Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Осы рух біздің рухымызбен бірге растайды

Осы рух біздің рухымызбен бірге растайды

“Осы рух Құдайдың балалары екенімізді біздің рухымызбен бірге растайды” (РИМДІКТЕРГЕ 8:16).

ӘНДЕР: 5, 14

1—3. Б. з. 33 жылындағы Елуінші күн мейрамын қандай оқиғалар ерекше етті және мұнымен Жазбалардағы қандай пайғамбарлық орындалды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 33 жылы. Иерусалим. Жексенбі күні таңертеңгі уақыт. Бұл қуанышқа толы ерекше күн еді. Жұрт Елуінші күн мейрамын тойлап жатты. Бұл — бидай орағы басталғанда тойланатын қасиетті мейрам. Сол күні таңертең бас діни қызметкер күнделікті ұсынылатын құрбандықтар шалды. Сосын сағат 9 шамасында алғашқы бидайдан, яғни алғашқы өнімнен, ашытқы қосып пісірілген екі нанды ұсынды. Бас діни қызметкер бұл нандарды Ехобаға ұсыну үшін әрі-бері тербеді (Мұсаның 3-жазбасы 23:15—20).

2 Жүздеген жылдар бойы бас діни қызметкер жыл сайын осындай тербеп ұсынатын тартуды әкелетін. Бұл тарту б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында орын алғалы жатқан өте маңызды бір жайтпен тығыз байланысты еді. Бұл жайт Иерусалимдегі бір үйдің жоғарғы қабатында Исаның 120 шәкірті бас қосып, дұға етіп жатқанда орын алды (Елшілердің істері 1:13—15). Осы оқиға туралы 800 жыл бұрын Жоел пайғамбар жазып кеткен болатын (Жоел 2:28—32; Елшілердің істері 2:16—21). Бұл оқиғаны ерекше еткен не?

3 Елшілердің істері 2:2—4 оқыңыз. Сол күні Құдай жиналып отырған мәсіхшілерге киелі рухын төгіп, оларды майлады (Елшілердің істері 1:8). Кейін олардың айналасына қалың жұрт жиналып қалды. Шәкірттер оларға өздері жаңа ғана көріп-естіген ғажайып істер туралы айта бастады. Елші Петір бұл оқиғаның маңыздылығын түсіндіріп, жұртқа былай деді: “Күнәларыңыз кешірілу үшін өкініп, әрбіріңіз Иса Мәсіхтің атынан шомылдыру рәсімінен өтіңіз, сонда сый ретінде киелі рухты аласыздар”. Сол күні шамамен 3000 адам шомылдыру рәсімінен өтіп, олар да киелі рухқа кенелді (Елшілердің істері 2:37, 38, 41).

4. а) Елуінші күн мейрамында орын алған жайттарға неге ден қоюымыз керек? ә) Сол мейрамнан бірталай жыл бұрын дәл сол күні қандай маңызды оқиға орын алса керек? (19-беттегі сілтемені қараңыз.)

4 Бас діни қызметкер мен оның жыл сайын Елуінші күн мейрамында ұсынған тартуы нені бейнеледі? Бас діни қызметкер Исаны, ал нандар Исаның майланған шәкірттерін бейнеледі. Бұл шәкірттер күнәкар адамдардың арасынан таңдалып, “алғашқы өнім” деп аталды (Жақып 1:18). Құдай оларды балалары етті, әрі көкте Исамен бірге Патшалықта билік етулері үшін таңдап алды (Петірдің 1-хаты 2:9). Осы Патшалық арқылы Ехоба тілалғыш адамзатқа батасын төгеді. Ендеше, мейлі көкте Исамен бірге болуға я жердегі жұмақта өмір сүруге үміттенейік, б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамындағы жайттардың бәріміз үшін мәні зор [1] (19-беттегі сілтемені қараңыз).

ӘЛДЕКІМ МАЙЛАНҒАН КЕЗДЕ НЕ БОЛАДЫ?

