Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ

JW.ORG веб-сайты — “барлық ұлттарға куәлік”

JW.ORG веб-сайты — “барлық ұлттарға куәлік”

Иса былай деген: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық ұлттарға куәлік етілу үшін, бүкіл жер бетінде уағыздалады. Сонда осы заманның соңы келеді” (Мат. 24:14). Осы заманның соңы жақындап қалған уақытта біздің jw.org сайтымыз “барлық ұлттарға” ізгі хабарды жеткізуде өте тиімді құрал болып табылады.

Бір ерлі-зайыпты миссионерлер Соломон аралдарындағы теңіз жағасында орналасқан балықшылар ауылында уағыздап жүріп, егде жастағы төрт ер кісіні кездестіреді. Бұл ерлі-зайыпты олардың ұялы телефондарының бар екенін көріп, олардан Интернетті қолдана алатын-алмайтындарын сұрайды. Олар қолдана алатындарын айтқанда, ерлі-зайыпты бауырластар оларға jw.org сайтына қалай кіруге болатынын көрсетеді. Сондай-ақ өз тілін қалай таңдап, журналдар мен Киелі кітапты қалай жүктеуге болатынын және отбасылар мен балаларға арналған бөлімді қалай қолдануға болатынын да көрсетеді. Бұл миссионерлер уағызға шыққанда балаларға “Әрқашан дұға ет” деген бейнероликті көрсетуді ұнатады. Бірде осы бейнероликті көрген бір топ бала тропикалық орманға қарай: “Әрқашан, әр жерде дұға етем...”,— деп қуана әндетіп, жүгіріп бара жатыр екен.

Улан-Батор, Моңғолия

Нью-Йорктегі дүниежүзілік бас басқармаға jw.org сайтына қатысты көптеген ризашылық хаттар келіп түсті. Солардың кейбірі төменде келтірілген.

“Күйеуім екеуміз Мексикаға көшіп келгелі, кездескен адамның барлығына уағыздай алу үшін испан тілін үйренуге күш салып жүрміз. Мен jw.org сайтына кірген сайын, әдебиеттерді тыңдау арқылы тілді үйрене алатыным үшін Ехобаға рақмет айтамын. Онда көптеген тілде журналдар, кітаптар және драмалар сияқты мәліметті табуға болады. Осыншама көп тер төгіп жатқандарыңыз үшін сіздерді жақсы көретінімді және риза екенімді айтқым келеді” (Д.Х., Мексика).

“Менің көзім өте нашар көреді. Бірақ сіздердің веб-сайттарыңыздан көп нәрсені тыңдай алатындықтан, мен оны қатты жақсы көремін. Кітаптар, кітапшалар және басқа да басылымдарды МРЗ форматында (аудиоматериалдар) әрі қарай да көбірек шығара берсеңіздер екен деген тілекпен осы хатты жазып отырмын. Себебі мен оларды күні бойы тыңдап жүретін боламын” (К.Г., Құрама Штаттар).

“Мен jw.org сайтын жақсы көремін! Оны қолдану сондай ыңғайлы әрі бұл сайт мені жеке зерттеуге және қызметке деген құлшынысымды арттыруға талпындырады. Жасым 72-де, шомылдыру рәсімінен өткеніме 47 жыл болды және ізашар болғаныма 30 жылдан асты. Сондай-ақ шомылдыру рәсімінен өткен 9 баланың анасымын және 16 немерем мен 3 шөберем бар. Қазір әулетіміздің төрт ұрпағы да жалпы ізашар болып қызмет етеді. Ехобаға уақтылы беріп отырған осындай рухани ас-су үшін ризашылығым зор” (М.Т., Құрама Штаттар).

“Бұл хатты таңғы сағат төртте жазып отырмын. Мен түнгі сағаттарымды жиі ұйқысыз өткіземін, өйткені склероздың және дүниежүзіндегі көптеген аяулы бауырластарым сияқты күресіп жүрген басқа да ауруларымның кесірінен қиналамын. Ехоба бізді рухани жағынан қамқорлап келеді және осы үшін де сіздерге алғысымды білдіремін. Мен білгендерімді көз алдыма елестету арқылы ой жүгірткенді ұнатамын, сондықтан осы веб-сайттың қалай құрастырылғаны жеке мен үшін өте ыңғайлы. Сызбалар, бейнебаяндар мен суреттерге қатысты түсініктемелер нақты да түсінікті етіп берілген, мен мұны жоғары бағалаймын” (Б.Б., Жаңа Зеландия).

“Сіздерге алғысымды білдірейін деп хат жазып отырмын. Мен Шри-Ланканың шалғай аймағында дәрігер болып істеймін. Ол жерде мен ана тілімдегі әдебиеттерді ала алмаймын. Бірақ сіздердің веб-сайттарыңыздың арқасында оларды өз тілімде оқып, жүктей аламын. Бұл сайтты Ехобаның мен сияқты адамдарға берген ең керемет сыйларының бірі дер едім” (Н.Ф., Шри-Ланка).

“Адамдарға Ехобаны тануға көмектесу үшін аянбай еңбек етіп жатқан сіздерге ризашылығымды білдіру үшін осы хатты жазып отырмын. Сіздерден өтінерім, jw.org сайтына бейнематериалдарды әрі қарай да шығара беріңіздерші. Олар менің отбасыма және маған қиындықтарды шешуге көмектеседі. Маған әсіресе “Бұзақыларды жұдырықсыз-ақ жеңе біл” деген бейнебаян қатты көмектесті. Сіздерге еңбектеріңіз үшін тағы да рақмет айтамын” (И.С., Құрама Штаттардағы 9 жасар қыз).

“Алып отырған рухани ас-су үшін Ехобаға және сіздерге рақмет айтқым келеді. Маған jw.org сайты көп көмектесті, әсіресе “Жасөспірімдер” бөлімі. Сондай-ақ “Ехобаның досы бол” деген айдар үшін де ризашылығым зор. Менің кішкентай үш сіңлім бар, ондағы мәліметтің оларға жақсы әсер етіп жатқанын байқаймын. Сіздерден алыста болсам да, бізді бауырластық сүйіспеншілік біріктіреді, өйткені бәріміз де Ехобаны жақсы көреміз. Рақмет!” (А.Б., Перу).