Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Құдай халқы қай кезде Ұлы Бабылдың тұтқындығында болған?

Құдай халқы б. з. ІІ ғасырынан 1919 жылға дейін Ұлы Бабылдың тұтқындығында болған. Бұл жаңа түсінікке қандай негіз бар?

1919 жылы майланған мәсіхшілер Ұлы Бабылдан босатылып, рухани таза қауымды құрай бастады. Бұл келесі айқын деректерден көрінеді: Құдай Патшалығы 1914 жылы көкте билік ете бастағаннан кейін, Құдай халқы сыналып, бірте-бірте жалған ғибадаттан тазартылды * (Малахи 3:1—4). Сосын 1919 жылы Иса Құдайдың рухани тазарған халқына “ас-суын уақтылы беріп тұру” үшін “адал да ақылды құлды” тағайындады (Матай 24:45—47). Дәл сол жылы Құдай халқы бейнелі мағынада Ұлы Бабылдың тұтқындығынан босатылды (Аян 18:4). Алайда олар қашан тұтқындыққа түскен еді?

Бұрын біз Құдай халқы 1918 жылдан бастап қысқа уақыт Ұлы Бабылдың тұтқындығында болды деп түсіндіргенбіз. 1992 жылдың 15 наурызындағы “Күзет мұнарасында” айтылғандай, ежелде исраилдіктер Бабыл тұтқындығына түскені сияқты, 1918 жылы Ехобаның қызметшілері Ұлы Бабылдың тұтқындығына түскен. Алайда зерттеулер көрсеткендей, Құдай халқы 1918 жылдан әлдеқайда бұрын тұтқындалған.

Езекиел 37:1—14 тармақтарда Құдай халқының тұтқындыққа түсетіні және кейін босатылатыны алдын ала айтылған болатын. Езекиел аянда сүйекке толы аңғарды көрді. Сосын Ехоба: “Бұл сүйектер — күллі Исраил үйі”,— деді (11-тармақ). Бұл сөздер ежелгі Исраил халқына қатысты айтылған болатын, ал кейінірек “Құдайдың Исраиліне”, яғни майланған мәсіхшілерге қатысты болмақ еді (Ғалаттықтарға 6:16; Елшілердің істері 3:21). Аянда сүйектер тіріліп, қалың қолды құрады. Бұл көрініс Құдай халқының 1919 жылы Ұлы Бабыл тұтқындығынан қалай босатылатынының нышаны еді. Бірақ бұл пайғамбарлықтан Құдай халқының тұтқындықта ұзақ уақыт болғаны қалай көрінеді?

Біріншіден, Езекиел сүйектердің “қатты қурап қалғанын” байқаған (Езекиел 37:2, 11). Бұл адамдардың өлгеніне ұзақ уақыт болғанын білдіреді. Екіншіден, Езекиел өлілердің бірден емес, бірте-бірте тірілгенін көрді. “Сақырлаған дыбыс шығып, сүйектер рет-ретімен біріге бастады”. Сосын “оларға сіңір мен ет бітті”. Кейін “үстері терімен қапталды”. Артынша “олардың бойына дем кіріп, жан бітті”. Олар тірілген соң, Ехоба оларға тұратын жер берді. Мұның бәріне әжептәуір уақыт керек еді (Езекиел 37:7—10, 14).

Езекиел алдын ала айтқандай, исраилдіктер ұзақ уақыт тұтқын болды. Алдымен б. з. б. 740  жылы он рулы солтүстік Исраил патшалығының халқы өз елінен әкетіліп, тұтқындыққа алынған болатын. Кейін б. з. б. 607 жылы бабылдықтар Иерусалимді күйреткенде, оңтүстік Яһуда патшалығын құраған екі рудың халқы да жерлерінен күштеп әкетілді. Көп жылдар өте б. з. б. 537 жылы яһудилер тамтығы тұтқындықтан босады да, ғибадатхананы қайтадан соғып, шынайы ғибадатты қалпына келтіру үшін Иерусалимге оралды.

Сонымен, осы жайттарды ескерсек, майланған мәсіхшілер Ұлы Бабылдың тұтқындығында 1918 жылдан 1919 жылға дейін ғана емес, ұзақ уақыт болған болу керек. Иса да осы ұзақ уақыт кезеңіне нұсқап, жалған мәсіхшілердің, яки арамшөптің “Патшалықтың ұлдарын” білдіретін бидаймен бірге өсетінін айтқан (Матай 13:36—43). Сол уақыт кезеңінде шынайы мәсіхшілер аз болды. Өздерін мәсіхші деп атаған адамдардың көбісі жалған ілімдерге иланып, жолдан тайған еді. Міне, осы себептен мәсіхшілер қауымы Ұлы Бабылдың тұтқындығында болды деуге болады. Олар б. з. ІІ ғасырынан бастап соңғы күндері Құдайдың рухани ғибадатханасы тазартылғанға дейін тұтқындықта болды (Елшілердің істері 20:29, 30; Салоникалықтарға 2-хат 2:3, 6; Жоханның 1-хаты 2:18, 19).