5. Бірінші ғасырда майланғандар бірдей жолмен майланбағанын қайдан білеміз?

5 Жоғарғы қабаттағы бөлмеде жиналған шәкірттер сол күнді өмір бақи ұмытпас еді. Олардың әрқайсысының басына тілге ұқсаған от жалыны қонды. Ехоба оларға өзге тілде сөйлеу қабілетін дарытты. Демек, киелі рухпен майланғанына олардың еш күмәні болмаған (Елшілердің істері 2:6—12). Бірақ киелі рухпен майланғандардың бәрі осындай ерекше көріністі бастан кешті ме? Жоқ. Мысалы, сол күні кейінірек майланған Иерусалимдегі мыңдаған адамның басында от жалыны көрінгені туралы Киелі кітапта ештеңе айтылмаған. Олар шомылдыру рәсімінен өткен кезде майланған (Елшілердің істері 2:38). Алайда мәсіхшілердің бәрі бірдей шомылдыру рәсімінен өткен кезде майланбаған. Самариялықтарды алсақ, олар шомылдыру рәсімінен өткен соң біраз уақыттан кейін ғана киелі рухқа кенелген (Елшілердің істері 8:14—17). Ал Корнел мен оның үй ішімен ерекше жағдай болған: олар шомылдыру рәсімінен өтпей тұрып майланған (Елшілердің істері 10:44—48).

6. Майланғандардың бәрі не нәрсеге ие болады және бұл оларға қалай әсер етеді?

6 Бүгінде де мәсіхшілер өздерінің майланғанын әртүрлі жолмен біледі. Кейбіреулері Ехоба өздерін майлағанын бірден түсінсе, өзгелері уақыт өте келе түсінуі мүмкін. Қалай болған күнде де, олардың әрқайсысы не нәрсеге ие болатынын елші Пауыл былай деп түсіндірген: “Оған сенген соң, уәде етілген киелі рухпен Мәсіх арқылы сендерге мөр басылды. Киелі рух — мұраны алатынымыздың кепілі” (Ефестіктерге 1:13, 14). Олай болса, Ехоба бұл мәсіхшілерді көкке бару үшін таңдағанын киелі рухы арқылы ап-анық білдіреді. Осылайша олардың болашақта жерде емес, көкте өмір сүретініне киелі рух “кепіл”, не дәлел, болып табылады (Қорынттықтарға 2-хат 1:21, 22; 5:5 оқыңыз).

Әрбір майланған мәсіхші Ехобаға қызмет етуге ештеңенің тосқауыл болуына жол бермеуі керек

7. Көктегі сыйын алу үшін майланғандардың әрқайсысы не істеу керек?

7 Мәсіхшінің майланғаны ол міндетті түрде көктегі сыйын алады дегенді білдіре ме? Жоқ. Ол көкке шақырылғанына кәміл сенімді. Алайда Ехобаға адалдығын сақтаса ғана ол сыйын алады. Петір мұны былай деп түсіндірді: “Сондықтан, бауырластар, шақырылғандарыңа және таңдап алынғандарыңа лайық болып қала беруге барынша ұмтылыңдар. Өйткені осы қасиеттерді толықтыра берсеңдер, ешқашан сүрінбейсіңдер. Сондай-ақ зор батаға ие болып, Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің мәңгілік Патшалығына кіресіңдер” (Петірдің 2-хаты 1:10, 11). Демек, майланғандардың әрқайсысы Ехобаға қызмет етуге ештеңенің тосқауыл болуына жол бермеуі керек. Әйтпесе көкке шақырылғанына қарамастан, сыйынан құралақан қалады (Еврейлерге 3:1; Аян 2:10).

МӘСІХШІ ӨЗІНІҢ МАЙЛАНҒАНЫН ҚАЛАЙ БІЛЕДІ?

8, 9. а) Неге мәсіхші майланғанда онымен не болатынын адамдардың көбісіне түсіну қиын? ә) Адам өзінің көкке шақырылғанын қалай біледі?

