Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар”

“Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар”

“Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындап, оларды... шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер” (МАТАЙ 28:19, 20).

ӘНДЕР: 141, 97

1, 2. Исаның Матай 24:14-тегі сөздеріне қатысты қандай сұрақтар туындайды?

ИСА соңғы күндері Патшалық жайлы ізгі хабардың барлық халықтарға уағыздалатынын айтып кеткен (Матай 24:14). Ехоба куәгерлері ретінде біз дүниежүзінде уағыз ісімізбен танымалмыз. Айтып жүрген хабарымызды біреулер ұнатса, біреулер ұнатпайды. Бірақ жақтырмайтындардың кейбірі атқарып жүрген осы ісіміз үшін бізді сыйлайды. Алайда біз Иса пайғамбарлық еткен істі атқарып жатқанымызды қайдан білеміз? Бұлай деуге қандай негіз бар?

2 Көптеген діни ағымдар Иса айтқан хабарды уағыздап жүрміз деп есептейді. Бірақ олар тек шіркеуде, теледидар не ғаламтор арқылы уағыздаумен шектеледі, я болмаса өзгелерге жай ғана Исаны қалай танып-білгендерін айтып береді. Ал басқа біреулер дәрігерлік не мұғалімдік сияқты қайырымдылық істермен айналысуды уағыз деп санайды. Бірақ Иса осындай уағыз жайлы айтқан ба еді?

3. Матай 28:19, 20-ға сай, Исаның шәкірттері қандай төрт нәрсені істеулері керек?

3 Иса шәкірттеріне адамдар өздері келгенше күтіңдер деп айтты ма? Жоқ! Ол қайта тірілгеннен кейін жүздеген шәкіртіне былай деді: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындап, оларды... шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер” (Матай 28:19, 20). Сонымен, Исаның ізбасарлары ретінде біз төрт нәрсені істеуіміз керек: шәкірттер дайындау, оларды шомылдыру рәсімінен өткізу және үйрету, бірақ, ең алдымен, адамдарға бару керек. Киелі кітапты зерттейтін бір ғалым былай дейді: “Барыңдар” деген тапсырма — мейлі бұл үшін көшені не мұхитты кесіп өтуге тура келсін — әрбір сенушінің міндеті” (Матай 10:7; Лұқа 10:3).

4. “Сендерді адам аулаушы етемін” деуімен Иса не айтқысы келген?

4 Иса шәкірттерінің жеке-жеке, өз бетінше уағыздағанын қалады ма, жоқ әлде топ болып ұйымдасып уағыздағанын ба? Жалғыз адамның “барлық халықтарға” уағыздай алуы мүмкін емес, сондықтан Исаның шәкірттері бұл істі жұмыла атқаруы керек-тін. Иса оларға “сендерді адам аулаушы етемін” деген кезде осыған нұсқаған (Матай 4:18—22 оқыңыз). Бірақ ол жемі бар қармағын суға тастап, балықтың ілінуін күтіп отырған жалғыз балықшы жайлы айтпаған. Оның айтқысы келгені — аумен балық аулау. Бұл ауыр еңбекті, ұйымшылдықты және көп адамның жұмыла әрекет етуін талап ететін іс еді (Лұқа 5:1—11).

5. Қандай төрт сұрақтың жауабын білу қажет және неге?

5 Бүгінгі таңда ізгі хабарды кімдер уағыздап жүргенін білу үшін келесі төрт сұрақтың жауабын алуымыз қажет:

  • Исаның ізбасарлары қандай хабарды уағыздау керек?

  • Олар қандай ниетпен уағыздау керек?

  • Олар қандай әдістерді қолдану керек?

  • Бұл істің ауқымы қандай болу керек және ол қашанға дейін жалғасу керек?

Бұл сұрақтардың жауабын білгеніміз осы құтқару ісін кімдер атқарып жүргенін анықтауға көмектеседі, сондай-ақ әрі қарай да уағыздай беруге деген ықыласымызды арттырады (Тімөтеге 1-хат 4:16).

ҚАНДАЙ ХАБАРДЫ УАҒЫЗДАУ КЕРЕК?

6. Ехоба куәгерлерінің дұрыс хабарды уағыздап жүргеніне неге сенімді бола аласыз?

