің қызығушылығын көрген Берни оған тегін Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынады және келесі жолы өзімен “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабын ала келеді. Берни үшінші рет келгенде, олар сол кітаптың бірінші тарауын қарастырады. Шамамен бір жылдан кейін, 2012 жылдың қараша айында, Бернадет шомылдыру рәсімінен өтеді. Оның рухани тез өскені сонша — достары Бернадет шындыққа “жүгіріп” келген деп айтуды ұнатады. Шынында да, оның рухани өсуіне веб-сайттың үлесі зор болды.