8 Құдайдың қызметшілерінің басым көпшілігіне әлдекім майланғанда онымен не болатынын түсіну қиын шығар. Бұл түсінікті де, өйткені олардың өздері майланбаған. О баста Ехоба адамдарды көкте емес, жерде өмір сүру үшін жаратқан (Мұсаның 1-жазбасы 1:28; Зәбүр 37:29). Бірақ ол кейбір адамдарды көкте патша әрі діни қызметкер ету үшін таңдап алуды шешті. Сондықтан майланған кезде бұл адамдардың үміті мен ой қалпы өзгеріп, олар көкке баруды қалайды (Ефестіктерге 1:18, 19 оқыңыз).

9 Алайда адам өзінің көкке шақырылғанын қалай біледі? Мұны Пауылдың Римдегі “қасиетті болуға шақырылған” майланғандарға айтқан сөзінен көруге болады. Ол былай деген: “Сендер өздеріңді құл етіп, қайтадан қорқыныш тудыратын рухты емес, қайта, Құдайдың балалары ететін рухты қабылдадыңдар. Ол бізді: “Абба, Әке!”— деп шақыруға талпындырады. Осы рух Құдайдың балалары екенімізді біздің рухымызбен бірге растайды” (Римдіктерге 1:7; 8:15, 16). Демек, Құдай әлдекімнің Исамен бірге көкте патша болуға шақырылғанын киелі рухы арқылы оған анық білдіреді (Салоникалықтарға 1-хат 2:12).

10. Жоханның 1-хаты 2:27-дегі майланғандар “біреудің үйреткеніне мұқтаж емес” деген сөздер нені білдіреді?

10 Құдайдың осы ерекше шақыруын қабыл алғандардың майланған екенін оларға тағы біреудің айтқаны қажет емес. Ехобаның өзі оларға сенімділік береді. Елші Жохан майланған мәсіхшілерге: “Сендерді Киелі Құдай рухпен майлады, әрі бәріңде де білім бар”,— деген. Әрі қарай ол былай деді: “Ал сендерге келсек, ол сендерді өзінің рухымен майлады, әрі осы рух әрдайым сендерде. Сондықтан біреудің үйреткеніне мұқтаж емессіңдер. Рухпен майланғандарың өтірік емес, шын, әрі ол сендерді бәріне үйретуде. Сол себепті рух үйреткендей, онымен бірлікте қала беріңдер” (Жоханның 1-хаты 2:20, 27). Әрине, майланған мәсіхшілер де әрқайсысымыз сияқты Ехобаның тәліміне мұқтаж. Бірақ олар өздерінің майланған екенін әлдекім растағанын қажет етпейді. Олардың майланған екенін тайға таңба басқандай анық білдіру үшін Ехоба әлемдегі ең құдіретті күш — киелі рухын қолданады!

ОЛАР “ҚАЙТАДАН ТУЫЛҒАНДАР”

11, 12. Майланған мәсіхші не деп ойлауы мүмкін, бірақ ол не нәрсеге еш күмәнданбайды?

11 Мәсіхшілер киелі рухпен майланғанда, қатты өзгеріс сезінетіндері сонша — Иса оларды “қайта туылғандар”, не “жоғарыдан туылғандар” деп атаған (Жохан 3:3, 5, сілтеме). Ол Нікөдемге былай деп түсіндірді: “Менің “сендер қайта туылуға тиіссіңдер” дегеніме таңғалма. Жел қалаған жағына соғады. Оның гуілін естисің, бірақ қайдан келіп, қайда кеткенін білмейсің. Киелі рухтан туылған әрбір адаммен де солай болады” (Жохан 3:7, 8). Олай болса, майланбаған адамға майланған адамның нақты не сезінетінін түсіндіру мүмкін емес [2] (19-беттегі сілтемені қараңыз).