6 Лұқа 4:43 оқыңыз. Иса “Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды” уағыздаған. Ол шәкірттерінің де солай істегенін қалайды. Бүгінде Патшалық туралы хабарды кімдер уағыздап жүр? Тек Ехоба куәгерлері ғана! Мұны тіпті бізге суық қабақ танытатындардың өздері мойындайды. Мысалы, миссионер ретінде әртүрлі елде тұрған бір дін қызметкері Ехоба куәгерлері жайлы не дегенін көрейікші. Әр елде ол Ехоба куәгерлерінен не туралы уағыздап жүргендерін сұраған екен. Ол былай дейді: “Өздерінің естері дұрыс емес, қойған сұрағыма бәрі бірдей “Патшалық жайлы ізгі хабарды” деп жауап береді”. Оның бұл сөздері, керісінше, Куәгерлердің естері дұрыс екенін, шынайы мәсіхшілер ретінде айтқандары бір жерден шығатынын растайды (Қорынттықтарға 1-хат 1:10). Құдай Патшалығы “Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды” журналының да басты тақырыбы болып табылады. Бұл журналдың ай сайын 254 тілде орта есеппен 59 000 000-ға жуық данасы шығарылады. Ол — дүниедегі ең көп таратылатын басылым!

Патшалық туралы хабарды Ехоба куәгерлері ғана уағыздап жүр

7. Неге мәсіхшілер әлемінің дінбасылары дұрыс хабарды уағыздамайды дей аламыз?

7 Мәсіхшілер әлемінің дінбасылары Құдай Патшалығы жайлы уағыздамайды. Патшалық туралы айтқан күнде де, көбісі оны адамның жүрек күйі деп айтады (Лұқа 17:21). Олар Құдай Патшалығы көктегі үкімет екенін, оның билеушісі Иса екенін үйретпейді. Адамзаттың барлық қиыншылығын тек осы Патшалық шешетінін әрі жер бетінен зұлымдық атаулыны жоятынын түсіндірмейді (Аян 19:11—21). Олар Иса туралы көбінесе Рождество мен Пасха кезінде ғана айтады. Дінбасылар Исаның Құдай Патшалығының Патшасы ретінде нені жүзеге асыратынынан мүлдем бейхабар. Олар Иса айтқан хабарды түсінбегендіктен, неліктен уағыздау керектігін де түсінбейді.

ҚАНДАЙ НИЕТПЕН УАҒЫЗДАУ КЕРЕК?

8. Исаның шәкірттері уағыздағанда, ниеттері қандай болмау керек?

8 Исаның ізбасарлары ақша табу не зәулім ғимараттар соғу ниетімен уағыздамау керек. Иса былай деген: “Тегін алдыңдар,— тегін беріңдер” (Матай 10:8). Сондықтан Құдай Сөзі пайданың көзіне айналмау керек (Қорынттықтарға 2-хат 2:17). Уағыздаушылар атқарып жүрген істері үшін ақша талап етпеуі қажет (Елшілердің істері 20:33—35 оқыңыз). Исаның анық нұсқауына қарамастан, көптеген шіркеулер өз ғимараттары үшін, дінбасылары мен басқа да жұмысшыларына ақы төлеу үшін ақша жинайды. Нәтижесінде, мәсіхшілер әлемінің көп дінбасылары әбден байып, қалталары қалыңдаған (Аян 17:4, 5).

Құдай Сөзін пайданың көзіне айналдырмау керек

9. Ехоба куәгерлері уағыз ісіне дұрыс ниетпен қатысып жүргендерін қалай көрсетуде?

9 Ехоба куәгерлері Патшалық сарайлары мен конгрестерге келгендерден ақша жинай ма? Жоқ! Олардың ісі ерікті садақаның көмегімен атқарылады (Қорынттықтарға 2-хат 9:7). Өткен жылды алсақ, Ехоба куәгерлері ізгі хабарды уағыздау үшін 2 миллиардтай сағат жұмсап, ай сайын 9 миллионнан аса Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізген. Олар уағыздағандары үшін ақы алмайды, бұл үшін тіпті өз қалталарынан ақша шығарады. Ехоба куәгерлерінің ісі жайлы бір зерттеуші маман: “Олардың басты мақсаты — уағыздау мен тәлім беру”,— деген. Ол Куәгерлердің ұйымында ақы алатын дінбасылар жоқ екенін де айтқан. Сонымен, көздеген ниетіміз ақша болмаса, не үшін уағыздаймыз? Біз бұл іске Ехобаны және адамдарды жақсы көргендіктен өз еркімізбен қуана-қуана қатысамыз. Осындай дайындық рухы Зәбүр 110:3-тегі (оқыңыз) пайғамбарлықтың орындалып жатқанын көрсетеді.

