Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Бауырластарды әрдайым жақсы көруге” бел буайық!

“Бауырластарды әрдайым жақсы көруге” бел буайық!

“Бауырластарды әрдайым жақсы көріңдер” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 13:1).

ӘНДЕР: 3, 20

1, 2. Неге Пауыл еврей мәсіхшілерге арнап хат жазды?

БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 61 жылы. Бүкіл Исраилдегі қауымдарда қандай да бір шамада тыныштық орнаған кез. Бұл уақытта елші Пауыл Римде абақтыда отырғанымен, жуырда бостандыққа шығамын деген үміті болды. Ал Пауылдың сапарлас серігі Тімөте жақында ғана түрмеден босатылған еді. Пауыл мен Тімөтенің Яһудеядағы бауырластарға барып қайтсақ деген ойлары болды (Еврейлерге 13:23). Алайда бес жылдан кейін “Иерусалимді әскерлер қоршауға” алмақ еді. Сондықтан Яһудеядағы мәсіхшілерге, әсіресе Иерусалимде тұратындарға, шұғыл әрекет ету керек-тін. Өйткені кезінде Иса ізбасарларына осы оқиғаның орын алғанын көргенде, бірден қаладан қашу керектігін ескерткен болатын (Лұқа 21:20—24).

2 Иса бұл ескертуді айтқаннан бері 28 жыл өтті. Осы аралықта Исраилде тұратын еврей мәсіхшілер көптеген қудалаулар мен қиындықтарға адалдықпен төтеп берді (Еврейлерге 10:32—34). Әйтсе де Пауыл оларды болашақта болатын оқиғаға дайындағысы келді. Олар сенімдері сыналатын ең ауыр сынаққа кезіккелі тұр еді (Матай 24:20, 21; Еврейлерге 12:4). Исаның “қаладан қашыңдар” деген нұсқауына құлақ асу үшін оларға айрықша табандылық пен сенім қажет-тін, олардың құтқарылуы осыған байланысты еді (Еврейлерге 10:36—39 оқыңыз). Сондықтан да Ехоба киелі рухымен қозғау салып, Пауылға сол бір аяулы бауырластарды болашақтағы жайтқа дайындап, нығайту үшін арнайы хат жаздырды. Бүгінде ол Киелі кітапта “Еврейлерге арналған хат” деп аталады.

3. Неліктен біз Еврейлерге арналған хатқа ден қоюымыз керек?

3 Еврейлерге арналған хат — Құдайдың бүгінгі қызметшілері үшін де ден қоюға тұрарлық кітап. Неге? Өйткені біздің жағдайымыз Яһудеядағы мәсіхшілердің жағдайына ұқсайды. Біз “ерекше қиын уақытта” өмір сүріп жатырмыз, біраз бауырластар ауыр сынақтар мен қудалауларға кезігуде (Тімөтеге 2-хат 3:1, 12). Дегенмен көпшілігіміз ашық не тікелей қуғын-сүргін көрмей, қандай да бір шамада тыныштықта өмір кешіп жатқан шығармыз. Сол себептен Пауылдың күндеріндегі мәсіхшілер сияқты бізге де сергек болу қажет. Өйткені өте жақында сеніміміз сыналатын ең ауыр сынақты бастан кешкелі тұрмыз (Лұқа 21:34—36 оқыңыз).

4. 2016 жылдың тармағы қандай және неге осы тармақ таңдалды?

4 Алда болатын осы оқиғаға дайын болуымызға не көмектеседі? Еврейлерге арналған хатында Пауыл сенімімізді нығайтуға септігін тигізетін біраз маңызды жайтты атап өткен. Солардың бірі Еврейлерге 13:1-де жазылған. Онда Пауыл бізді: “Бауырластарды әрдайым жақсы көріңдер”,— деп шақырған. Осы жазба орны 2016 жылдың тармағы ретінде таңдалып отыр.

2016 жылдың тармағы: “Бауырластарды әрдайым жақсы көріңдер” (Еврейлерге 13:1)

БАУЫРЛАСТАРДЫ ЖАҚСЫ КӨРУ ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

5. Бауырластарды жақсы көру деген нені білдіреді?

5 Бауырластарды жақсы көру деген нені білдіреді? Пауыл қолданған грек сөзі (филаделфия) сөзбе-сөз “бауырға деген сүйіспеншілік” дегенді білдіреді. Бауырластарға деген сүйіспеншілік — отбасы мүшелеріне не жақын достарға бауыр басу сияқты күшті де ыстық сезім (Жохан 11:36). Біз жай бауырластық сыңай танытпаймыз, біз шынымен бауырластармыз (Матай 23:8). Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз қаншалықты күшті болуы керектігін Пауыл келесі сөздермен әдемі жеткізген: “Бір-біріңді туған бауырлардай жақсы көріңдер. Бір-біріңе бірінші болып құрмет көрсетіңдер” (Римдіктерге 12:10). Принципке негізделген сүйіспеншілікпен (агапи) біте қайнасып жатқан бауырластарға деген сүйіспеншілік (филаделфия) Құдай халқына бір-бірімен жақын дос болып, бірлікте болуға ықпал етеді.

