Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдаймен бірге еңбектену шаттыққа бөлейді

Құдаймен бірге еңбектену шаттыққа бөлейді

“Құдаймен бірге еңбектеніп жүрген біз мынаны да өтінеміз: Құдайдың рақымын қабылдаған сендер оның қандай мақсатпен көрсетілгенін елеусіз қалдырмаңдар” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2-ХАТ 6:1).

ӘНДЕР: 28, 14

1. Құдай Тағала болғанына қарамастан, Ехоба басқаларды не істеуге шақырады?

ЕХОБА — Құдай Тағала, яғни ең жоғары тұрған Тұлға. Сондай-ақ ол Жаратушы, оның даналығы мен құдіреті ұшан-теңіз. Ехоба Әйүпке мұны түсінуге көмектескенде, Әйүп былай деген: “Сенің қолыңнан келмейтін нәрсе жоқ екенін, Ой-ниетіңнің орындалмай қалуы мүмкін емес екенін енді білдім” (Әйүп 42:2). Ехоба ойына алған ісін біреудің көмегінсіз-ақ жүзеге асыра алады. Әйткенмен ол ниетін іске асыру үшін басқаларды өзімен бірге еңбектенуге шақырады, осылай оларды қаншалықты жақсы көретінін көрсетеді.

2. Ехоба Исаға қандай маңызды іс тапсырды?

2 Ехоба ең алғашқы етіп өзінің Ұлы Исаны жаратты. Сосын оны басқа жаратылыстарды жаратуға қатыстырды (Жохан 1:1—3, 18). Иса жайында елші Пауыл былай деп жазған: “Көктегі мен жердегінің, көзге көрінетін мен көрінбейтіннің — тақтар, билеушілер, үкіметтер мен басшылардың — бәрі сол арқылы жаратылды. Барлығы сол арқылы және сол үшін жаратылды” (Қолостықтарға 1:15—17). Өзіміз көргендей, Ехоба Ұлына маңызды іс тапсырып қана қойған жоқ, бұл жайлы өзгелерге де мәлім етті. Неткен зор құрмет!

3. Ехоба Адам атаға қандай іс тапсырды және неге?

3 Ехоба адам баласын да өзімен бірге еңбектенуге шақырды. Мысалы, ол Адам атаға жан-жануарларға ат қоюды тапсырды (Мұсаның 1-жазбасы 2:19, 20). Осы тапсырманы орындағанда, Адам атаның қалай қуанғанын елестетіп көріңізші! Ол жануарлардың түрі мен мінез-құлқын мұқият бақылап, әрқайсысына лайықты ат таңдады. Ехоба жануарлардың бәрін өзі жаратқандықтан, оларға атты өзі-ақ бере алар еді. Алайда ол Адам атаны қаншалықты жақсы көретінін көрсетіп, бұл істі оған тапсырды. Бұған қоса, оған бүкіл жер бетін жұмаққа айналдыру тапсырмасын берді (Мұсаның 1-жазбасы 1:27, 28). Өкінішке орай, Адам ата Құдаймен бірге еңбектенгісі келмеді. Осының кесірінен ол өзін де, ұрпақтарын да қасіретке ұшыратты (Мұсаның 1-жазбасы 3:17—19, 23).

4. Құдайдың еркін орындау үшін кейбір адамдар қалай онымен бірге еңбектенді?

4 Кейінірек Құдай басқа адамдарды да өзімен бірге еңбектенуге шақырды. Мысалы, Нұх Топан судан өзін және отбасын аман алып қалу үшін кеме соқты. Мұса Исраил халқын Мысырдан азат етті. Ешуа исраилдіктерді Уәде етілген жерге бастап барды. Сүлеймен Иерусалимде ғибадатхана соқты. Мәриям Исаны дүниеге әкелді. Осы адал жандар мен басқа да қызметшілер Ехобаның еркін орындау үшін онымен бірге еңбектенді.

5. Біз қандай іске атсалыса аламыз және Ехоба бізді бұл іске шақыруға мәжбүр ме еді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

5 Бүгінде Ехоба бізді де қолымыздан келгенше Патшалық ісіне қолдау көрсетуге шақырады. Құдайға қызмет етудің көптеген жолы бар. Бәріміз оған бірдей жолмен қызмет ете алмасақ та, бәріміз Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауға атсалыса аламыз. Әрине, Ехоба бұл істі өзі-ақ атқара алар еді. Қажет болса, жердегі адамдарға көктен тікелей тіл қатар еді. Иса Патшалықтың Патшасы жайлы өзгелерге айту үшін Ехобаның тіпті тастарды сөйлете алатынын айтқан (Лұқа 19:37—40). Бірақ Ехоба бізбен қызметтесуді шешті (Қорынттықтарға 1-хат 3:9). Елші Пауыл былай деген: “Құдаймен бірге еңбектеніп жүрген біз мынаны да өтінеміз: Құдайдың рақымын қабылдаған сендер оның қандай мақсатпен көрсетілгенін елеусіз қалдырмаңдар” (Қорынттықтарға 2-хат 6:1). Расында да, Құдаймен бірге еңбектену біз үшін зор мәртебе! Ал енді мұның неге бізді шаттыққа бөлейтінін қарастырайық.

