Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ДҮНИЕЖҮЗІ БОЙЫНША УАҒЫЗДАУ ЖӘНЕ ТӘЛІМ БЕРУ

Тынық мұхит аралдары

Тынық мұхит аралдары
  • ЕЛДЕР: 29

  • ХАЛҚЫ: 40 208 390

  • ЖАРИЯЛАУШЫЛАР: 97 583

  • ЗЕРТТЕУ САБАҚТАРЫ: 64 675

Олар бума-бума әдебиеттер таратты

Микронезияның көп аралдарында ізгі хабар сирек уағыздалатындықтан, Маршалл аралдарында тұратын бір топ жариялаушы қайықпен сол аралдарға екі апталық сапарға аттанады. Олар Маджуро аралынан шығып, Уотже атолындағы Уотже мен Ормед аралдарына жетеді.

Мүмкіндігінше көп адамға куәлік беру үшін, бауырластар бума-бума әдебиеттер алып шығады. Әр бумада 4 журнал мен 2 кітапшадан болды. Жариялаушылар бұл аралдарға енді қашан келетінін білмегендіктен, олар әдебиеттерді қызығушылық танытқандарға қалдырып, отбасылары мен достарына да беруге талпындырады. Екі аптаның ішінде бауырластар 531 кітапша, 756 журнал және 7 кітап таратады.

“Бізді ұмытпағаныңа рақмет”

2014 жылдың ақпанында Папуа — Жаңа Гвинеядан келген алты Куәгер Каркар жанартау аралындағы ауылдарда 10 күн бойы уағыздайды. Олар 1064 әдебиет таратып, көптеген ақжүрек адамдарды табады. Рэльви есімді әйел бауырлас былай дейді: “Уағызға шыққан бірінші күні түскі сағат 3-те біз әлі уағыздап жүрдік. Бөтелкемізде су қалмады және тоқтамай сөйлей бергендіктен жағымыз талып, аузымыз құрғап кетті. Мен бір жас қызбен сөйлесіп тұрған едім. Қатты шөлдегенім сонша — оған көрсетпек болған тармақты оқи алмай қалдым. Сонда ол маған бірден су берді”.

Бауырластар ауылдан кетерден бір күн бұрын үлкен кездесу өтті. Онда тұрғындар мен шіркеу басшылары жиналды. Рэльви: “Мен өзімді Жоғарғы кеңестің алдында шындықты қорғаған Степан сияқты сезіндім. Алайда біздің тыңдаушыларымыз сөзімізді ықыласпен тыңдады”,— дейді. Алты жариялаушы сөйлеп болған соң, лютеран шіркеуінің жексенбілік мектебінің үйлестірушісі орнынан тұрып, бауырластардың ішіндегі туысқан әпкесіне: “Сен самариялық әйел сияқты жақсылық жасадың. Ол Исадан естіген ізгі хабарды отбасына барып айтып берген. Бізді ұмытпағаныңа рақмет”,— деп ризашылығын білдірді.

Оларға уағыздауға тым ерте емес пе?

Кирибати. Туети мен оның ұлы Тиарики

Кирибатидегі Тарава аралында тұратын жеті жасар Тиарики есімді бала бір күні таңертең әкесі Туетимен уағыздап жүреді. Олар бір үйге кіргенде, жас шамалары жиырмалардағы бір топ жастарға тап болады. Туети Патшалық туралы хабарды айтқанда, біреуі одан былай деп сұрайды: “Байқағанымыз, сіздер кішкентай балаларыңызбен бірге уағыздайды екенсіздер. Неге оларды өздеріңізбен алып жүресіздер? Оларға Құдай жайлы уағыздауға тым ерте емес пе?”

Туети бұған: “Ұлымның қалай уағыздайтынын көргілерің келе ме? Мен сыртқа шыға тұрайын, сендер оның не айтатынын тыңдап көріңдер”,— дейді. Сонда олар бірауыздан: “Иә, тыңдап көрейік”,— дейді.

Туети сыртқа шығып кеткенде, Тиарики: “Сіздер Құдайдың атын білесіздер ме?”— деп топтан сұрайды.

“Иә, Иса!”— дейді біреуі. Басқалары: “Құдай, Ие”,— деп жатты.