6. Шынайы мәсіхшілер “бауырластарды жақсы көру” дегенді қалай түсінеді?

6 Бір ғалымның айтуынша, “бауырластарды жақсы көру” деген тіркес көбінесе мәсіхшілердің діни әдебиеттерінде кездеседі. Ал ертедегі яһудилер “бауыр” сөзін негізінен туған-туысқа, ал кейде өз ұлтынан шыққан адамдарға қатысты қолданған. Бірақ бұл сөзді олар ешқашан басқа ұлт адамдарына қатысты қолданбаған. Алайда шынайы мәсіхшілер болғандықтан, біз әрбір шынайы мәсіхшіні, қай елден не ұлттан шықпасын, бауырымыз деп білеміз (Римдіктерге 10:12). Ехоба бізді бауырластар ретінде бір-бірімізді сүюге үйретеді (Салоникалықтарға 1-хат 4:9). Алайда бауырластарды әрдайым жақсы көру неліктен маңызды?

БАУЫРЛАСТАРДЫ ӘРДАЙЫМ ЖАҚСЫ КӨРУ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?

7. а) Бауырластарды жақсы көрудің ең басты себебі қандай? ә) Бір-бірімізге деген сүйіспеншілігімізді нығайтуға тағы қандай себеп бар?

7 Бауырластарды жақсы көрудің ең басты себебі — мұны бізден Ехоба талап етеді. Бауырластарды сүймесек, Ехобаны да сүйе алмаймыз (Жоханның 1-хаты 4:7, 20, 21). Тағы бір себеп — адамның күні адаммен дегендей, біз бір-бірімізге керекпіз, әсіресе қиын шақтарда. Еврей мәсіхшілерге хат жазғанда, Пауыл олардың кейбіріне жақында үйлері мен дүние-мүліктерін тастап кетуге тура келетінін білген. Иса сол уақыттың қаншалықты қиын болатынын алдын ала айтып кеткен (Марқа 13:14—18; Лұқа 21:21—23). Сондықтан мәсіхшілер сол уақыт келгенше, бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін нығайтулары қажет еді (Римдіктерге 12:9).

Біз бауырластарға деген сүйіспеншілігімізді қазір арттыруымыз қажет, өйткені бұл алдағы кез келген қиындыққа төтеп беруге көмектеседі

8. Зор алапат басталмай тұрып не істеуіміз қажет?

8 Адамзаттың басына төніп тұрған зор алапат жақында басталады (Марқа 13:19; Аян 7:1—3). Олай болса, мына кеңеске құлақ асқанымыз жөн: “Халқым, барып, ішкі бөлмелеріңе кіріңдер де, Есіктеріңді жауып алыңдар. Құдайдың қаһары басылғанша, Азғана уақыт жасырына тұрыңдар” (Ишая 26:20). Мұндағы “ішкі бөлмелер” қауымдарымызды білдірсе керек. Біз сол жерде бауырластармен бірге Ехобаға ғибадат етеміз. Алайда біз онда тек бас қосу үшін ғана бармаймыз. Пауыл еврей мәсіхшілерге қауымда бір-бірін сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру қажет екенін айтқан (Еврейлерге 10:24, 25). Біз бауырластарға деген сүйіспеншілігімізді қазір арттыруымыз қажет, өйткені бұл алдағы кез келген қиындыққа төтеп беруге көмектеседі.

9. а) Бауырластарды сүйетінімізді көрсетудің қандай мүмкіндіктері бар? ә) Құдайдың халқы бір-біріне деген сүйіспеншілігін қалай көрсетіп жатқанына мысал келтіріңіз.

9 Тіпті қазірдің өзінде, зор алапат келгенше, бауырластарды сүйетінімізді көрсетудің мүмкіндігі көп. Олардың көбісі жерсілкінісі, су тасқыны, дауыл, цунами және басқа да табиғи апаттардан зардап шегуде. Ал өзгелері қатты қудалаулар мен қарсылықтарға кезігуде (Матай 24:6—9). Бұл аз болғандай, осы зұлым дүниеде күнкөріс те қиындап барады (Аян 6:5, 6). Мұндай қиындықтар көбейген сайын, бауырластарымызды қаншалықты жақсы көретінімізді көрсетудің мүмкіндігі де көбейеді. Осы дүниеде “көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетсе” де, біздің бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз жалындай түсу керек (Матай 24:12) [1] (8-беттегі сілтемені қараңыз.)

БАУЫРЛАСТАРДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕТІНІМІЗДІ ҚАЛАЙ КӨРСЕТЕ АЛАМЫЗ?

10. Қазір нені қарастырамыз?

10 Кезігіп жүрген қиындықтарымызға қарамастан, бауырластарды жақсы көретінімізді қалай көрсете аламыз? Мұны іс жүзінде қалай дәлелдей аламыз? “Бауырластарды әрдайым жақсы көріңдер” дегеннен кейін елші Пауыл мәсіхшілер мұны қалай істей алатындығының бірнеше жолын атап өткен. Қазір солардың алтауын қарастырайық.

11, 12. Қонақжайлылық таныту деген не? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

11 “Қонақжайлылық танытуды ұмытпаңдар” (Еврейлерге 13:2 оқыңыз). “Қонақжайлылық” деген сөздің мағынасы қандай? Түпнұсқа тілде бұл сөз “бейтаныс адамға қайырымдылық жасау” дегенді білдіреді. Бұл сөзді естігенде, Ыбырайым мен Лұт есімізге түсетін шығар. Олар өздері танымайтын кісілерге қайырымдылық жасаған. Артынан екеуі де әлгі қонақтардың періштелер екенін білді! (Мұсаның 1-жазбасы 18:2—5; 19:1—3). Бұл мысал еврей мәсіхшілерді қонақжай болу арқылы бауырластық сүйіспеншіліктерін көрсетуге талпындырды.

12 Өзгелерге қалай қонақжайлылық таныта аламыз? Бауырластарды тамаққа, жігерлендіретін әңгіме айтуға үйімізге шақырсақ болады. Қауымға аудандық бақылаушы мен оның әйелі келгенде, оларды жақсы танымасақ та, мейман ете аламыз (Жоханның 3-хаты 5—8). Бұл үшін мол дастарқан жайып, шашылып-төгілудің қажеті жоқ. Біздің мақсатымыз — барымызды көрсетіп таңдай қақтыру емес, бауырластарымызды жігерлендіру. Сондай-ақ бізге де кейін қайтарады-ау деген адамдарды ғана қонаққа шақырудан аулақ болуымыз керек (Лұқа 10:42; 14:12—14). Ең бастысы, мұрнымыздан шаншылып жүрміз деп қонақжай болуды ұмытып кетпейік!

13, 14. Түрмеде отырған бауырластарды қалай есте ұстай аламыз?

13 “Түрмеде отырған бауырластарды... есте ұстаңдар” (Еврейлерге 13:3 оқыңыз). Пауыл осы сөздерді жазғанда, сенімдері үшін түрмеде отырған бауырластар туралы айтқан. Ол қауымды “түрмеге түскен бауырластарға жанашырлық танытқаны” үшін мақтаған (Еврейлерге 10:34). Төрт жыл абақтыда отырған Пауылға кейбір бауырластар тікелей қол ұшын берген. Ал алыста тұрған бауырластар не істей алар еді? Олар Пауыл үшін қатты дұға ете алар еді (Філіпіліктерге 1:12—14; Еврейлерге 13:18, 19).

Эритреяда түрмеде отырған әйел және ер бауырластар үшін, тіпті кішкентай балалар үшін дұға етсек болады

14 Бүгінгі күні де көптеген Куәгерлер сенімдері үшін темір тордың артында отыр. Жақын маңда тұратын бауырластар оларға іс жүзінде көмектесе алады. Алайда көбіміз олардан жырақта тұрамыз ғой. Ендеше оларды есте ұстап, қалай көмектесе аламыз? Бауырластарға деген сүйіспеншілік бізді олар үшін жалбарына дұға етуге талпындырады. Мысалы, Эритреяда түрмеде отырған әйел және ер бауырластар үшін, тіпті кішкентай балалар үшін дұға етсек болады. Олардың ішінде 20 жылдан аса уақыт түрмеде отырған Паулос Эяссу, Исаак Могос және Негеде Теклемариам бауырластарымыз да бар.

15. Некеге қалай құрметпен қарай аламыз?

15 “Барлығы некеге құрметпен қарасын” (Еврейлерге 13:4 оқыңыз). Құлықтылық жағынан таза болу арқылы да бауырластарды жақсы көретінімізді дәлелдейміз (Тімөтеге 1-хат 5:1, 2). Мысалы, бір бауырлас өзге бір бауырласпен азғындық жасаса, ол сол бауырластың өзіне де, соның отбасына да залал тигізеді. Сондай-ақ бауырластық сүйіспеншіліктің іргесі шайқалып, бауырластар бір-біріне сенуден қалуы мүмкін (Салоникалықтарға 1-хат 4:3—8). Ал күйеуінің порнография көріп жүргенін білген әйел қандай сезімде болар еді? Ол күйеуі өзін жақсы көретініне, некені құрметтейтініне сене ала ма? (Матай 5:28).

