Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ

Заң мәселелері жөніндегі есеп

Заң мәселелері жөніндегі есеп

Елші Пауыл мәсіхшілерді: “Түрмедегі бауырластармен бірге отырғандай оларды есте ұстаңдар”,— деп талпындырған (Евр. 13:3). Ехобаның қызметшілері ретінде біз адал бауырластарымызды әрқашан есте ұстаймыз және “бұдан былай да Құдайға шын беріліп, салиқалы болып, тыныш та бейбіт өмір сүруіміз үшін патшалар мен жоғары дәрежелі адамдар үшін де дұға етеміз” (Тім. 1-х. 2:1, 2; Ефес. 6:18).

Төменде Ехоба куәгерлері өткен жылы кезіккен заңмен байланысты мәселелердің кейбірі келтірілген.

Орыс православ шіркеуі мен кейбір билік басындағылардың уағыз ісімізді тоқтатуға тырысып жатқандарына қарамастан, Ресейдегі бауырластарымыз “ізгі хабарды жариялауды және тәлім беруді” жалғастыруда (Ел. іс. 5:42). Ресейдегі билік басындағылар лаңкестікпен күресу мақсатымен экстремизмге қарсы шығарған көмескі заңдарын біздің әдебиеттерімізге және жеке бауырластарымызға қарсы қолдануларын тоқтатар емес. Нәтижесінде Ресей судьялары біздің 70 шақты әдебиетімізде экстремистік мәлімет бар деп жариялады. Ал үкімет басындағылар бұл әдебиеттерді елдегі тыйым салынған экстермистік әдебиеттер тізіміне енгізді. Бұл жағдайды қауіпті деп санаған кейбір жергілікті басшылар сол әдебиеттерді табу үшін Патшалық сарайлары мен бауырластардың үйіне баса-көктеп кірген. Полиция қызметкерлері қызметте жүрген бауырластарымызды тұтқынға алып, суретке түсіріп, саусақ таңбаларын алған және полиция бөлімінде жиі қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытқан.

2013 жылдың мамыр айынан бері 16 бауырласымыз Таганрог қаласында қауым кездесулерін ұйымдастырғаны үшін және кездесуге барып, атсалысқаны үшін, сондай-ақ уағыз ісіне қатысқаны үшін сотқа тартылды. Бауырластарымыздың сенімдеріне бола қылмыстық жауапқа тартылуы Кеңес Одағы ыдырағаннан бері бірінші рет болып отыр. Ресейдің басқа жерлеріндегі билік басындағылар да судьялардың әдебиеттерімізді “экстримистік” деп табуы үшін және бауырластарымызға діни жеккөрушілік тудырған қылмыскерлер деп айып тағу үшін барынша тырысып бағуда.

Эритреядағы бауырластарымыздың да жағдайы әлі жақсарар емес. 2013 жылдың шілде айынан бастап 52 бауырлас қамауға алынды, олардың ішінде 70 жастағы сегіз ер бауырлас және алты әйел бауырласымыз бар. Ал Паулос Ияссу, Исаак Могос және Негеде Теклемариам бауырластарымыз әскерге барудан бас тартқандары үшін 1994 жылдың 24 қыркүйегінен бері түрмеде отыр.

Бұл бауырластардың жартысынан көбі елдің астанасы Асмэраның солтүстігіндегі шөлді аймақта орналасқан Майтер түрмесінде отыр. 2011 жылдың қазан айынан 2012 жылдың тамыз айына дейін билік басындағылар 25 бауырласымызды жерге жартылай көмілген темір контейнерде ұстап, қатаң жазалаған. Түрме күзетшілері жаз айларында контейнердің іші ысып кеткен кезде, қамауда отырғандарды сыртқа шығарып отырған. Алайда нашар тамақтанып, жеткілікті су ішпегендіктен, бауырластарымыздың денсаулықтары қатты нашарлап кеткен. Өкінішке қарай, 2011 жылы қайтыс болған Мисгина Гебретинсае бауырлас сияқты қатты азап көрген 68 жасар Йоханнес Хайле бауырлас 2012 жылдың тамыз айында көз жұмды.