Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ

Заң мәселелері жөніндегі есеп

Заң мәселелері жөніндегі есеп

АРМЕНИЯ бейтараптық сақтайтындарға баламалы азаматтық қызмет бағдарламасын ұсынды.

Армения. Елдің шалғай аймақтарында баламалы азаматтық қызмет түрін атқаруға жіберілген бауырластар уағыз ісіне құлшына атсалысып жүр

2013 жылы Армения үкіметі діни көзқарастың негізінде әскерге барудан бас тартатындарға баламалы азаматтық қызмет бағдарламасын ұсынды. Қызметтің осы түрін таңдаған Армениядағы Ехоба куәгерлері әскерге бармағандары үшін енді түрмеге қамалмайды. Жергілікті филиалдың есебіне сай, 2014 жылдың қаңтарында 71 ер бауырлас сол бағдарлама бойынша қызмет етуді бастады. Олардың кейбірі асүйлерде жұмыс істесе, басқалары ауруханаларда медициналық көмек көрсетеді. Баламалы қызметтің бақылаушылары бауырластарды мақтап, қандай жұмыс тапсырылмасын, бәрін де дұрыс әрі ынтамен атқаратындарын айтты. Бауырластар болса баламалы қызмет түрін атқарып, ар-ұждандарын таза сақтай алатындарына өте риза *. Олардың бірі былай дейді: “Осындай баламалы қызмет түрі үшін Ехобаға ризашылық білдіреміз. Өйткені осының арқасында бейтараптық сақтап, оған еркін ғибадат ете аламыз”.

ДОМИНИКА РЕСПУБЛИКАСЫНДА Ехоба куәгерлері неке қию құзырына ие болды.

Доминика Республикасы 1954 жылы Ватиканмен келісім шартқа қол қойып, католик шіркеуіне ғана неке қиятын құзыр берді. Егер ерлі-зайыптылар некелерін католик шіркеуінде қимаған болса, азаматтық хал актілерін жазу бөлімінде тіркеген. Алайда үкімет 2010 жылы басқа да діндерге неке қию құзырын беру туралы жаңа заң қабылдады. Сондай-ақ осындай құзыр алғысы келгендерге арнайы сабақтар ұйымдастырды. Доминика Республикасындағы филиал осы сабақтарға 30 ақсақалды жіберді. Тәлім алған 2000 адамның ішінде 32-сі ғана бұл құзырға ие болды. Олардың отызы Куәгерлердің некелерін қиюға заңды түрде рұқсат алған біздің ақсақал бауырластар еді.

ҮНДІСТАНДАҒЫ бауырластар батылдықпен уағыздауға бел байлады.

Сундип және Дипалакшми Мунисуами

2014 жылдың 27 қаңтарында Карнатака штатындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Олд Хубли қаласының кіші инспекторына үкім шығарды. Себебі ол 2011 жылдың 28 маусымында Сундип Мунисуами бауырласты тап берген бір топ адамнан қорғау үшін ешқандай шара қолданбай, оның құқығын аяқасты еткен. Комиссия кіші инспекторды адам құқығын бұзды деп тауып, Карнатаканың әкімшілігіне оған қатысты түзету шараларын қолдануды әрі Мунисуами бауырласқа инспектордың айлығынан 20 000 рупия (326 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл төлетуді бұйырды.

Мунисуами бауырлас соттың мұндай ерекше шешімі үшін өзінің де, отбасының да Ехобаға риза екендерін, сондай-ақ ізгі хабарды әрі қарай да батыл жариялауға бел буғандарын айтты. Сот шешімі басқа бауырластардың да сенімін нығайтып, Ехобаның өз халқын қорғай алатынына көздерін жеткізді. Сондай-ақ бұл Карнатакадағы билік өкілдерін Ехоба куәгерлерінің құқықтарына немкетті қарамауға талпындырды. Алайда Мунисуами мен тағы бір бауырласқа қарсы қозғалған алғашқы іс әлі де сотта қарастырылып жатыр.

ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ Жоғарғы сотының Конституциялық палатасы діни көзқарас негізінде әскерге барудан бас тарту құқығын қолдады.