ҚАНДАЙ ӘДІСТЕРДІ ҚОЛДАНУ КЕРЕК?

Біз адам бар жердің бәрінде уағыздаймыз (10-абзацты қараңыз)

10. Иса мен шәкірттері уағыздау үшін қандай әдістерді қолданған?

10 Иса мен шәкірттері уағыздау үшін қандай әдістерді қолданған? Олар адам бар жердің бәріне барған. Мысалы, көше мен базарларда уағыздаған. Сондай-ақ лайықты адамдарды іздеп үйме-үй жүрген (Матай 10:11; Лұқа 8:1; Елшілердің істері 5:42; 20:20). Үйме-үй уағыздау әртүрлі адамдарға ізгі хабарды жеткізудің ұйымдастырылған жолы болған.

11, 12. Уағыз ісіне келсек, мәсіхшілер әлемі мен Ехоба куәгерлері жөнінде не деуге болады?

11 Мәсіхшілер әлемінің шіркеулері жөнінде не айтуға болады? Ақы алатын дінбасылары әдетте шіркеу мүшелеріне уағыз айтады. Олар жаңа шәкірттер дайындамайды, бар болғаны шіркеуге келіп жүргендерден айырылып қалмауға тырысады. Олар келушілерін уағыздауға талпындырған кездер де болған. Мысалы, 2001 жылы Рим папасы ІІ Иоанн Павел өз хатында шіркеуге келушілер Інжілді уағыздауға міндетті екенін айтып, оларды “Інжілді уағыздамасам, қасіретке қаламын!” деген елші Пауыл сияқты құлшынысты болуға шақырған. Ол сондай-ақ уағыз ісіне арнайы дайындалған бірнеше адам ғана емес, шіркеу мүшелерінің барлығы атсалысу керектігін айтқан. Бірақ бұл шақыруға санаулы адам ғана құлақ асты.

12 Ал Ехоба куәгерлері жайлы не деуге болады? Исаның 1914 жылдан бері Патша ретінде билік етіп келе жатқанын айтып жүрген солар ғана. Исаның нұсқауына сай, олар уағыз ісін өмірлерінде басты орынға қояды (Марқа 13:10). Осыған қатысты бір еңбекте: “Ехоба куәгерлері уағыз ісін бәрінен жоғары қояды”,— делінген. Сондай-ақ онда мынадай сөздер келтірілген: “Олар аш-жалаңаш, ауру-сырқау, жалғызсыраған адамдарды кезіктіргенде, қол ұшын беруге тырысады... бірақ өздерінің басты міндеті осы дүниенің соңы мен құтқарылу жайлы рухани хабарды жариялау екенін ешқашан естен шығармайды” (“Pillars of Faith—American Congregations and Their Partners”). Ехоба куәгерлері Иса мен оның шәкірттері қолданған тәсілдерді қолданып, сол хабарды әлі де жариялауда.

БҰЛ ІСТІҢ АУҚЫМЫ ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК ЖӘНЕ ОЛ ҚАШАНҒА ДЕЙІН ЖАЛҒАСУ КЕРЕК?

13. Уағыз ісінің ауқымы қандай болу керек?

13 Иса шәкірттеріне ізгі хабардың “бүкіл жер бетінде” уағыздалатынын айтуымен бұл істің ауқымы қандай болатынын көрсеткен. Сондай-ақ оларға “барлық халықтардан” шәкірттер дайындауды тапсырған (Матай 24:14; 28:19, 20). Демек, уағыз ісі дүниежүзі бойынша атқарылуы тиіс еді.