ҚҰДАЙМЕН БІРГЕ ЕҢБЕКТЕНУ БІЗДІ ҚУАНЫШҚА БӨЛЕЙДІ

6. Құдайдың тұңғыш Ұлы Әкесімен бірге еңбектенгенде не сезінгенін қалай суреттеді?

6 Құдаймен бірге еңбектену Ехобаның қызметшілерін қашанда қуанышқа бөлеген. Жер бетіне келмес бұрын, Құдайдың тұңғыш Ұлы былай деген: “Мен Ехобаның ең алғашқы жаратылысымын... Оның қасында шебер жұмысшы болдым. Күн сайын оны қуантып, Алдында әрдайым шаттанып жүрдім(Нақыл сөздер 8:22, 30). Әкесімен бірге еңбектенгенде, Иса қуанышқа кенелді, өйткені көптеген істер атқарды әрі Ехоба өзін жақсы көретінін көрді. Ал біз туралы не деуге болады?

Біреуге шындықты білуге көмектесуден артық не бар?! (7-абзацты қараңыз)

7. Неліктен уағыздау ісі бізді қуанышқа кенелтеді?

7 Иса адамның алған кезде де, берген кезде де өзін бақытты сезінетінін айтқан (Елшілердің істері 20:35). Біз шындықты білгенде, қатты қуандық, сол шындықты адамдарға айту да бізді зор қуанышқа кенелтеді. Неге? Өйткені олар Киелі кітап нені үйрететінін түсініп, Құдаймен қарым-қатынас дамыта бастағанда қалай шаттыққа бөленетінін көреміз. Сондай-ақ олардың ой қалыптары мен өмір салттарын өзгертіп жатқанына да мәз-мейрам боламыз. Шынымен де, уағыз ісі — бүгінде біз атқара алатын ең маңызды да мағыналы іс. Өйткені ол Құдайдың досы болған адамдарға мәңгі өмір сүруге жол ашады (Қорынттықтарға 2-хат 5:20).

8. Құдаймен бірге еңбектенудің қуанышқа бөлейтіні жайлы бауырластар не деп ой бөлісті?

8 Адамдарға Құдай туралы білуге көмектескенде, біз Ехобаға ұнамды болатынымызды білеміз, әрі ол өзіне қызмет етуге тырысып жатқанымызды бағалайтынын көреміз. Бұл да бізге зор қуаныш сыйлайды (Қорынттықтарға 1-хат 15:58 оқыңыз). Италияда тұратын Марко былай дейді: “Қолымдағы бар жақсымды мен тез ұмытып кететін біреуге емес, Ехобаға беріп жатқаным мені шексіз қуанышқа бөлейді”. Сол елде қызмет ететін Франко деген бауырлас былай деп ой бөлісті: “Ехоба өзінің Сөзі және рухани шаралары арқылы бізді жақсы көретінін және атқарған әрбір ісіміздің, өзімізге түкке тұрғысыз көрінсе де, ол үшін маңызды екенін күнде есімізге салып отырады. Міне, сондықтан да Құдаймен бірге еңбектену маған қуаныш сыйлап, өміріме мән-мағына береді”.

ҚҰДАЙМЕН БІРГЕ ЕҢБЕКТЕНУ ОҒАН ЖӘНЕ ӨЗГЕЛЕРГЕ ЖАҚЫНДАТА ТҮСЕДІ

9. Ехоба мен Исаның қарым-қатынасы қандай болған және неге?

9 Өзіміз жақсы көретін адамдармен еңбектенгенде, оларға жақындай түсеміз. Біз олардың мінезі мен қасиеттері туралы көбірек білеміз. Сондай-ақ мақсаттары жайлы және оларға қол жеткізу үшін не істеп жатқанын біле аламыз. Иса Ехобамен бірге миллиардтаған жылдар бойы еңбектенген. Олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігінің болаттай берік болғаны сонша — ештеңе де қарым-қатынастарын бұза алмады. Әкесіне қаншалықты жақын болғанын көрсетіп, Иса: “Әкем екеуміз бірліктеміз”,— деген (Жохан 10:30). Расында да, олар бірге еңбектенгенде, толықтай қызметтесіп, керемет бірлікте болған.