Жүздеген жылға созылған сол кезеңде шіркеу басшылары мен саяси басшылар дүйім жұртты уысында ұстап отырғысы келді. Қарапайым адамдарға Киелі кітап ұстауға немесе оны өздері түсінетін тілде оқуға тыйым салынатын. Ал Киелі кітапты оқығандарды бөренеге керіп, өртеп жіберетін. Шіркеу басшыларына қарсы сөйлегендер де қатаң жазаға тартылатын. Шындықты білу де, оны біреуге үйрету де мүмкін емес болды.

Езекиелдің аянынан білгеніміздей, Құдай халқы бірте-бірте өмірге келіп, жалған діннің құрсауынан босатылу керек еді. Бұл қашан орындала бастады және қалай? Аянда “сақырлаған дыбыс шығатыны” туралы айтылған. Бұл дыбыс “соңғы күндерден” бірнеше жүз жыл бұрын естіле бастады. Сол жылдары жалған ілімдерді ұстанатын қоғамның арасынан ақжүрек жандар табылды. Шындықты біліп, Құдайға қызмет еткісі келген олар Киелі кітапты зерттеп, білгендерін баршаға айтуға тырысты. Тағы біреулері көп тер төгіп, Киелі кітапты адамдар түсінетін тілдерге аударды.

Кейін 1800 жылдардың соңына таман, былайша айтқанда, сүйекке ет бітіп, терімен қаптала бастады. Чарлз Тейз Расселл мен оның жолдастары Киелі кітап шындығын біліп, Ехобаға қызмет ету үшін көп күш салды. Сондай-ақ олар “Сион күзет мұнарасы” мен басқа да әдебиеттердің көмегімен басқаларға шындықты түсінуге көмектесіп жүрді. Кейінірек 1914 жылы “Жаратылыс фотодрамасы” және 1917 жылы “Құпия жүзеге асты” кітабы Ехобаның халқына сенімдерін нығайтуға көмектесті. Ал 1919 жылы Құдай халқына бейнелеп айтқанда, жан бітіп, жаңа жер берілді. Содан кейін оларға жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміті барлар қосылды. Ехобаға ғибадат ететін олар “жер қайыстырған қалың қолды құрады” (Езекиел 37:10; Зәкәрия 8:20—23) *.

Сонымен, Құдай халқының б. з. ІІ ғасырында Ұлы Бабыл тұтқындығына түскені анық. Сол кезде көп адам жалған ілімдерге иланды да, шындықтан бас тартып, жолдан тайды. Ежелде тұтқындықта болған исраилдіктерге Ехобаға қызмет ету қиын болғандай, б. з. ІІ ғасырынан бастап көп жылдар бойы Құдайға қызмет ету өте қиын болды. Алайда бүгінде шындық барша жұртқа жариялануда. “Терең түсінігі барлар... жарқырап нұр шашатын” шақта өмір сүріп жатқанымыз қандай жақсы! Бүгінде “көп адам өздерін тазартып, ағартқан” соң, шынайы ғибадатқа қосыла алады! (Даниял 12:3, 10).

Исаны сынағанда, Шайтан оны шын мәнінде ғибадатханаға апарды ма, жоқ әлде оны көрініс ретінде көрсетті ме?

Шайтанның Исаға ғибадатхананы нақты қалай көрсеткені белгісіз.

Бұл жағдай туралы Матай мен Лұқа жазған. Матай айтқандай, Ібіліс Исаны Иерусалимге “апарып, ғибадатхананың төбесіне шығарды” (Матай 4:5). Лұқа да: “Ібіліс оны Иерусалимге апарды да, ғибадатхананың төбесіне шығарды”,— деп жазды (Лұқа 4:9).

Бұрын әдебиеттерімізде Исаны сынамақ болғанда, Шайтан оны тура мағынада ғибадатханаға апармағанға ұқсайды деп түсіндірілген болатын. 1961 жылдың 1 наурызындағы “Күзет мұнарасында” бұл жағдай Шайтанның Исаға биік таудан әлемнің барлық патшалықтарын көрсеткенімен салыстырылған болатын. Ол журналда әлемнің барлық патшалықтары көрінетін соншалықты биік таудың жоқ екендігі айтылған. Сол себепті Шайтан Исаны тура мағынада ғибадатхананың төбесіне апармаса керек деген тұжырым жасалған еді. Алайда кейін шыққан мақалаларда егер Иса ғибадатханадан секіргенде, өліп кетуі мүмкін еді делінген.