16. Қанағатшылдық бауырластарды жақсы көретінімізді көрсетуге қалай көмектеседі?

16 “Қолда барды қанағат тұтыңдар” (Еврейлерге 13:5 оқыңыз). Ехобаға сенім артар болсақ, қолда барға қанағат ете білеміз. Бұл бауырластарды жақсы көретінімізді көрсетуге қалай көмектеседі? Қанағатшыл болсақ, бауырластарымыздың ақшадан да, мал-мүліктен де әлдеқайда артық екенін ұмытпаймыз (Тімөтеге 1-хат 6:6—8). Сондай-ақ оларға наразы болып күңкілдемейміз және өмірімізге налымаймыз. Өзгелерге қызғанышпен де қарамаймыз, ашкөздікке де бой алдырмаймыз. Керісінше, қанағатшылдық бізді дарқан болуға талпындырады (Тімөтеге 1-хат 6:17—19).

17. Батылдық бауырластарды жақсы көретінімізді көрсетуге қалай көмектеседі?

17 Батыл болайық (Еврейлерге 13:6 оқыңыз). Ехобаға сенім артқанымыз қиын сынақтар кезінде батыл болуға көмектеседі. Батыл болсақ, сағымыз сынбай, оң көзқарас сақтау жеңіл болады. Ал оң көзқарас танытқан кезде, бауырластарды жігерлендіріп, жұбата аламыз, осылай оларды жақсы көретінімізді көрсетеміз (Салоникалықтарға 1-хат 5:14, 15). Біз тіпті зор алапат кезінде батыл бола аламыз, өйткені құтқарылуымыз жақын екенін білеміз (Лұқа 21:25—28).

Құтқарылуымыз жақын екенін білгендіктен, біз батыл бола аламыз

18. Ақсақалдарға деген сүйіспеншілігімізді қалай арттыра аламыз?

18 “Басшылықты қолға алғандарды ұмытпаңдар” (Еврейлерге 13:7, 17 оқыңыз). Қауымдағы ақсақалдар алтын уақыттарын бізге арнап, көп еңбектенеді. Біз үшін не істеп жатқандары жайлы ойлансақ, оларға деген сүйіспеншілігіміз бен ризашылығымыз арта түседі. Әрине, біздің қандай да бір ісіміздің кесірінен олардың қуаныштан айырылғанын не көңілі түскенін қаламаймыз. Қайта, оларға барынша мойынсұнғымыз келеді. Осылайша “оларды еңбектері үшін айрықша құрметтеп, жақсы көретінімізді” көрсетеміз (Салоникалықтарға 1-хат 5:13).

Ақсақалдардың біз үшін атқарып жатқан ерен еңбегін бағалаймыз ба? (18-абзацты қараңыз)

ӘРІ ҚАРАЙ ДА ЖАҚСАРА БЕРЕЙІК

19, 20. Қалай бауырластарға деген сүйіспеншілікті бұрынғыдан да көбірек таныта аламыз?

19 Ехобаның халқы өзара сүйіспеншіліктерімен танымал. Пауылдың күндерінде де солай болған. Бірақ Пауыл бауырластарды сүйіспеншілікті бұрынғыдан да көбірек танытуға шақырып: “Осы жағынан әрі қарай да жақсара беріңдер”,— деген (Салоникалықтарға 1-хат 4:9, 10). Расында да, сүйіспеншілік танытуда жақсарған үстіне жақсара түсуге себеп көп!

20 Бір жыл бойы Патшалық сарайында осы жылдың тармағын көргенде, былай деп ойланып жүрейік: “Мен көбірек қонақжайлылық таныта аламын ба? Түрмеде отырған бауырластарға қалай көмектессем болады? Құдай бастау берген некеге құрметпен қараймын ба? Қолда барға қанағат етуге маған не көмектеседі? Ехобаға қалай көбірек сенім арта аламын? Басшылықты қолға алғандарға қалай барынша мойынсұна аламын?” Осы алты жайтты есте ұстап, жақсаруға тырыссақ, 2016 жылдың тармағы біз үшін қабырғадағы құр жазу болып қалмайды. Қайта, Пауылдың: “Бауырластарды әрдайым жақсы көріңдер”,— деген сөздеріне құлақ асу керектігін есімізге салып тұрады (Еврейлерге 13:1).

^ [1] (9-абзац) Табиғи апат кезінде Ехоба куәгерлері қалай өзара сүйіспеншілік көрсеткеніне қатысты мысалдарды келесі мәліметтерден оқи аласыз: “Күзет мұнарасы” (ор.), 2002 жыл, 15 шілде, 8, 9-бет; “Ехоба куәгерлері — Құдай Патшалығын жариялаушылар” (ор.), 19-тарау.