Майланған адам Ехоба өзін таңдағанына титтей де күмәнданбайды

12 Майланған мәсіхші: “Ехоба неге басқаны емес, мені таңдады?”— деп ойлауы мүмкін. Ол тіпті өзін бұған лайықсыз сезінетін шығар. Бірақ ол Ехоба өзін таңдағанына титтей де күмәнданбайды. Оның жүрегі зор қуаныш пен ризашылыққа толады. Майланғандар да елші Петірдікіндей сезімде болады. Ол киелі рухтың жетелеуімен былай деген: “Иеміз Иса Мәсіхтің Құдайы әрі Әкесі мадақталсын! Ол бізге зор мейірім көрсетіп, Иса Мәсіхті өлімнен қайта тірілту арқылы бізді жаңадан туғызып, тірі үміт берді, сондай-ақ шірімес, арамдалмаған, солмайтын мұра сыйлады. Бұл мұра сендер үшін көкте сақтаулы” (Петірдің 1-хаты 1:3, 4). Майланғандар осы сөздерді оқығанда, Әкелері жеке өздеріне сөйлеп жатқанына еш шүбәланбайды.

13. Киелі рухпен майланған кезде адамның ой қалпы қалай өзгереді және бұған не себеп болады?

13 Ехоба бұл мәсіхшілерді көкке шақырмай тұрғанда, олар жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміттенген. Олар Ехобаның зұлымдық атаулыны жойып, жер бетін жұмаққа айналдыратын уақытын күткен. Бәлкім, қайтыс болған туыстары мен достарын қарсы алып жатқанын елестеткен шығар. Үй салып, ағаш отырғызып, оның жемісін жейтін кезді елестеткен де болар (Ишая 65:21—23). Онда неге олар басқаша ойлай бастады? Өмірден көп тауқымет көріп, қатты қиналғандықтан ба? Әлде жер бетінде мәңгі өмір сүру ішпыстырарлық, қызық емес болады деп ойлағандықтан ба? Не көктегі өмірдің дәмін татып көргісі келгендіктен бе? Әрине, жоқ. Олар көкте өмір сүреді деп Құдайдың өзі шешкен. Майланғандарды шақырған кезде, Құдай киелі рухы арқылы олардың ой қалпы мен үмітін өзгерткен.

14. Майланғандар жердегі өмірлеріне қалай қарайды?

14 Сонда бұл майланғандар өлгісі келеді дегенді білдіре ме? Пауыл майланғандардың не сезінетінін түсіндіріп кеткен. Олардың адами денесін “шатырға” теңеп, ол былай деген: “Осы шатырдағы біздер ауыртпалық көріп ыңырсудамыз. Оны шешіп тастағымыз келгендіктен емес, ажалды денені мәңгілік өмірмен ауыстыру үшін, басқасын киюді қалағандықтан ыңырсудамыз” (Қорынттықтарға 2-хат 5:4). Бұл мәсіхшілер жердегі өмірден баз кешкен жоқ. Қайта, олар өмірдің қызығын көріп, әр күнін отбасымен, достарымен бірге Ехобаға қызмет етуге арнағысы келеді. Бірақ олар не істемесін, Құдайдың өздеріне уәде еткен болашағын естен шығармайды (Қорынттықтарға 1-хат 15:53; Петірдің 2-хаты 1:4; Жоханның 1-хаты 3:2, 3; Аян 20:6).

ЕХОБА СІЗДІ ШАҚЫРДЫ МА?

15. Қандай жайттар адамның киелі рухпен майланғанын білдірмейді?