14, 15. Ехоба куәгерлері Исаның пайғамбарлығына сай әрекет етіп жүргеніне қандай айғақтар бар? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

14 Ехоба куәгерлері ғана Исаның уағыз ісінің ауқымына қатысты айтқан пайғамбарлығына сай әрекет етіп жүр. Кейбір айғақтарды қарастырайық. Құрама Штаттардағы мәсіхшілер әлемінің дінбасыларының саны 600 000-ға жуық болса, сол елдегі Ехоба куәгерлерінің саны шамамен 1 200 000. Дүниежүзі бойынша католик дін қызметкерлерінің саны шамамен 400 000 болса, 240 елде ізгі хабарды уағыздап жүрген Куәгерлердің саны 8 миллионнан асады. Расында да, Ехоба куәгерлері дүниежүзі бойынша Патшалық жайлы уағыздап, Ехобаны атақ-даңққа бөлеп жүр (Зәбүр 34:1; 51:15).

15 Ехоба куәгерлері ретінде біздің мақсатымыз — осы дүниенің соңы келгенше, мейлінше көп адамға уағыздау. Бұл істі атқару үшін біз миллиондаған кітап-журналдарды, буклеттерді, конгресс пен Еске алу кешіне шақыру қағаздарын 700-ден аса тілде шығарамыз. Біз олардың бәрін адамдарға тегін береміз. Былтырдың өзінде Киелі кітапқа негізделген 4,5 миллиардтай әдебиетіміз шығарылды. Сондай-ақ “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” 130-дан аса тілде 200 миллионнан астам данасы жарық көрді. Ал ресми веб-сайтымыз болса 750-ден аса тілде қолжетімді. Осындай таңдай қақтырарлық істі тек Ехоба куәгерлері ғана атқаруда!

16. Ехоба куәгерлерінде Құдайдың рухы бар екенін қайдан білеміз?

16 Ал уағыз ісі қашанға дейін жалғаспақ? Иса ізгі хабар “осы заманның соңы” келгенше жарияланатынын айтқан. Ехоба куәгерлері соңғы күндер басталғалы бері уағыз ісін атқарып келеді, бұл тек Құдайдың киелі рухының арқасында ғана мүмкін болып отыр (Елшілердің істері 1:8; Петірдің 1-хаты 4:14). Кей діннің адамдары “бізде киелі рух бар” деуі мүмкін. Бірақ олар осы соңғы күндері Ехоба куәгерлері атқарып жатқан істі атқара ала ма? Кейбір діни ағымдар біз сияқты уағыздап көргенмен, оларынан түк шықпаған. Өзгелері уағыздауға дайын, бірақ құлшыныстары ұзаққа бармайды. Тағы біреулері үйден үйге уағыздауы мүмкін, алайда уағыздағандары — Патшалық жайлы ізгі хабар емес. Олай болса, олар Иса бастаған істі атқарып жүр деп айта аламыз ба?

БҮГІНДЕ ІЗГІ ХАБАРДЫ ШЫН МӘНІНДЕ КІМДЕР УАҒЫЗДАП ЖҮР?

17, 18. а) Патшалық туралы ізгі хабарды Ехоба куәгерлері ғана уағыздап жүр деп неге сенімділікпен айта аламыз? ә) Бұл істі ненің арқасында жалғастырып жатырмыз?

17 Сонымен, бүгінде Патшалық туралы ізгі хабарды кімдер уағыздап жүр? Ехоба куәгерлері ғана деп сенімділікпен айта аламыз. Неге? Өйткені біз дұрыс хабарды, яғни Патшалық жайлы ізгі хабарды уағыздап жүрміз. Қызметте адамдарға өзіміз барып, дұрыс әдістерді қолданып жатырмыз. Сондай-ақ дұрыс ниетпен, яғни Ехобаны және адамдарды жақсы көргендіктен уағыздап жүрміз. Уағыз ісіміз өте ауқымды, өйткені әртүрлі тілде сөйлейтін барлық халықтарға уағыздаймыз. Патшалық жайлы ізгі хабарды уағыздауды осы заманның соңы келгенше жалғастыра береміз!

18 Осы соңғы күндері Ехобаның халқы атқарып жатқан керемет уағыз ісін көру неткен ғанибет! Бірақ бұл істі дүниежүзі бойынша ненің арқасында істеп жүрміз? Елші Пауыл: “Өзіне ұнайтынды істеулерің үшін, Құдайдың өзі бойларыңда ықылас оятып, күш беріп отыр”,— деген (Філіпіліктерге 2:13). Ізгі хабарды талмай уағыздай беруіміз үшін Ехоба бізге әрі қарай да күш дарытқай! (Тімөтеге 2-хат 4:5).