Біреулер Исаның леуілік болмағанын алға тартып, оған киелі орында тұруға рұқсат етілмес еді дейді. Сондықтан олардың айтуынша, Шайтан Исаны көрініс арқылы сынағысы келді. Жүздеген жыл бұрын Езекиел де аянда ғибадатханаға апарылған болатын (Езекиел 8:3, 7—10; 11:1, 24; 37:1, 2).

Егер Шайтан Исаның ғибадатхана төбесінде тұрғанын көз алдына келтірген болса, келесідей сұрақтар туындауы мүмкін:

  • Иса шынымен де ғибадатханадан секіруге азғырылар ма еді?

  • Басқа жағдайда Шайтан Исаны кәдімгі тастарды жейтін нанға айналдыруға және тура мағынада өзіне табынуға азғырмақ болған. Сол себепті ол Исаның шын ғибадатхананың төбесінен секіргенін қалаған болуы мүмкін бе?

Алайда егер Шайтан Исаны тура мағынада ғибадатханаға апарған болса, келесідей сұрақтар туындауы мүмкін:

  • Сонда Иса ғибадатхана төбесінде тұрып, Заңды бұзған ба?

  • Иса айдаладан Иерусалимге қалай жетті?

Соңғы екі сұраққа жауап алуға көмектесетін қосымша мәліметті қарастырайық.

Профессор Д. А. Карсонның айтуынша, Матай мен Лұқа жазбаларындағы “ғибадатхана” деп аударылған гректің сөзі тек леуіліктер жүретін қасиетті орынға ғана емес, бүкіл ғибадатхана аумағына қатысты болған көрінеді. Ғибадатхананың оңтүстік-шығыс бұрышының төбесі жалпақ әрі ең биік болған. Иса сол төбеге апарылған болуы мүмкін. Қидрон аңғарының түбінен аталмыш төбенің басына дейін шамамен 140 метр болған. Тарихшы Иосиф Флавийдің айтуынша, сол төбеде тұрып, төмен қараған адамның “көз алды бұлдырап, басы айналар еді”. Леуілік болмаса да, Иса сол жерде тұра алар еді және ешкім бұған қарсылық білдірмес еді.

Алайда Иса айдаладан Иерусалимдегі ғибадатханаға қалай жеткен болуы мүмкін? Біз мұны нақты білмейміз. Киелі кітапта тек Исаның Иерусалимге апарылғаны айтылған. Онда Исаның Иерусалимнен қандай қашықтықта болғаны не Шайтанның оны қанша уақыт сынағаны айтылмаған. Сол себепті бұған тіпті ұзақ уақыт кетсе де, Иса Иерусалимге жүріп барған болуы мүмкін.

Жоғарыда айтылғандай, әлемнің барлық патшалықтары көрінетін соншалықты биік тау болмағандықтан, Шайтан оларды көрініс арқылы көрсеткен болса керек. Бұл біреуге кинотеатр экранынан әлемдегі басқа елдердің бейнелерін көрсете алатынымызға ұқсайды. Шайтан әлемнің барлық патшалықтарын көрініс арқылы көрсеткен болуы мүмкін, алайда ол Исаның тура мағынада өзінің алдында жығылып, табынғанын қалады (Матай 4:8, 9). Сол себепті Исаны ғибадатханаға апарғанда, Шайтан оның шынымен де ғибадатханадан секіріп, өмірін қатерге тіккенін қалаған болуы мүмкін. Бірақ Иса олай етуден бас тартты. Шайтан Исаны ғибадатханаға шынымен апарған болса, бұл жай ғана көз алдына келтіргеннен анағұрлым қиын сынақ болған!

Ендеше, Иса шынымен де Иерусалимге барып, ғибадатхананың ең жоғарғы төбесіне шыққан болуы мүмкін. Әрине, мақаланың басында айтылғандай, біз Шайтанның Исаға ғибадатхананы қалай көрсеткенін нақты білмейміз. Бір білетініміз, Шайтан Исаға жаман нәрсе істетуге тырысты. Бірақ Иса сынақтардың қай-қайсысына да төтеп берді.

^ 2-абзац Езекиел 37:1—14 тармақтарда да, Аян 11:7—12 тармақтарда да 1919 жылы болған жағдай туралы айтылған. Езекиел 37:1—14 тармақтардағы пайғамбарлық ұзақ уақыт тұтқындықта болып, 1919 жылы шынайы ғибадатқа оралған барлық Құдай қызметшілеріне қатысты. Ал Аян 11:7—12 тармақтар Құдай халқына жетекшілік етіп келген майланған бауырластар тобының 1919 жылы қайта жандануына қатысты. Белгілі бір уақыт аралығында бұл бауырластардың істеріне жол берілмеген еді.