Уағыз ісі сенімімізді нығайтады, себебі ол Құдайдың уәделері мен сүйіспеншілікке толы талаптарын есімізге салып тұрады

10. Неге уағыздау ісіне атсалысқанымыз бізді Құдайға және өзгелерге жақындата түседі?

10 Бірде Иса дұғасында Ехобадан шәкірттерін қорғауды сұраған. Неге? Ол: “Осылай екеуміздің бірлікте екеніміздей, олар да бірлікте болсын”,— деген (Жохан 17:11). Біз Құдайдың заң-талаптарымен өмір сүргенде және уағыз ісіне атсалысқанда, оның қасиеттерін жақсырақ біле түсеміз. Оған арқа сүйеп, басшылығына мойынсұнудың қаншалықты даналық екенін түсінеміз. Біз Құдайға жақындасақ, ол да бізге жақындайды (Жақып 4:8 оқыңыз). Сонымен қатар Құдаймен бірге еңбектенгеніміз бауырластарға тонның ішкі бауындай жақын болуымызға көмектеседі. Өйткені бәріміздің өмірде көріп жүрген қиындығымыз да, қуанышымыз да, мақсатымыз да бір. Иә, біз бірге қызмет етеміз, бірге шаттанамыз, қиындыққа да бірге төтеп береміз. Британияда тұратын Октавия есімді әйел бауырлас былай дейді: “Ехобамен бірге еңбектенгенім мені өзгелерге жақындата түседі”. Октавияның айтуынша, оның достығына арқау болатын нәрсе — “ортақ мақсат пен ортақ басшылық”. Мұнымен біз де келісетін шығармыз. Бауырластардың Ехобаға ұнамды болуға барынша тырысып жатқанын көргенде, бұл бізді оларға жақындата түседі емес пе?!

11. Неге жаңа дүниеде Ехобаға және бауырластарға бұрынғыдан да жақын бола түсеміз?

11 Біздің Құдайға және бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз қазірдің өзінде берік, ал жаңа дүниеде одан да берік болады. Алда күтіп тұрған небір қызықты істер туралы ойланып көрейікші! Біз қайта тірілгендерді құшақ жая қарсы алып, оларға Ехоба жайлы білім береміз. Сонымен қатар жерді жұмаққа айналдырамыз. Бір-бірімізбен иық тіресе еңбектеніп, Мәсіхтің билігі кезінде біртіндеп кемелділікке жетеміз. Бұл неткен қуаныш болмақ! Сонда адамдардың бәрі бір-біріне, сондай-ақ әрбір тіршілік иесінің қалауын орындайтын Ехобаға жақын бола түседі (Зәбүр 145:16).

ҚҰДАЙМЕН БІРГЕ ЕҢБЕКТЕНУ БІЗДІ ҚОРҒАЙДЫ

12. Уағыз ісі қалайша бізді қорғайды?

12 Біз Ехобамен қарым-қатынасымызды қорғауымыз керек. Шайтанның дүниесінде өмір сүріп жатқандықтан және кемелсіз болғандықтан, осы дүниедегілер сияқты ойлап, солар сияқты әрекет етіп кетуіміз оп-оңай. Осы дүниенің рухын өзеннің ағысына теңеуге болады. Ол бізді өзіміз қаламаған бағытқа алып кеткісі келеді. Сондықтан сол ағысқа қарсы жүзу үшін бар күшімізді салуымыз керек. Тап солай, Шайтанның дүниесінің ықпалына беріліп қалмас үшін бізге аянбай күресу қажет. Уағыз ісі бізді бұл дүниенің рухынан қалай қорғайды? Адамдарға Ехоба мен Киелі кітап жайлы айтқанда, біздің бар ойымыз сенімімізді әлсірететін емес, қайта, рухани нығайтатын маңызды да игі нәрселерде болады (Філіпіліктерге 4:8). Уағыз ісі сенімімізді қатайтады, себебі ол Құдайдың уәделері мен сүйіспеншілікке толы заң-талаптарын есімізге салып тұрады. Сонымен қатар қызметіміз Шайтан мен оның дүниесінен қорғануға қажетті қасиеттерді дамытуға көмектеседі (Ефестіктерге 6:14—17 оқыңыз).

Рухани істерді білек сыбана атқарсақ, қиыншылықтарымызға басымызбен кіріп кетпейміз

13. Австралияда тұратын бір бауырлас уағыз ісі туралы не ойлайды?

13 Уағыз ісін және басқа да рухани істерді білек сыбана атқарғанымыз бізге қорғаныш болады, өйткені қиыншылықтарымызға басымызбен кіріп кетпейміз. Австралияда тұратын Джоел былай дейді: “Уағыздау ісі маған өмірде не болып жатқанынан бейхабар болмауға көмектеседі. Қызметте жүргенде, мен адамдардың қандай қиындықтарға кезігіп жатқанын әрі Киелі кітап принциптерін өмірде қолданғанымның қандай пайдасы бар екенін көремін. Уағыз ісі маған кішіпейіл болуға көмектеседі, сондай-ақ Ехобаға және бауырластарға сенім артуға мүмкіндік береді”.

