Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ

Тарихқа саяхаттаудың керемет мүмкіндігі

Тарихқа саяхаттаудың керемет мүмкіндігі

2012 жылдың қазан айында Нью-Йорк штатының Бруклин қаласында Ехоба куәгерлерінің тарихын баяндайтын көрме ашылды. Адамдар көрменің ішін өз бетінше аралап шыға алады. Бұл көрмеде мәсіхшілікті Исаның көрсеткен жолымен ұстануға тырысқан адамдардың қандай қиындықтар мен қауіп-қатерге кезіккеніне баса назар аударылады.

Көрме ашылған алғашқы аптада оны аралап шығуға Бетел отбасының мүшелері және 4200 қонақ келді. Жақын маңда тұратын Наоми есімді Куәгер көрме ашылғаннан кейін, көп ұзамай-ақ сол жерді көруге келген екен. Ол былай дейді: “Көрмедегі уақыт тізбегі маған белгілі бір нәрселердің қашан және не үшін болғанын түсінуге көмектесті. Мен біздің ұйымымыз жайлы және оның бүгінгі тарихы туралы көп нәрсе білдім”.

Көрмеде б. з. 33 жылғы мәсіхшілер заманынан бастап, біздің күндерімізге дейінгі тарих баяндалады. Бұл көрме төрт бөлімнен тұрады және олардың әрқайсысының жазбаларға негізделген тақырыбы бар. Әр бөлімге кіріспе ретінде қысқаша бейнематериал көрсетіледі. Ол ағылшын тілінде жүреді және оның жеті тілге аударылған субтитрлері бар.

Бірінші бөлімнің “Адамдар түнекті жақсы көрді” деген тақырыбы Жохан 3:19-дағы Исаның айтқан сөздеріне негізделген. Киелі кітапта елшілер қайтыс болған соң зұлым адамдардың жалған ілімдерді үйрететіні туралы алдын ала айтылып кеткен болатын (Ел. іс. 20:30). Ал олардың ағымына қарсы шыққандар аяусыз жазаланған.

Бірінші бөлімнің тақырыбына қарама-қайшы “Жарық нұрын шашсын” деген екінші бөлімнің тақырыбы Қорынттықтарға 2-хат 4:6-ға негізделіп алынған. Ондағы уақыт тізбегі “Киелі кітап зерттеушілері” Киелі кітапты жаңадан зерттей бастаған 1800 жылдың аяғынан басталады. Олар бойларына сіңіп кеткен сенімдерінің Киелі кітапқа қайшы екенін білгенде, олардан бас тартып, нұр шашатын шындық жайлы өзгелерге құлшына уағыздады. Бұл бөлім Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін “Киелі кітап зерттеушілерінің” сан жағынан қалай өскені және білімдерінің қалай молая түскендері жайлы хабардар етеді.

Сонымен қатар бұл бөлімде бүгінгі күнгі Ехоба куәгерлерін де қызықтыратын бір туындыға баса назар аударылады. Бұл туынды — “Жаратылыс фотодрамасы”. Оны “Киелі кітап зерттеушілері” (қазір Ехоба куәгерлері деген атпен танымал) 1914 жылдан бастап адамдарға көрсете бастаған еді. Дыбыспен сүйемелденген жылжымалы бейнелер мен суреттерден тұратын бұл фотодраманы миллиондаған адам көрген болатын. Көрмедегі бұйымдар арасында фотодрамада қолданылған түпнұсқа суреттер мен оның кіріспе бөлімінің қысқа үзіндісі және 500-ден аса түрлі түсті слайдтар бар.

Аян 12:17-де Шайтанның Мәсіхтің ізбасарларын қудалайтыны жайлы айтылған. Осыған негізделе отырып, үшінші бөлімнің тақырыбы “Айдаһардың қаһарлануы” деп аталған. Онда мәсіхшілердің соғыс кезінде бейтараптық сақтағандарына баса назар аударылады. Суреттер мен түрлі бұйымдардың мағынасын тереңірек түсіну үшін қысқаша бейнебаян түсірілген. Онда діни көзқарастың негізінде соғысқа қатысудан бас тартқандарға қалай қатыгездікпен күш қолданылғаны көрсетіледі. Сондай Куәгерлердің бірі — Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысудан және әскери киім киюден бас тартқан итальяндық Ремиджо Куминетти. Ал тағы бір бейнебаянда австриялық Алоис Мозердің оқиғасы баяндалады. Ол “Хайль Гитлер!” деп айтудан бас тартқаны үшін жұмысынан айырылып, ақырында Дахау концлагеріне жіберілген. Бұлыңғыр жарығы бар құрастырылған темір тор Ехоба куәгерлерінің Грецияда, Польшада, бұрынғы Югославияда және тағы басқа жерлерде сенімдері үшін бас бостандықтарынан айырылғандарын растайтын суреттерге жан бітіреді.

Көрменің соңғы бөлімі Аян 14:6-ға негізделіп, “Барлық ұлттарға арналған ізгі хабар” деп аталады. Онда Ехоба куәгерлерінің соңғы ондаған жыл бойы атқарып келе жатқан істері жайлы баяндалады. Куәгерлердің сан жағынан өскендері және табандылықпен уағыздап, бауырластық сүйіспеншілік танытқандары қабырғаға тізбектеліп ілінген суреттерден көрініс тапқан. Соңында көрмеге келушілер қабырғаға орнатылған арнайы мониторлардан Ехоба куәгерлерінің 100 жылдан астам уақыт бұрын қолданған Киелі кітап үйі мен Бруклин шатырының суреттерін таңдап, олар жайлы көбірек мәлімет ала алады.

Бұл көрме Нью-Йорк штатының Бруклин қаласында, Колумбия-Хайтс 25 мекенжайы бойынша орналасқан. Ол дүйсенбі мен жұма аралығында таңғы сағат сегізден кешкі беске дейін ашық және оған кіру тегін. Егер сен Нью-Йоркте болып жатсаң, тарихқа саяхаттаудың керемет мүмкіндігін неге қолданбасқа?!