Сонда Тиарики былай дейді: “Киелі кітапта не жазылғанын қараңыздаршы. Ишая 42:5-ті бірге оқып көрейік”. Тармақты оқыған соң, ол: “Бұл жерде кім туралы айтылған?”— деп сұрайды.

Жастардың бірі: “Құдай туралы”,— деп жауап береді. Тиарики бұған былай дейді: “Дұрыс айтасыз. Ал енді сегізінші тармақты оқысақ, онда Құдайдың айтқан сөздері жазылған: — Мен Ехобамын. Бұл — менің есімім. Ұлылығымды ешкімге бермеймін. Құдайдың аты кім екенін көрдіңіздер ме?”

Сонда топ: “Иә, Ехоба”,— деп жауап береді.

Барлығы мұқият тыңдап тұрғанда, Тиарики былай дейді: “Құдайдың Ехоба деген атын не үшін қолдану керек? Мұның жауабы Елшілердің істері 2:21-де жазылған. Онда: — Ехобаны атын атап шақырған әркім құтқарылады,— делінген. Құдайдың атын не үшін қолдану керек екен?”

“Құтқарылу үшін”,— деп бір қыз жауап береді.

Сол кезде ішке әкесі кіріп келеді. Ол жастардан: “Сонымен не ойлайсыңдар, балаларымыз уағыздай алады ма екен? Оларды өзімізбен алып жүргеніміз дұрыс па екен?”— деп сұрайды. Олар балалардың қабілеттері бар екенін әрі уағызға шыққандары дұрыс екенін айтады. Сонда Туети: “Тиарики сияқты сендер де Киелі кітапта жазылған шындықты басқаларға айта аласыңдар. Бірақ алдымен онда не жазылғанын білу керек”,— дейді.

Ізгі хабар таудағы ауылға да жетті

Жан-Пьер бауырлас Вануату елінің Порт-Вила қаласындағы аударма кеңсесінде жұмыс істейді. Ол 2013 жылдың қарашасында өзі туып-өскен аралда өтетін аудандық конгреске бармақ болады. Ұшақтан түскенде, оның алдынан бір топ қызығушы шығып, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер сұрайды. Жан-Пьер өзінде бар журналдың бәрін береді. Сонда оған бір дінбасы келіп, ол да әдебиет сұрайды. Ол Жан-Пьерден өзі тұрып жатқан ауылға келуін өтініп: “Біз рухани ашығып жүрміз. Сен ауылымызға келіп, сұрақтарымызға жауап беруің керек”,— дейді. Конгресс өткен соң, келесі күні таңертең Жан-Пьер сол ауыл орналасқан биік тауға қарай жол тартады. Ауыл тұрғындары оны жылы қарсы алады. Жан-Пьер олармен “Өлген адамдар қайта өмір сүре ме?” деген буклетті талқылайды. Ол жиналған 30 адамды оқылып жатқан тармақтарды өз Киелі кітаптарынан қарап отыруға шақырады. Бұл талқылау шамамен жеті сағатқа созылады. Ауыл тұрғындары шынында да рухани ашығып қалған екен! Жетпіс жасар бір кісі: “Өмірімде ешкім маған өлген адамдар жайлы осыншалықты түсінікті етіп айтқан емес”,— деді.

Жан-Пьер сол күні ауылда әдебиет сұраған дінбасының үйінде түнеп шығады. Ертесіне тұрып қараса, дінбасы біздің әдебиетті оқып отыр екен. Жан-Пьер одан не жайлы оқып отырғанын сұрағанда, ол жігерлі үнмен Құдай Патшалығы туралы оқып жатқанын айтады. Дінбасы Исаның Лұқа 17:21-дегі сөздеріне негіздеп, Құдай Патшалығы парызшылдардың жүрегінде еместігімен келісетінін айтады. Ол шіркеудің Құдай Патшалығы адамның жүрегінде деп үйрететіні дұрыс емес деген тоқтамға келеді. Кейін Жан-Пьер Порт-Вила қаласына оралады, бірақ ауылда қалған қызығушыларға телефон шалып тұрады. Еске алу кеші өтетін күні сол ауылға жақын маңнан үш ер бауырлас келіп, кездесу өткізеді. Сол кездесуге 109 ауыл тұрғыны жиналады!

Вануату