2013 жылдың 19 қарашасы ар-ұждан бостандығының негізінде әскерге барудан бас тартатындар үшін елеулі күн болды. Жоғарғы соттың Конституциялық палатасы 11 Ехоба куәгерінің ісіне қатысты шешімін жариялап, Қырғызстандағы баламалы азаматтық қызмет түріне қатысты заң Конституцияға қайшы келетінін айтты. Өйткені бұл заң бойынша баламалы азаматтық қызмет атқаратындардан әскери істерді қолдау үшін қаржы төлеу талап етілетін. Сондай-ақ олар баламалы азаматтық қызмет мерзімдері біткенше әскери резервте тұруға міндетті еді. Конституциялық палата ар-ұждан бостандығының негізінде әскерге барудан бас тартқандарды мұндай баламалы азаматтық қызметті атқаруға күштеу олардың дін бостандығын бұзумен тең деп тапты. Нәтижесінде, 2014 жылдың басында Қырғызстанның Жоғарғы соты Конституциялық палатаның шешімін жүзеге асырып, бұрынғы заң бойынша айыпталған 14 Ехоба куәгерін кінәсіз деп тапты. Бұл шешім дін және ар-ұждан бостандығына қол жеткізу мақсатымен жеті жыл бойы жүргізілген күреске соңғы нүкте қойды. Жас ер бауырластардың қайтпас қайсарлығы Ехобаның есімін даңқтап, Қырғызстан Республикасында еркін ғибадат ету құқығын сақтап қалды.

Қырғызстан. Бұл бауырластардың ісі Қырғызстанның Жоғарғы Сотында қарастырылған

НИГЕРИЯ. “Ехоба маған батасын берді”

Нигерияның Абия штатындағы Ехоба куәгерлері жиі қоқан-лоқы көріп, қоғамнан шеттетілетін. Бұған олардың қатыгездікпен және спиритизммен байланысы бар топтарға * қосылудан бас тартқандары себеп болған. Асага Охафия ауылындағы осындай топтың мүшелері 2005 жылдың қарашасында Эммануел Огуо бауырластың үйіне баса-көктеп кірді. Олар Эммануел мен оның әйелінің бүкіл иелігін топ мүшелерінен жиналатын алым ретінде тартып алды. Олар бауырластардың үстеріндегі киімдерінен басқасының бәрін әкетті. Ал 2006 жылы топ мүшелері Эммануелді үйінен, тіпті ауылынан қуып жіберді. Басқа ауылдағы бір бауырлас Эммануел мен оның әйелін үйіне кіргізіп, қамқорлығына алды. Эммануел келесі жылы үйіне қайтып келді, бірақ әлгі топ оған қысым көрсетуін қоймады. Ал иелігін қайтару үшін жазған арыздары жауапсыз қалып отырды.

2014 жылы 15 сәуірде Абия штатының Жоғарғы соты Эммануел бауырластың топ пен дінді таңдауға деген ерік бостандығын қолдап, істі оның пайдасына шешті. Бауырластың тартып алынған иеліктері оған қайтарылды. Асага Охафиядағы бауырластарымыз енді еркін түрде уағыздай алады және бұрынғыдай қоғамнан шеттетілмейді.

Сот шешімі жарияланғанда, Эммануел бауырлас былай деді: “Мен қуанғанымнан секіріп, өзімді бақытты сезіндім. Бұл жеңісті маған Ехоба сыйлады. Қасымда періштелер тұрды. Ехоба маған батасын берді”.

РЕСЕЙДЕГІ jw.org сайтына қатысты қабылданған сот шешімі

Ресейдегі бауырластардың заң тұрғысынан көріп жатқан қиындықтары “ізгі хабардың кең таралуына септігін тигізуде” (Філіп. 1:12). Билік басындағылар мен діни жетекшілер Құдайға ғибадат етуге қатты қарсылық көрсеткенмен, Ресейдегі бауырластар адалдық сақтап келеді, әрі Ехоба бұған батасын беріп жатыр.

Мысалы, Тверь қаласындағы жеңіспен аяқталған сот ісін қарастырайық. 2013 жылы Тверь қаласының прокуроры жергілікті сотқа шағымданып, бүкіл Ресей бойынша jw.org сайтына тыйым салуды өтінген. Сот бұл істі қарастырғанда, Ехоба куәгерлерінің бірде-бір өкілін шақырмастан прокурордың өтінішін қанағаттандырған. Бауырластар бұл шешімді білгенде, сотқа апелляциялық шағым берді. 2014 жылдың 22 қаңтарында Тверь қаласының аймақтық соты төменгі сот шешімінің күшін жойып, істі біздің пайдамызға шешті. Бұл Ехобаның көмегімен және дүниежүзіндегі бауырластардың дұға еткендерінің арқасында шешілді. Енді Ресейдегі бауырластар jw.org сайтына кіріп, бай рухани дастарқаннан дәм тата алады.