14. Уағыздау ісінде табандылық танытқанымыз қалайша бізді Құдай рухы қолдап жатқанын көрсетеді?

14 Уағыз ісі бізге Құдай рухы қолдау көрсетіп жатқанына көзімізді жеткізе түседі. Мысалы, сізге көрші-қолаңдарыңызға нан тарату тапсырылды делік. Бұл үшін ешқандай ақы алмайсыз, шығыныңызды да өзіңіз өтейсіз. Оның үстіне, адамдардың көбісі наныңызды керек етпейді, ал кейбірінің тіпті нан таратып жүргеніңізге ызасы келеді. Мұндай жұмысты қанша уақыт істер едіңіз? Көп ұзамай-ақ салыңыз суға кетіп, бұл істі тастарсыз. Арамыздағы көпшілігіміз уақытымыз бен өз қаражатымызды жұмсап, кейбіреулердің келеке-мазағы мен ашуланғанына қарамастан, уағыз ісін жылдар бойы жалғастырып келеміз. Бұл бізді Құдай рухы қолдап жатқанының дәлелі емес пе?!

ҚҰДАЙМЕН БІРГЕ ЕҢБЕКТЕНУ ОҒАН ЖӘНЕ АДАМДАРҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІГІМІЗДІ КӨРСЕТЕДІ

15. Уағыздау ісі Құдайдың адамзатқа қатысты ниетімен қалай байланысты?

15 Уағыздау ісі Құдайдың адамзатқа қатысты ниетімен қалай байланысты? О баста Құдай адамдардың жерде мәңгі өмір сүргенін қалады. Адам ата күнә жасағанымен, Құдайдың бұл ниеті өзгерген жоқ (Ишая 55:11). Ол бізді күнә мен өлімнен азат ету үшін шара қолданды. Қандай шара? Иса жер бетіне келіп, өмірін құрбан етті. Бірақ бұл құрбандықтың пайдасын көру үшін адамдар Құдайға мойынсұнулары керек-тін. Сондықтан Иса оларға Құдайдың өздерінен нені талап ететінін үйретті, шәкірттеріне де осылай етуді тапсырды. Адамдарға уағыздап, Құдайдың досы болуға көмектессек, біз Құдаймен тікелей еңбектеніп, оның адамзатты күнә мен өлімнен құтқаруға қатысты шарасын жүзеге асыруға үлес қосамыз.

16. Уағыздау ісі Құдайдың ең басты екі заңымен қалай байланысты?

16 Адамдарға өмір жолына түсуге көмектесу арқылы біз оларды да, Ехобаны да жақсы көретінімізді паш етеміз. Өйткені Құдай “әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайды” (Тімөтеге 1-хат 2:4). Бір парызшыл Құдайдың ең басты заңы туралы сұрағанда, Иса былай деп жауап қатты: “Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” Бірінші әрі ең басты заң — осы. Екіншісі де соған ұқсайды: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” (Матай 22:37—39). Біз ізгі хабарды уағыздау арқылы осы екі заңды орындайтынымызды көрсетеміз (Елшілердің істері 10:42 оқыңыз).

17. Ізгі хабарды уағыздау мәртебесі жайлы не ойлайсыз?

17 Біз неткен бақытты жандармыз! Ехоба бізге қуаныш сыйлайтын іс тапсырып отыр, бұл бізді оған және бауырластарға жақындата түседі және Құдаймен қарым-қатынасымызды қорғайды. Сондай-ақ уағыз ісі Құдайға және адамдарға деген сүйіспеншілігімізді көрсетуге мүмкіндік береді. Төрткіл дүниенің шартарабында Ехобаның миллиондаған қызметшісі бар, олардың әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Алайда жас-кәрі, бай-кедей, күшті не әлсіз демей, бәріміз де өз сеніміміз жайлы өзгелерге айта аламыз. Біз Францияда тұратын Шантельдің мына сөздерімен келісетін шығармыз: “Әлемдегі ең құдіретті Тұлға, бәрін Жаратушы, бақытты Құдай маған: — Бар! Айт! Менің атымнан сөйле, шын жүректен сөйле! Мен саған күшімді, өз Сөзім — Киелі кітапты, көктен періштелерімді, жерде қызметтесетін адамдарымды, сапалы тәлімім мен уақтылы басшылығымды беремін,— дейді. Ендеше, Ехобаның айтқанын істеп, Құдайымызбен бірге еңбектенуге не жетсін?!”