Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ

Жаңалықтар. Дүниежүзінен келген хабар

Жаңалықтар. Дүниежүзінен келген хабар

Полиция қызметкерлері бетонды блоктарды түсіруге көмектесті

Грузия республикасының екінші үлкен қаласы Кутаисиде конгрестер 13 жыл бойы жартылай қираған ескі шампан зауытында өтіп келген. Жаңбырдың суы тыңдаушыларға тимеу үшін бауырластар орындықтардың үстіне су өткізбейтін жапқыш ілетін. Ал қазір олардың ашық аспан астында конгрестер өткізу үшін кеңейтуге болатын жаңа әрі ыңғайлы Патшалық сарайы бар. Құрылыс кезінде 50 ерікті қызметші жүк көлігінен бетонды блоктарды түсіріп жатқанда, олардың қастарына не болып жатқанын көру үшін полиция қызметкерлері келген екен. Бауырластардың қуанышпен әрі ынты-шынтымен жұмыс істеп жатқандарын көріп таңғалған полиция қызметкерлері оларды мақтап, бетонды блоктарды түсіруге көмектесті. Олар кімде-кім бауырластарға кедергі ететін болса, көмекке келуге дайын екендерін айтты және жаңа Патшалық сарайында өтетін алғашқы конгреске келуді уәде етті.

Ол өзінің велосипедін сатып жіберді

Бурундиде тұратын Малаки есімді ақсақал күн көру үшін егіншілікпен айналысады және велосипедімен жүк тасиды. Жергілікті жерде Патшалық сарайының құрылысы жүретінін естігенде, Малаки бұған қолдау көрсеткісі келіп, құрылыс алаңына күнде баруды шешеді. Алайда екі айға созылатын құрылысқа қатысу үшін, ол отбасының қажеттіліктеріне жететін ақша табу керек еді. Сондықтан ол өзінің велосипедін сатып, түскен ақшаның жартысын отбасының қажеттіліктеріне жұмсау үшін әйеліне береді, ал қалғанын құрылыс шығынын өтеуге көмектесу үшін садақа жәшігіне салады. Құрылысқа қатысуға күш салғанының нәтижесінде ол Патшалық сарайының құрылысшыларынан көп нәрсеге үйренеді. Ал Патшалық сарайы соғылып біткен соң, Малакидің жақсы құрылысшы екенін байқаған кейбір адамдар оны құрылысшы ретінде жұмысқа алады. Сол уақыт аралығында Малаки өзіне басқа велосипед сатып ала алады!

Олар көмектесуге ықыласты болды

Малавидің шалғай аймақтарында Патшалық сарайларын соғудың ерекше қиындықтары бар. Өткен қызмет жылында жолдары нашар бір аймақта Патшалық сарайы тұрғызылған болатын. Сонда жету үшін филиалдағы бауырластар қиын жолдармен жүруге арналған көліктің көмегімен құрылыс материалдарын тасыды. Жергілікті бауырластар сол жақтағы адамдардың құрылыс ісіне зор қызығушылық танытқандарын айтты. Куәгер емес бұл адамдардың көбісі көмектерін ұсынып, тастарды, құмды, цемент қаптарын және темір шатырларды түсірісу үшін түннің бір уағына дейін жұмыс істеді. Кейде көмекке келген Куәгер емес адамдардың саны бауырластардың санынан да асып түсетін! Ехоба куәгерлерінің бұл аймақта ғибадат орнын соғуға күш салғандарына тәнті болған жергілікті тұрғындар көмектесуге ықыласты болды.

Балалар ирис кәмпитін сатты

Кот-д’Ивуардағы арнайы ізашар ерлі-зайыпты он баласы бар бір отбасымен жергілікті бете тілінде Киелі кітап зерттеу сабағын өтеді. 2013 жылдың мамыр айында Далоа қаласында алғаш рет бете тілінде конгресс өткізілетінін естіген бұл отбасы оған барғысы келеді. Алайда конгреске барып-келу үшін адам басына 800 КФА франкі (1,60 АҚШ доллары) кететіндіктен, отағасы өзінің үлкен отбасы үшін мұндай шығынды өтей алмас еді. Десе де конгреске баруға бел буған ол бір амалын ойлап табады. Отағасы үлкен қызына 300 КФА франкін (60 АҚШ доллары) беріп, оған ирис кәмпиттерін сатуды ұсынады. Ол солай етіп, өзінің жолына қажетті ақша табады. Әкесі басқа балаларына да 300 КФА франкіден беріп, жолдарына жететін ақша тапқанша ирис кәмпитін сатумен айналыса тұруды айтады. Соның арқасында олар басқалармен бірге конгреске бара алады. Конгресс бағдарламасын өздерінің ана тілінде естігендеріне бұл отбасы өте қуанышты болады.