ТҮРКИЯ әскери қызметтен ар-ұждан бостандығы негізінде бас тарту құқығын әлі де мойындамауда.

Бареш Гормез бауырлас әскери қызметтен бас тартқаны үшін түрмеде төрт жыл отырған. Әскери полиция оны тұтқындағанда тепкілеп, таяқпен ұрып қатыгездік көрсеткен. Бареш түрмеде де соққы көрген. Оның бойы 2 метр болғандықтан, ол қатар қойылған екі төсекте қиғашынан бүгіліп жатуға мәжбүр болған. Ақырында түрме бастықтары жергілікті қауым беріп жіберген ұзын матрасты қолдануға рұқсат етті.

2008 жылы Гормез бен тағы үш Куәгер Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сотқа арыз жазып, Түркия үкіметі олардың ар-ұждан бостандықтары мен дін бостандықтарына шек келтіріп, мойындамай жатқанын айтты. 2014 жылдың 3 маусымында сот істі төрт Куәгердің * пайдасына шешіп, Түркия үкіметіне бауырластарға келтірілген залалдың орнын толтыруды бұйырды. Осымен үшінші рет Еуропалық Сот істі Ехоба куәгерлерінің пайдасына шешіп отыр. Қазір Түркияда Ехоба куәгерлерінің ешқайсысы түрмеде отырған жоқ. Алайда Түркия үкіметі азаматтардың ар-ұждан бостандығы негізінде әскери қызметтен бас тарту құқықтарын мойындамағандықтан, бұл мәселе толық шешілмей тұр.

Былтырғы есепті толықтыру

Әзірбайжан. Бұл елде адам құқықтарының бұзылуы әлі тоқтар емес. Полиция қызметкерлері әлі де қауым кездесулеріне баса көктеп кіруде, кейбір әдебиеттерге тыйым салынуда, бауырластар уағыздап жүргенде тұтқынға алынуда. Оның үстіне, үкімет Ехоба куәгерлерінің діни бірлестігін қайта тіркеуден өткізбей отыр. Осы мәселелер бойынша Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сотқа 19 арыз жазылды. Осындай қиындықтарға қарамастан Әзірбайжандағы жариялаушылардың саны барған сайын артуда. Сондай-ақ бауырластар әзірбайжан тілінде “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” толық нұсқасын алып, Ехобаның батасына кенелуде.

Эритрея. Бұл елдегі бауырластар аяусыз қуғындалып жүрсе де, Ехобаға адал қызмет етіп келеді. Паулос Эяссу, Исаак Могос және Негеде Теклемариам деген бауырластар 1994 жылдың 24 қыркүйегінен бері түрмеде отыр. Билік басындағылар 2014 жылдың 14 сәуірінде өткен Еске алу кешінде Куәгерлер мен қызығушыларды қоса алғанда 150 адамды тұтқындады. Олардың ішінде бір жарым жасар баладан 85 жастағы қарт кісіге дейін бар. Ал 2014 жылдың 27 сәуірінде арнайы баяндамаға келген тағы 30 Куәгер мен қызығушы тұтқындалды. Бірақ олардың көбісі бостандыққа шығарылды.

Қазақстан. Діни істер агенттігі 14 әдебиетті елге кіргізуге және таратуға рұқсат бермеді. Сондай-ақ бауырластарға ғибадат ететін орындардан басқа жерлерде діни көзқарастары жайлы айтуға шектеу қойылған. Ал 50 шақты бауырласқа заңсыз миссионерлік қызмет атқарды деген айып тағылды. Адамның сөз бостандығы құқығын қорғау мақсатымен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне 26 шағым жазылды.

^ 1-абзац Баламалы азаматтық қызметті атқару-атқармауды әркім өз ар-ұжданына қарай шешеді.

^ 1-абзац Мұндай топтар бірдей жастағы және бір ауылда тұратын ер адамдардан құралады.

^ 2-абзац “Булду және басқалар Түркияға қарсы” ісі, № 14 017/08, 3 маусым, 2014 жыл.