15 Ехоба мені көктегі өмірге шақырды ма екен деп ойланған кезіңіз болған ба? Егер солай болса, мына маңызды сұрақтар жайлы ойланып көріңіз: Сіз өзіңізді уағыз ісінде ерекше құлшыныс танытамын деп есептейсіз бе? Киелі кітапты зор ықыласпен зерттеп, “Құдайдың терең даналығына” бойлаймын деп ойлайсыз ба? (Қорынттықтарға 1-хат 2:10). Уағыз ісінде Ехобаның керемет баталарын көріп жүрсіз бе? Ехобаның еркін орындауда ерекше ынта-жігер танытасыз ба? Өзгелерді қатты жақсы көргендіктен, оларға рухани жағынан көмектесуім керек деген жауапкершілік сезінесіз бе? Өміріңізде Ехобаның сізге ерекше жолдармен көмектескенін көргенсіз бе? Осы сұрақтардың бәріне “иә” деп жауап берсеңіз, бұл сіздің көкке шақырылғаныңызды білдіре ме? Жоқ, білдірмейді. Неге? Құдайдың барлық қызметшілері, майланған болсын-болмасын, өздерін осылай сезінуі мүмкін. Өйткені Ехоба өз қызметшілерінің бәріне, үміттері қандай болғанына қарамастан, қажетіне қарай киелі рух береді. Негізі, адамның көкке барамын ба, жоқ па деп екіойлы болғанының өзі оның көкке шақырылмағанын көрсетеді. Өйткені Ехоба таңдаған адамдар бұлай ойламайды, олар нақты біледі!

16. Құдайдың рухына ие болғандардың бәрі бірдей көкке шақырылмайтынын қайдан білеміз?

16 Киелі кітапта Ехобаның киелі рухына ие болған, бірақ көкке бармаған адал адамдар жайлы көп айтылады. Мысалы, шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияны алайық. Иса одан ұлы ешкім жоқ екенін, бірақ оның көкте патша ретінде билік етпейтінін айтқан (Матай 11:10, 11). Дәуітке де киелі рух әсер еткен (Самуилдің 1-жазбасы 16:13). Киелі рух оған Ехоба жайлы терең жайттарды түсінуге көмектескен және Киелі кітаптың кей бөліктерін жазуға қозғау салған (Марқа 12:36). Соған қарамастан елші Петір Дәуіттің көкке көтерілмегенін айтты (Елшілердің істері 2:34). Ехоба киелі рухы арқылы бұл адамдарға керемет нәрселер жасауға құдірет бергенмен, киелі рухын оларды көкке шақыру үшін қолданбаған. Сонда олардың көкте билік етуге лайықсыз болғаны ма? Жоқ. Ехоба оларды жер бетінде болатын жұмақта қайта тірілткісі келеді (Жохан 5:28, 29; Елшілердің істері 24:15).

17, 18. а) Бүгінде Құдайдың қызметшілерінің басым көпшілігінің үміті қандай? ә) Келесі мақалада қандай сұрақтар қарастырылады?

17 Бүгінде Құдайдың қызметшілерінің басым көпшілігі көкке бармайды. Олар да Ыбырайым, Дәуіт, шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия және ежелдегі басқа да ерлер мен әйелдер сияқты, Құдай үкіметі билік жүргізетін жерде өмір сүруге үміттенеді (Еврейлерге 11:10). Исамен бірге көкте билік ететіндердің саны — 144 000. Бірақ Киелі кітапта айтылғандай, ақырғы күндері жер бетінде осы майланғандардың тамтығы ғана қалды (Аян 12:17). Демек, 144 000-ның басым бөлігі қайтыс болған, қазір олар көкте.

18 Егер біреу өзінің майланған екенін айтса, жерде өмір сүруге үміті барлар бұған қалай қарау керек? Ал қауымдағы бір бауырлас Еске алу кешінде рәміздерден дәм татса ше? Майланғанбыз дейтіндердің саны өсіп жатқанын көргенде, бұл жайлы уайымдауымыз керек пе? Бұл сұрақтардың жауабы келесі мақалада қарастырылады.

^ [1] (4-абзац) Елуінші күн мейрамының уақыты Синай тауында Мұсаға Заң берілген уақытқа сәйкес келсе керек (Мұсаның 2-жазбасы 19:1). Егер бұл солай болса, Мұса Исраил халқымен Заң келісімін жасасқан күні Иса да рухани Исраилмен, яғни майланғандармен, жаңа келісім жасасты.

^ [2] (11-абзац) Қайта туылудың нені білдіретінін көру үшін “Күзет мұнарасын” (ор.) қараңыз (2009 жыл, 1 сәуір, 3—11 беттер).